ОқУ Әдістемелік кешені пәні «Қыпшақтану»


Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар



бет63/72
Дата25.12.2023
өлшемі0,9 Mb.
#199152
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   72
Байланысты:
ОқУ Әдістемелік кешені пәні «Қыпшақтану»-emirsaba.org
лаборатория, Алкендер тақырыбына химиядан презентация (11 сынып), 6 атамұра
Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Құмық тілі неше диалектіден тұрады?
2. Құмық тілінде жазылған қандай ескерткіштерді білесің?
3. Құмық тілінің әдебиет үлгілерін талдап, зерделе.
4. Құмық тілінің ғылыми тұрғыда зерттелуі.
5. Құмық тілінің бүгінгі саяси-әлеуметтік жағдайы

Татар әдеби тілі
Татарлар – түркі тілді халықтар тобына жатады. Татарлардың тереңге тартқан тарихы, мәдениеті мен өнерінің мың жылдық дәстүрі бар. Ресейдің барлық облысы мен өлкесіне тарай қоныстанған татарлар сан жағынан республикада орыстардан кейінгі 2-орында тұр. ТМД-ның басқа елдерінде де татар диаспоры баршылық. Зерттеушілер «татар» атауын тат-дат-йат (бөтен) және эр-ар-ир (ер адам), демек бөгде адам, бөтен жұрт дегеннен шыққан дейді. Ертеректе Еділ бойы татарлары өздерін бөлгәр, қазан кешесе, қазанлы деп әрқалай атаған. Марилер қазан татарын сюас деп, удмурттар бигер деп, қазақтар ноғай деп те атаған.

Татар – түркология әлемінде түрік сөзінен кейінгі ең жиі айтылып келген атау. Еуропада туыс халықтарды ертеректе түрік деп атау дәстүрі болса, орыс деректемелерінде түрік-татар сөздері қатар аталады. Бір қызығы татар этнонимі көне дәуірде түркі тайпасының атауы болмаған. «Татар» деген атын ғана иемденгені болмаса, оларды татар-моңғолдар ұрпағы деуге келмейді. Бертін уақытқа дейін татар сөзі көптеген туыс халықтардың ортақ атауы боп келді. Атап айтқанда XVI-XVIII ғасырлардағы орыс жазбаларында Еділ жағалауы мен Орал өңіріндегі түркі халықтарымен қоса Ресей империясының шет аймағындағы әзірбайжандар да, Солтүстік Кавказ бен Орта Азияның, Сібірдегі біраз түркі тілдес ұлыстар да жалпылама татар аталған. Каспий мен Қара теңіз аралығындағы кең далада көшіп-қонған ноғайлар тіпті Кеңес дәуіріне дейін татар аталып жүрді.
Татар халқынын шығу, қалыптасу тарихына қатысты ғылыми зерттеу мынадай түрде тарқатылады: III-IV ғасырда, ғұндар мен өзге де көпшелі тайпалардың Шығыс Еуропаға жасаған шапқыншылығы кезінде, одан кейін IV-VII ғасырларда Түрік қағанаты дәуірінде түркітілдес тайпалар легі Орал өңірі мен Еділ бойына ағылып келе бастаған. VII-VIII ғасырларда Азов теңізі жағалауынан түркітілдес бұлғар тайпасы ауып келіп, олар X ғасырда Еділ-Кама Бұлғариясы аталған мемлекет құрыпты. Зерттеушілер Қазан татарлары өзінің антропологиялық, этнографиялық белгілерін ертедегі Еділ бұлғарларынан еншілеген дейді. Еділ-Кама Бұлғариясының бір кездегі дәуірлеп өркендеген мәдениеті, егіншілік кәсібі мен қолөнері Еділ бойы, Орал өңірі татарларының тұрмыс салтында, мәдениетінде сақталған. Мұндағы түркі ұлыстары басқа тайпаларымен бірге 1223 - 40 жылдары моңғол-татарларға қарсы ерлікпен шайқасқан. Татар халқының көне дәуірдегі ата-бабалары ұлан-байтақ өлкеге ие боп, Кара теңіз жағалауында Бұлғария, Хазар қағанаты, Еділ Бұлғариясы, кейінірек Алтын Орда, Қазан, Қырым, Астрахан, Қасым, Сібір хандығы аталған дербес мемлекеттер құрған.
Ал татар этнонимі қазіргідей бір ғана халықтың ұлттық атауы ретінде XIX ғасырдың екінші жартысында ғана тиянақталды. Бүгіндері бір халықтың құрамына кірген ұлыстар таяу ғасырға дейін татар атауын қабылдай қоймай, көп уакыт өздерін әрқалай атап келген. Айталық, еуропалық бөліктегілер қазанлы, болғар, мишәр, типтәр, керәшән, нағайбәк, кәчим, балка липка (демек, литва татары) делінсе, Астрахан мағындағылар қорағаш, юрт, кундров деп сан түрлі аталып келген. Негізінен, кыпшақ немесе ноғай-қыпшақ аталатын этникалық тобынан тұратын Батыс Сібір татары Еділ бойындағы түркілерден өзгешелеу еді. Сібір татарла­ры да өздерін әрқалай атап келген. Тюмень, Тобыл татар­лары Тюмень облысының аудандарына тарай қоныстанған. Тар татары Омбы облысының Тар ауданын мекендейді. Барабин татары Новосибирь облысының аудандарында тұрады. Бұл аталған татарлар өздерін тұрған мекеніне қарай тоболик, тарлик, бараба деп атайды. Бұхара өңірінен қоныс аударып келгендер де Батыс Сібір татарының құрамына кіреді. Әуелде оларды бөлектеп, бұхарлық, кейбірін сарт деп, енді бір бөлігін өзбек деп атаған. Бертін келе бұхарлықтар да татар аталып, бір этникалық топқа біріккен. Тобыл мен барабин татарының тілі қазақ тіліне өте-мөте жақын. Сондықтан да 1926 жылғы халық санағында Батыс Сібір татарлары әр түрлі ұлысқа жатқызылған.
1582 жылы Көшім хандығы құлатылғаннан кейін, Ермак бастаған орыс шапқыншылығына төтеп бере алмай, аяусыз жазалауға, қуғын-сүргінге ұшырап, көптеген татар Чулым бассейнімен, Тобылға, Енисей өзеніне дейін ығысты. Сібір татарлары патша әкімдеріне қарсы әлденеше рет ашық көтеріліске шықты. Қазан төңкерісі қарсаңында Батыс Сібірдің жергілікті халқының саны күрт азайып, қалың орыс арасында шашырай қоныстанып, мүлдем азшылыққа айналып кетті. Қазан хандығы жойылғаннан кейін экономикалық езгінің күшеюі, ұлттық-рухани қанау, діни негіздегі қатаң қудалау, христиан дінін зорлықпен тануға тырысу Еділ бойы мен Орал өңірі татарын жаппай көшіп-қонуға мәжбүр етті. Орталық ауданнан татарлардың шеткері өңірге ығысып, ондағы жергілікті түркілермен мәдени-тұрмыстық жақындасуы, сауда-экономикалық тығыз байланысы біртұтас татар ұлтының қалыптасуын тездетіп, оған өз ықпалын тигізді.
Этникалық құрамы айтарлықтай күрделі, әрі ұлан-байтақ өлкеге тарай қоныстанған бүгінгі татар халқының жеке топтарына тән ерекшелік пен айырым белгілері де әжептәуір. 1) Қазан татары – сан жағынан татар халқының ең ірі бөлігі. Олар өздерін бұрындары қазанлық деп те атаған. Қазан татарының арғы тегі – бұлғарлар, алтын ордалық түріктер, оның ішінде қыпшақтар. 2) Мишәрлар – сан жағынан екінші орында. Мишәрлардың тегін «бұртас» деп аталатын тайпамен байланыстырады. Кейін бұртастар мекендеген аймаққа ноғай-қьпшақтар көптеп келіп, жергілікті халық қыпшақтілді ұлысқа айналған. 3) Тептерлер – ежелгі башқұрт жеріңдегі сан жағынан үшінші орындағы этникалық топ. Тептер аталатын татарлардың негізін башқұрттар құраған. Кейін бұл араға қаптап ауып келген Қазан татарлары араласып, татар тілі олардың ортақ тіліне айналған. Қазіргі тептерлер өздерін татар ұлтының өкіліне жатқызады. 4) Орал өңірін мекендейтін Пермь татарының этникалық түзілісін ноғай-қыпшақтармен қоса угор тайпалары құрайды деген пікір айтылады. 5) Нукрат татарының да этникалық компонентін қыпшақ-ноғайлар мен бесермендер құрайды. 6) Ал бесермендер болса, удмурттар құрамыңдағы татардың шағын этникалық тобы. 7) Қасым татарлары Орталық Ресейде Ря­зань облысының Қасымов ауданында, Санкт-Петербург, Мәскеу секілді ірі калаларда қалың орыс арасында азшылық боп тұрып жатқанына қарамастан, ислам дінін, тілін сақтап қалған. Зорлықпен шоқындырылған Қасым татарының шағын тобы тілінен де айрылып, орыс боп кеткен. Антропологиялық жағынан татарлар еуропеидтік нәсілге жатады. Халықтың жартысына жуығы қара торылау кел­ген еуропеидтік нәсілдің понтий типіне келінкіресе, үштен бірі жирен я сары шашты еуропеидтік типке жатады. Монголоидтік пен еуропеидтік компоненті аралас оңтүстік Сібір типі татарлардың 14 пайызын ғана құрайды. Соның өзінде оларда да еуропейдтік компонент басымдау.
Тоталитарлық жүйе тұсында бүкіл түркі жұртының, соның ішінде татар халқының тарихы да толық айтылмай, бұрмаланып келгені белгілі. Атап айтқанда, ерте кездегі орыс халқымен терезесі тең іргелі ел болған татар ағайындар – тарихтан тиесілі үлесін ала алмай келді. Дәлірек айтсақ, орыстар 150 миллиондай болса, татар ұлтының бүгінгі жиынтық саны одан жиырма есе кем. Оның басты себебі татар халқы бес ғасыр бойы бостандық үшін ауыр күрес жүргізуі. Олар 1469, 1487, 1506, 1524, 1530, 1545, 1550 жылдары басқыншы орыс әскерінің шапқыншылығынан өз жерін ерлікпен қорғады. Татар халқының тарихындағы ең ауыр қаралы күн – 1552 жылдың 30 тамызы. Орыс әскері Қазан қаласын басып алып, халықты қынадай қырды. Қазан хандығы осылайша Ресей басқыншыларының отарына айналды.
1920 жылы қазан татарлары автономиялық респуб­лика деген мемлекеттік мәртебе алды. Астанасы – Қазан қаласы болып бекітілді. Небір қиын-қыстауды басынан өткерген, көп ғасыр бойы бодандықтан зардап шеккен татар халқы асқан еңбекқорлығымен өз ұрпағын құрып кетуден сақтап қалды. 1926-1939 жылдар аралығында ғана татарлар саны жарты еседей өскен. Алайда бұл тек табиғи өсім ғана емес еді. Өйткені 1939 жылы тептерлер мен татар тілді қауымға айналған Мензелин башкирлері, сондай-ақ қазақ тіліне жақын диалектіде сөйлейтін Астрахан ноғайлары, ноғайбахтар, Оңтүстік Сібір түркілері де ұлтын татар деп көрсетіп үлгірген еді. Сөйтіп, бұл дәуірде әр алуан туыс ұлыстардың татар ұлты төңірегіне топтасуы аяқталған. Одан кейінгі халық санағы көрсеткендей, 1959 жылға дейін татарлар саны небәрі 15,2, 1970 жылы 19,3, 1979 жылы 8,3, 1989 жылы 7 пайызға ғана өскен. Ертедегі татар жанұялары көп балалы болатын. Алайда жыл өткен сайын татар әйелдерінің бала көтеруі азайып, халықтың табиғи өсіміне кері әсерін тигізе бастады. Татарстандағы жергілікті халық бүкіл республика халқының төрттен біріндейі ғана. Демек, татардың 75 пайызға жуығы республикадан тыс өлкелерде тұрып жатыр.
Татар халқының бүкіл әлемдік жиынтық саны – 7,2 млн. адам (1995). Ал 1989 жылғы соңғы санақ дерегі бойынша ТМД еліндегі саны 6.648,760 адам болып, олардың 83 проценті татар тілін ана тілім деп таныған. Өзбек, қазақ, тәжік тағы баска толып жаткан тілдерді 48740 татар ғана ана тілім деп таныса, бір миллион 70 мың татар орыс тілін ана тілім деп таныған. Мұншама көп татардың орыс тілді қауымға айналуының өзіндік себебі бар. Татарлар – бұрынғы кең байтақ Кеңес Одағының түкпір-түкпіріне түгелдей тарап үлгірген ең шашыраңқы түркі халқы. Олардың басым көпшілігі еуропалық бөлікте. Әсіресе, Еділ жағалауы мен Орал өңірінде біршама жинақы қоныстанған. Алыс шет елде небәрі 56 мындай ғана татар тұрады екен. Бұл татар халқының бір пайызына да жетпейді.
Кеңес үкіметі тұсында да татар халқының сан жағынан өсуі Орта Азия, Закавказье, Солтүстік Кавказ халықтарымен, тіпті славян тектес халықтармен салыстырғанда да төмендеу болды. 1926 жылғы халық санағында түркі ұлыстарының арасында қазақтардан кейінгі ең көп санды халық боп, орыс, украин, қазақтардан кейінгі төртінші орынды иемденсе, 1959 жылғы халық санағы көрсетімімен бесінші орынға, 1979 жылғы халық санағында алтыншы орынға ығысты. Ал 1989 жылы халық санағында әзербайжандардан кейінгі жетінші орынды иемденгені анықталды. Репрессияға ұшырап, қуғын-сүргін көрген халықтармен, сондай-ақ, өз тарихында бірнеше рет жойқын қасіретке ұшыраған халықтардың этнодемографиялық жағдайымен салыстырғанда да татарлардың сан жағынан өз мәнінде өспей қалуының басты бір себебі – халықтың ассимиляцияға ұшырауы. Мәселен, 1989 жылғы халық санағы көрсеткендей, ұлтаралық неке, демек, аралас неке саны өзбекте 6%, түрікменде 6,4%, қырғызда 6,5%, қазақта 7,4% болса, татардың 41 %-ын аралас некеге тұрғандар құраған. Сөйтіп, патшалық Ресей шоқындыру арқылы орыстандыру саясатын жүргізсе, Кеңес үкіметі тұсында ассимиляцияның кері әсеріне ұрындырып барып, орыстандыру әрекеті белең алды. Көп облыстарда татарлардың басым көпшілігі – аралас некелілер. Көп санды халық өкілімен некеге тұру аз санды халық үшін тиімсіз екені Еділ жағалауы халықтарының тіршілігінен айқын байкалады. Мұндағы татар, мордва, чуваш, мари, удмурт секілді халық өкілдері бір-бірімен сүйек-шатыс болса, олар қай республиканың жерін мекендеп отырса, сол республика ұлтын калап, оны өз құжаттарында көрсетеді екен. Ал орыс ұлты өкілімен некеге тұрса, кай республикада тұрғанына қарамастан, орыс ұлтының өкілі болуды тиімді санап, балаларының ұлтын орыс деп көрсетеді екен. Сондықтан аралас некеден орыс ұлтының саны өсе түссе, басқаларының санына кері әсерін тигізген. Екінші себеп – діни фактор. Татар халкының ерте кезден-ақ ислам дінінің сунниттік ережелерін қабылдағанын білеміз. Ал Иван Грозный кезінен бері патша отаршыларының қысымымен, зорлықпен шоқындырылған татардың азғана бөлігі христиан дінінің православие тармағын тұтынады. Шоқынған татарлар өздерін кряшен деп атайды. Кряшендер көне кряшен, жаңа кряшен, ноғайбах, бакалин кряшен, молькеев кряшені деп бөлінеді. XVIII ғасырдан кейінгі уақытта татарлар арасында топтасу үдерісінің күшеюіне қарай шоқынғандардың мұсылмандықка кайта оралуы басталды. Бұл үдеріс XX ғасырдың бас кезінде күшейе түсті. Ең алдымен, жаңадан шоқынған татарлар, сондай-ақ, бұрын шоқынғандардың да бір бөлігі мұсылмандыққа өтті. Сөйтіп, шоқынғандардың 40%-ы қайтадан исламды қабылдады.
Төрт ғасыр бойы орыс миссионерлерінің тынымсыз әрекетіне қарамастан, шоқынған татарлар сан жағынан кемімесе, өскен емес. 1926 жылғы санақта олардың саны 120,7 мың болған. Салыстырып айтқанда, Иван Грозныйдың тұсында да зорлап шоқындырғандар саны сол шамалас болған еді. Патшалық Ресей тұсында шоқынған татарға жер иеленуде көп жеңілдіктер берілген, артық жағдай жасалған. Соған қарамастан, көптеген татар қорыққанынан патша әкімдеріне, миссионерлерге көз ғып қана уақытша шоқынып, реті келгенде еш ойланбастан өз дініне қайта оралып отырған. Ал мүлдем шоқынып кеткендердің этникалық сана-сезімі төмен болып, көпшілігінің қалың орыс ортасында жұтылып кеткеніне ешкім де таңдана қоймаса керек.
Татар тілі – Алтын Орда дәуірінен бастау алатын көне жазбалы тіл. Көп жанрлы татар фольклорында шетелдік басқыншыдан елін қорғаған батырлар туралы тарихи жырлар елеулі орын алады. Татардың көне жазба әдебиеті бар. Оларға ХШ-XIV ғасырларда өмір сұрген Ғалидың ізгі махаббатты жырлаған "Жүсіп пен Зылиха" поэмасы, Құтыптың "Хұсрау мен Шырын" поэмасы, Хорезмидің "Махаббат-намесі", беріректегі Махмут Бұлғаридың "Жұмаққа жолы", Мұхамедиярдың әр алуан поэмалары, авторы белгісіз '"Кесікбас" діни-эпикалық жыры, ''Сопыларға өсиет" атты дидактикалық шығарма жатады. Содан бері көптеген ақын-жазушылардың діни-дидактикалық, ағартушы-демократиялык, бағыттағы шығармалары қалың бұқара арасына кеңінен тарады. Озық идеяның көшін бастаған атақты ақын әрі публицист Ғабдолла Мұхамоғарифұлы Тоқайдың, ғалым-демократ, ағартушы, татар әдеби тілінің негізін қалаушы Каюм Насыйридің білім мен танымдык мәні бар шығармалары туған халқының рухани байлығын биік дәрежеге көтеріп, демократиялық мәдениетін дамытуға зор ықпал етті. Талантты ақын, Кеңес Одағының Батыры Мұса Жалил Мұстафаұлының 1957 жылы Лениндік сыйлық алған "Маобит дәптері" атты өлеңдер жинағы ақын есімін өшпес даңққа бөледі.
Татар тілі (tatar tele, tatarça, татар теле, татарча) – татар халқының ұлттық тілі. Патшалы Ресей отары боп келген түркі халыктары тілінің ішіндегі ең көбірек, әрі ертеректен бері толассыз зерттеліп келе жатқаны да осы татар тілі. Қазіргі татар тілі башқұрт тілімен бірге түркі тілдері қыпшақ тобының қыпшақ-бұлғар бұтағын құрайды. Татарстан Республикасының мемлекеттік тілі және Ресей Федерациясында таралуы және сөйлейтіндер саны бойынша екінші тіл болып табылады. Татар тілі Ресей, Орталық Азия, Украина, Польша, Қытай, Финляндия және Түркия сияқты елдерде де тараған. Жазуына келетін болсақ, 922 жылыдан бастап Бұлғар мемлекетінде, содан кейін Қазан хандығында және Ресей мемлекетінің құрамында татарлар мен олардың ата-бабалары араб жазуын қолданған. Татарлар 1927-38 жылдары латын графикасын, 1939 жылдан бастап орыс (кирилл) алфавитін пайдаланды. Қосымша әріптеріне ә, ө, ү, ж, һ, ң жатады.
Татарларға кирилл жазуын ұсыну ХІХ ғасырда басталған еді. 1862 жылы Николай Ильминский орыс жазуына негізделген бірінші татар «Әліппе» кітабын жазып, баспадан шығарды. 1864 жылы Қазан қаласында христиан-татар мектептері ашыла бастады. Н.Ильминский былай деп жазды: «Русская азбука сразу отделила крещеных татар от их мусульманских собратьев. Если бы христианские книги были написаны на арабской графике, татары снова перешли бы в ислам». Бұл тұжырымнан Ресей патшалығы тұсында да, Кеңес үкіметі тұсында да кирилл жазуы бодандық саясаттың басты құралы болғандығын аңғарамыз.
Татар тілінің қайтадан латын афавитіне өту мәселесі 1990 жылдары көтеріле бастады. 2001-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны Татарстан Парламенті қабылдап, сол тұстағы президент Минтимер Шаймиев бекіткен болатын. Бірақ Ресей Мемлекеттік Думасы бұл бастаманы қолдамады. Бағдарлама аяқсыз қалды. Татарстан ғылым Академиясының ғалым хатшысы Дания Захдуллина 2011 жылдың 29 маусымында латын алфавиті жөніндегі заңның жобасын парламантке ұсынған еді. Ол «Азаттық» радиосының тілшісіне «татарлар латын алфавитін ғылым саласында қолдана отырып, шетелдік ғалымдармен пікір алмасу үшін пайдаланбақшы» деді. Латын алфавиті жалпы қолдану үшін емес, тек ғылым саласы үшін енгізу керек. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл тағдыры Ресеймен тығыз байланысты Татарстан үшін татар тілін сақтаудың бірден бір жолы.
Татар әдеби тілінің дамуында үш белгілі тарихи кезеңді атап көрсетуге болады. Бірінші-Еділ бойы бұлғарлары мен қыпшақ тілдерінің даму кезеңі. Ол XVI ғасырдың ортасы - Қазан хандығының Орыс мемлекетімен қосылу кезеңіне дейін жалғасады. Бұл татар (орталық диалект) және башқұрт ата тектерінің негізгі тілдік ерекшеліктері кезеңі болып қалыптасты. Тарихшы мамандардың пікірінше, X ғасырдан бастап Еділ бұлғарлары мен қыпшақтардың тығыз аралас-құраластығы байқалады. Бұл сабақтастық бастапқыда Бұлғар хандығы құрамында және Алтын Орда хандығы кезінде, содан кейін Қазан хандығы құрамында болды. Қыпшақ тілі бұлғар-қазан тілінің ассимиляциялық ықпалына ұшырады.
Екінші кезең XVI ғасырдан XX ғасырдың ортасына дейін жалғасқан Қазан хандығы мен Орыс мемлекетінің қосылуы нәтижесінде кең байтақ жерлердегі қазандықтар (орталық диалектіге кіретін арғы тектер) және қыпшақтардың (мишарлар) араласуымен сипатталады. Бұл кезеңде татар тілінің жалпы халықтық ауызша әдеби тілі қалыптаса бастады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   72




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет