Оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында ғылым негіздерін оқытудың ерекшеліктері туралы



бет3/4
Дата13.11.2016
өлшемі2,19 Mb.
#1645
1   2   3   4

Информатика

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес информатиканы оқыту 5-сыныптан басталады. 5-9 сыныптар үшін информатика пәнінен жаңа оқу бағдарламасы әзірленді. Оқу бағдарламаны әзірлеу қажеттілігі біріншіден, мазмұнды толығымен қайта қарастырумен байланысты, себебі информатика пәні 5-сыныптан бастап оқытылады (бұрын оқытылу 7-сыныптан басталды). Екіншіден, заман талабына сай ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың тез дамуына байланысты информатика курсында алгоритмдеу және программалау саласына көп көңіл бөлу қажеттілігі туындайдыген дұрыс. Сонымен қатар, жеке тұлғаның қалыптасуында алгоритмдік және операциялық ойлау ерекше рөлі алатыны ескерілді.

5-9 сыныптардағы информатика пәнінің ерекшелігі, мектепте оқытылатын басқа пәндерден түбегейлі айырмашылығы – бұл оны оқыту пәнінің жедел екпінмен өзгеріп отыруында. Бүгінгі күні бар технологиялар мен программалық қамтамасыз етулер орнына жаңаларының келуі өзгеруде, сонымен қоса бір жарым жыл ішінде аппараттық құралдардың техникалық параметрлері екі еселенеді және бес-жеті жылда стандарттар, интерфейстер мен хаттамалар қорлары өзгереді. Осы жағдайда жаңа технологияларды меңгеруге дайын, адамның кәсіби мобилдігін қамтамасыз ететін іргелі білімнің рөлі жоғары болып отыр. Сол себептен мектептің негізгі курсының мазмұнына информатиканың іргелі негіздерін, алгоритмдер дағдыларын ерте оқытуына назар аудару қажет.

Әр сыныпта информатиканың бірінші сабағы, есептеуіш техника кабинетінде қауіпсіздік техниканың ережелерін және жұмыс орнын ұйымдастыруына қайталауға арналады. Интернет желісіндегі жұмыстармен байланысты тәжірибелік тапсырмаларды орындау барысында Қазақстан Республикасының Заңнамасына сәйкес ақпараттармен бірге этикалық және құқықтық аспектілерге маңызды көңіл бөлінеді.

Оқытудың мақсаты информатика және қазіргі заманғы ақпараттық технологиялардың теориялық негіздері бойынша базалық білім жүйелеу арқылы ақпараттық құзіреттілікті қалыптастыру, әр түрлі ақпараттарды өңдеудің қарапайым программаларымен жұмыс істеу дағдылары, алгоритмдік және операциялық ойлау қабілеттерін дамыту, программалау тілімен, модельдеу қағидаларымен танысу болып табылады.

Оқыту міндеттері:



  1. ақпарат туралы түсінікті қалыптастыру;

  2. есептеу техниканың және телекоммуникацияны негізгі құрылғылары пайдалану дағдыларын қалыптастыру;

  3. ақпараттық модельдеу, модельдеу әдістерін қолданатын негізгі салалар туралы мағлұмат беру;

  4. программалау тілінде негізгі базалық алгоритмдік құрылымдарды пайдалана білуге үйрету;

  5. ақпараттарды өңдеу бойынша ақпараттық технологиялармен жұмыс істеуге дағдыландыру;

  6. жобалық іс-әрекетте, күнделік өмірде, оқыту іс-әрекетінде, нарықта қажетті мамандық игеру мақсатында ақпараттық технологияларды пайдалану тәжірибесін алу;

  7. алгоритмдік және операциялық ойлау қабілеттерін, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдары арқылы оқушылардың логикалық, математикалық, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту;

  8. қауіпсіздік техника ережелерін, ақпараттық этика және құқық нормаларын сақтау дағдысын дамыту;

  9. оқушыларды ақпараттық мәдениетке және техникаға ұқыпты болуға тәрбиелеу.

«Информатика» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:

5 сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;

6 сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;

7 сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;

8 сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;

9 сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат.

Сабақтастық қағидасын сақтау үшін 6-9 сыныптарға үшін ауыспалы оқу бағдарламасы әзірленді. Аталған оқу бағдарлама әр сыныптың кіріктірілген материалын қамтиды, ол аталған сыныптың және одан дейінгі сыныпта оқитын материалдардан тұрады, яғни 6-сыныпқа арналған оқу бағдарламасы


5-6 сыныптың базалық мазмұның, 7-сынып – 5-6-7 сынып оқу материалдарын және 8-сынып – 6-7-8 сыныптарының оқу материалдарын, 9-сынып –
2011-2013 оқу жылдарында өткен 7-8 сыныптардың оқу материалдарын қамтиды.

6-9 сыныптарға арналған информатика пәні бойынша ауыспалы оқу бағдарламасы 2013-2014 оқу жылына ғана арналған.

«Информатика» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:

6 сыныпта – аптасына 1,5 сағат, оқу жылында 51 сағат;

7 сыныпта – аптасына 1,5 сағат, оқу жылында 51 сағат;

8 сыныпта – аптасына 1,5 сағат, оқу жылында 51 сағат;

9 сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат.

«Информатика» пәнін ауыспалы оқу бағдарламасы бойынша оқытуда


6-8 сыныптарға вариативті компоненттен 0,5 сағат беріледі, себебі оқушылар алдынғы өткен сыныптар бойынша оқу материалдарын (кіріктірілген курс) меңгеру тиіс. Бірінші жартыжылдықта информатиканыоқытуға 2 сағат, екінші жартыжылдықта 1 сағат бөлінеді.

Информатика пәніне деген қызығушылықты арттыру мақсатында жобалық іс-әрекеттер ұсынылады. Әр сыныптар бойынша жобалық іс-әрекетті оқытуға жеке сағаттар бөлінген. Жобалау технологияларын қолдану информатика пәні бойынша ғана оқу сапасын көтеріп қоймайды, пәнаралық байланысты жасайды және жоба даярланып жатқан мектеп пәнін оқыту тиімділігін жоғарылатады. Мұғалімнің өз қалауы бойынша жобалық іс-әрекеттерге өткен тараулар бойынша тақырыптар алуға болады.


2.3 «Жаратылыстану» білім саласы
Ғылыми-жаратылыстану білім беру саласы оқушылардың бойында табиғат құбылыстары және заңдылықтары жайлы ұғым қалыптастырады; табиғатты танып-білудің ғылыми әдістерімен таныстырады. Ол адамға табиғаттың бір бөлігі ретінде тек қана табиғат әлемін түсінуге ғана емес, сонымен қатар бұл құбылмалы әлемде дүниетанымдық, мәдени және білікті тұлғаның қалыптасуына, жүйелі-құнды жеке тұлғалық тәрбие беруге бағытталған.

«Жаратылыстану» білім саласының мазмұны кіріктірілген, оның құрамына енгізілген пәндер: жаратылыстану, география, биология, химия, физика.

Негізгі орта білім деңгейінде географиялық білім қалыптастыру төмендегі пәндер бойынша жүзеге асырылады:

5-сыныпта – «Жаратылыстану» пәні;

6-9 сыныптарда – «География» пәні.
Жаратылыстану

«Жаратылыстану» оқу пәнінің мазмұны табиғатты ғылыми тұрғыдан танудың әдістерін ашады; Ғалам, Күн жүйесі, Жер ғаламшары, оның қозғалысы, пішіні, беткі қабаты, магниттік қасиеттері жайлы, атмосфера, гидросфера, литосфера және Жер ғаламшарындағы адам туралы түсінік береді; денелер мен заттар, олардың қасиеттері; Жердің тірі қабаты туралы; қоршаған орта және адамның ондағы орны туралы білім қалыптастырады.

Жаратылыстану курсын оқытудың мақсатыоқушылардың бойында ғылыми-жаратылыстану білімдерін, түсініктерін және саналы қоғамдастығы бар бірегей ғаламшар ретіндегі Жер туралы біртұтас көзқарастарын, табиғат пен қоғамның өзара жүйелі байланысын, жүйелі-кешенді ойлау мен функционалдық сауаттылықтарын дамытуды қалыптастыру болып табылады.

Оқытудың міндеттері: курс бастауыш мектепте алған білім, біліктілік және дағдынының сабақтастығын әрі қарай жалғастырады, сонымен қатар Отанын, туған табиғатын сүюге деген жоғары рухани ізгілікті, көптілділік және жеке тұлғаның жалпы мәдениеттілігін тәрбиелеуді жалғастырумен ұштастырылады; экологиялық білімді, денсаулыққа зиянсыз іс-әрекетті, табиғат құбылыстарын жоғары деңгейде түсіндіре білу және өз іс-әрекетінің қорытындыларын алдын-ала болжауды жүзеге асыру дағдыларын қалыптастыру, табиғат ресурстарын қалпына келтіру, өзгерту, зерттеу барысында қолданылатын жаратылыстану ғылымдары әдістерімен оқушыларды таныстыру жалғастырылады; қоршаған ортаны танудың ғылыми жаратылыстану тәсілдерін пайдалану дағдылары (бақылау, өлшеулер, тәжірибелер, зерттеу жұмыстарының жоспарын жасау, нәтижелерді талдау және қорытындыларды тұжырымдау) дамытылады.

5-сыныптағы жаратылыстанымдық білім мазмұны келесі принциптер бойынша құрылған: оқытудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келу; оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес болу; оқу пәні мазмұнының «Дүниетану» курсы мазмұнымен сабақтастығы; ғылыми-жаратылыстанымдық білім берудің практикалық және қолданбалы бағытын жүзеге асыру.

Жаратылыстануды оқыту жалпы қажетті құралдар және арнайы аспаптармен, географиялық карталармен, атластармен, баспа құралдарымен, аудио және бейне материалдармен, басқа да техникалық оқыту құралдарымен арнайы жабдықталған сынып бөлмесінде жүзеге асырылады.

Қарастырылатын сұрақтардың алуан түрлілігіне және оқушылардың бойында табиғат, табиғи үдерістердің біртұтастығы жайлы көзқарасты қалыптастыру себебіне байланысты географиялық циклдың құрамына кіреді, өзінің мағынасы мен мазмұнына қарай кіріктірілген курс болып табылады.

Бақылаулар және практикалық жұмыстар мектептің оқу-тәжірибелікүлескісінде өткізіледі.Міндетті түрде бағаланатын (екі) практикалық жұмыс нөмірмен белгіленген.

Оқу жоспарының вариативті бөлігіне таңдау курстарын дайындауға және жүзеге асыруға бағытталған келесі қосымша оқу курстары ұсынылады: «Табиғат және адам», «Жасыл дәріхана», «Туған жер» және т.б.

«Жаратылыстану» пәні бойынша сағат саны аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағатты құрайды.

«Жаратылыстану» пәнін география, биология пәндерінің мұғалімдері немесе біліктілік көтеру курсынан өткен мұғалімдер беру тиіс.
География

Мектептiң бiлiм беру жүйесiнде жас ұрпақты жан-жақты дамыту мен тәрбиелеуде, патриоттық сезімдер мен ұлттық сана, жалпы және географиялық мәдениет, қоршаған ортаға деген саналы қарым-қатынас қалыптастыруда, функционалды сауатты, шығармашыл тұлға тәрбиелеуде, Жер бетiндегі тiршiлiктi сақтауда табиғат пен қоғам алдындағы жауапкершiлiкті сезiнуде, қазіргі әлемде Қазақстанның орнын түсінуде және ел әлеуетін көтерудегі өз үлесін ұғынуда география пәнi үлкен рөл атқарады.

Білім берудің негізгі орта деңгейінде географияны оқытудың мақсаты– оқушылардың бойында қазіргі география ғылымы, оның жетістіктері мен адамзат алдында тұрған маңызды проблемаларды шешудегі рөлі туралы түсінік қалыптастыру; Қазақстандағы және дүниежүзіндегі табиғи, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық үдерістердің географиялық аспектілерін анықтау үшін қажет географиялық ойын қалыптастыру; табиғат дамуының заңдылықтары, халықтың және шаруашылықтың орналасуы, географиялық кеңістікте болып жатқан үдерістердің динамикасы мен аумақтық ерекшеліктері туралы кешенді әлеуметтік-бағдарлы географиялық білім жүйесін қалыптастыру.

Оқыту мақсаттарына сәйкес «География» пәнін оқытудың мынадай міндеттеріанықталды:география ғылымы және Жер туралы серіктес ғылымдардың негізін меңгерту, табиғатқа, оның дамуына, табиғаттың, қоғамның және экономиканың байланысына диалектикалық-материалистік көзқарас қалыптастыру;табиғат ресурстарын үнемді де тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға, табиғи және экологиялық жағдайды бағалау мен болжауға қажетті білім мен біліктілікті меңгерту;қазіргі дүниежүзілік дамудың негізгі бағыттарымен, экономиканың және табиғат кешенінің дамуы барысында туындайтын жеке бір аймақты, сол сияқты барлық дүние жүзін қамтитын проблемаларды және сұрақтарды оқып-білу;оқу еңбегіне қажетті біліктілік пен дағдыларды қалыптастыру, зерттеушілікке құштарлықты, зейін және байқағыштықты, логикалық ойлауды, есте сақтау қабілетін, сөз шеберлігін және көптілділікті, қиялдау, аумақтық бейнені қалыптастыра білу шеберлігін, қоршаған ортаны эстетикалық тұрғыдан қабылдау, өмірге шығармашылық көзқарасын және өз білімін арттыруға, дамытуға талпынушылықты қалыптастыру; географиялық, саяси, экономикалық, басқа да ғылыми және әдістемелік ақпаратты, карталарды, мерзімді баспасөз басылымдарын, ғаламторды, білім берудің цифрлық ресурстарын қолдана білу дағдыларын дамыту; өз өмірі және әрекеті барысында географиялық білімді тиімді пайдалана білуі үшін білім, дағды және шеберлікті меңгерту; жоғары отансүйгіштік сезімге, Қазақстан Республикасының Конституциясынсыйлауға тәрбиелеу, белсенді өмірлік көзқарас қалыптастыру.

География курсының құрылымы мен мазмұнын іріктеу барысында оқу материалы және пәнаралық байланысты жалғастыру тәсілі негізге алынған, 6–9-сынып оқушыларының жас ерекшеліктері ескерілген, оқыту үдерісінің тұлғалық-бағдарлану тәсілі қарастырылған.

6-7-сыныптардағы «География» оқу пәнінің мазмұны оқушылардың бойында Жер туралы жалпы түсінік қалыптастыруға; жергілікті жерде, план, карта бойынша бағдарлау тәсілдерін; жалпы географиялық заңдылықтар; материктер және мұхиттар табиғат кешендерінің қалыптасу тарихы мен географиялық ерекшеліктері туралы түсінік беруге бағытталған.

8-9-сыныптардағы «География» оқу пәні оқушыларды Қазақстанның физикалық және экономикалық-географиялық жағдайымен, геологиялық құрылысы және жер бедерімен таныстырады; елдің табиғи-аумақтық және экономикалық аудандары, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық байланыстары және Қазақстанның дүниежүзілік экономикадағыорны туралы білім қалыптастырады.

Оқушылар алған білімді картографиялық жұмыстар, далалық зерттеулер мен практикалық жұмыстарды орындауда, түрлі диаграммалар мен кестелер құрастыруда, экономикалық, тарихи-географиялық нысандар мен оқиғаларды суреттеуде, табиғи және экономикалық құбылыстар мен үдерістерді бақылауда пайдалана алады.

Сабақ барысында орындалатын практикалық жұмыстар, географиялық құбылыстарды бағалауға, болжауға, түсіндіруге, сипаттауға, анықтауға, сонымен қатар картамен, оның өлшеуіш ресурстарымен жұмыс істеуге бағытталған. Міндетті түрде бағаланатын практикалық жұмыстар нөмірмен белгіленген.

«География» пәнінің сағат саны:



6-сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағатты;

7-сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағатты;

8-сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағатты;

9-сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағатты құрайды.

Білім мазмұнының вариативті бөлімі оқушы дамуының жеке тұлғалық сипатын қамтамасыз етеді және ата-аналар мен балалардың тілегін есепке ала отырып әзірленеді. Таңдау курсының келесі үлгі тақырыптары ұсынылады: «Табиғатты зерттеген ұлы зерттеушілер», «Ұлы саяхатшылар», «Жас сатпаевшылар», «Қазақстан географиясы оқулығы беттерінен тыс», «Картографиялық зерттеулер», «Географиядағы саралау және моделдеу»,«Менің Отанымның байлықтары»,«Географиялық экология», «Экономика және экология», «А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Абай, О.О.Сүлейменов, С.Сейфуллин поэзиясындағы география».


Биология

Негізгі орта білім деңгейінде «Биология» пәнін оқыту табиғат заңдылықтары туралы және адамның табиғатпен үйлесімді қарым-қатынасы туралы білім қалыптастыруға, экологиялық мәселелерді танып білуге бағытталған.

Оқытудың мақсаты органикалық әлемінің құрылысы мен тіршілік әрекеттерінің ерекшеліктері туралы алғашқы көзқарасты дамыту, органикалық дүниенің көптүрлілігі орта жағдайларына бейімділіктің нәтижесі екенін ұғындыру, эволюциялық теорияның және экологиялық ойлаудың негіздері туралы, тірі оганизмдердің жасушалық құрылысының негізге алынатын түсініктері туралы, организм және биоценоз тіршілік деңгейінің негізгі формалары екендігі туралы көзқарас қалыптастыру, Жер табиғатындағы биологиялық әртүрлілік оның тұрақты дамуының негізі екендігі туралы, тірі организмдердің жасушаға дейінгі құрылысы туралы негізге алынатын түсініктер қалыптастыру, тірі табиғаттағы көптүрлілік эволюцияның нәтижесі екендігін оқушыларға ұғындыру, өсімдіктер мен жануарларды жүйелеп жіктеу туралы ұғым қалыптастыру, тірі организмдердің өзара және тіршілік ортасымен қарым-қатынасын, өсімдіктер, жануарлар, микроорганизмдер, саңырауқұлақтар дүниесінің ерекшеліктерін, олардың табиғаттағы, адам өміріндегі және жалпы тіршіліктегі жоғары мәні туралы білімнің құндылығын ұғыну.

Оқытудың міндеттері:



  1. оқушылардың органикалық табиғатты оқытуда танымдық қызығушылық дамыту;

  2. тірі табиғат туралы білімін тереңдету;

  3. «Өсімдіктер», «Жануарлар», «Адам», «Жалпы биология» бөлімдерін оқып білуге қажет тіректік білімдер мен негізге алынатын түсініктер қалыптастыру үшін жағдай туғызу;

  4. оқушыларда тіршілік құбылыстарының заңдылықтарын оқып білуге танымдық қызығушылық қалыптастыру;

  5. жаратылыстану ғылымдарын оқу барысында тірі табиғат туралы алған білімдерін дамыту;

  6. оқушыларда органикалық дүниенің біртұтас табиғи бейнесі туралы көзқарас қалыптастыру;

  7. өзінің білімін практикада қолдануға дағдылануды қалыптастыру;

  8. оқушыларда табиғатты тиімді пайдалану және қорғау, медицина, ауыл шаруашылығы, биотехнология салаларында еңбек ету дағдыларын дамыту.

6-сыныпта биологияны оқытудың ерекшелігі «Өсімдіктер» бөлімін оқыту болып табылады.

7-сыныпта биологияны оқытудың ерекшелігі «Жануарлар» бөлімін оқыту болып табылады.

8-сыныпта биологияны оқытудың ерекшелігі «Адам және оның денсаулығы» бөлімін оқыту болып табылады.

9-сыныпта биологияны оқытудың ерекшелігі «Жалпы биология негіздері» бөлімін оқыту болып табылады.

6- сыныпың оқу материалы Өсімдіктер дүниесінің маңызы және Жер бетіндегі өсімдіктер әлемінің көптүрлілігі, өсімдіктердің табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы, өсімдіктердің жасушалық құрылысы туралы пікір қалыптастыруға бағытталған. Оқушылар ауылшаруашылығы өсімдіктерінің көптүрлілігімен, олардың экологияға әсерімен, сонымен қатар өсімдіктердің жүйелеуімен және жер бетіндегі органикалық дүниенің көптүрлілігімен- вирустар, бактериялар, саңырауқұлақтар, қыналармен танысады. Оқу материалын игеру барысында өсімдіктерді зерттеу бойынша бақылау және практикалық, зертханалық жұмыстар жүргізу арқылы оқушылардың зияткерлік, шығармашылық қабілеттері дамиды.

Биологиялық танымдылықтың теориясын, заңдары мен заңдылықтарын, түсініктерін, ғылыми және логикалық әдістерін меңгерген, салауатты өмір салты, экожүйелер мен түрлердің көптүрлілігін қорғау, сақтау туралы білімдерін тиімді пайдалана білетін жеке тұлғаны дайындау және тәрбиелеуді жетілдіру көзделеді.

7-сыныпта Жануарлар дүниесі, жануарлардың көптүрлілігі, олардың Жер бетінде таралуы. Жануарлардың құрылысы және жүйеленуі. Жануарлардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы қарастырылады. Оқушылар жабайы және үй жануарларын, олардың табиғаттағы өзара байланысын, жануарлардың табиғи бірлестіктердегі орны мен рөлін оқып біледі. Жануарлар тіршілігінің адамға тәуелділігін анықтап біледі. Жануарларға жағымсыз және жағымды қамқорлық жасаумен, жануарлар әлемін қорғаумен танысады. Қазақстан табиғатының ерекшеліктеріне сәйкес нақты жануар түрлеріне байланысты ақпарат қарастырылады. Оқушылар сонымен қатар өздерінің теориялық білімдерін практикада және зертханалық жұмыстар орындауда пайдалана алады.

8 – сыныпта «Адам және оның денсаулығы» бөлімі оқылады. Алдымен ұлпа жасушасының, мүшелер және мүшелер жүйесінің, тұтас организмнің құрылысы туралы білімдерді қамтитын жалпы мәселелер қарастырылады., одан кейін организм қызметінің жүйкелік және гуморальдық реттелуі оқылады. Адамның биологиясын барлық қырынан қарап зерттеу анатомия, морфология, физиология, адам гигиенасы, салыстырмалы цитология және гистология арқылы жүзеге асырылады.

8 – сыныпта «Биология» пәнін игеруде оқушылар қоршаған ортада және адамның тіршілігінде жүріп жатқан заңдылықтар мен процесстер (зат және энергия алмасу, онтогенез) туралы білімді меңгеру, күрделі емес тәжірибе- эксперименттік мәселелер шешу; салауатты өмір салты түсінігін меңгеру, оқыған материалына талдау жасап, жіктеп, кесте құрып, сызбанұсқалар құрастырып үйрену; ақпаратпен жұмыс істеудің түрлі тәсілдерін оқып үйрену, алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерін игеру және адамның жасушасы, мүшелер және мүшелер жүйесі туралы білімдерін қалыптастыру.

Негізгі орта білім деңгейінде оқушының жеке дамуы, табиғатты тиімді пайдалану және қорғау, медицина, ауыл шаруашылығы және биотехнология салаларында меңгерген білімдерін пайдалану жүреді. Оқушылар салауатты өмір салты және адам гигиенасы бойынша білімдерін практикада пайдаланады; өмірдің мәнін ең жоғары дәрежедегі құндылық ретінде түсінгенін көрсете біледі.



9-сыныптағы биология пәні жалпы биология негіздерін, организмдер тіршілігінің жалпы заңдылықтары туралы түсініктерді қарастырады.

9-сыныпта Биологияны оқытудың негізі - тірі организмдердің жалпы құрылымдық ұстанымдарын меңгеру, жердегі тіршіліктің пайда болуы туралы түсінік қалыптастыру, эволюция ілімі, генетика және селекция негіздері, организмдер мен ортаның арақатынасы туралы білім беру, сонымен қатар тірі организмдердің негізгі құрам бөліктері және қасиеттері туралы біліктіліктерін қалыптастыру, тірі организмдер жасушасының құрылысы мен қызметі, реттелуі және гомеостаз, көбейуі мен дамуы ұғымдары бойынша Жалпы биология білімдерін оқушылар меңгереді.

Биология пәнін оқыту арнайы кабинетте, оқу-көрнекілік құралдар мен жабдықтар, көрсетілімдік және зертханалық аспаптар ғаламтор, интерактивті тақта, техникалық оқыту құралдармен жабдықталған жағдайда жүзеге асырылады.

Ескерту. 6-9-сыныптарда зертханалық жұмыстар оқылатын тақырыппен бірге жұмыс дәптеріне орындалады. Оқушылардың зертханалық жұмысты орындауын бағалау мұғалімнің шешімі бойынша бағаланады және сынып журналына қойылады.

Биология пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі негізгі деңгейде типтік оқу жоспарына сәйкес әр оқу жылында 68 сағатты құрайды, аптасына


2 сағаттан:

6- сынып- аптасына 2 сағат, барлығы 68 сағат;

7- сынып- аптасына 2 сағат, барлығы 68 сағат;

8- сынып- аптасына 2 сағат, барлығы 68 сағат;

9- сынып- аптасына 2 сағат, барлығы 68 сағат.
Физика

«Физика» пәнін 7-9 сыныптарда оқытудың мақсаты – оқушылардың ғылыми дүниетанымының негіздерін, танымдық қызығушылығын, сын тұрғысынан ойлауын, зияткерлік және шығармашылық қабілетін қалыптастыру, физиканың негiзгi заңдарымен танысудан, табиғаттың құбылысын зерттеуден меңгерген білімі және білігін техникада және күнделiктi өмiрде пайдалана білу.

Осы мақсатқа жету үшін мынандай міндеттерді шешу қамтамасыз етедi:


  • қазіргі заманғы әлемнің физикалық бейнесінің негізін беретін физикалық құбылыстар, ұғымдар, заңдылықтар және теориялық қорытынды туралы білімдерді, табиғаттың ғылыми таным әдістері туралы білімдерді, құбылыстарды бақылау, эксперименттік тапсырмаларды орындау, болжау және жобалауды жүзеге асыру біліктілігін меңгерту;

  • физикалық экспериментті орындау дағдысын, зерттеушілік қабiлетін, өмірлік, тәжірибеде мәні бар есептерді шешу үшін игерген білім және білігін қолдану үдерісінде танымдық қызығушылығын, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту;

  • оқу және зерттеу жұмысына жауапкершілікпен қарау, қоршаған ортаны қорғау және табиғат құндылықтарын тиімді пайдалану, қоғам және адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету,

  • базалық білім негізінде экономикалық және саяси, әлеуметтік, мәдени қызметтерге ат салысу дағдысына тәрбиелеу.

7-9 сыныптарда «Физика» пәнін оқытқанда оқушылардың жас ерекшелігін, оқу үдерісінің логикасын, пәнішілік және пәнаралық байланыстарды ескере отырып тарауларды және тақырыптарды оқытудың сабақтастығы сақталуын ескеру қажет.

Теориялық мәліметтерді зерттеуге және білім алушылардың практикалық дағдысын қалыптастыруға уақытты тиімді бөлу маңызды. Уақыттың
30% жуығын
көрсетілім, практикалық және лабораториялық жұмыстарды орындауға бөлу керек. Оқушылардың білімiн тексеру үшін уақыттың 10% қарастырылуы тиіс.

Оқу процесiн ұйымдастыру, оқу процесiн ұйымдастырудың әр түрін пайдалану, қазiргi оқыту әдiстерін және педагогикалық технологияларды енгiзу және жергiлiктi жердің жағдайын ескеруге (5% ) оқу уақытының бос қорынан 10 сағат көлемiнде уақыт бөлінуі есерілуі тиіс.

7-9-сыныптарға арналған «Физика» пәнінің базалық оқу материалының мазмұны оқушылардың негізгі игерген білімдерін тәжірибеде көбірек қолдануға бағытталған және қазіргі қоғамда өмірлік жағдаяттарға бейімделуге негізделеді.

7-сыныпта физикалық терминдерге ерекше назар аударылады. Масса және тығыздық ұғымы шаманың мөлшері ретінде «Заттың құрылысы» бөлімінен бастап оқытылады.

8-сыныпта «Магнит өрісі» тақырыбы «Электр тогының магниттік әсері» ретінде қарастырылады.

11-сыныпта электромагниттiк толқындар және тербелiстерді оқығанда «Тербелістер және толқындар» тақырыбын қарастырмайды сондықтан 9-сыныпта тақырыптар жүйеленіп беріледі.

7-9-сыныптарға арналған «Физика» пәні оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеріп олардың жаңа контексте игерген білімдерін қолдануға және даму үдерісінің жаһандануы, табиғаттың физикалық заңдылықтарының мәнiн аша отырып практикалық жұмыстарды орындауына кеңінен мүмкiндiк туғызады.

Практикалық бағытта оқытуды жүзеге асыру үшін 7-сыныпта
8 лабораториялық жұмыс, 12 практикалық жұмыс, 4 бақылау жұмысы;
8-сыныпта 11лабораториялық жұмыс, 6 практикалық жұмыс, 4 бақылау жұмысы; 9-сыныпта 4лабораториялық жұмыс, 6 практикалық жұмыс, 6 бақылау жұмысы және 8 лабораториялық практикум өткізілу қарастырылады.

Оқу жүктемесінің көлемі:

7-сыныпта аптасына – 2сағат, оқу жылында 68 сағат;

8-сыныпта аптасына – 2сағат, оқу жылында 68 сағат;

9-сыныпта аптасына – 2сағат, оқу жылында 68 сағат.
Химия

Химия пәні мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары талаптарына сай жалпы, бейорганикалық және органикалық химия салалары бойынша оқушыларда базалық білім қалыптастыруға, табиғаттағы, адам өміріндегі, қоғамдық-экономикалық дамудағы химия ғылымы мен өндірісінің рөлін түсіндіруге, қоршаған әлемге ғылыми көзқарас, экологиялық мәдениет, әлеуметтік маңызды құндылықтар қалыптастыруға міндетті.

Оқушыларға химия пәні бойынша тиянақты білім беру үшін химия білімін дамытудың қазіргі төмендегідей басымдылықтарына назар аудару керек:

- оқытудың жүйелілік-іс-әрекеттік сипаты, теория мен практиканың сабақтастығы, өмірмен, жаңа технологиялардың енгізілуімен және елдің индустриалдық-экономикалық даму мәселелерімен байланыстылығы;

-химиялық тәжірибелер жасау және өзіндік білім алу іс-әрекеттері үлесінің артуы негізінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту басымдылығы;

-білім мазмұнындағы қазақстандық компоненттің және өңірлік даму элементерінің кеңейтілуі;

-білім мазмұнының ізгілендірілуі, экологиялық сипатының артуы негізінде білімнің дүниетанымдық мәні мен тәрбиелеушілік әлеуетінің күшейтілуі;

- білім мазмұнының тұтастығы, басқа жаратылыстану пәндерімен интеграциялануы мен жүйелілігінің артуы;

- оқу барысында оқушылардың өзіндік білім алу дағдыларын дамыту, оқу үдерісінің жобалау-зерттеу, шығармашылық сипатының артуы;

Химия пәнінің мазмұны инвариантты және вариативті бөліктерден тұрады. Оқу жоспарының инварианттық бөлімі мемлекеттік міндетті білім мазмұнын игеруді, ал вариативті бөлімі оқушылардың таңдауы бойынша қызығушылықтары мен икемділігіне қарай білім-білік алуын қамтамасыз етуге бағытталады.

Білім беру үдерісінде жоғары сапалы химия сабағын ұйымдастыруға қойылатын төмендегі жалпы талаптарға назар аудару керек:

- сабақта ғылымилық, көрнекілік, қолжетімділік дидактикалық ұстанымдарды оңтайлы арақатынаста жүзеге асыру;

- оқу материалының өмірмен, оқушының практикалық қызметі мен іс-әрекетімен байланыстылығын, химиялық заттарды, материалдарды қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, қолдану мәдениетін қалыптастыру;

- сабақты оқу материалдарын орнықты меңгеруге ықпал ететін тартымды, теориялық және эксперименттік қызықты фактілерді және әдіс-тәсілдерді қолдана отырып түрлендіру;

- сабақ мазмұны мен түрін жоспарлауда оның химия бойынша жалаң мағлұматтарды игертугеемес, адами құндылықтар мен оның мүдделерін ұғынуға басымдық беру, яғни сабақты химия пәніне емес, оқушы тұлғасының мүдделеріне бағдарлау;

- оқытудың ақпараттық-коммуникациялық, мультимедиялық құралдарын ұтымды пайдалану.

Оқу үдерісі «Кабинет паспорты», «Техника қауіпсіздігі ережелері», «Техника қауіпсіздігі журналы», қышқылдар, сілтілер, органикалық заттар, жылыту құралдары, шынылармен жұмыс істеуге арналған нұсқаулық карточкалар, сонымен қатар химиялық реактивтер (сақталу тобы бойынша), зертханалық және демонстрациялық құралдар, баспа құралдары, мультимедиалық құралдар мен электрондық оқулықтар және басқа да оқыту құралдарымен жабдықталған кабинетте жүзеге асырылады. «Прекурстар тізбесіне» (калий перманганаты, күкірт және тұз қышқылдары және т.б.) енетін заттарды қолдануға тыйым салынады.

Химия бойынша жазбаша орындалатын үйрету мақсатындағы жұмыс түрлеріне тапсырмалар, тестер, есептер, презентациялар, конспект- жоспарлар, тірек сызбалар, талдамалық және қорытындылаушы кестелер, зертханалық тәжірибелер, практикалық және бақылау жұмыстары жатады.

 Үйрету мақсатындағы жұмыстардың түрін, мазмұнын және көлемін оқу бағдарламасы, сонымен қатар мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары талаптарын ескере отырып, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдартағы тапсырмалар негізінде мұғалім анықтайды.

Білім алушыларда 3 дәптер болуы тиіс (сынып, үй тапсырмалары және зертханалық тәжірибелер үшін дәптер; практикалық жұмысқа арналған дәптер және бақылау жұмыстары дәптері).

Сынып журналына барлық демонстрациялық және зертханалық тәжірибелер оқып отырған тақырыппен бірге жазылады (Оттегін алу, №3 дем., №4 зертх.) және мұғалім оқушылардың жұмыстарын таңдауы бойынша тексеріп, бағалайды. Барлық оқушылардың тәжірибелік жұмыстары (№ … пр.ж. «Тақырып») мен бақылау жұмыстары (№ …бақылау жұмысы) толық бағаланып, журналға жазылады.

Үйрету мақсатындағы жұмыс дәптеріне оқушылар сабақ бойынша бақылау жұмысы аясында алынатын өздік жұмыстары нәтижелерін, ал бақылау жұмысы дәптеріне тақырыптық бақылау мен тест жұмыстары аясында алынатын өздік жұмыстарын көрсетуіне болады.

Практикалық және бақылау жұмыстарын арналған дәптерлер оқу жылы көлемінде сақталады және олар оқушылардың сол жұмыстары орындауы үшін беріліп отырады.

Бақылау жұмыстары бойынша талдау жұмыстарын оқушылар бақылау жұмысынан кейінгі сабақта (сынып журналына жазылмайды) орындайды, сонымен қатар практикалық жұмыстарды талдау мұғалімнің қалауы бойынша және қажеттілігіне қарай үйрету жқмыстарынан кейін сәйкес дәптерге орындалады.

Білім алушылардың зерттеушілік мәдениеті мен танымдық-ойлау белсенділігін дамыту мақсатында белгілі бір тарауды аяқтаған соң кіші жобаларды қорғау, шығармашылық жұмыстар байқауы сияқты қорытындылаушы дәстүрден тыс сабақтарды жүйелі түрде өткізіп отыру қажет.

Алған білімдерін тәжірибеде қолдану дағдыларын дамыту үшін зертханалық тәжірибелер мен демонстрациялық жұмыстарды орындауда бейне тәжірибелермен мультимедиалық құралдарды қолдану тиімді.

Химия пәні бойынша оқу арнайы жабдықталған, химиялық реактивтермен, препараттармен, құралдармен және керек-жарақтармен, зертханалық және көрнекілік, баспа, мультимедиалық құралдармен, электрондық оқулықтармен, диафильм, кино- және бейнефильмдермен қамтамасыз етілген кабинетте жүзеге асырылады.

Оқытудың мақсаты: қоршаған әлем туралы химиялық білім мен жаратылыстануғылыми түсініктердің біртұтас жүйесін қалыптастыру, талдау қабілеті бар, функционалды сауатты және шығармашыл тұрғыда ойлай алатын және өз білімін практикада қолдана алатын оқушы тұлғасын дамыту,оның туған өлкеге және қоршаған ортаға экологиялық-гуманистік қарым-қатынасты тәрбиелеуболып табылады.

Оқыту міндеттері:

1) әлемнің химиялық жаратылыстану-ғылыми көрінісі туралы білімді меңгерту және олардың функцияларын (танымдық, кіріктірілген, түсіндірмелі, болжау) қолдану;

2) заттардың құрамы, құрылысы, қасиеттері мен қолдану арасындағы себеп-салдарлы байланыстарды анықтау;

3) химиялық терминологияны, химиялық элементтердің таңбаларын, заттардың формулаларын сауатты түрде пайдалану білігін қалыптастыру;

4) заттарды танудың химиялық әдістерін меңгеру;

5) заттардың сандық және сапалық құрамын анықтауда және олардың қасиеттерін зерттеуде реактивтер, қыздыру құрылғыларымен жұмыс жасау барысында қауіпсіздік техникасының талаптарын сақтай отырып, химиялық тәжірибелер жүргізудің әмбебап дағдылары мен зерттеу біліктіліктерін дамыту;

6) адамзаттың экологиялық, азық-түлік, өндірістік, энергетикалық мәселелерді шешудегі химияның өскелең мәні мен гуманистік бағыттағы рөлін ашу;

7) өмірлік және экологиялық мәселелерді шешуде алған білімді пайдаланудың функционалдық қабілеттіліктерін арттыру;

8) мультимедиалық сандық білім беру ресурстарын қолдану, презентация мен жобалау жұмыстарын жасауда коммуникативті-ақпараттық біліктіліктері мен дағдыларын дамыту;

9) негізгі мектепті бітірушінің ары қарай оқу бағытын таңдау дайындығы мен өз білімін жетілдіруге деген құлшынысын дамыту.

Негізгі мектептің 8-9 сыныптарындағы химия курсы оқушылардың жаңа білімді игеруі, танымдық қабілеттері мен қызығушылығын арттыру, білімін іс жүзінде қолдану қабілеттерін, яғни функционалдық сауаттылығын ұштау мақсаттарында кең қолданылуы тиіс. Химия пәнін оқытуда мұғалім мен оқушы арасындағы әріптестік қарым-қатынасты құра білуге, оқушылардың ғылыми жобаларды орындауына, практикалық сабақтар мен эксперименттік жұмыстарында өз бетімен білімі мен білігін шыңдап, алған теориялық білімін практикада, әртүрлі өмірлік жағдаяттарда қолдана білуіне үлкен маңыз беріледі. Оқытуды ұйымдастырудың жүйелік-іс-әрекеттік тәсілі шеңберінде оқушылардың өмірлік қажетті дағдылары мен функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік ашатын ұтымды педагогикалық технологияларды қолданған тиімді. Түрлі технологияларды қолдану барысында оқушының өз бетінше әрекет етуін, белсенділігін, креативтілігін, оның химияға ықыласын арттыратын оқытудың проблемалық-іздестіру, интерактивтік, коммуникативтік, ойындық тәсілдері, жобалау тәсілдері тиімді болып табылады.

Мектептегі химия білімі жүйесі алдында қойылған міндеттерді орындауды оқу процесін технологияландыру және жобалау арқылы жүзеге асыруға болады.

8,9 сыныптардағы алғашқы сабақта арнайы журналға белгілей отырып Техникалық қауіпсіздік ережесі бойынша кіріспе нұсқау беру сабағы өткізіледі.

Оқу жоспарының жылжымалы бөлігі есебінен элективтік қолданбалы курстар,факультатив сабақтары өткізу ұсынылады.

Сабақтан тыс жұмыстар:

- зерттеу жобаларын дайындау және қорғау;

- олимпиадалар,конкурстер,тақырыптық кештер;

- таңдау боыйынша элективтік курстер;

- он-лайн режиміндегі конференциялар мен қашықтан жүргізілетін сабақтар, білім байқаулары;

- химиялық ғылым мен өндіріс нысандарына таным-жорықтар түрінде өткізіледі.

«Химия» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:

8-сыныпта барлығы 68 сағат аптасына 2 сағаттан;

9-сыныпта барлығы 68 сағат аптасына 2 сағаттан.

2.4 «Адам және қоғам» білім саласы
Қазақстан тарихы

Пәнді оқытудың мақсаты – оқушылардың білімі мен дайындық деңгейін, жас ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан тарихының ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі нақты тарихы бойынша білім беру.

Қойылған мақсаттарға сай пәнді оқытудың келесі міндеттері орындалуы тиіс:


  1. оқушыларға Қазақстан тарихы бойынша толыққанды, жүйелі білім беру;

  2. Қазақстан тарихы бойынша тарихи терминологияларды меңгерту;

  3. оқушылардың тарихи фактілер мен құбылыстарды талдап-қорыту, тарихи оқиғалардың мақсаты мен мәнін анықтай білу, оның маңызын бағалай білу дағдыларын қалыптастыру;

  4. оқушыларды оқытылатын кезеңдегі ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкілдері мен саяси жетекшілердің қызметіне, тарихи оқиғаларға салыстырмалы талдау жасауға дағдыландыру;

  5. оқушылардың қазақ және басқа да халықтардың мәдени мұраларына қызығушылығын қалыптастыру;

6)оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, түрлі дерек көздерінен қажетті ақпаратты іздестіру арқылы өзіндік жұмыспен айналысуына мүмкіндік беру.

Пәнді оқытуда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы


23 шілдедегі №961 қаулысымен бекітілген Мемлекет басшысының «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында берілген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарының 27-тармағын басшылыққа алу керек.

Оқу жүктемесінің көлемі:

5-сыныпта аптасына – 1сағат, оқу жылында 34 сағат;

6-сыныпта аптасына – 2сағат, оқу жылында 68 сағат;

7-сыныпта аптасына – 2сағат, оқу жылында 68 сағат;

8-сыныпта аптасына – 2сағат, оқу жылында 68 сағат;

9-сыныпта аптасына – 2сағат, оқу жылында 68 сағат.
5-сынып. «Қазақстан тарихынан әңгімелер»

Пәнді оқытуда бастапқы кезең пропедевтикалық, яғни кіріспе курс маңызды рөл атқарады. Тарихқа кіріспе ретінде берілетін бұл курстың мазмұны оқушылардың жас ерекшеліктері мен психологиялық деңгейіне сәйкес болу керек.

Пропедевтикалық курстың негізгі міндеттері:


  • оқушы бойында тарих туралы қарапайым ұғымдар мен түсініктерді қалыптастыру;

  • Отан тарихына деген қызығушылықты ояту, отандық және әлемдік тарихтың маңызды оқиғаларымен және құбылыстарымен таныстыру;

  • танымдық қызметтің қарапайым тәсілдерін игеру, тарихтың жүйелі курсын қабылдау мен игеруге оқушыларды дайындау.

Бұл кіріспе курста барлық материалды жүйелі түрде сипаттау талабы қойылмайды, алайда уақыттық және логикалық бірізділік сақталуға тиісті.

Тарихтың пропедевтикалық курсын оқыту процесінде оқиғалардың хронологиясын жасау, тарихи оқиғалардың сабақтастығы мен ұзақтығын анықтау, әңгімеде қосымша материалдарды қолдану, салыстыру және ұқсастықтар мен айырмашылықтарды анықтау біліктері қалыптасады.


6-сынып. «Ежелгі Қазақстан тарихы»
Негізгі орта білім деңгейінде тарихтың жүйелі курсы тарихи білім беру құрылымы мен мазмұнына сәйкес 6-сыныптан бастап оқытылады.

Ежелгі Қазақстан жеріндегі алғашқы адамдардың қоршаған ортасы, қола және ерте темір дәуіріндегі шаруашылықта, қоғамдық-мәдени өміріндегі өзгерістер, көшпелі мал шаруашылығының пайда болуы, ежелгі адамдардың антропологиялық бейнесі туралы түсініктер беріледі. Оқушылар бұл сыныпта тарихи таным негіздері, негізгі ұғымдар, категориялар, тарихи үдерістің заңдары туралы түсініктерімен танысады. Оқыту барысында тарихи мәтіннің қысқаша жоспарларын жасауы, басты мәселені анықтау және тарихи картадан ертедегі адамдар мекендеген аймақтарды, олардың қоныстанған орындарын көрсете білу дағдылары қалыптасады.


7-сыныпта «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы» бойынша орта ғасыр кезеңдерінің ерекшеліктері, түркі кезеңі, қазақ жері арқылы өтетін Ұлы Жібек жолының қалалық мәдениеттің дамуына әсері менортағасырлық ұлы ғұламалар тарихы, моңғол, жоңғар шапқыншылықтарының зардаптары, біртұтас қазақ мемлекетінің құрылуы мен оның дербес саяси бірлестікке, орталықтанған мемлекетке айналуы туралы білім алады. Мемлекеттердің құрылуы, олардың саяси, әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері туралы тақырыптарды қарастыруда ұқсас тарихи оқиғаларды салыстырып, айырмашылығын таба білу, орта ғасырлардағы қалалар мен сәулет өнері ескерткіштеріне сипаттама бере білу, көрнекті қайраткерлердің тарихтағы рөлін ашып көрсету біліктері мен дағдылары тереңдетіледі.
8-сыныпта «Қазақстан тарихы» бойынша XVIII ғасырдағы Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы, қазақ-жоңғар соғыстары, Қазақстанның Ресейге қосылуы және тәуелсіздік үшін күрес, отаршылдық саясатқа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы, ХІХ ғасырдағы әкімшілік реформалар, патша өкіметінің отарлау саясатының күшеюі, жұмысшы қозғалысының басталуы, ХХ ғасырдың басындағы мәдени өмір туралы білім алады.

Бұл сыныпта оқушылардың саяси тарихтағы өзгерістерді талдауына, тарихи құбылыстар арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтауына, хронологиялық, синхронды кестелер жасауына, тұлғалар мен тарихи оқиғаларға өздігінен сипаттама бере алуына ерекше назар аударылады.


9-сыныптағы «Қазақстан тарихы» пәні бойынша оқушылар бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, 1917 жылғы ақпан қазан төңкерістерінің қоғамдық өмірге әкелген өзгерістері, саяси партиялардың құрылуы, Ұлттық Алашорда үкіметінің қызметі, Қазақ Кеңес мемлекетінің құрылуы, азамат соғысының негізгі оқиғалары, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан, ағарту ісі мен ғылымның дамуы, «қайта құру» мен тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан туралы жүйелі білім беріледі.

Осы сыныпта оқушыларда тарихи ақпараттарды жүйелеп іздеу, зерттеушілік, тарихи деректердің түрлерімен кешенді жұмыс жасау дағдылары қалыптасады. Тарих сабағында оқушыларды ойландыратын және өздігінен жұмыс жүргізуге ынталандыратын оқыту әдіс-тәсілдерін қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Оқушылардың өзара мағұлмат алмасу белсенділігін арттыруға, зерттеліп отырған тақырыпқа ғылыми дұрыс бағыт ұстануына, шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған интерактивті әдістер, жаңа педагогикалық технологиялармен қатар, тарихи анықтамалық, тапсырмалар жинағы, ғаламтор материалдары, мультимедиялық құралдар, электронды оқулықтарды кеңінен қолдану тиімді.

Жүйелі тарихи білімді меңгеру барысында оқушылар тарихи тақырыпта шығармашылық жұмыстар, жобалар, рефераттар, тарихи эсселер, шығармалар (портфель) жазуға үйренеді.
Дүниежүзі тарихы

Пәнді оқытудың мақсаты: оқушыларды ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі адамзат тарихындағы маңызды тарихи оқиғалармен таныстыра отырып, жүйелі білім негіздерін қалыптастыру.

Пәнді оқытудың міндеттері:


  1. оқушыларға дүниежүзi тарихы бойынша маңызды оқиғалар мен үдерiстер және олардың өзара байланысы мен хронологиялық сабақтастығы жөнiнде жүйелi бiлiмдi меңгерту;

  2. тарихи қалыптасқан мәдени, дiни және ұлттық салт-дәстүрлермен танысу барысында құндылық бағыт-бағдарды қалыптастыру;

  3. алған тарихи бiлiмiн күнделiктi өмiрде қолдана бiлу дағдысын қалыптастыру;

  4. оқушылардың тарихи даму заңдылықтары мен ерекшеліктерін түсіне отырып, қоғам дамуындағы өзінің бағыт-бағдарын, көзқарастары мен ұстанымдарын айқындау қабілетін дамыту;

  5. дүниежүзі халықтарының тарихын тығыз байланыста қарастыра отырып оқушыларды халықтар арасындағы өзара түсінушілікке, бір-біріне құрметпен қарауға, толеранттылыққа, адам құқығы мен еркiндiгiн, демократиялық ұстанымдарын құрметтеуге тәрбиелеу;

  6. тарихи танымның бастапқы әдiс-тәсiлдерiн меңгерту, әртүрлi дерек көздерiмен өз бетімен жұмыс iстеуге үйрету;

  7. оқушыларды дүниежүзілік мәдени жетістіктерге құрметпен қарауға тәрбиелеу;

  8. қазіргі кезеңдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық және халықаралық проблемаларды талдауға тарихи білімін қолдана алу қабілетін жетілдіру.

Оқу жүктемесінің көлемі:

6 сыныпта аптасына – 1сағат, оқу жылында 34 сағат;

7 сыныпта аптасына – 1сағат, оқу жылында 34 сағат;

8 сыныпта аптасына – 1сағат, оқу жылында 34 сағат;

9 сыныпта аптасына – 1сағат, оқу жылында 34 сағат.
6-сынып. «Ежелгі дүние тарихы»

Мектепте тарихтың жүйелі курсы тарихи білім беру құрылымы мен мазмұнына сәйкес 6-сыныптағы «Ежелгі дүние тарихы» курсынан басталады. Ежелгі мемлекеттердің тарихымен танысу барысында оқушылар табиғаттың адам өміріне ықпалы, оттың маңызы, мемлекеттердің пайда болу алғышарттары, алғашқы діни түсініктер туралы білім алу арқылы ұқсас тарихи оқиғаларды салыстыру, сипаттама бере білу, тарихи картаны оқи білу дағдылары қалыптасады.


7-сыныптағы «Орта ғасырлар тарихы» бойынша орта ғасырлық кезеңдердің ерекшеліктері, ерте ортағасырлық мемлекеттердің пайда болуы, феодалдық құрылыстың белгілері, орталықтанған мемлекеттер, Еуропада білім мен ғылымның дамуы туралы оқытқанда тарихи білім аясын кеңейту қарастырылады. Бұл сыныпта ортағасырлық тарихи ұғымдар мен оқиғаларды талдауға ерекше назар аударылады.
8-сыныптағы «Дүниежүзі тарихы» бойынша оқушылар аграрлық өркениеттен индустриалдық өркениетке өту кезеңдерімен, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында капиталистік қатынастардың дамуымен, буржуазиялық революциялар тарихымен танысады. Бұл оқушылардың жаңа замандағы тарихи оқиғалар мен үдерістердің мәнін анықтауына, халықтың өткені мен бүгінін салыстырып, ой елегінен өткізе алуына және тарихи мұраларды пайдалана алуына көмектеседі.
9-сыныпта «Қазіргі дүниежүзі тарихын» оқыту барысында Еуропа және Америка, Азия және Африка елдерінің 1914-1918 жылдардағы бірінші дүниежүзілік соғыстан бастап бүгінгі күнге дейінгі саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени даму жолдары туралы нақты білім беріледі. Бұл сыныпта осы кезең тарихындағы маңызды оқиғалардағы жеке жетекшілердің, көрнекті тұлғалардың және халық бұқарасының мақсаты мен орнын айқындау қушылардың өздігінен ақпарат іздеу дағдыларын жетілдіреді.

Мектепте тарихты оқыту әдістемелік тәсілдердің көп түрлілігі негізінде іске асырылады. Педагогтың басты міндеті - оқушылардың өздігінен жұмыс жасауын ұйымдастыру. Оқушылардың өзіндік жұмысы ұжымдық жұмыс түрінде, брэйнсторлинг, рөлдік ойындар, дебат, жоба қорғау, портфолио, коллоквиум, сөздік пинг-понгтар, жазба жұмыстар (эссе, шығармалар, реферат және т.б.) ұйымдастырылады.

Тапсырмалар жиынтығы оқушылардың қажетті білім деңгейін, білік пен дағдыларды игеруге мүмкіншілік береді. Мысалы, хронологиялық тапсырмалар – оқушылардың оқиғалар сабақтастығы мен уақыт шеңберін анықтау, уақыттың әртүрлі категорияларын ажырату қабілеттерін, «тарихи география» тапсырма- карталарды қолдана білу, тарихи кеңістік туралы түсініктерінің қалыптасуын тексереді, «Тарихи тұлғалар» тапсырмалары Отан тарихындағы тұлғалар туралы білімін анықтайды. Пәнді оқытуда оқушының тарихи танымын, шығармашылық ойлауын дамытуға оң ықпал ететін оқыту әдіс-тәсілдері таңдап алынуы қажет.

Таңдау бойынша ұсынылатын курстар мазмұнының тақырыптары: «Алғашқы діни түсініктер», «Жазудың пайда болуы», «Әлемнің ежелгі дүниедегі жеті кереметі», «Саяхатшылар естелігінен» және т.б.


Адам. Қоғам. Құқық.

Пәнді оқытудың мақсаты – қоршаған ортада болып жатқан үдерістер мен құбылыстардың, оларды реттеп отыратын заңдардың өзара байланысы, адам мен қоғам дамуы үдерісі туралы ғылыми білімді жүйелендіру. Азаматтық позицияны, жоғары адамгершілік қасиеттер мен отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Пәнді оқытудың міндеттері:


  1. қазіргі қоғам мен адам өміріндегі қоғамдық ғылымның рөлін анықтау;

  2. оқушылардың бойында әлемнің ғылыми картинасын қалыптастыру;

  3. адам және адам өмірінің жоғары құндылықтар болып табылатынын түсіндіру;

  4. гуманизм, этика, бостандық, демократия, әлеуметтік прогресс пен рухани құндылықтар идеалдары арасындағы өзара байланысты анықтау;

  5. адам құқықтары мен жалпы ұстанымдарын білуге, оған баға беруге үйрету;

  6. азаматтылықты, отансүйгіштікті, жауапкершілік пен түрлі ұлттар мен халықтарға деген сыйластық көзқарасты қалыптастыру;

  7. этникалық және жеке тұлғалар арасындағы қатынастарда төзімділікті сақтау;

  8. қоғамдық даму заңдылықтарын білу негізінде құқықтық сауаттылық пен мәдениеттілікке тәрбиелеу;

  9. Қазақстан Республикасының Ата Заңын, кодексін және басқа да заңнамалық актілерін білу;

  10. ғылыми, құқықтық терминологияны түсіну, терминдерді қолдана білуге үйрету;

  11. оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау дағдысын дамыту;

  12. оқушылардың коммуникативтік қарым-қатынас дағдысы мен пікірталасқа қатысу қабілетін дамыту;

  13. жеке қабілеттері мен психофизиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес кәсіби бағдар туралы түсінігін дамыту.

«Адам. Қоғам. Құқық» пәнін оқыту барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 шілдедегі №961 қаулысымен бекітілген Елбасының «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту бағытындағы «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында берілген тапсырмаларды іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарындағы 28-тармағын басшылыққа алу қажет. Білім алушылардың қазақстандық құқық жүйесі туралы тұтастай түсінігін қалыптастыру, құқықтық білімін өмірлік жағдаяттарда және болашақ кәсіби қызметтерінде тиімді қолдануды күшейту керек.
9 сынып оқушылары үшін «Адам. Қоғам. Құқық» пәнінің мазмұнын іріктеуіс-әрекеттік, тұлғалық-бағдарлы және құзіреттілік тәсілдерге негізделген.«Адам. Қоғам. Құқық.» пәнінің мазмұны жалпы адамзаттық құндылықтарға, демократизм принциптеріне, гуманизм мен ғылымилыққа негізделген. Бұл пәнді оқытуда оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру, оқыту үдерісінің әдістемесі мен ұйымдастырылуын анықтайтын әдіснамалық принциптерге сүйену қажет.

«Адам. Қоғам. Құқық» пәнінің негізгі ерекшелігі ол аталған пәннің алдыңғы сыныптарда оқытылған басқа да қоғамдық – гуманитарлық пәндермен тығыз байланысы болып табылады. «Адам. Қоғам. Құқық» пәні шеңберінде бұрын алынған білімге жүйелеу мен жалпылау жасалады.

Оқу жүктемесінің көлемі:

9 сыныпта аптасына – 1сағат, оқу жылында 34 сағат.


Өзін-өзі тану

«Өзін-өзі тану» пәнінің негізгі мақсат-мүдделері:



  1. адамның өзіндік бейімділіктерін ашу және оның темпераментін, мінез-құлқын, қабілеттерін ескере отырып, оны жеке тұлға ретінде, іс-әрекет субъектісі әрі жеке дара субъект ретінде дамыту;

  2. оқушылардың өзіне, қоршаған ортаға және бүкіл адамзатқа деген қарым-қатынасын айқындайтын адамгершілік мінез-құлықтарының, әлеуметтік маңызы бар бағдарларының негізін қалыптастыру;

  3. қоғамға қызмет етуге бағытталған мәселелерді шешуде жеке тұлға құндылықтарын, алған білімдерін іс жүзінде шығармашылықпен қолдану дағдыларын қалыптастыру.

Негізгіміндеттері:

  • өзінің өмірлік айқындамасын анықтау;

  • түрлі мәселелерді адамгершілік қағидаларға сәйкес сындарлы түрде шешу;

  • өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым-қатынас жасау;

  • адамдарға көмек көрсету, туыстарына және жақындарына мейірімді, қамқор болу;

  • өзімен-өзі үндестікте өмір сүру, ойы, сөзі және іс-әрекеттерінде шынайы болу;

  • жасампаздық пен белсенділік, азаматтылық және елжандылық таныту;

  • өз ойын, сөзі мен ісін адамгершілік тұрғысынан таңдауға дайын болу және оған жауапты болу;

  • қоғамға қызмет ету дағдыларын іс жүзінде дамыту.

«Өзін-өзі тану» бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудағы маңызды мәселе «Тыныштық сәті», «Өзіммен өзім», «Сергіту сәті», «Достар, ән салайық» сияқты әдістемелік тәсілдер арқылы сабақтарда салауатты орта құру болып табылады.

«Өзін-өзі тану» пәні бойынша білім беру үдерісі арнайы жабдықталған кабинеттежүзеге асырылады және қажетті оқу жабдықтарымен, сондай-ақ оқу-көрнекілік құралдарымен жабдықталуы қамтамасыз етіледі.

Оқу жүктемесінің көлемі:

5-сынып (барлығы 34 сағат, аптасына 1 сағат):

6-сынып (барлығы 34 саға, аптасына 1 сағат):

7-сынып (барлығы 34 сағат, аптасына 1 сағат):

8-сынып (барлығы 34 сағат, аптасына 1 сағат):

9-сынып (барлығы 34 сағат, аптасына 1 сағат):


2.5 «Өнер» білім саласы
Музыка

Музыка оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, олардың қиялын, есте сақтау қабілетін, танымдық қызметінің белсенділігінің артуына ықпалын тигізеді. «Музыка» пәнінен білімді игеру нәтижесінде оқушы ұлттық және әлемдік мәдениет мұраларын меңгерген және өмірлік тәжірибеде қолдана білетін, рухани толысқан тұлға ретінде қалыптасады.

«Музыка» оқу пәнінің мақсаты – оқушылардың музыкалық мәдениетін қалыптастыру, әлемдік музыкалық бейнелерді меңгеру, тұлғаның шығармашылық қабілетін дамыту және музыкалық біліктерін, өмірде қолдана білуге негізделген. Музыка баланың бойындағы асыл қасиеттерін оятып, елін, жерін, Отанын сүюге тәрбиелейді.

«Музыка» оқу пәнінің басты міндеті:

– дәстүрлі қазақ музыкасының өткен және қазіргі замандағы адам өмірімен байланысы және оның композиторлық шығармашылығындағы рөлі туралы білім беру;

– оқушылардың көркемдік талғамын қалыптастырып, музыкалық шығармаларды бағалай білу;



  • түркі және шығыс халықтарының музыкалық мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру;

– музыканың басқа өнер түрлерімен байланысын ұғына білу;

– музыка өнерінің әр түрлі әрекеттерінде оқушылардың шығармашылық қабілетін қалыптастырып, ән, терме айту және аспапта ойнау біліктерін дамыту.

Бағдарлама мазмұны қазақ және түркі халықтарының дәстүрлі мәдениеті, шығыс және батыс классикалық музыканың ең озық үлгілері, қазіргі таңдағы Қазақстан музыка өнері болып табылады.

«Музыка» пәні бойынша бағдарлама пәнаралық интеграция принципін ұстана отырып, тіл және әдебиет, тарих және бейнелеу өнерімен байланыста оқытуды көздейді.

Оқытудың әдістемелік жүйесі үздіксіздік принципінұстана отырып, бастауыш пен орта сынып арасындағы сабақтастық, жүйелілік пен бірізділік айқындалады. Басты тақырыптар мазмұны тереңдей түсіп, музыкалық ұғымдары мен көркемдік талғамы кеңейеді. Дербестік принципінұстана отырып, оқушы музыкалық өнердің жан-жақты дамуы мен түрлі құбылыстарына жеке көзқарасын қалыптастыра отыра, мұғалім мен оқушы арасында еркін пікір-таласқа түсіп, өз пікірін ашық білдіре алады.

«Музыка» пәні бойынша 5-6-сыныптарда сағат саны аптасына 1 сағат, жылына барлығы 34 сағат.


Бейнелеу өнерi

Жалпы білім беретін мектепте бейнелеу өнері негізгі пән болып табылады, өйткені бейнелеу өнері оқушылардың елестету және шығармашылық қиялын дамытады, онсыз жеке тұлғаның толыққанды психикалық және интеллектуалдық дамуы мүмкін емес.

Оқыту мақсаттары:

- эстетикалық сезімдерді, бейнелеу өнеріне қызығушылығын тәрбиелеу; өнегелі тәжірибесін байыту, ізгілік пен зұлымдық туралы ойларын дамыту; адамгершілік сезімдерін тәрбиелеу, Қазақстан және басқа елдердегі халықтардың мәдениетін құрметтеу;

- қиялын, кез келген іске шығармашылық тұрғыдан қарау ниеті мен икемділігін, өнер мен қоршаған әлемді қабылдау қабілетін, көркемдік қызметте бірлесіп жұмыс істеу шеберліктері мен дағдыларын дамыту;

- өнер құралдарының көмегімен оқушылардың шынайы өмірге деген эстетикалық көзқарасын тәрбиелеу және өмірлік түйсігін қалыптастыру;

- халық шығармашылығына деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін тәрбиелеу;

- аңғарымпаздығы мен көріп есте сақтау қабілетін дамыту;

- оқушылар көркем композиция жасау кезінде, сондай-ақ орындалған жұмыстарды сыныпта қарап, талқылау процесінде олардың көркемдік талғамын, талдау қабілеттері мен эстетикалық уәждемелерін дамыту.

Оқыту міндеттері:

- өзінің қоршаған әлемге көзқарасын шығармашылық жұмыстарында көрсете білу қабілетін дамыту;

- сурет, кескіндеме, композиция бойынша бейнелеу сауаты негіздерімен таныстыру;

- жылы және суық түстермен таныстыру және оларды айыра білуге үйрету;

- бейнелеу өнерінің түрлерімен (графика, кескіндеме, сәндік-қолданбалы өнер, мүсін, дизайн, сәулет өнері) және жанрларымен (пейзаж, портрет, натюрморт, анималистика және т.б.) таныстыру;

- көркемдік дағдыларды меңгеру (әртүрлі материалдармен жұмыс істеу және әртүрлі бейнелеу техникасын игеру);

- шынайы өмірде көркем мәдениеттің көрінісін байқай білу қабілетін дамыту (мұражайлар, сәулет, дизайн, мүсін және т.б.)

- оқушыларда сезімдік-эмоциялық белгілерді дамыту: зейін, есте сақтау, қиял, елестету;

- оқушылардың қолдарының моторикасын, иілгіштігін, икемділігін және көзбен шамалау дәлдігін жақсарту;

- өзінің көлемді композицияларын жасау немесе жазық және көлемді-кеңістіктік тәсілдер үйлесімдіктерін пайдалану арқылы көркемдік құрастыру элементтерімен таныстыру.

5-6-сыныптарға арналған бейнелеу өнері бағдарламасы бастауыш мектеп бағдарламасымен сабақтастығын сақтайды және өнерді мәдениеттің өзара байланысты халықтық және кәсіби екі түрін біртұтас ретінде қарастырады. Бағдарлама гуманитарлық пәндердің басқа базалық курстарымен тығыз ықпалдастыруға бағытталған. Ол негізгі мектеп оқушыларын пластикалық өнердің әртүрлі материалдар мен техникаларды қолданып көркем бейне жасауға бағытталған көркем-шығармашылық қызметтің алуан түрлеріндегі бейнелі тілін меңгеруді көздейді: «Өнер туындыларын қабылдау», «Кескіндеме», «Графика», «Мүсін өнері», «Көркемдік құрастыру, дизайн және сәулет өнері», «Сәндік-қолданбалы өнер».

Білім беру тәжірибесінде «бейнелеу өнері» деп кескіндеме, графика, мүсін сияқты бейнелеу өнерлерімен қатар сәулет және сәндік-қолданбалы өнерді қамтитын барлық пластикалық өнерлерді түсінеміз.

Оқушылардың бейнелеу өнеріне қызығушылығы, картинада немесе мүсінде нақтылы түрде көрсетілген суретші шығармасының ойын түсіну және өзінше бағалай білуі, Қазақстан және әлемдік өнердің негізгі стильдері мен бағыттарын айыра білуі; өнер тарихында елеулі рөл атқарған шеберлердің шымаршылығымен танысуы; әйгілі шығармаларды білуі - сабақтың маңызды нәтижесі болып табылады. Бейнелеу өнеріне оқыту жеке тұлғаның өз ойын білдіруіне және дамуына, одан кейін әлемдік көркем мәдениет үлгілерімен танысуына бағытталған. Сабақта оқу қызметінің кез келген түрі өзіндік мәнге ие, оқушылардың мүдделерімен келісіледі, оларды оқушы өмірінде нақты пайдалануға бағдарланады. Өнерге деген қызығушылығы мен көркемдік талғамын дамыту қалыптасқан шығармашылық іс-әрекеттің жеке тұлғалық тәжірибесі, өзіндік эстетикалық эталондары, өнер тілін меңгеруі негізге алынып қалыптасады. Бейнелеу өнеріне оқыту барысында оқушыларға шығармашылық жұмыстың арқауын жасауда, қызмет түрлерін, көркем материалдарды, жеке немесе топтық жұмыстарды, шығармашылық тапсырмаларды орындау күрделілігін, үй тапсырмасының формаларын және т.б. таңдауда көбірек еркіндік беріледі.

Бағдарламадағы оқу материалы көркемдік білімнің іскерлік сипаты мен адамгершілік болмысын көрсететін блоктармен ұсынылған: «Өнер мен көркемдік қызметтің адам және қоғам өміріндегі рөлі», «Өмір мен өнердің рухани-адамгершілік проблемалары», «Әсем өнерлер тілі және көркем бейне», «Әсем өнер түрлері мен жанрлары».

Осылайша блоктарға бөлу ерекшелігі мынада, бірінші блок оқу материалының мазмұнын ашады, екінші блок оны іс жүзінде іске асырудың құралдарын береді, үшінші тапсырма тақырыбының рухани-адамгершілік, эмоциялық-құндылық бағыттылығын болжамдайды, төртінші олардан оқушы көркемдік-шығармашылық тәжірибе алып шығатын қызмет түрлері мен шарттарынан тұрады. Барлық блоктар өнердің әртүрлі: типологиялық, тілдік, құндылыққа бағдарланған, қызметтік қырларын ашады. Олар (барлығы бірге) әр сабақта әртүрлі шамада оқытылады. Барлық блоктар кешенді түрде жалпы көркемдік білім мен тәрбие міндеттеріне бағытталған.

Оқу жүктемесінің көлемі:

5 сыныпта – аптасына 1 сағат, жалпы саны – 34 сағат;

6 сыныпта – аптасына 1 сағат, жалпы саны – 34 сағат.
2.6 «Технология» білім саласы
Технология

Пәннің оқыту бағыты оқушыларды материалдық құндылықтардың заманауи өндірісінің негізгі технологиялық үрдістерімен таныстыруға, кейінгі кәсіптік білім алуға және еңбек етуге қажетті дайындықтарын қамтамасыздандыруға негізделген.

Бағдарламаның мазмұны оқушының жеке тұлғасы, отбасы және қоғамның қажеттіліктерін, қазіргі заманғы педагогикалық ғылымының жетістіктерін ескере отырып белгіленген.

«Технология» оқу пәнініңмақсаты техника мен технология саласында оқушылардың заманауи өндірісінде алған білім жүйесінің нәтижелігіне бағытталған функционалдық сауаттылығын қамсыздандыру, сонымен қатар, технологиялық ойлау қабілетін, болмысқа деген шығармашылық көзқарасын дамыту болып табылады.

Оқыту міндеттері:

1) техника, технология және заманауи өндіріс негіздерінен жүйеленген білімді қалыптастыру;

2) құрылымдық материалдарды өңдеу технологиясы, жобалау
іс-әрекеттерін іске асыру бойынша жалпы еңбектік, жалпы өндірістік және арнайы икемділіктер мен дағдыларын қалыптастыру;

3) технологиялық ойлау қабілетін және еңбекке деген шығармашылық көзқарасын дамыту;

4) оқып жүрген технологиялармен байланысты мамандықтар әлемі, еңбек нарығындағы олардың талап етілуі туралы түсініктерін қалыптастыру, өзінің өмірлік және кәсіби жоспарларын саналы түрде анықтауына ықпал ету;

5) еңбек ету және кәсіби іс-әрекеті үрдісінде эстетикалық, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, дене және құқықтық тәрбие беру;

6) оқушылардың Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне деген құрмет көзқарасын қалыптастыру.

Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды оқуыту барысындағы нәтижелері, оқушылардың үлгерімдерін бағалауын,орта білімді сыныпты аяқтайтын әр оқушының міндетті түрде меңгеруі тиіс білім мазмұнын көрсетеді.

Оқушылардың дайындық деңгейі үш түрлі аспектілері ескеріле отырып: пәндік, тұлғалық, жүйелі іс-әрекет нәтижелеріне қарай бағаланады.

Осыған байланысты 5-9 сынып оқушылары (ер балалар) келесі бөлімдер бойынша тақырыптар беріледі:




Ауыл мектептерінде

Қала мектептерінде

1. Қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау

2. Ауылшаруашылық өндірісіндегітехника және технология

3. Ағашты және ағаш материалдарды қолмен және механикалық өңдеу технологиясы

4. Металды қолмен және механикалық өңдеу технологиясы

5. Сәндік қолданбалы өнерінің элементтерімен көркем материалдардыөңдеу технологиясы

6. Электротехника және электрониканегіздері

7. Үй мәдениеті. Үй шаруашылығындағы жөндеу жұмыстар

8. Шығармашылық жобалау саласы

9. Қазіргі заман өндірісі және техникалық кәсіби білім


1. Қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау

2. Ағашты және ағаш материалдарды қолмен және механикалық өңдеу технологиясы

3. Металды қолмен және механикалық өңдеу технологиясы

4. Сәндік қолданбалы өнерінің элементтерімен көркем материалдарды өңдеу технологиясы

5. Электротехника және электрониканегіздері

6. Үй мәдениеті. Үй шаруашылығындағы жөндеу жұмыстар

7. Шығармашылық жобалау саласы

8. Қазіргі заман өндірісі және техникалық кәсіби білім


Білім берудің негізгі түрлері оқушылардың оқу-тәжірибелік, жобалау іс әрекеті болып табылады. Жаттығулар, оқу-тәжірибелік жұмыстар, жобалау әдісі басым әдістері болып отыр. Бағдарламада қарастырылған барлық тәжірибелік жұмыс түрлері материалдарды өңдеудің әртүрлі технологияларын, электромонтажды, құрлыс-әрлеу және жөндеу санитарлық-техникалық жұмыстарын, тағам әзірлеу, жеңіл тігін өнеркәсібінің негіздерін, есептеу және жобалау операцияларын меңгеруге бағытталған.

Мұғалім бар мүмкіндіктеріне сәйкес бағдарламада ұсынылған технологиялық операциялар топтамасын қамтамасыз ететін еңбек нысандарын таңдай алады. Сонымен қатар оқушының жасының шамасына сәйкес еңбек нысанын таңдап, оның қоғамдық және жеке құндылығы ескеріледі. Оқушылар орындайтын практикалық жұмыстардың түрлері түсінікті, ұтымды, экологиялық талаптарға сәйкес болуы тиіс. Мұғалім жергілікті және жеке эстетикалық қызығушылықтарына сәйкес өзі тапсырмаларының варианттарын қосуға құқығы бар.

«Қазіргі заман өндірісі және техникалық кәсіби білім» (9-сынып) жаңа бөлім техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің түрлері, кәсіби іс әрекетке қойылатын жаңа талаптар, кәсіп туралы түсінік, мамандық және жұмыскердің кәсіби дәрежесі, мамандық таңдауға тұлғалық қасиеттердің әсері, аймақтық еңбек нарығы және білім саласында қызмет көрсету туралы мәселелер қарастырылады.

Сабақтар ағаш, метал өңдеу шеберханасында, немесе құрамдастырылған шеберхана базасында өткізіледі. Технологиялық операцияларын орындау барысында оқушылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етілуіне үлкен назар аударылуы керек. Электрқауіпсіздігі, санитария мен жеке гигиенасын сақталуына ерекше назар аударылу тиіс.

Сабақта қолдан жасалған электромеханикалық құралдар мен технологиялық машиналар қолдануға тыйым салынады. Кіріктірілген сипаттағы «Технология» пәні пәнаралық байланыстарды қолдану негіздерінде құрылуын көздейді. Есептеу операциялары және өлшем алуда алгебра мен геометриямен, материалдардың қасиеттерінің сипаттамасында химиямен, машина мен механизмдердің жұмыс принциптерін және құрылымын оқытуда физикамен, сәндік қолданбалы өнер технологияларын оқытуда тарих пен өнермен байланыстырылады.

Қала, ауыл және шағынжинақты мектептерде ұлдар мен қыздар тобына сыныптың толықтандыруына қарамастан бөлінуі жүзеге асырылады.

Осыған байланысты 5-9 сынып оқушылары (қыз балалар) келесі бөлімдер бойынша тақырыптар беріледі:




Ауыл мектептерінде

Қала мектептерінде

1. Сыныпта жалпы тәртіп сақтау, техника қауіпсіздігінің ережелерін сақтау, санитарлық-гигиеналық талаптар және еңбек қауіпсіздігі

2. Тағам әзірлеу технологиясы

3. Маталармен танысу. Мата өңдеу технологиясы. Тігін машинасымен жұмыс жасау. Киімді жобалау, дайындау және көркем әшекейлеу (белдемше, шалбар) Мата түрлерімен танысу. Киімді күту Машинатану элементтері

4. Сәндік қолданбалы өнерінің элементтерімен көркем материалдарды өңдеу технологиясы

5. Отбасы экономикасы. Кәсіпкерлік

6. Тұрғын үйдің ішкі көрінісі

7. Киім және аяқкиім күтімі. Жеке бас гигиенасы

8. Жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру технологиясы.

9. Көкөніс саласындағы күзгі жұмыстар. Көкөніс өсіру – өсімдік шаруашылығының бір саласы

10. Жоба

11. Кәсіби қызмет ету саласының технологиясы


1. Сыныпта жалпы тәртіп сақтау, техника қауіпсіздігінің ережелерін сақтау, санитарлық-гигиеналық талаптар және еңбек қауіпсіздігі

2. Тағам әзірлеу технологиясы

3. Маталармен таныс. Мата өңдеу технологиясы. Тігін машинасымен жұмыс жасау. Киімді жобалау, дайындау және көркем әшекейлеу (белдемше, шалбар) Мата түрлерімен танысу. Киімді күту Машинатану элементтері

4. Сәндік қолданбалы өнерінің элементтерімен көркем материалдарды өңдеу технологиясы

5. Отбасы экономикасы. Кәсіпкерлік

6. Тұрғын үйдің ішкі көрінісі

7. Киім және аяқкиім күтімі. Жеке бас гигиенасы

8. Жоба


9. Кәсіби қызмет ету саласының технологиясы

Оқу жүктемесінің көлемі:

5-сынып (барлығы 34 сағат, аптасына 1 сағат);

6-сынып (барлығы 34 саға, аптасына 1 сағат);

7-сынып (барлығы 34 сағат, аптасына 1 сағат);

8-сынып (барлығы 34 сағат, аптасына 1 сағат);

9-сынып (барлығы 34 сағат, аптасына 1 сағат).

Сызу

«Сызу» пәнінің тілі сызба болғандықтан ол мектеп курсының бірегей пәні болып табылады. Білімнің басқа салаларында сызба көмекші құрал ретінде пайдаланылатын болса, «Сызу» сабағында сызба өзі зерттеу объектіне айналады да қоршаған ортаны танудын негізгі құралы болады. Ұсынылып отырған курста сызба геометрияның және инженерлік графиканың элементтері баяндалады, яғни оқушыларға техникалық сызбаның ерекшеліктерін түсінетін және кеңістіктік ойлау кабілетін дамытатын оқу материалының минимумы беріледі.



Оқыту мақсаттары:

  • логикалық және кеңістіктік ойын дамыту;

  • геометриялық білімді негізге алып тәжірибелік жұмыс дағдыларын дамыту;

  • еңбектену іс-әрекеті дағдыларын дамыту: ұзақ күш салуға және интеллектуалдық жүктемеге қабілеттілікті, дербестікті және шыдамдылықты, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуді;

  • функционалдық графикалық сауаттылығын дамыту;

  • шығармашылық потенциалын және эстетикалық талғамдарын дамыту.

Оқыту міндеттері:

- бір, екі және үш проекция жазықтығына тік бұрыштап проекциялау негіздері туралы білімді, сызбаны (эскизді) және аксонометриялық проекциялар мен техникалық суреттерді құру әдістері туралы білімдерін қалыптастыру;

- әртүрлі арнауы бар тетікбөлшектердің және модельдердің қарапайым сызбалары мен эскиздерін, аксонометриялық проекциялары мен техникалық суреттерін орындауды және оқуды үйрету;

- нәрсенің пішінін және оның құрылымдық ерекшеліктерін талдау арқылы, онымен қоса кеңістіктік бейнені проекциялық кескіндерінен және ауызша суреттеу арқылы ойша қайтадан жасау әдістерін пайдаланып,статикалық және динамикалық кеңістіктік ойлау қабілетін дамыту;

- оқулық және анықтамалық материалмен өздігінше жұмыс істеуді, ИНТЕРНЕТ-ресурстардан білім алуды үйрету;

- кескіні бойынша нәрсені ойша өзгерту жалпыинтеллектуалдық қабілетін қалыптастыру арқылы білім алушылардың кеңістіктік ойын дамыту;

- графикалық білімдерін жаңа ситуацияларда қолдана білу, графикалық компьютерлік бағдарламаларда қарапайым сызба құруды үйрету.

«Сызу» пәні негізгі орта білім беру деңгейіндегі 9-сыныпта оқытылады. Оқу бағдарламасы «Сызбаларды орындау негізгі ережелері және геометриялық салулар», «Проекциялау әдістері», «Геометриялық денелер мен модельдердің проекциялары», «Кескіндер - көріністер, қималар және тіліктер», «Біріктірулер», «Құрастыру сызбасы», «Құрылыс және топография сызбаларының элементтері», «Графикалық редакторындағы жұмыс негіздері» бөлімдерінен құралған.

Бағдарламаға негізгі ептіліктер мен дағдыларды анықтау үшін бағдар болатын міндетті графикалық жұмыстар тізімі енгізілген.

Заттың пішінін талдау дағдыларын қалыптастыруға, яғни проекция жазықтықтарына кескіндеуге, пайда болған кескіндерді талдауға, геометриялық денелерді, тетікбөлшектерді тануды қамтамасыз ететін жеке белгілерін анықтауға алғашқы сабақтан бастап ерекше назар аудару қерек.

Графикалық жұмыстын өнімсіз элементтерін болғызбауға тырысу керек (мысалы, есептердің шартын, дайын сызбаларды және жеке суреттерді көшіріп сызу). Тапсырмаларды орындау үшін пішімі А4 (торкөз) жұмыс дәптерін пайдаланған дұрыс.

Құрылымдарды орындауда оқушылардың белгілі бір іс-әрекет алгоритмін қалыптастыруын көздеу қажет. Бұл сызбаны тексеру үшін де өзекті.

Оқу уақытының көбі практикалық жұмыс орындауға бөлінуі қажет. Міндетті графикалық жұмыстардан басқа сызу пәні сабақтарында түрлі графикалық есептерді қолданған дұрыс.

Оқушылардың танымдық қызметін белсенді ету оқыту түрлерін, құралдарын, әдіс-тәсілдерін түрлендіру жолымен және сабақтың әдістемелік қамтылуымен жүзеге асады.

Сызуға оқыту барысында оқушылардың интеллектуалдық даму деңгейін біртіндеп көтере отырып, әр оқушының өзіне тән ерекшеліктерін (дарындылығын, ойлау қабілетін, жеке мүдделерін) есепке алу керек.

Түрлі оқу құралдарын (карточка-тапсырмаларды, анықтамалықтарды, плакаттарды, кестелерді, модельдерді, тетікбөлшектер жиынтығын және
IT-құралдарды) кеңінен пайдалану қажет.

Қазіргі қоғамның ақпараттандырылу жағдайында «Сызу» пәнін оқытудың маңызды бағыты болып компьютерлік графикалық сауаттылықты қалыптастыру табылады (мектептің мүмкіндігіне қарай жергілікті жағдайға кез-келген қол жетімді компьютерлік бағдарлама оқытыла алады).

Оқу жүктемесінің көлемі:

9-сынып (барлығы 68 сағат, аптасына 2 сағат):


2.7 «Дене шынықтыру» білім саласы
Дене шынықтыру

«Дене шынықтыру» оқу пәні – бұл дене шынықтыру қызметі, оқушылардың дене және психикалық саулығын сақтау туралы білімдер жүйесі.

Пәнді оқыту тұлғаны қалыптастыру, адамның танымдық белсенділігінің дамуына бағытталған.

Оқу бағдарламасының мазмұны оқушы, қоғам мен жанұя сұраныстарын ескере, қазіргі педагогикалық ғылым жетістіктерін айқындайды.

Оқыту мақсаты:

- өз денсаулықтарына ықтиярлықпен қараудың қажеттілігін және қимыл-қозғалыс негіздерін игеру арқылы оқушылардың дене мәдениетін қалыптастыру;

- физикалық және психикалық қасиеттерінің толық дамуын;

- салауатты өмір салтын ұйымдастыруда дене тәрбиесі құралдарын шығармашылық жолмен қолдану.

Оқыту міндеттері:

- денсаулықты нығайту, ағзаның қызметтік мүмкіндіктерін арттыру және негізгі физикалық (дене) қасиеттерін дамыту;

- дамыту және сауықтыру бағытындағы дене жаттығулары, базалық спорт түрлерінің іс-қимыл әдістері мен техникасы арқылы қимылдық тәжірибені байыту, қимыл-қозғалыс мәдениетін қалыптастыру;

- дене шынықтыру және спорт туралы, олардың тарихы, қазіргі дамуы және салауатты өмір салтын қалыптастырудағы рөлі туралы білімдерді игеру;

- өз денсаулықтарына ықтиярлықпен қарау, денсаулықты сақтау мен нығайту қажеттілігін қалыптастырып тәрбиелеу;

- тұлғаны оң қасиеттерге тәрбиелеу, оқу және жарыс әрекеттерінде ұжымдық әрекеттестік пен ынтымақтастықтың межелерін сақтау.

Оқу бағдарламасы екі бөлімнен тұрады: «Дене шынықтыру туралы білім» (ақпараттық компонент), «Денені жетілдіру» (әрекеттік компонент).

«Дене шынықтыру туралы білім» бөлімінің мазмұны адамның таным белсенділігінің дамуы туралы негізгі түсініктері және қауіпсіздік техникасын қадағалау мен талап етудің ережелері берілсе, «Денені жетілдіру» бөлімінде оқушылардың дене дайындығын арттыруға бағытталған және жалпы дене шынықтыру дайындығын жетілдіру құралдары туралы мәліметтер берілген.

Дене шынықтыру дайындығын жетілдіру құралдары ретінде бағдарламаға айқындалған маңызы бар базалық спорт түрлерінен (жүзу, шаңғымен жарысу, спорттық ойындар, жеңіл атлетика, акробатика элементтерімен гимнастика) дене шынықтыру жаттығулары мен қозғалыс әрекеттері және Қазақстандағы дене шынықтыру туралы тарихи ерекшеліктерді ашатын «Ұлттық ойындар» тақырыбы берілген.

Бағдарламаның ұйымдастыру-әдістемелік талаптары:



  • мұғалім өз тәжірибесіне сүйеніп, балалармен нақты жағдайдағы жұмыс дағдысына байланысты ұсынылған бағдарламаның қай бөлімін болмасын өзінің материалдарымен толықтыруға (немесе түзетулер енгізуге) құқылы;

  • «Гимнастика» тарауын («Жалпы дамытатын жаттығулар» және «Ырғақты гимнастика» бөлімдерін) меңгертуде қайсыбір қатаң тәртіпті сақтау міндетті емес;

  • мұғалім қай сыныпта болмасын балалардың даярлығы мен сабақтың нақты жағдайына қарай өз жұмысын ұйымдастырады;

  • оқушылардың тактикалық ойлауын дамытуға, дене қасиеттерін тәрбиелеуге әсерін ескере отырып, ең оңтайлы қозғалыс ойындарының мазмұны болуы қажет;

  • оқушылардың қозғалыс ойындарын игеруін тексеру мақсатында бақылау-сынақ алу сабақтары өткізілуі тиіс;

  • дене шынықтыру сабақтарының тиімділігі екі параметр бойынша бағаланады: а) бақылау оқу нормативтерінің нәтижелері; ә) мұғалімнің таңдауы бойынша бақылау оқу нормативтерінің нәтижелері.

«Шаңғы дайындығы» және «Жүзу» тараулары бойынша сабақтарды толық мәнінде жүргізуге мүмкіндігі жоқ республиканың аймақтарында оларды алмастыру ұсынылады. Мектеп ұжымының педагогикалық кеңесінің шешімі бойынша бұл сабақтар тиісінше дала жарысымен (кросс дайындығымен) және гимнастикамен (ырғақты, атлетикалық, кәсіби-қолданбалы) алмастырылуы мүмкін.

Оқушылардың денсаулығын нығайту мақсатында оқу жылында «Денсаулық күнін» 3-4 рет өткізу ұсынылады.

Типтік оқу жоспарына сәйкес пән бойынша оқу жүктемесінің көлемі:

5-сыныпта – аптасына 3 сағаттан, оқу жылында 102 сағатты;

6-сыныпта – аптасына 3 сағаттан, оқу жылында 102 сағатты;

7-сыныпта – аптасына 3 сағаттан, оқу жылында 102 сағатты;

8-сыныпта – аптасына 3 сағаттан, оқу жылында 102 сағатты;

9-сыныпта – аптасына 3 сағаттан, оқу жылында 102 сағатты құрайды.



3 Жалпы орта білім деңгейіндегі пәндерді оқыту ерекшеліктері
3.1 «Тіл және әдебиет» білім саласы
Қазақ тілі

Еліміздің білім беру жүйесі тілді оқытуды дүниежүзілік стандарттық үлгілерге жақындастыруды және оларды жүзеге асырудың тиімді жолдарын іздестіруді міндеттейді. Осыған сәйкес 10-11-сыныптардағы қазақ тілі пәні тілдің танымдық, коммуникативтік, кумулятивтік, экспрессивтік, т.б. қызметтерін қатар әрі өзара бірлікте меңгертуді көздейді. Білім мазмұнындағы оқу материалдары жүйелілік, коммуникативтік, белсенділік, практикалық бағыттылық, тіл қызметтерін біртұтастықта меңгерту, теория мен практиканы өзара байланысты меңгерту, қоғамдық қажеттікті ескеру, интеграция т.б. ұстанымдарды басшылыққа ала іріктелген.

Жалпы орта білім беретін мектептерде қазақ тілін оқытудың мақсаттары мен міндеттері қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттардың ерекшеліктеріне сәйкес айқындалған.

Қоғамдық-гуманитарлық бағытта пәнді оқытудың басты мақсаты:ұлттық және әлемдік құндылықтарды салыстыра түйін жасай алатын, Қазақстан Республикасы халықтары мен әлемдік қоғамдастықтың мәдениетін игерген, қоғамда қолдануын талап етілетін тілдердің коммуникативтік құзыреттіліктерін игерген Тұлғаның даралануы мен әлеуметтенуіне мүмкіндік жасайтын тілдің лексика-фразеологиялық, грамматика-стилистикалық, мәдени-этикалық және шешендік нормаларын меңгерту, жоғары деңгейде күрделендірілген түрлі жанрдағы мәтінді салыстыру, талдау, ойқорыту әрекеттерін жетілдіру, мәтін түрлеріне сай тілдік бірліктерді қолдана алу біліктілігін арттыру.

Пәнді оқытудың міндеттері:


    • қазақ тілінің байырғы тіл екендігін тіл дамуындағы кезеңдерді оқыту арқылы меңгерту;

    • қазақ тілінің байлығын мәдени мұралар тілін талдату арқылы игерту;

    • сөз байлығы ұғымына енетін лексика-фразеологиялық, морфологиялық, синтаксистік жүйелерді меңгерту;

  • жазудың тарихын оқыту арқылы қазақ халқының ежелгі мәдениетін таныту;

  • қоғам дамуындағы тілдің қызметін негіздеу;

  • тілдің табиғи қасиеттері мен функционалды қасиеттерін ажырата білгізу;

  • тілдік құзіреттілікті қалыптастыратын тәсілдерді меңгерту;

  • сөз сапасына әсер ететін тілдік шарттарды меңгерту;

  • заттар мен құбылыстарды бейнелеп айту тәсілдерін игерту;

  • стиль түрлеріне сай тілдік бірліктерді таңдап қолдануға төселдіру;

  • сөйлесім әрекетіне қажетті заңдылықтар мен талаптарды меңгерту;

  • сөйлеу өнерінің талаптарына сай тілді жұмсау біліктілігін дамыту;

  • ұлттық этикет нормаларына сай тіл мәдениетін жетілдіру.

  • сөз мәдениеті мен шешендіктің бірлігін, сабақтастығын таныту;

  • шешендік өнердің тұлға қалыптастырудағы және тұлғаны әлеуметтендірудегі рөлін пайымдату;

  • шешендік өнердің адамның мінез-құлқын тәрбиелеудегі күшін таныту;

  • пікірталас мәдениетіне төселдіру;

  • мәтін құраудың және диалогқа түсудің амал-тәсілдерін меңгерту.

Жаратылыстану-математикалық бағытта пәнді оқытудың мақсаты:

адамзат қоғамының өркендеуі үшін ғылыми жетістіктерді пайдалана алатын, ғылым негіздерін жүйелі меңгерген; ғылыми ақпараттарды талдай, өңдей, жинақтай және қолдана білетін; зерттеу және шығармашылық әдістерді игерген, жоғары деңгейдегі қарым-қатынастық қабілеттілігі дамыған Тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік жасайтын тілдің ақпараттық-танымдық, қатысымдық, кумулятивтік қызметтерін мәтін арқылы меңгерту, ғылым негіздері мен жаңа технологияларды мақсатқа сай қолдану әдістерін игерту, тілдік бірліктерді сөйлеу әрекетінде нормаларға сай қолдануға төселдіру.

Пәнді оқытудың міндеттері:



  • тілдің функционалдық қасиеттерін меңгерту;

  • тілдің танымдық қызметін әртүрлі жанрдағы мәтінде таныту;

  • тілдің қатысымдық қызметін тілдік жағдаяттарда қолдануды меңгерту;

  • тілдің мұра сақтап жеткізуші кумулятивтік қызметін мәтін арқылы негіздеу;

  • танымдық мәтіндер арқылы ғылым негіздерін меңгерту;

  • ақпараттарды талдай, өңдей, жинақтай білуге төселдіру;

  • зерттеу және шығармашылық әдістерді тиімді қолдану біліктілігін қалыптастыру;

  • сөйлеудің ауызша және жазбаша түрлерінде тілдік бірліктерді мақсатқа сай қолдана білуге жеткізу;

  • сөз мәдениеті мен шешендік өнердің талаптарын меңгерту;

  • көпшілік алдында сөйленетін сөздің құрылымын үйрету;

  • шешендіктің дамуына қойылатын алғы шарттарды өмірден алынған фактілер бойынша негіздеу;

  • қазіргі шешендіктің түрлерін меңгерту;

  • тілдің мәдени-этикалық нормаларын меңгерту;

  • ұлттық құндылықтар мен әлемдік адамзаттық құндылықтарды салыстыра пайымдату;

    • әлеуметтік ортаның ерекшеліктерін шешендікпен дұрыс бағалауға төселдіру;

    • қоғамға жат құбылыстарға, идеологиялық, діни ағымдарға және заңды бұзушылық әрекетке қарсы көзқарасын шешендікпен негіздеудің және жұртты сендірудің тәсілдерін меңгерту.

Тіл – адамдардың қарым-қатынас жасап, пікір алысуын, олардың өзара түсінісуін қамтамасыз етуімен қатар, ғасырлар бойы жинақталған асыл қазынаның ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп жеткізіліп отыруына септігін тигізетін құрал.

Білім мазмұнында ұсынылған сөз мәдениетін меңгертудегі басты міндеттердің бірі оқушының бойында ұлттық ділді қалыптастыру болып саналады. Өйткені сөз сөйлеуді өнер тұтқан халқымыздың барлық ой-түйіндері оның шынайы халықтық болмысымен тікелей байланысты. Сөз мәдениеті оқушының өзіндік көзқарасының қалыптасуына, сол көзқарасы мен жеке ой-тұжырымдарын барлық уақытта мәдениетті жеткізе алуына, өмір жағдаяттарында өзіндік пайымдауларын шеберлікпен айта алуына негізделеді. Сөз мәдениетіне қойылатын талаптар оқушының терең мазмұнды, жүйелі, дәйекті, мәнді сөйлей алу қабілетін ашу міндеттерімен, ал көпшілік алдында сөйлеуге қойылатын талаптар оқушының терең мазмұнды, жүйелі, дәйекті сөйлей алу қабілетін ашу міндеттерімен ұштасады.

Қоғамдық-гуманитарлық бағытта сөз мәдениеті және шешендік тілдің жоғарыда айтылған қызметтерін тереңдеп оқытуға бағытталған. Мұнда адамдардың өзара түсінісуі белгілі бір жағдаяттарда, нақтылы тіл бірліктерінің қызмет етуі нәтижесінде толыққанды ақпараттар жүйесі арқылы жүзеге асатынын, адамның тіл байлығы және жан дүниесі, мінез-құлқы сөйлеу барысында, тілдік қарым-қатынас үстінде көрінетіндігі зерделенеді. Сан ғасырлық даму жолынан өтсе де, жалпытүркілік табиғатын сақтап келе жатқан қазақ тілінің сөз байлығы, бейнелі де көркем сөз саптаулары, ұлттық нақышы мен бояу-бедерлері шешендік сөздің табиғатында сақталғандығын ұлттық шешендік өнердің тарихына қатысты материалдарды зерттеп-зерделеу арқылы түйіндейді. Түркі халықтарының ұлттық-мәдени болмысын, тарихи-әлеуметтік сипатын мәдени мұралардың мазмұны мен тілдік ерекшеліктерін талдау үстінде меңгереді. Бұл бағыттағы мектептерде оқушылар тілдің құрылымдық жүйесін, сөз мағынасын, жұмсалу ерекшеліктерін, мәтін ішіндегі сан түрлі қызметін, сөз тіркесу заңдылықтары мен сөйлем түрлерін тереңдеп оқып, ғылыми ізденістерге барады, тілдің табиғатын ғылыми тілде түсіндіреді.

Жаратылыстану-математикалық бағытта оқушылар сөз мәдениеті мен шешендік өнердің талаптарын білуге ұмтылады. Сөз мәдениетінің нормалары өзіндік мені қалыптасып келе жатқан жастың тілдің қатысымдық қызметін орнымен пайдалануға, кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі.

Оқушының жинақтаған сөздік қорынан қажеттісін айырып алу және таңдаған кәсібіне қатысты терминдердің мағынасын ажырату сөз мәдениеті саласына енетін ұғым-түсініктерді жетік білгенде ғана мүмкін болады.

Халқымыздың өмірінде сөз, сөйлеу өнері ең басты шешуші рөл атқарған. Халықтың тарихы да, қоғам және өмір туралы айтқан ұлылардың даналық сөзі де осы шешендік сөз арқылы жетіп отырған. Шешендік өнер – қоғамның мінез-құлқын өзгертетін ұлы күш. Шешен сөйлеу, әсіресе, қазіргі зайырлы қоғамда керек. Шешен сөйлеу – қажетті жағдайда өз мүддеңді қорғау үшін де немесе өз ұсынысыңды көпшілікке дәлелдеп, олардың қолдауына ие болу үшін де қажет өнер. Шешенге тек білім ғана емес, айқын ой, дұрыс мағына керек. Олай болса, шешен сөйлеу әрекеті кез келген мамандық иесіне қажет. Айтулы шешендер қолданған тәсілдер алдымен мәселені анықтап алып, сосын дәлелдерді зерттеп дайындау, оны дәлелдеу және қорытынды шығару қазіргі білім беру ісінде көзделіп отырған талаптардың бірі. Шешендік өнерді басқа сөйлеу түрлерінен айыратын белгілер - қызықты мәліметтер келтіру, сөздің көркемдігін арттыру, тыңдаушылардың құштарлығын ояту, тауып айту сияқты қасиеттерді меңгерту қазақ тілі пәнінде орындалатын мәселелер. Пәнді оқу барысында оқушы сөз құрастыруға жаттығу, шешендік тәжірибеден үйрену, шешен әдебін тәрбиелеу, тыңдаушылардың мінез-құлқы мен мүддесін түсіну, сөз мағынасы мен сөзді құрау формаларын, ойды жеткізудің тәсілдерін игере алады. Бұл орайда білім берудің нәтижесі ретінде оқушының сөз мәдениеті деңгейін көтере отырып, жеке тұлғалық мәдениетін қалыптастыру көзделеді.

Оқу үдерісінде жүзеге асырылатын пәнаралық байланыс оқушының дүниетанымын молайтып, қазақ тілін басқа ғылым негіздерімен ұштастыра меңгеруіне мүмкіндік жасайды.

Оқушылардың тілдік біліктілігін одан әрі жетілдіре түсу және сөйлеу мәдениетінің ерекшеліктеріне сай сөйлесім дағдыларын жетілдіру, пікірталас әдебін меңгерту мақсатында арнайы курстар ұйымдастырылады. Мысалы, 10-сыныпта: «Сөз байлығы»; «Тілдік норма және стиль», «Этнолингвистикалық атаулар сыры», «Сөз мәдениетінің негіздері»; 11-сыныпта: «Ұлттық шешендіктанудың алғашқы бастаулары», «Шешендік сөз – шеберлік өрнегі», «Журналистика және баспасөз негіздері», «Пікірталас мәдениеті» сияқты үлгі-тақырыптарды алуға болады.

Қазақ тілі пәні бойынша әрбір тоқсанда алынатын бақылау жұмысының (тест, эссе, диктант, т.б.) саны сол сыныптағы апталық сағат санымен сәйкес келуі керек.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында ұсынылған типтік оқу жоспарына сәйкес оқу жүктемесінің көлемі: қоғамдық-гуманитарлық бағыттың 10-11-сыныптарында аптасына
2 сағаттан оқытылып, оқу жылында әр сыныпта 68 сағатты құрайды. Ал жаратылыстану-математикалық бағыттың 10-11-сыныптарында аптасына
1 сағаттан оқытылып, оқу жылында әр сыныпта 34 сағатты құрайды.
Қазақ әдебиеті

Әр пән өмiр мен болмыс сырын өзiне тән ерекшелiгімен танытуымен құнды. Орта мектепте оқытылатын пәндер жүйесiнде әдебиеттiң алатын орны ерекше. Себебi, әдебиет өмiрге деген көзқарасты, эстетикалық талғамды қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Оқушылардың тiл және көркем сөз туралы дүниетанымын кеңейту, дүниенің ақиқат болмысын таныту және олардың функционалдық сауаттылығы мен прагматикалық қабiлеттерiн жетiлдiру «Қазақ әдебиетi» пәнiн оқытудағы басты ұстанымдардың бірі болып табылады.

Әдебиет – сөз өнерi, халықтың сана-сезiмiн, көркемдiк ойлау қабiлетiн байытатын рухани дүние, халықтың айшықты сөзбен кестелеп, асыл ойлармен зерлеген баға жетпес бай қазынасы, тарихы. Әдебиетте адамның iлгерiге ұмтылған, жақсы өмiрдi аңсаған асыл арманы, ұшқыр қиялы, осы жолдағы күрес-тартысы, әрқилы оқиғалар, халқымыздың ерлiгi мен елдiгi, өмiрi суреттеледi.

Әдебиетті мектепте оқытудың мәні өскелең ұрпаққа дүние сырын ұқтыру ғана емес, ол адам баласын биік адамгершілікке, отаншылдық қасиетке, сұлулыққа, құштарлыққа баулып, өнер туындысынан эстетикалық ләззат ала білуге үйрету. Қазақ әдебиетінің бай мұраларымен жүйелі танысу, қазақ қаламгерлерінің шығармаларын оқу елдің тарихын, халықтың ұлттық дүниетанымын танып-білуге жол ашады.

10-11-сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламасы әдебиеттану ғылымы ұстанымдары негізінде түзіліп, педагогикалық, әдіснамалық тұрғыдан жетілдіріле отырып, оқытудың жаңа талаптарына сай мазмұндық, құрылымдық және әдістемелік жағынан жаңартылып отыр.

Бұл бағдарламада ақын-жазушылар шығармашылығы хронологиялық сипатта ұсынылды. Бағдарламаның бұрынғы бағдарламалардан ерекшелігі білім мазмұнында әр сынып сайын қайталанып берілген қаламгерлердің шығармашылықтары орнына басқа ақын-жазушылардың шығармашылықтары енгізілді. Сонымен қатар өзіндік ізденіс және пәнаралық байланыс арқылы пәнді оқытуда мүмкіндігіне қарай электронды оқытуға сай тақырыптық жүйеде телесабақтар ұсынылды.

Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы мектептер бағдарламада көрсетілген әдеби білім мазмұнын толық оқиды, ал жаратылыстану-математика бағытындағы мектептер бағдарламаның мазмұндық құрылымын толық сақтайды, бірақ оның тақырыптарының ішкі мәнін терең ашуды мақсат етпейді.

10-11-сыныптарда ХІХ-ХХ ғасырдағы көрнекті ақын-жазушылардың шығармашылығын, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінің кейбір үлгілерін оқыту көзделеді. Тәуелсіздік кезеңіндегі шығармалар осы кезеңнің тарихи-әлеуметтік мазмұнының көрінісі ғана емес, халықтың әдеби қазынасы қызметін де қатар атқаратын туындылар ретінде қарастырылады.

Пәнді оқыту мақсаты: қазақ халқының сан ғасырлық тарихын, дәстүрін, өнерін, әдебиеті мен мәдениетін ұлттық құндылық ретінде бағалап, құрметтей білетін, көркем шығармада бейнеленетін қоғамдық-әлеуметтік құбылысты көркемдік тұрғыда қабылдауға қажетті білім, білік, дағдыларын меңгерген, әдебиетті өмірмен байланыстыра қабылдай алатын, қазіргі білім беру жүйесіндегі талаптарға сәйкес өзіндік белсенділік көрсете алатын, азаматтық көзқарасы айқын, адамгершілік, елжандылық қасиеттерді бойына жинақтаған интеллектуалдық әлеуеті жоғары дара тұлға тәрбиелеу.

Пәнді оқыту міндеттері:



  • әдебиеттің ұлттық ерекшелігін, көркем шығармалардағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің бейнеленуін, көркем туындының идеялық мазмұнын ұғындыру;

  • оқушыларға әдебиеттің өнердің бір түрі екендігін танытып, әдеби білім мазмұнын жүйелі меңгеруді ұйымдастыру;

  • көркем шығарма арқылы оқушылардың санасына көркем сөз құдiретiн, эстетикалық, танымдық тәрбиенi сiңiру;

  • оқушылардың көркем шығарма оқу әрекеттерін, образбен ойлау қабілеттерін өзіндік ізденіс шығармаларымен жетілдіріп, олардың сөз өнерін рухани құндылық ретінде қабылдауына мүмкіндік туғызу;

  • ойын еркін, шешен жеткізе алу, әдеби-теориялық білімін жазба жұмыстарда сауатты қолдана алу біліктілігін қалыптастыру.

Жалпы алғанда, «Қазақ әдебиеті» пәнінің жалпы орта білім беруге арналған оқу бағдарламасы пәннің мақсаты, мазмұны, оқытудың жалпы ұстанымдары туралы, сонымен қатар, осы пәннің оқушыларды тәрбиелеу мен дамытудағы рөлі туралы ақпараттық-әдістемелік қызмет көрсетеді.

Пән бойынша сағат саны:



қоғамдық-гуманитарлық бағыт:

10-сыныптааптасына 2 сағаттан, барлығы – 68 сағат;

11-сыныпта аптасына 3 сағаттан, барлығы – 102 сағат.

жаратылыстану-математикалық бағыт:

10-сыныптааптасына 2 сағаттан, барлығы – 68 сағат;

11-сыныпта аптасына 2 сағаттан, барлығы – 68 сағат.

Пәнді оқытуды тереңдету, оқушылардың қызығушылықтарын ескеру мақсатында факультатив сабақтарын ұйымдастыруға болады. Пәнді оқытудың вариативті бөлігі қосымша оқу бағдарламасы арқылы жүзеге асады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет