Субъективті анамнез. Мәліметтер науқастан сұхбат кезінде жиналады. Аурудың анамнезінде алғашқы белгілерінің қандай және қашан пайда болғаны, онда қандай оқиғалар болғаны, бұл көріністер қалай өзгергені, белгілерінің қашан жойылғаны және т.б. анықталады. Өмір анамнезінде: қандай отбасында өсті, ата-аналары кім, қалай оқыды, балалық және жасөспірім жасында қандай заңсыз әрекеттер жасағаны (үйден қашу және т.б.) сұралады. Ішімдікке салыну, есірткі және басқада психобелсенді заттарды қолданғаны, қанша жасында қолдана бастағаны, қаншалықты қарқынды болғанын анықтау өте маңызды. Науқас өзінің әлеуметтік мәртебесінде – отбасы және жұмыс жағдайын бағалауы: қанғаттандырылуы, ауыртпалықтың болуы және не жетіспейтіндігі маңызды. Науқастардан өткен өмірі жайлы, өткен өміріндегі ең ауыр деп санайтын оқиғалар, оларды қалай бастан кешіргені, суицидтік ойлар мен әрекеттер болғандығын сұрастыру қызығушылық тудырады. Соматикалық анамнезінде, басынан өткізген ауыр аурулардан басқа, бас-ми жарақаты, тіпті сананың жоғалуы, нейроинтоксикация, милық инфекциялар және аллергиялық реакцияларға бейімділік жайлы ақпараттарды ескеру қажет.
Объективті анамнез - туысқандары мен достарынан және науқасты жақсы білетін басқа адамдардан алынған ақпарат. Бұл ақпараттарды басқалардан оқшау, әрбірінен жеке алған дұрыс. «Объективті» деген атау шартты болып табылады, себебі оның әрбір баяндаушысы науқасқа субъективті көзқарас танытады. Дәрігер фактілерді анықтап және біреудің көзқарасын түсінуге тырыса отырып, әңгімені басқарып отырады. Ауру анамнезінде жиналады: ауру белгілері қандай және қашан пайда болды, себебі не болуы мүмкін, сонымен қатар өмір анамнезін жинайды: тұқымқуалаушылық ақпараттары (психикалық аурулар, кемақылдылық, алкоголизм және нашақорлық, туысқандарының арасында суицидтік жағдайлар, сондай-ақ олардың арасында ерекше характерлі адамдардың болуы). Ата-аналарынан баланың даму ерекшеліктерін білуге болады. Әрі қарай оларға науқасқа қойылған сұрақтар қайта қойылады. Науқастың неге үнсіз қалғанын және басқа қандай ұсыныстар науқасқа көмектесетінін анықтау да маңызды.
Науқасты қарау Психиатрдың қарауы әдеттегі соматикалық қараудан өзгеше. Зақымдалған іздерді анықтау (көгерулер, тері сыдырылулары, бұрынғы күйген және кесілген шрамдар, көптеген инъекциялар, мойнынан тұншықтырылған терең іздер) және келесі зерттеулерге не маңызды екенін анықтап, оларды ауру тарихына сипаттайды. Егер психиатриялық ауруханаға құжаттары жоқ белгісіз адам түссе, онда оның негізгі сыртқы бейнесі сипатталу керек: бойы, дене бітімі, көзінің және шашының түсі, шамамен жасы, қалы, денесіндегі татуы және шрамы, сонымен қатар физикалық мүгедектігі болса.
Неврологиялық қарау жүйке аурулары оқулықтарында жазылған ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
Соматикалық қарауда шағым жасауға қабілетсіз науқастарға мұқият болу керек. Кебір сандырақтың түрлерінде науқастар соматикалық бұзылыстарын әдейі жасырады.
Егер науқаста шұғыл қозу және қарауға қарсылық білдірген жағдайда, бұл ауру тарихына жазылады.