Байланысты: 32250024-e02c-11e5-bf37-f6d299da70eeУМКД цветовед. материалы
Дәріс № 12 Тақырыбы: Дизайннің түрлі шеңберінде түстерді қолдану.
Мебельді, костюмді, архитектуралық ортаны жоспарлауда дизайнерлік әрекеттің техникасы мен түрлі материалдарды қолдану. Қолданған материалдарға сәйкес түстің қасиеттерін өзгерту фактура. Фактура түрлері. Хромотикалық композицияларда түрлі фактураларды қолдану және жасау тәсілдері графикадағы техниканың түрлілігі.
Табиғатта жылы және суық түстер ғажайып үйлесім тапқан. Шөлдің сары құмы мен көгілдір аспан және Антарктида мұзы, көлдер мен теңіздердің көк суы және күн батқан сәттегі қызғылт түсті тау шыңдары. Жануарлар мен есімдіктер әлемі де жылы және суық түстерден тұрады.
Мына суреттерге назар аудар. Оларда бейнеленген денелердің түстері қандай?
— Әрине, жасыл түс, — дейсің. Алайда суреттердегі жасыл түс бірдей ме? Көріп түрғаныңдай, олардың түстері әр түрлі! Әлде бұл басқа түс пе? Жоқ, бұл расында да жасыл түс, ал оның реңктері әр түрлі. Реңк — бұл бір түстің бірнеше түрге түрленуі. Әрбір бояу түсінің көптеген реңктері болады. Бір түстің реңктері бір-біріне ұқсас болады. Дегенмен бір бояу түсі қалайша әр түрлі реңктерге құбылады? Оны түсіну үшін қоспа түстер қалай алынатынын еске түсірейік. Мысалы, жасыл түс қандай түстердің қоспасынан тұрады? Есіңе түсірсең, жасыл түс сары мен көк түстердің қоспасынан алынады.
Палитрада жасыл түс шығару үшін қылқаламға алдымен сары бояуды көбірек, көк бояуды азырақ алып араластырамыз. Содан кейін керісінше, сарыны азырақ, ал көкті көбірек қосамыз. Олардан алынған түстерді салыстырғанда әр түрлі реңктерді көресің.
Сен түстердің жылы және суық болатынын білесің. Сондай-ақ реңктер де жылы және суық түсті болады. Суретке солдан оңға қарай қарағанда жасыл түс жылы және суық реңктердің қайсысына қарай ұлғаяды? Ал оңнан солға қарай қарағанда ше? Қай реңктерде көк түс басым, ал қайсысында сары бояу көбірек?
Бояу түстері сияқты реңктер де жылы және суық болып бөлінеді. Егер кез келген түстер реңктерінде сары немесе қызыл түс басым болса, олар жылы реңктер болғаны. Ал көк түс басым болса, онда реңктер суыққа жатады. Палитрада жасыл бояуға біртіндеп қызыл бояуды араластыра отырып, жасыл түстің қалай өзгеретінін бақыла.
Мұндайда жасыл түс қай бағытта өзгереді?
Фотосуретке назар аудар. Байқадың ба, табиғатта жасыл түстің көптеген реңктері кездеседі екен! Әр түп шөптің, әр жапырақтың түсі қайталанбастай ерекше! Сондықтан сен ағаштың, гүлдің суретін салған кезде осы қағиданы есіңде сақта!
Фотосуреттердің қайсысында жасыл түстің суық, қайсысында жылы реңктері басым екенін анықта. Жаздың жайма шуақ күнінде немесе күздің қоңыр салқын кезінде табиғат аясына шығып, ағаш жапырақтары мен шөптердің реңктерін зер салып, бақыла.
Күлгін түс те екі түрлі – қызыл және көк түстерден құралады.
Күлгін түске көк түсті көбірек қосқан сайын суық түске қарай өзгереді.
Мына суреттегі гүлдердегі күлгін түстің қайсысы жылы, қайсыбірі суық екенін айт.
Тек қоспа түстерде ғана алуан түрлі реңктер болмайды. Сонымен қатар негізгі түстер: қызыл, сары және көктің де көптеген реңктері кездеседі. Мына түстер шеңберіне қарашы. Оған қарап бір түс екінші түске реңктерін өзгерту арқылы ауысатынын бақылай аласың. Түсаралық реңктердің санын көбейту арқылы түстердің ауысуын аса байқалмайтындай етуге болады.