Үшінші кезең - XX ғасырдың ортасынан бастау алған бұл кезеңде татар халықтық әдеби тілі татар-орыс екі тілділік пен әдеби норманың күшті ықпалын басынан өткерді. Татар әдеби тілінің қалыптасу тарихы өзінің тамырын қазіргі түркі әдеби тілдері сияқты Орхон-Енисей жазбаларының заманынан алады. Сондықтан көне және ескі түркі жазба ескерткіштерінің тілін, стилін зерттеу әдеби нормалардың даму бағытын айқындау үшін қажетті шарт болып табылады. Татар әдеби тілінің тарихын мынадай дәуірлерге бөліп қарастыруға болады: 1) бұлғар дәуірі (Х-ХІІІ ғасыр ортасы); 2) Алтын Орда дәуірі (ХІІІ ғасырдың екінші жартысы- ХV ғасырдың бірінші жартысы); 3) Қазан хандығы дәуірі(ХV ғасырдың екінші жартысы - ХVІ ғасырдың ортасы); 4) татар ұлттық әдеби тілінің дамуы үшін дайындық дәуірі (ХVІ ғасырдың екінші жартысы – ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар); 5) татар ұлттық әдеби тілінің дамуы мен қалыптасу дәуірі (ХVІІІ ғасыр - ХХ ғасырдың басы); 6) әдеби тілдің даму дәуірі (ХХ ғасыр). Осы дәуірлердегі шығармалардың тілін салыстырмалы тарихи әдіспен, тарихи-лингвистикалық тұрғыдан талдап зерттегенде ғана уақыт үндестігі мен тіл сабақтастығы айқындалады. XVI ғасырдан бастап татар жазба тілі түркі тілінің орнын басып, Ресейдің көптеген түркі халықтары үшін орыс тілімен қатар ресми тіл қызметін атқарған. ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда гимназияларда, медресе, семинарияларда «Татар тілі» пәні енгізіліп, татар тілі оқытыла бастады. Татар тілі білімінің ғылым ретінде қалыптасуында С.Халфиннің, И.И.Гиганованың, А.А.Троянскийдің еңбектері зор. Татар тілі мен оның диалектілерін зерттеген шіркеу қызметкері Александр Троянскийдің «Краткая татарская грамматика» (СПб., 1814) атты кітабы өте маңызды. Қазан университетінің Шығыс бөлімінің (Восточного рязряда) А.Казем-Бектің, М.Махмудовтың, И.Березиннің зерттеулерінде татар тілінің өзекті мәселелері қарастырылды. Қазан университетінің «Түрік-татар кафедрасы» Ресей түркітану мектебінің негізін қалады. Қазан түркілік лингвистикалық мектебі (ҚТЛМ) Еуропадағы ең белгілі орталықтардың бірі болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында К.Насыри, Х.Фаизханов, А.Вагабов, Н.Остроумов, А.Архангельский, Н.Катанов және басқалардың лингивистикалық еңбектері жарыққа шыға бастады. ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы татар әдеби тілінің мәдени-тарихи және тілдік жағдаяты татар халқының ұлттық дүниетанымның дамуында ғана емес, қоғамдық-эстетикалық ойының, тарихы мен әдебиетінің, оның ішінде әдеби тілінің дамуындағы ерекше күрделі кезең болып табылады. Бұл «ескі татар түркі тілінен жаңа татар ұлттық әдеби тіліне бет бұрған өтпелі кезең» болатын. Осы кезеңде ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан классикалық ескі татар тілінің дәстүрлі жазба нормалары мен татар халқының жалпы ауызекі тіл формалары тығыз араласа бастаған еді. Дегенмен, ауызекі татар тілінің және түркі жазба тілінің ескі татар тілінің екі формасы ретіндегі аралас-құраластығы ХІІІ-ХІV ғасырлардан белгілі еді. Сонымен қатар классикалық ескі татар тілінің осы кезеңінің басқа кезеңдерден ерекшелігі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында оның аталған түрлері даралана бастады. Ағартушылардың бір тобы өз шығармаларын арнайы татар оқырмандары үшін жазып, татар-жалпы ауызекі тілінің нормаларын қолданды (классик ақындар және татар халқының прозаиктері- К.Насыйри, Г.Фаизхан, Г.Ильяси, Я.Емельянов, Ф.Халиди, Г.Камал ). Келесі бір ағартушылар тек татар жалпы ауызекі формасымен ғана емес, башқұрт, қазақ тілдерінің ауызекі элементтерін қолданды (А.Уразаев-Кормаши, М.Ақмолла және т.б.). Ал үшінші бір топ жекелеген өз шығармаларын татар оқырмандарына арнай отырып, халықтық-ауызекі тұлғаларды пайдаланды (Г.Чокры көсем сөздері, З.Бигиевтің романдары, Р.Фахрутдиновтың дидактикалық жазбалары, Ф.Каримидің повестері, С.Мақсудидің әңгімелері ждәне т.б.). Осы авторлар кейбір шығармаларын жалпытүркі оқырмандары үшін жазып, негізінен дәстүрлі жазба нормаларды қолданды (М.Акьегет-заде (Акджигита), З.Бигиев көсем сөздері, Ф.Каримидің көсем сөздері мен ғылыми еңбектері, Р.Фахрутдиноватың повестері мен көсем сөздері және т.б.). Дейтұрғанмен, осы сабақтастық негізінде татар әдеби тілінің өзіндік құрылымдық-қызметтік түрлілігі қалыптасты. Ұлттық әдеби тілдің қалыптасу кезеңі әдеби тілдің дамуындағы жаңа кезең болып табылады. Бұл үдеріс ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басын қамтитын татар ұлттық буржуазиясының қалыптасуымен тығыз байланысты. Осы уақыттарда орыс тілімен салыстырмалы зерттеле отырып (С.Хальфин және т.б), ХІХ ғасырдың ортасында түркі тілдерінің ішінде бірінші рет татар тілінің қолданылу аспектісі зерттеле бастайды (М.Иванов,С.Куляшев, К.Насыри, Н.Катанов және т.б.). Көптеген жанрлар мен стилдерде жазудың қалыптасқан дәстүрі практикалық түрде сақталды деп айтуға болады. Тілдің барлық саласында (фонетика, морфология, лексика) варианттылық байқалды. Академик М.И.Махмудовтың пікірінше, барлық әдеби тілдердің даму тарихы шет тілінен енген лексикамен тығыз байланысты. Бұндай құбылыстың татар әдеби тілінің дамуына тікелей қатысы бар. Татар тілінің кірме сөздерден тұратын қабатында араб және парсы тілдерінен енген сөздер мен тіркестер маңызды орын алады. Бұл кірме сөздердің көп ғасырлық тарихы бар. Олар тек әдеби тілде ғана емес, сонымен қатар татар халқының ауызекі тілінде де кездеседі. Татар тілінің өзіндік лексикалық бірліктері ретінде қабылданып кеткен. Кейбір зерттеушілер «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Орта Азиядан және Түркиядан енген араб-парсы элементтерін бойына сіңірген сопылық поэзия мен көркем әдебиет татар тілінің сөздік қорына араб сөздерінің дендеп еніп, бекуіне ықпал етті» деп санайды. ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында көптеген түркі халықтары үшін жалпы түркі тілі өзекті мәселе болды. Осы кезеңде түркі-татар жазба дәстүрінің қолдаушысы – «Тарджиман» газеті (1883-1918) болды. «Тарджиман» газеті күллі түркі халқына қызмет етті. Осы газет арқылы оның бас редакторы, қоғам қайраткері И.Гаспринский жалпы түркілік әдеби тіл концепциясын ұсынды және оны «урта лисан» (орта тіл) деп атауды ұсынды. Жалпы түркілік әдеби тіл ұғымы – барлық түркі халқына ортақ, түсінікті тіл деген сөз. И.Гаспринский күллі түркі халқын «Пікірде, тілде және істе бір болу» идеясының аясында біріктіруге тырысты. Оның ойынша, біртұтас тіл түркі халықтарын шет қақапайлаудан, қуғын-сүргінге салудан, құқығын таптаудан сақтайды. Бір тұтас тіл идеясы жекелеген ұлт тілдерін жоққа шығармайды. Ол баланың өз ана тілінде тәрбие және білім алуын қолдайды. Ал ортақ тіл жалпы мүдде үшін қызмет етуге, өз халқының мақсаты мен міндеттерін шешуге қажет деп санайды. Сонымен қатар «Тарджиман» газетінің басты идеясы оқырмандарды ағартушылық идеялардың өзекті мәселелерімен және орыстар мен татарлардың сыйластықтағы қарым-қатынасын таныстыруға арналған. Газета идеялық күрес арнасына айналып, алдыңғы қатарлы педагогтардың, өнер және ғылым адамдарының көзқарастарын жариялап тұрды. Кейінгі уақытта әр түрлі түркі тілдеріндегі баспа өнімдерінің шыға бастауы аталмыш газетке деген сұранысты азайтты. Күллі түркі әлемін жалпы түркі әдеби тілімен біріктіруге ұмтылған И.Гаспринскийдің идеясы Ресей түркі мұсылман зиялы қауымының арасында жаңа серпін туғызды. Бұл қозғалыс ескі татар әдеби тілінде өзіндік ізін қалдырды. Өз шығармаларын барлық түркі әлемі оқығанын қалаған татар ағартушылары мен жазушылары жаңаосман (түрік) тіліне негізделген «Тарджиман» газетіне жақын тілде жазды. Сондықтан ХІХ ғасырдың аяғында ескі татар әдеби тілінде бұрын сирек кездесетін оғыз элементтері белсенді қолданыла бастайды да, жаңа осман-түріктік сипат алады. Бұл ерекшеліктерді фонетикада, лексикада, морфология мен синтаксисте кездестіруге болады. Нәтижесінде екі ғасыр тоғысында оғыз компоненті молырақ орын алған ескі татар әдеби тілінің жаңа варианты қалыптасады. Сайып келгенде, ескі татар әдеби тілінің дамуы кезеңдерінде оғыз элементтерінің өзіндік орны болды. ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда осман-түрік ықпалының нәтижесінде ескітатар әдеби тіліне оғыздық компоненттер белсенді ене бастаған еді. Бұл әсер Еділбойының Түркиямен, Иранмен (Азербайжан) дипломатиялық, мәдени-экономикалық қарым-қатынастарының жандануымен туындаған әлеуметтік-тарихи алғышарттармен жалғасын тауып жатты. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында оғыз компонентті ескі татар әдеби тілінің вариантын татар-түрік тілі, «Тарджиман» тілі, түрік-осман тілі деп әр түрлі атау орын алды. 1905-1907 жылдардағы төңкерістен кейін ескі татар тіліне осман-түрік ықпалы әлсірей бастайды. Өйткені 1905 жылдан бастап ауызекі татар тілінде баспа өнімдері шыға бастады. Газет және журнал басып шығару мүмкіндігі көбейген сайын қай тілде жазу керектігін айқындау қажет болды («Нур».1905.-№4). «Тіл» термині аясында классикалық ескі татар әдеби тілінің варианттары айтылады: а) төрки әдәби тел - түркі әдеби тілі; б) жадиди госманлы – «Тарджиман» газеті тіліне жақын жадид-османдық варианты; в) гавами тел – жалпы халықтық ауызекі формалармен байытылған жазба тілдің варианты. «Нур» газетіне басталған пікірталас «Йолдыз», «Ахбар» газеттерінде және «Шура» журналында жалғасып жатты. Көптеген татар интелегенциясы (Ғ.Тоқай, Дардманд, Г.Ибрагимов, Ф.Амирхан, Х.Максуди, Г.Исхаки, Ш.Камал, М.Гафури және т.б.) «Тарджиман» газетінің тіліне қарсы болды. Шығармаларын ескі татар әдеби тілінің оғыздық вариантымен жазып жүрген жазушылардың көбі жалпыхалықтық ауызекі вариантқа өте бастады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында түрік тілінің татар әдеби тіліне әсері жазба әдебиеттің барлық жанрында байқалады. Сол уақыттарда жазушы-демократтар «Тарджиман» газетінің тілін және оның редакторы И.Гаспринкийді сынап отырды. Татар ақыны Ғ.Тоқай «Менің ойымша «Тарджиман» газетінің бізге, татарларға еш қатысы жоқ, оның тілі қырымдық, бізге жат тіл»,-деп жазды. Дейтұрғанмен, бұған қарамастан, татар әдеби тілінің оғыздық варианты ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында татар халқының тарихында үлкен рөл атқарды. «Қоғамдық-экономикалық қайта құру дәуірінде көрнекті жазушылар мен ағартушылардың осы тілде жазылған шығармалары ағартушылық идеяны таратуға, татар халқының рухани және мәдени өмірін байытуға қызмет етті. Сонымен қатар татарлардың басқа түркі халықтарымен мәдени жақындасуына көмегі тиді». Күнделікті шығып тұратын баспасөздегі пікірталастарда татар тілінің дыбысталуын жазуда қалай белгілейміз, газеттік мақаланы, ғылыми еңбекті, ресми құжаттарды, көркем әдеби шығармаларды қай тілде (қай вариантпен) жазамыз деген мәселе туындады. Сондықтан татар ұлттық әдеби тілінің негізгі теориялық және практикалық сұрақтарына жауап беру қажеттілігі туды. Осы уақыттарда татар тілін салыстырмалы түрде зерттеу жалғасын тауып жатты. Баспа ісі кеңіді, әдеби тілдің үш вариантында, сонымен қатар жапы халықтық ауызекі тілге жақын тілде барлық жанрлар мен стилдердегі әдебиет көптеп басыла бастады. «Урта лисан» (орта тіл) термині айналысқа шықты. Бізге белгілі болғандай, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда татар қоғамында ағартушылық идея қалыптасты. Татар ағартушылық ой-санасының ең бір дамыған кезеңі ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы дінтанушы ғалым, философ және тархшы Ш.Марджанидің (1818-1889) шығармашылығымен тығыз байланысты. Сонымен қатар осы қатарға мынадай көрнекті ғалымдар мен жазушы, ағартушыларды қосуға болады: К.Насыйри (1825-1902), Х.Фаизханов (1828-1866), Г.Фаизханов (1850-1910), Р.Фахретдинов (1859-1936), А.Максуди (1868-1941), С.Максуди (1878-1957), Ф.Карими (1870-1937), М.Акьегетзаде (1864-1923), З.Бигиев (1870-1902), М.Д.Бигиев (1875-1949) және т.б. Татар қоғамы ХІХ ғасырдың екінші жартысында осы ағартушы ғалымдардың үнін естіді және бүгінгі күнге дейін олардың қаламынан туындаған ағартушылық идея өз маңызын жойған жоқ. Ағартушылықты ұстанушылар гуманизм идеясы мен жеке бастың бостандығын барынша қорғады, сол заманда орын алған қоғамық қатынастардың түбегейлі қайта құрылуын талап етті, ұлттық өмірдегі үндей отырып, орта ғасырлық артта қалушылық тұтқынынан қоғамды құтқаруға күш салды. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында татар ағартушылары К. Насыйри, Х.Фаизханов, Г.Ильяси, З.Бигиев, Ф.Халиди және тағы басқалары татар әдеби тілінің дамуына көп үлес қосты. ХХ ғасыр басында Қазан түркілік лингвистикалық мектебінің игі дәстүрлері жалғасын тапты. Татар тілі бойынша оқулық жазу қажеттілігі туындап, татар тілінің грамматика, фонетика, орфография сияқты негізгі салалары дами бастайды. ХХ ғасыр басында татар тілі бойынша он шақты оқулық жарыққа шықты. Г.Ибрагимов, Н.Хакимов, М.Фазлуллин еңбектерінің тарихи тұрғыда ғана емес, ғылыми маңызы зор болды. Араб жазуынан латын жазуына өтерде татар тілінің дауысты және дауыссыз дыбыстары Г.Шараф және В.Богородицкий тарапынан зерттелді Тіл білімі және фольклор салсындағы К.Насыйридың зерттеулерін атап өтуге болады. Ол математика, биология, география, тарих және т.б. көптеген пәндер бойынша оқулықтар, ерекше еңбектер жазып, аудармалар жасады. Ағартушы ғалым, тарихшы, дін танушы, қоғам қайраткері Р.Фахретдинов (1859-1936 шариат ережелері мен хадистерді түсіндірген «Джавамигуль калим шархе» атты еңбегінде сол кезде кең тараған жалпы түркі сөздерімен қатар араб-парсы элементтерін бойына сақтаған татар әдеби тілінің вариантын қолданды. Осы қатарда дінтанушы ғалым М.Д.Бигиевті айтуға болады. Араб тілін жетік білген ол өзінің шығармаларында араб-парсы элементтерін бойына сақтаған татар әдеби тілін қолданды. Муса Джаруллах Бигиев шығармаларының мәтінін саралау - жазба дәстүрдің үш вариантына, атап айтсақ 1) түркі-татар, 2) джадид-осман (түрік), 3) араб-парсы нұсқаларына негізделген синкреттелген тілді зерттеудің алғашқы бастамасы болары хақ. Өз шығармаларында М.Д. Бигиев барлық түркі халқына ортақ, түсінікті деп саналған «урта лисан» (орта тіл) тілін қолданды. Дегенмен көрнекті ағартшы, дінтанушы М.Д.Бигиев шығармаларының тілін графо-фонетикалық тұрғыдан зерттегенде араб графикасына негізделген дәстүрлі орфографиялық мектепке, яғни «иске имле» жазба дәстүріне сүйенгенін байқаймыз. Татар тіліне ғана тән дыбыстарды арнайы белгілеген графика ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы татар әдеби тілінің дыбыс жүйесін толық көрсете білген. Мәселен, дауыстылар төрт әріппен берілді: ۱( сөз басындағы а, ә ), ہ (сөз соңындағы а, ә), و (әр түрлі позициядағы о, ө, у, ү), ى (сөз ортасы мен соңындағы и, ы ). Татар әдеби тілінің әр кезеңдегі деңгейлерінде ғасырдан ғасырға ұласқан сабақтастық, байланыстылық болғаны анық көрінеді. 1930-1940 жылдары татар әдеби тілінің мәселесі мектеп оқуылығы деңгейінде ғана қалды. 1950 жылдардағы КСРО-дағы тіл білімі туралы дискуссиядан кейін ғана ғылыми зерттеулер жандана бастады. Орыс грамматика ғылымына негізделген грамматикалық оқулықтар, әдістемелік құралдар ғалымдар тарапынан жазыла бастады. Бұл тұрғыда В.Хангилдин, М.Закиев, Ф.Ганиевтердің еңбектерін атауға болады. 1960 жылдары Жоғары оқу орындарында «Қазіргі татар әдеби тілі» (В.Хангилдин, Х.Курбатов, К.Сабиров, Р.Шакиров) пәні оқытыла бастады. Бұл пәнде татар тілінің лексика, фонетика, орфоэпия, орфография, морфологиясы қарастырылды. Л.Залялетиновтың жетекшілігімен татар диалектологиясы жеке ғылыми бағыт болып қалыптасты. Бұл салада Н.Бурганов, Л.Махмудов, Д.Рамазанов, Ф.Юсупов, Ф.Баязитов, Л.Арсланов, Т.Хайрутдиновтардың еңбегі зор. «Татар халықтық говорларының Атласы» құрастырылып, жарыққа шықты. Бұл еңбекте Сібір, Астрахан татарларының мәліметі болмағанмен, татар тілінің шығыс (сібір) диалектісі тыңғылықты зерттелген. Эксперименталды фонетика бойынша У. Баучурдың еңбектері белгілі болды. Г.Ахунзянов фразеология бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Татар тілінің тарихы мен стилистикасы бойынша В.Хаков, И.Низамов, Э.Тенишев, Ф.Фасеев, С.Повирисов, Х.Курбатов, Ф.Хисамова, Ф.Нуриева, Г.Нуриев, А.Тимерхановтар өнімді еңбек етті. Түркі тілдерінің ішінде ең ғылыми әлеуеті жоғары татар тілі, татар тілі білімі екені сөзсіз. Дегенмен, Кеңес Одағының тілдік саясаты татар тілінің қоғамдық, әлеуметтік қызметінің өрістеуіне мүдделі болмады. ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап, біртұтас кеңес халқын қалыптастыру идеясы келмеске кетіп, саяси қайта құрулар басталды. Ұлттық ояну, ұлттық тілдерді сақтау, дамыту қолға алынды. Осы кезеңнен татар тілі білімі жаңа серпінмен дами бастады. Осы кезеңдегі үлкен жетістік үш томдық «Татар грамматикасын» жазу аяқталып, жарыққа шығуы еді. М.Закиев, Ф.Ганиев, Х.Салимов, Д.Салимова, Н.Бурганова, З.Валиуллина, Х.Курбатов, К.Зиннатуллина, С.Ибрагимов, М.Сагитов, Д.Тумашева, Ф.Хисамова сияқты ғалымдардың жетекшілігімен жарияланған бұл еңбек Татарстан Республикасының мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. В.Сафиуллина мен М.Закиевтің «Қазіргі татар тілінің жоғары оқу орнына арналған курсы» 2006 жылы баспадан шықты. 2003 жылы Х.Курбатовтың басшылығымен «Татар әдеби тілінің тарихы» құрастырылып, жарияланды. Осы мәселемен И.Баширов белсенді шұғылданды. 2009 жылы «Татар халықтық говорларының үлкен Атласы» (Д.Рамазанов, Ф.Баязитов, Т.Хайрутдинов, З.Садыкова, Р.Барсукова) жазылды. Қазіргі татар тілі – Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан Республикасының мемлекеттік тілі болғандықтан, ондағы қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылады. Миллиондаған данамен мерзімді баспасөз, әр алуан әдебиет шығады. Республика тұрғындарына түгелдей оқып, үйрену міндеттеледі.
«2004-2013 жылдарға арналған Татарстан Республикасындағы мемлекеттік тілдерді және Татарстан Республикасындағы басқа да тілдерді сақтау, (изучение) оқу және дамыту» мемелекеттік бағдарламасының (2004 жылдың 11 қазанында Татарстан Республикасының №52-ЗРТ заңымен бекітілген) жүзеге асыруда біршама жетістіктерге қол жеткізілді. Бағдарламаны жүзеге асыру жылдарында тілдік мәселе Татарстан Республикасының мемлекеттік ұлттық саясатының ең негізгі бағыты болды. Бағдарламаны жүзеге асыруды қадағалау үшін 2008 жылы 27 маусымда Татарстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қарарымен Татарстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанынан Татарстан Республикасының тілдері туралы заңнамаларын іске асыру жөнінде Кеңес құрылды. Кеңес жанында оқу-білім беру үдерісіне тілдерді қолдану және оқыту мәселесі бойынша, тілдерді практикалық қолдану қолдану мәселесі бойынша, татар тілінің терминологиясы мен ономастикасы, орфографиясы, тілдерді дамытудың ғылыми және құқықтық негіздері бойынша Комиссия жұмыс жасайды. Кеңес мәжілістерінде Татарстан Республикасының тілдік саясаты бойынша өзекті мәселелердің қарастырылуы – Татарстан Республикасының тілдері туралы заңнамаларын жүзеге асыру бойынша муниципалдық білім беру құрылымдарының, министрліктер мен ведомствалардың жауапкершілігін арттырып және қызметтерін кеңейтіп, жандандыруға ықпал етті. Ресей Федерациясының Аймақтық даму Министрлігі мен Татарстан Республикасы арасында мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыру саласында ынтымақтастық жөнінде Келісім қабылданды (13.03.2013). Осы шараның аясында Татарстан Республикасы териториясында тұрып жатқан, Ресей Федерациясы халықтарының ана тілдерін дамытуға және жағдайына мониторинг жүргізуге аталған министрліктер тарапынан ықпал етіп, әрекетке көшу Келісіміне қол жеткізілді. Татар тіліндегі нормативті құқықтық құжаттарды белсенді қолдану және тұрғындарды барынша тиімді ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында маңызды федеральдық заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілерді татар тілне аудару жұмысы қолға алынды. Татарстан Республикасы Әділет Министрлігі жанынан Татарстан Республикасы мен Ресей Федерациясының негізгі нормативтік құқықтық актілерінің татар тіліндегі электрондық базасы (библиотека) құрылды. 2004-2013 жылдарға арналған Бағдарламаның басты бағыты екі тілді және толерантты жеке тұлғаны қалыптастыру, мәдениаралық интеграция (поликультурной среды) жағдайында тіл мен мәдениетті сақтау, дамыту үшін біртұтас білім беру және тәрбие кеңістігін құру болды. Жалпы білім беретін және мектепке дейінгі ұйымдарды қоса отырып, ана тілінде білім берудің тұтас жүйесін қалыптастыруды дамыту жалғасын тапты. Тұрғындардың этномәдени қажеттілігін іске асыру мүмкіндігін кеңейту үшін қосымша білім беру жүйесінің орны бөлек. Республиканың қосымша білім беретін 30 орталығында (жексенбілік мектеп) республикада тұрып жатқан халық өкілдерінің 28 тілі оқытылады. 2004-2013 жалдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру жылдарында республиканың оқу орындары татар тілі мен әдебиетін оқытуды ұйымдастыру мақсатында оқу-әдістемелік құралдармен және кәсіби кадрлармен қамтамасыз етілді. Ұлттық білім беруді дамыту мақсатында біршама жұмыстар істелді. Татарстан Республикасының мемлекеттік тілдерін оқыту, үйрету үшін әдістемелік кабинеттердің оқу-материалдық базасы жасақталды. Кабинеттер тиімді технологиялармен, заманауи құрал-жабдықтармен, сурет материалдармен және көрнекті құралдармен жабдықталды. Тіл үйретуде интерактивті білім беру өнімдерінің жүйесі қалыптаса бастады. Республиканың жоғары кәсіби білім беру мекемелеріндегі білікті ғылыми-оқытушылық корпустың арқасында татар тілінде оқытылатын топтар қалыптасты, оқу-әдістемелік база белсенді дами бастады. Барлық жоғары білім беру ұйымдары мен орта кәсіби білім беру ұйымдары татар тілін оқытатын әдістемелік және оқу кабинеттері құрылды. Дегенмен, Татарстан Республикасының екі мемлекеттік тілін білетін мамандардың қажеттілігіне қарамастан, жоғары білім беру ұйымдары мен орта кәсіби білім беру ұйымдарында татар тілінде оқытылатын пәндердің үлесі 2,5 пайыз көлемінде ғана қалып отыр. Татарстан Республикасының мемлекеттік өкімет ұйымдарының жұмысында республиканың мемлекеттік тілі ретінде татар тілінің тең құқылы және оңтайлы қызметін іске асыруға көп көңіл бөлінді. Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарында, мекемелерде, кәсіпорындарда, республикалық ұйымдарда татар тілінің қызметін жандандыру қолға алынды. Кәсіптік біліктілікті арттыру және тілді оқытуда тұтас жүйемен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік және муниципалдық қызметкерлер, әр саланың жұмысшылары мен тұрғын халық үшін татар тілі курстары ұйымдастырылды. Әлеуметтік зерттеулер бойынша татар ұлты өкілдерінің 93,6 пайызы және орыс ұлты өкілдерінің 69,1 пайызы мемлекеттік және муниципалдық өкімет органдарында жұмыс жасаушылар үшін екі мемлекеттік тілді игеру қажеттілік деп санайды, ал татарлардың 91,4 пайызы мен орыстардың 63,2 пайызы қызмет көрсету саласында жұмыс жасаушылар үшін екі тілді білу керек деп пікір білдірді. Бұл көрсеткіш бірінші жағынан, республикадағы тілдік жағдаяттың жақсы үрдісін (тенденциясын) білдіреді, екінші жағынан әлеуметтік маңызды салалар үшін екі мемлекеттік тілді білетін маман дайындауда мемлекет тарапынан жүйелі шара ұйымдастырылу қажеттілігін көрсетеді. 2004-2013 жылға арналған Бағдарлама аясында елдің жетекші лингвистері, әлеуметтанушылары, психологтары, этнологтары, педагогтар мен мәдениеттанушылары тарапынан Татарстан Республикасындағы тілдік жағдаятты (ситуация) талдау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тіл туралы заңнамаларды іске қосуда тәжірибе жинақталды, тілдік саясат мәселелері бойынша федералдық заңнамалар мен халықаралық нормативтік құқықтық актілерге талдаулар жасалды. Татар тілін электрондық ақпараттық кеңістікке интеграциялауды жүзеге асыру үшін жүйелі шаралар қабылданды. Халықты ана тілдегі әдебиеттермен қамтамасыз ету мақсатында қалалық және ауылдық кітапханалар қорлары толықтырылды. Осы он жылдықта татар тілді мектептердің азаюы тоқтатылды.