Астана, Алматы, Семей т.б. қалалардағы бірқатар көшелер ұлы балуанның есімімен аталады. Даңқты балуан жайлы
«Қажымұқан» көркем фильмі түсірілді. Қазақстандық спортшылардың бірқатары осы фильмді көріп өсті.
Қазақстан Республикасында атақты балуанның құрметіне классикалық күрестен жарыстар өткізіліп тұрады. Астанадағы дарынды балаларға арналған спорт мектебіне Қажымұқанның есімі берілген. Ол туралы көптеген мақалалар мен кітаптар жарық көрді. Даңқты балуаннан: «Жалқаулық - әлемдегі ең қауіпті жау» деген сөз қалды.
Француз күресі - еркін күрес түрі.
ОАК - Орталық Атқару Комитеті.
Поддубный Иван Максимович (1871-1949) - әйгілі орыс және кеңес балуаны. Украин ұлтының өкілі. Классикалық күрестен әлем чемпионы, Қажымұқанның досы.
«Бүгін спорттық-атлеттік қойылым өтеді. Даңқты балуан Қажымұқанның құрметіне ғажайып көрініс ұйымдастырылады. Оған барлық атақты әртістер қатысады. Қажымұқан кеудесіне бөрене төсеп, оған 40 адамды отырғызып, жалпы салмағы 200 пұт жүк көтереді. Балуанның үстінен адамдар тиелген 6 арба жүріп өтеді. Орынбор, 1916 жыл».
Қазақ балуандары. - Алматы, 1996, 19-бет.
|
& 30-31. Қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері
Көптеген ғасырлардың барысында қазақтардың өзіндік бірегей әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері қалыптасты. XVIII ғасыр мен XX ғасырдың бас кезінде оның бірқатарын Ресей әкімшілігінің өкілдері, орыс және шетел ғалымдары, саяхатшылар жазып қалдырды. Қазақтардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері үй ішіндегі отбасылық пен құндылықты сақтауда және түрлі қоғамдық қарым-қатынастарды қалыптастыруда үлкен рөл атқарды.
1. Қазақтардың қонақжайлылық қасиеті және өзара көмек жөніндегі әдет-ғұрыптары. Қазақтарға дәстүрлі қонақжайлылық қасиет ежелден тән. Олардың бұл қасиеті көптеген ғасырлар барысында қалыптасқан. Бұл жөнінде XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет».
Үйге келген қонақ оларда әрқашан үй иесінің қамқорлығы мен қорғауында болады. XIX ғасырда Қазақстанда болып, оны зерттеген неміс зерттеушілерінің бірі Ф. фон Хелльвальд та былай деп жазды: «Қырғыз-қайсақтар (қазақтар. - авт.) барынша қонақжай, мейірімді болып келеді. Олардың киіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік адамның өзімді біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне әбден болады».
Қазақтарда үйіне келген кез келген адамға міндетті түрде тегін қонақасы беру, оған жайлы төсек-орын салып, қондырып жіберу әдет-ғұрпы ежелден орын алды. Егер үй иесі қонаққа ондай құрмет көрсетудің дәстүрлі әдет-ғұрпынан бас тартса, әлгі бейтаныс жолаушы үй иесінің үстінен биге барып, шағым айтуға құқықты болған. Ал би қонақжайлылық әдет-ғұрыпты бұзған үй иесіне ат-шапан айып салатын. Әдетте мұндай келеңсіз оқиға қазақ арасында өте сирек ұшырасқан.
Қазақтарда ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптың бірі - дәм ауыз тию. Үйге бас сұққан кез келген адамды дәмнен ауыз тигізбейінше жібермейтін - «Қуыс үйден құр шығармайтын».
Қазақтардың және бір жақсы әдет-ғұрпы - ерулік беру. Басқа жақтан жаңадан көшіп келгендерді оның туған-туыстары немесе көршілері арнайы дастарқанға шақырып, ерулік тамақ беретін болған. Бұл арқылы көшіп келген туыстарына немесе көршілеріне деген ыстық ықыласы мен ізгі ниетін білдірген. Ал көшіп келгендер жаңа қонысқа тез үйреніп, ондағы адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға ықыласты болатын. Далалық көшпелілердегі кеңінен таралған әдет-ғұрыптардың бірі - қалау. Үйге келген қонақтың сол үйдегі өзіне ұнаған заттың кез келгенін қаладым деп айтуына болады, ал үй иесі ол затты міндетті түрде беруі тиіс. Мұның өзі де адамдар арасындағы достық қарым-қатынастың негізін қалайтын. Анасы аман-есен босанып, дүниеге жас нәресте келген соң тап осы әдет-ғұрып бойынша кіндік шешенің де өз қалауын айтып, ұнаған нәрсесін алуына болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |