Екомицу Риити (1898-1947) - неосенсуализм бағытындағы теоретик әрі көрнекті жазушы. Ол 1923 ж. бастап «Бунгэй дзидай» журналының қызметіне белсенді араласады. Осы жылдың мамыр айында жарық көрген «Күн жарығы» («Нитирин») атты повесі әдебиетшілердің назарына ілінеді. Бұл шығармада оқиға ежелгі жапон патшалықтары Ямато, Нукоку мен Умиде орын алады. Повестің бас кейіпкері сұлулығы өзі күйеуге шыққан бірнеше еркектің өлімі мен елінің құлдырауына әкеліп соққан билікқұмар, кекшіл әйел Химико күн жарығы секілді бүкіл жер бетінде үстемдік орнатқысы келеді. Осы мақсатына жету үшін қанды соғыстар жүргізеді. Бұл шығарма тарихи повеске қарағанда автордың қиялынан туындаған «эмакимоноға» (эмакимоно – түрлі суреттерден тұратын көлденең бағытта жиналатын шиыршық) жақын келеді. Одан Екомицудың жазушы ақиқат шындықты елемей, өзінің ішкі ойына сүйенуі керек деген көзқарасын байқауға болады.
Осы уақытта жазылған оның барлық әңгімелері неосенсуализм мектебіне жақын. Оның «Бас пен қарын» («Атама нарабини хара»), «Наполеон және қына» («Напорэон то тамуси»), «Шыдамды қатар» («Сидзака-на рарэцу»), «Көктем арбада келе жатыр» («Хару ва бася-ни ноттэ») атты әңгімелерін мысалға келтірсе болады. 1928 жылы Екомицу романының бірінші бөлімі жарыққа шығып, 1932 ж. «Шанхай» атауымен романның толық нұсқасы жарияланады. Романда жазушының өзі куәгер болған Шанхайдағы шетелдіктерге қарсы қозғалыс суреттелген. Бұл шығарманы неосенсуализм бағытының ең үлкен жетістігі деп атасақ болады.
Жазушы өзінің «Машина» («Кикай», 1930) атты повесінде адамның жандүниесін ойша суреттеуге тырысады. Шығарма фабрика жұмыскерінің монологы түрінде жазылған. Жазушы бұл туындыда да рухани дағдарысқа ұшыраған қазіргі интеллигенция өкілдерінің психологиясын ашуға ұмтылады. Осы мәселе жазушының «Қабір» («Синъэн, 1930), «Жарқыл» («Ханабана», 1931), «Елтаңба» («Монсе», 1934), «Сағат» («Токэй», 1934) атты повестерінде де қарастырылады. «Елтаңба» шығармасында автор жалпы адамзаттық мәселелерді қозғап, шығармашылық ізденісін кеңейте түседі. 1935 ж. Екомицу өзінің «Таза романның теориясы» («Дзюнсуй сесэцу-рон») атты еңбегін жариялайды. Осы кезде жазушының шығармашылығы ел арасында танымал болып, тіпті «Роман құдайы» деген атаққа ие болады. 1935 ж. Екомицу «Отбасы кеңесі» атты повесін жарыққа шығарып, бір жылдан соң Еуропаға саяхатқа аттанады.
Достарыңызбен бөлісу: |