Оқу процесінің мəні жəне дидактика жөнінде түсінік
Біртұтас педагогикалық процесті құраушы екі басты бірліктің біреуі
оқу процесі. Бұл процесс өте күрделі, сипаты жағынан ол тек тəрбие жəне даму процестерінен кейін тұруы мүмкін. Сондықтан оған толық та жан-жақты анықтама беру қиынға соғады. Оқу процесі əр текті жəне табиғаты жағынан əртүрлі көптеген жағдаяттардың мың санды байланыстары мен қатынастарын қамтиды. Процесс анықтамаларының көптігі де осыдан болар.
Ежелгі жəне ортағасырлық ойшылдардың шығармаларында “оқу”, “оқу процесі” ең алдымен мақсаты - оқушы болған оқыту қызметін (преподавание) білдірген. Ғасырымыздың басында оқу ұғымы енді осы процесті құрайтын екі бірлікті – оқыту қызметі мен оқып- үйренуді қамтитын болды. Оқыту – оқу материалын игеруге ынталандырушы мұғалімдердің қызметін, ал оқып- үйрену (учение) ұсынылған білімдерді игеруге бағышталған оқушылар іс-əрекетін танытады. Кейінгі жылдары «оқу» ұғымы оқушылардың танымдық іс-əрекет тəсілдерін қалыптастырушы мұғалімнің басқару іс-əрекетін де , мұғалімдер мен оқушылардың бірлікті іс-əрекетін де аңдататын болды. Мұғалім мен оқушының бірлікті іс-əрекеті болған оқу процесінің мəні оқыту мен оқып үйренудің бірлігін аңдатады. Бүгінгі түсінім тұрғысынан оқу келесі белгілерімен сипатталады: 1) екі тараптылық; 2)
мұғалім мен оқушының бірлікті əрекеті; 3) басқарым мұғалім тарапынан; 4) жоспарлы ұйымдасу жəне басқару; 5) біртұтастық жəне бірлік; 6) оқушылардың жас даму заңдылықтарына сəйкестік; 7) оқушылардың дамуы мен тəрбиесіне жетекшілік.
Оқу жəне білімдену проблемалары педагогиканың дидактика деп аталатын бөлімінде зерттеледі. «Дидактика» термині грек тілінен енген, аудармасы «үйретуші» дегенді білдіреді. Алғашқы рет бұл сөз неміс педагогы Вольфганг Ратке (1571-1635) шығармаларында қолданылып, оқыту өнері мəнін аңдатқан. Ал Я.А.Коменский дидактиканы «баршаны барлық нəрсеге үйретудің əмбебап өнері» деп түсіндірген. XIX ғасырдың басында неміс педагогы И.Гербарт дидактиканы тəрбиелеп оқытудың өз алдына тұтас жəне қайшылықсыз теориясы ретінде таныған. Дидактиканың негізгі міндеттері В.Ратке заманынан бермен қарай бірде өзгерместен келе жатыр. Олар: нені үйрету жəне қалай үйрету проблемасын шешу; қазіргі заман педагогикасы бұларға қоса –қашан, қай жерде, кімді жəне не үшін оқыту қажет деген мəселелерді қарқынды зерттеуде. Дидактиканың негізгі категорияларын танытушы келесі ұғымдар белгіленген: оқыту, оқып-үйрену, оқу, білімдену, білім, ептілік, дағды, сонымен бірге оқу мақсаты, мазмұны, ұйымдастырылуы, түрлері, формалары, əдістері, құрал-жабдықтары, нəтижесі (өнімі). Дидактикалық жүйе жəне оқу технологиясы да осы категориялық ұғымдар тұрғысынан танылуы тиіс. Осыдан қысқа да ауқымды анықтама келіп шығады: дидактика- бұл оқу жəне білімдену, олардың мақсаттары, мазмұны, əдістері, құрал- жабдықтары, ұйымдастырылуы мен нəтижелері жөніндегі ғылым.
Дидактика өз пəні аймағында іске қосылатын заңдылықтарды зерттейді, оқу процесінің барысы мен нəтижесіне негіз болар тəуелділіктерді талдайды, жоспарланған мақсаттар мен міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуші əдістер, ұйымдастыру формалары мен құрал-жабдықтарын белгілейді. Осының арқасында ол екі басты функцияны атқарады: 1) теориялық (диагностика жəне болжастыру); 2) практикалық (қалыпты іс-əрекет, құралдар дайындау).
Дидактика барша пəндер бойынша жəне оқу іс-əрекетінің барлық деңгейіне орайластырылған оқу жүйесін біріктіреді. Зерттелуші болмысты қамту шеңберіне байланысты дидактика жалпы жəне жекеленген болып бөлінеді. Жалпы дидактиканың зерттейтін пəні: оқыту мен оқып үйренуді, оларды туындатқан жағдаяттары мен оларды орындау шарттары жəне соның арқасында жетілетін нəтижелерімен бірге анықтау. Жекеленген (нақты) дидактика оқыту əдістемесі деп аталады. Ол əртүрлі оқу пəндерінің желісін , мазмұнын, оқыту формалары мен əдістерін қарастырады. Əр оқу пəні өз əдістемесіне ие.
Достарыңызбен бөлісу: |