Комментарий Деректер мен комментарийлер. Деректер және оған комментарий беруге жататын талдамалы жанрлар XIX ғасырдың 60-жылдарындағы газет беттерінде жарық көрген. ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы шыққан басылымдарда бұл жанр кеңінен пайдаланылған. 1997-1998 жылдары кейбір газеттердің нөмірлерінен «Деректер мен комментарийлер» айдарымен берілген материалдар шығып тұрған. Одан комментарийдің тақырыбы және оның мәтіні беріледі. Комментарий беретін бөлімі авторлық ұстанымның авторлық «мен» деген енгізіледі. Материалда комментарий беретін автордың фотосуреті беріліп отырған. Мұнымен газет комментарийі мәтінді автордың қабылдауымен, эмоциясымен авторлық «мені» нақты көрсетеді.
Ғалым А.А. Тертычный: «Комментарийлар өзін қандай да бір мәселе бойынша дәлелдеушілік пайымдауының құрылымын ұсынады» [1,68-б],-дейді. Дерек, тезис, ой қорытындылары – аталған жанрдың маңызды бөлігі. Жақсы комментарийларда ең бастысы – қорытынды шығару. Сонымен, комментарий жанры маңызды деректер, оқиғаларды өз бойына жинайды. Комментарийлар қандай да бір оқиғалар бойынша автордың өзінің көзқарасын, басылым ұстанымын, шынайы қоғамдық-саяси өмірдің көрінісін толық береді.
Деректер мен комментарийлер – жедел жанр және мұнда автордың кәсіби шеберлігі, оның ұстанымы мен нақты мәселені дөп басуы маңызды. Автордың ұстанымы деректердің маңыздылығын жуып-шаюға, дәлелдеуге тырысу, дерек қандай да бір пайда болулардың заңдылығы сол мәселені кеңінен талқылауға мүмкіндік береді.
Телевизиялық комментарий. «Комментарий» сөзі латын тілінен аударғанда «талқылау» деген мағына береді. Бұл қоғамдық, саяси оқиға, құжаттың мағынасын ашатын жедел сараптамалық материалдың үлгісі. Телевизиялық комментарий - кадрдағы көріністердің алуан түрлілігі, кейде кадрдан тыс комментарийлер көп қолданылады.
Комментарий сараптамалық публицистикаға жатады. Өйткені, комментатор өзінің мақсатына жету барысында ең алдымен оқиғаның себеп-салдарын анықтап, болып жатқан оқиғаның соңы немен аяқталуы мүмкін екендігі жайлы айтады. Комментарийдің жанрлық негізіне авторлық баға беру және сараптама жасау жатады.
Басқа жанрлар сияқты комментарий басқа жанрдың құраушы пішіні болуы да мүмкін. Мысалы, баспасөз-конференцияларында мынадай сұрақтар жиі қойылады: «Болған оқиға жайлы қандай түсінік бере аласыз?» Мұндай сұрақ саяси, қоғам қайраткері немесе белгілі бір саланың маманымен болған сұхбатта қойылуы мүмкін. Жауаптың әрқайсысы өз алдына шағын комментарий, ал кейде комментаторлық шығармашылық рөлін атқарады. Бұл жерде сараптаманың тереңдігінен, талқылаудың кеңдігінен және қоғамдық маңызды оқиғаға, дерекке берілген бағаға байланысты болады.
Телевизиялық комментарий – кадрдағы сөз сөйлеудің өзгеше түрі. Бейнеқатармен иллюстрацияланған кадр сыртындағы комментарий көп қолданылады.
Хат «Эпистолярлық әдебиет - хат түрінде жазылған көркем шығармалар. Хат өлеңдермен қатар, көлемді прозалық шығармалар да (повесть, роман) негізінен хат түрінде жазылатын болады. Кейде көркем шығармада кейіпкерлердің өзара жазысқан хаттарына үлкен орын беріледі. Бұл үлгіні қолдану шығармада адамның көңіл-күйін, ішкі сезім толғанысын тереңірек ашып көрсетуге мүмкіндік береді» [2,269-б],- деген анықтама «Әдебиет терминдерінің сөздігінде» берілген.
Ежелгі дәуірдегі хат көркем шығармаға жақын болған. Сол кездегі Эпикур, Цицерон, Сенека хаттары көркем дүниедей оқылған. Батыс Еуропа әдебиетінде хат үлгісінде жазылған бірнеше романдар бар. Н.М.Карамзиннің «Орыс саяхатшысының хаттары» Д. И.Фонвизиннің Франциядан П.И.Панинге жазған хаттары Ресейде эпистолярлық әдебиеттің негізін салды. Бұл дәстүрді кезінде Пушкин, Чаадаев, Гоголь, Герцен дамыта түсті. ХХ ғасырда И.А.Бунин, В.Б.Шкловский, А.Сент Экзюпери, Т.Уайлдер, В.А.Каверин шығармалары орыс эпистолярлық әдебиетін байыта түсті.
«Эпистолярлық әдебиетке жазушылардың, қоғам қайраткер-лердің, ғалымдардың хаттары да жатады. Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, тағы басқа жазушылардың сақталып, бүгінге жеткен хаттарын зерттеудің әдебиет тарихын тануға септігі зор» [3, 315-316-б].
Белгілі тілші-ғалым Р.Сыздықова: «Қазақ фольклоры мен әдет-ғұрып заңдарын жинаушы М.В.Ладыженский дегеннің 1840 Шыңғыс Уәлихановқа жазған хатының қазақша тексі; атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың әкесі – Шыңғысқа 1857 жылы Омбыдан 1860 жылы 9 августе және сол жылы 4 ноябрьде Петербургтен қазақша жазған хаттары; інісі Жақыпқа 1857 жылы 10 декабрьде Омбыдан жазған хаты; Шоқанға әкесінің 1860 жылы 6 июльде және 19 сентябрьде жазған екі хаты; Садуақас Мұсаұлы Шормановтың Григорий Николаевич пен Александра Викторовна Потаниндерге 1887 жылы 25 февральда және мартта Омбы қаласынан қазақша жазған хаты; Қазан университетінің профессоры Н. И. Ильминскийдің Сәмреке деген мұғалімге 1859 жылы 7 декабрьде қазақша араб графикасымен жазған хаты; Құнанбайдың Омбыда Кадетский корпуста оқып жүрген Халиоллаға 1866 жылы 8 ноябрьде жазған хаты; Абайдың Халиоллаға осы жылдың 8 мартында жазған хаты; Ыбырай Алтынсариннің, И. Ильминскийге және Баянділ Кейкин деген кісіге 1883 жылы 28 январьда жазған хаттары» [4,258-б],-деп қазақ әдебиеті мен мәдениетіне тиесілі хаттарды тізіп шыққан. Демек жоғарыдағылар қазақ эпистолярлық әдебиеті жанрындағы алғашқы хаттар.
XX ғасырда қазақ публицистикасында эпистолярлық жанрда А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, әдебиетіміздің классиктері М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов т.б. өзара хат жазысу арқылы әдебиеттің дамуы, ел тынысы, заман үрдісі жайында пікір алмасып отырған. Қазақ әдебиметіндегі эпистолярлық жанр дамуы классик жазушыларымыз биік сатыға көтерген әдеби ауқымды жанрлар - роман, повесть дәрежесіне дейін көтеріле қойған жоқ. «Тәуелсіздік жылдарында жазушы Ш.Мұртаза мен К.Смайылов «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде еліміздің, ұлтымыздың тағдырын, әлеуметтік-экономикалық дамуды тарқата талдаған хаттарын дүркін-дүркін жариялап, оқырмандарды елең еткізгені белгілі. Сондай-ақ журналист-жазушы Қайсар Әлімнің «Махаббат жыршысы» атты эпистолярлық хикаяты [5] жарық көріп, қазақ оқырмандарының ыстық ілтипатына бөленді.
Хат - публицистиканың ескі жанрларының бірі. Ертеден бері хат біреудің біреуге деген жолдауы деген мағынаға ие. Алайда, хаттың авторы мен адресат атақты адам болған жағдайда және мәтін әлеуметтік меселеге арналып жазылса, ол қоғамдық маңызы бар мәнге ие бола отырып, саяси талдаудың құралына айналады. Хат баспасөзге басылуы арқылы ғана публицистиканың жанрына айналады. Хат – бұл белгілі бір автордың адресатқа үндеу ретінде жазылған саяси-қоғамдық, рухани-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық мәнге ие публицистика жанрының бір түрі. Хат авторы жеке азамат, топтар, кәсіпорын ұжымдары мен оның жетекшілері, қоғам қайраткерлері бола алады.
Қазақ баспасөзінде хат жанрының негізінен екі түрі жиі кездеседі. Біріншісі – ашық хат деп аталады. Ашық хаттар қоғам өмірінің маңызды мәселелеріне арналып жазылады. Ол жеке адамның немесе бір топ адамның атынан жазылуы мүмкін. Ашық хаттар қоғам өмірінің маңызды мәселесіне арналады. Ол жеке адамның немесе бір топ адамның атынан жазылуы да мүмкін. Хаттың кең тараған түрі үндеу хат жалпы оқырманға арналады. Үндеуді жеке адам, ұжым, бір топ адам жазуы мүмкін. Баспасөздегі үндеуге жауап жазылмайды. Үндеу хаттың мақсаты - маңызды мәселеге көпшіліктің назарын аудару болып табылады.
Эпистолярлық жанр үлгісі ретінде хаттың өзіндік ортақ белгілері бар. Хат белгілі бір мәселені екінші бір адамға немесе мекемеге хабарлау барысында жазылады. Онда белгілі дәрежеде пішін бірлігі болады. Жазушы, ғалым, қоғам қайраткері хаттары мен қарапайым бұқара хаттары мазмұны мен мақсаты жағынан бір-бірінен алшақ түсіп жатады. Оқырмандардың хаттары дегеніміз-бұқаралық ақпарат құралдарына жеке оқырманның жiберген хаты. Оқырман хаттары баспасөзде әр түрлі пішінде қолданылады.
Хаттармен жұмыс - кәсiби журналистiк қызметтің маңызды бөлігінің бiрi. Әрбiр редакцияның мiндеттi түрде хат бөлiмi болады. Хат бөлiмiнің қызметкерлері авторлардың сұрақтарына жауап береді. Редакцияның оқырман хаттарын қолдану әдістері жеткiлiктi. Редакция журналистері өз басылымының беттерінде оқырмандардың іріктелген хаттарын басып шығарады. Хат ол үшiн белгілі бір қағидаға сүйене отырып iрiктеліп, редакцияланады. Іріктелу қағидасы тақырыптық, не проблемалық бола береді (экономика, саясат, қаражат, экология, мораль, реформа, заң мәселесі, әскери мәселелер тағы басқалар). Бұдан басқа келіп түскен хаттардың мерзіміне байланысты басылуы да мүмкін (апта, ай, жыл. т.с.с.). Атаулары тақырыптық, проблемалық болады, кей жағдайда болмауы да мүмкін. Редакцияның жасаған қорытынды комментарий мәтінді тұжырымдайды.
Хаттарды пайдану арқылы сараптамалық шолу жариялау үрдісі де бар. Бұл жағдайда оқырман хаттары журналистің мәтініне дәйектеме болады. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газетінде «Елден хат», «Бір хаттың ізімен», «Оқырман хаты», «Қолыма қалам алғызған» деген тұрақты айдарлар бұл басылымнан көп жылдар бойы түспей келеді.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ баспасөзінде эпистолярлық публицистикада “синкретизм” аясы кеңейді. Кейбір жариялыным-дарды жаңа бір жанрға жатқызып даралау, өзгешелеу мүмкіндігі болмай қалды. Оның есесіне бір эпистолярлық публицистикалық шығарманың бойынан бірнеше жанрдың белгісін табуға болады. Бұл тенденцияның алда қалай өрістейтіні қолына қалам алған публицистер қауымының фантазиясы мен танымдық көкжиегіне байланысты болса керек. Оның үстіне жанрлар мен пішіндердің өзгерісі әлемдік журналистиканың даму бағыттарына да байланысты екендігін ұмытпаған абзал. «Жанр – даму үстіндегі ұғым. Әрбір тарихи дәуір әртүрлі жанрдың түп негізін сақтай тұра, оның табиғатына өз ерекшеліктерін енгізді... Жанрлық дамудың өзі – тірі процесс. Жанрлар туады, өседі, өзгереді, жоғалады, жаңадан пайда болады...» [6,311-б], – деген академик З.Қабдолов тұжырымы осындайда айтылса керек. Тәуелсіздік жылдарындағы эпистолярлық публицистикадағы ерекшелік - шығармадағы ішкі полемика (қақпайласу, қайымдасу). Мәселен, хат авторы, тууы мүмкін оқырман сауалдары мен қарсылықтарына ыңғайластырып, ішкі полемиканы туғызады. Бұл теоретиктердің айтып жүрген «Публицистикалық мәтіннің ішкі монологтық диалогтандырылуы» [7,90-б] болып табылады. Дәл осы ерекшелік тәуелсіздік дәуіріндегі публицистер шығармашылығында жиі кездесіп отырады. Тағы бір байқалған басты тенденция - турашылдық, кесіп айту, барды бардай, жоқты жоқтай етіп көрсетіп отыру эпистолярлық публицистиканың өресін биіктетті.
«Егемен Қазақстан» газетінде бұрын да қазір де хат жанрындағы материалдарды беру дәстүрге айналған. Бұл хаттар біріншіден, шежіре-тарих болса, екіншіден, оқырман қауымды жақсылыққа тәрбиелейтін, дұрыс бағыт беретін бағдаршам іспеттес. Басылымның «Еңбекші қазақ» болып тұрған кезінен бастап хат жанрына кеңінен орын бергенін төмендегі мысалдардан көруге болады.
1924 жылы 11 наурыз. №180. Сәкен Сейфуллиннің «Қазақстанның губерниялық һәм уездік совет комитеттерінің төрағаларына «Тіл жұмған ауыздың ішінде»деген ашық хаты жарияланыпты. Онда «Қазақ тілін кеңселерде жүргізуге көп бөгет бар. Сылтаудың саны жоқ. Сөйлесіп кетсең қызмет басқарып отырған адамдардың ешқайсысы қазақ тілін мекемеге кіргізбеймін дейтіні жоқ. Кей жерлерде қазақ тілін кеңсеге кіргізбек түгілі қазақ азаматы аузын ашатын емес. Тіл жұмған ауыздың ішінде. Бұрынғы заманнан бері жұмылған ауызда болып келген қазақ тілі мекемелерге кіру керек. Ол үшін жалпы жігер керек, ынта керек. Біздің қазақтың кейбіреулері қазақ тілі туралы қатты кірісуге «біреу ұлтшыл» деп бой тартады. Ол қулық. Ол күпіршілік, жағымпаздық. Сіздер қазақ тілін төменнен жоғары қарай жүргізіңдер. Біз жоғарыдан төмен қарай жүргіземіз. Істеріңізді күтемін. Жолдастарыңыз Сәкен»,- деп жазылған.
1925 жылы ол кездегі «Еңбекші қазақтың» 10 тамыздағы №348 санында «Ел тілшілерінің хаттары» айдарымен «Қырағы» дегеннің «Бәріміз көпке жүгінейік» деген атпен «35 үй қазақтардың пайдаланып отырған 800 дес. жерін орыстарға тартып әпергендігіне наразылығы жазылған.
Осы жылғы 17 тамыздағы №352 нөмірінде Жағыпар Сұлтанбекұлының «Қазақстан шаруасының жайы және оның мұқтажы» деген көлемді хатында Сол кездегі деректер 1915 жылмен салыстырылып, 1920, 1922, 1923, 1924 жылдарға кеңінен талдау жасалады.
Сондай-ақ осы нөмірде «Ел тілшілерінің» хаттары айдарымен Орталық Қазақстаннан «Қарқаралы еліндегі құрғақшылық», «Мұндай доктордан пайда жоқ», «Жуандыққа лайық сөз» деген елдегі тілшілердің хаттары да басылған.
1930 жылғы 28 ақпанда №49 санында Елтай Ерназарұлының «Менің жауабым» атты бір хатқа жауабы беріледі. Онда хат иесі «Жұмысшы» деген атпен Елтайға: «Кеңес үкіметі теңдік, туысқандық» орнатудың орнына «талап, шауып, құртып барады», жұмысшылар күніне 14-18 сағаттан жұмыс істейді, кеңсе қызметкерлері 6 сағаттан істейді, қызметкерлерге салық жеңіл салынады, жұмысшыларға ауыр түседі. Жұмысшыларға нан тимейді. Қызметкерлер ақ бөлке жейді. Бұларың дұрыс емес. Осыларға газет арқылы жауап бер»,- деген сөздеріне қайтарған жауабына редакция түсініктемесі ұйымдастырылған.
1932 жылығы «Социалды Қазақстан» газетінде8 ақпан күнгі №32 санында Сәбит Мұқанұлының 1932 жылғы 21 қаңтардағы «Менің қатем қандай?» деген хаты жарияланды. «Менің үлкен қате бар екі шығармам бар. Бірі 1924 жылы «Қызыл Қазақстанда» басылған «Жайлау үстінде» өлеңім дейді автор. Осы өлеңде мен пролетариатқа дұшпан Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар ықпалына қалай түскенімді білмей қалыппын. Екіншіден, “Еңбекші қазақтың» 1925 жылғы бір санында «Қызыл әйнек» деген әңгімем жарияланды. Бұл әңгіме Сәдуақасов пен Қожанов секілді алашордашылардың үкімет басына отырғанына қарсы жазылғанмен, қорытындысында Троцкийдің пікірі болып шыққан»,- деген сөздерден тұрады.
Осы жылғы 7 ақпандағы №32 нөмірінде басылым бұл нөмірін оқырман хаттарына арнаған екен. Ондағы мақсат - қалың қауымның пікірін, талап-тілегін, ниетін, көз көкірегінкөрсету екен. «Қоғамдық пікір - қозғаушы күш» деген жалпы тақырып бере отырып, берілген бұл нөмірде жүзге тарта автордың хаттары басылып шыққанын байқадық.
1934 жылы осы газеттің 12 мамыр күнгі №109 санында екі оқырманның ақындарға ашық хаты жарияланған. Онда Сәбитке: Сұлушаштай неге өлең бермейсіз? Қара сөзіңіз әлі үлгіге түскен жоқ? Өлеңде неге көсіле алмай келесіз? Соңғы жылдарда өлеңдеріңіздің көлемі үлкейіп, поэмаларыңыздың саны көбейгенімен, сапасына неге аз көңіл бөлдіңіз? - деген сауалдар қойылған. 30 мамыр күнгі №124 санында екі оқырманның «Ардақты Сәкен ағай» деген хаты басылған. Онда Сәкенге соңғы кездері шығармашылықтан қол үзіп кеттіңіз, себебі не? деген сауал қойылған. Бұл басылымда Ұлы Отан соғысы жылдарында да көптеген хаттар жарық көріп тұрған. Ол хаттардың мазмұны көбіне барлық отандастарымызды бір кісідей болып Отан қорғауға шақырған мазмұнда болып келеді. Соның бір-екеуіне тоқталуды жөн көрдік.
1941 жылғы 28 қазандағы №254 санында Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы Н.Скворцовтың Мәскеуді қорғаушыларға «Бір адым да шегінбеңіздер!» деген хаты, «Туысқан Москваны қорғап қалайық!» деген бас мақаласы қоса басылған. Мәскеу жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ интеллигенциясының хаты да берілген. Хаттың соңында «біздің де тілегіміз осы»,- деп жазушы Сәбит Мұқанов, филология ғылымдарының кандидаты Н.Сауранбаев, филология ғылымдарының кандидаты Ы.Дүйсенбаев, Халық ағарту халкомның орынбасары Ә.Қанафин, Алматы қалалық ауруханасының бас дәрігері Қ.Шатыбеков т.б. қолдары қойылған.
Осы жылғы 7 қарашадағы №263 нөмірінде газет «Майданнан хат» айдарында майдандағы жауынгерлер Оразбай Әуелбаевтың, Оспан Байзақовтың және Ленинград Н. бөлімінің халық ополчениесінің жауынгері – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, В.И.Ленин атындағы ҒА-ның докторанты Кәрім Мыңбаевтың «Жамбыл ақынға» деген хаты жарық көреді. Кәрім Мыңбаев хатында «Ленинградтықтарға арнап жазған жалынды өлеңіңізді сүйген жүрекпен қабыл алып, социалистік отанымыздың бұлбұлы, жүз жастағы Жамбыл ата, Сізге алып Ленин қаласынан жауынгерлік сәлемімді жолдаймын»,- деген жалынды сөздер бар. Барлық Совет халқы үшін соңғы тынысым біткенше күресетініме Сізді, қазақстандықтарды жауынгерлік сертпен сендіремін» депті хатта.
1942 жылғы 2 сәуірдегі газеттің №78 санында қазақ батыры Бауыржан Момышұлының хаты жарияланған. Солтүстік Батыс майданнан Н. гвардия атқыштар полкы командирінің орынбасары капитан Бауыржан Момышұлының Қазақстан К/ б/П Орталық комитетінің секретары Скворцов жолдасқа хаты жарияланған екен. Б.Момышұлының хаты былай басталады: «Ұрыстардың нәтижесінде біз 62 деревняны азат еттік. Фашистер майдан алаңына 2000 адамның өлігін тастап кетті. Біздің бөлімше жаудың 152 автомашинасын, 13 танкін, 16 зеңбірегі мен минометін, көп оқ-дәрі, азық-түлік, соғыс жабдығын қолға түсірді. Бұл ұрыстарды Лениногорск жұмысшысы Батталов Жұмажан, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы Сталин атындағы колхоздан Жалынбек Егембердиев, лениногорскілік Төлеген Тоқтаров үздік ерлік көрсетті. Біз Төлегенді Ленин ордені мен Советтер Одағының Батыры атағын беруге ұсындық»,- деп жазады.
«Социалистік Қазақстан» 1943 жылғы 5 мамырдағы №95 санында подполковник С.Бәйішевтің, капитан Қ.Шәріповтің, аға лейтенанттар Мазитовтың, Қосановтың, Жұмақановтың, қызыл әскер Қабировтың «Социалистік Қазақстан» газетінің коллективіне «Отан үшін жан пида!» деген хатын жарияланған. Олар: «Ұлы сапарға аттандырған ұямыз - большевиктік баспасөздің сталиндік дәстүріне кір келтірмейміз»,- деп ант береді.
«Социалистік Қазақстан» газетінің 1963 жылғы 3 қазандағы №235 саны тұтастай еңбекшілер хаттарынан тұрады. Оқырман хаттарын бермес бұрын редакция мынадай түсініктеме жазған: «Газет оқушыларының ойы, ұсынысы, тілегі» деген жалпы тақырып қоя отырып, «Бүгін біз редакцияға түскен хаттарға арнайы нөмір беріп, газет оқушыларының хаттарын жариялап отырмыз»,- делінген аңдатпада. Олардың ішінде бағалы ұсыныстар мен тілектер де, көңіл-күй шертетін очерк, әңгіме де, көкейтесті мәселені сөз ететін қызықты қысқа хабарлар да, сын садағын кезеп, кемшілікті түйреген сын мақалалар да бар»,- делінген.
1989 жылы 8 қаңтардағы «Социалистік Қазақстанның № 13 саны да дәстүрлі «Қолыма қалам алғызған» айдарымен оқырмандар хаттарына арналған екен. Осы жылдың 10 қыркүйегіндегі 210 нөмірінде жазушы Қалтай Мұқаметжановтың академик Ісмет Кеңесбаевқа жазған «Ақиқатқа жүгінейік, аға!» атты ашық хаты жарияланған.
Жекелеген оқырмандар өздерінің ізгі тілектерін редакцияға жолдап, хат жазып, телефон шалып, не ауызша өз пікірлерін айтып жатса, одан артық құрмет болмасы айдан анық. Кей кездері «Егемен Қазақстан» газетіне кейбір жерлерден тұтастай бір еңбек ұжымдары, өз газеттеріне ерекше ықыласын білдіріп, жанашырлықпен, қамқорлықпен қарап, қажетінше көмектесуге де бейім тұратындықтарын байқатып жатады екен.
1991 жылы газет атауы «Егеменді Қазақстан» деп атала бастады. Аты өзгерген санда бұл атауға мынадай түсінік береді: «Егемен болмай – ел болмас!» деген шақыруы да өзгерді. Ол «Азаттық. Теңдік. Туыстық!» болды»,- делінген.
Осы жылы 28 желтоқсанда №298-299 сандарында газеттің бірінші бетіне «М.С.Горбачевтің жеделхаты» жарияланған екен. Онда ол: «Жуырда берген интервьюлерімнің бірінде Одақтың құрамындағы республикалардың егемендігі туралы айта келіп, Қазақстан мен Ресей Федерациясының қанаттас жатқан территорияларының әкімшілік бөлінісі жайында байқаусызда бір сөзге жол беріппін», - деп жазылған. Еліміздің әкімшілік-территориялық бөлінісінің талай рет, кейде тіпті қалай болса солай бұзылуына жол берілгендігін біздің бәріміз де білеміз. Менің аузымнан байқаусызда шығып кеткен сөзді міне осындай жаймен түсіндіремін. Өкінішке қарай, мұның өзі кері мағынасында, Қазақстанның шекарасын қайта қарау қажеттігін танығандық болып табылады деп түсіндірілуі де ықтимал...
Бұрынғы КСР Одағына кірген басқа да мемлекеттер сияқты, Қазақстанның егемендігі мен территориялық тұтастығының мызғымастығын құрметтейтінін қуаттай келіп Н.Назарбаевқа және бұқаралық ақпарат құраладарының қызметкерлдеріне осы деректерді көптеген ұлттардың адамдары ынтымақта тұрып жатқан республиканың барлық азаматтарына жеткізу жөнінде өтініш айтқан.
1992 жылдың 1 сәуіріндегі газеттің №81 санында ақын Қуандық Шаңғытбаевтың «Ақыл - ағадан...» айдарымен «Әдептен аспайық» деген хаты жарияланды. Бас редактор Ш Мұртазаға арналған бұл жарияланымда мынадай тіркес бар: «Екінші. Өзің басқарып отырған, қазір қалың қазақ қауымының сүйікті газетіне айналып отырған «Егеменді Қазақстанның» аты жайында. Жә, еге де ие де аты қазаққа ортақ, еншілес сөз. Күнгейліктер кейде еге десе, Жайық бойының жақсы ақыны Мұрат Мөңкеұлы да осылай дейді. Бірақ дәл осы арада -ді қосымшасының өз орнын таппай, шөре-шөре боп, газет айдарына қалай өрмелеп шығып кеткеніне айран-асыр қаламын. Егемен, жә, егемен, болсын делік, -ие ғой баяғы. Ал егеменді ше? Иелі ме? Қай қазақ атқа шабар баласына жарыс алдында: «Байқа, тізгініңе иелі бол» дейтін еді? Қобыландыны да, Тоқтарды да қаһарманды емес, қаһарман батыр дейміз ғой. «Аларманға - алтау аз, берерменге - көп» демей ме қазақ? Алармандыға, бермендіге емес. Ендеше, егеменді газеттің аты «Егемен Қазақстан» болғаны дұрысырақ сияқты»,- дейді ақын Қ.Шаңғытбаев.
1992 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» деген атаумен шыға бастаған газеттің 2 наурыздағы №57 санында «Егемен Қазақстан» газеті редакциясы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа,Қазақ Республикасының Жоғарғы Кеңесіне Ашық хаты жарияланды. Онда мынадай ұсыныс бар: «Республика күні Қазақстан РеспубликасыныңМемлекеттік егемендігі туралы Декларациядан бастау алғаны жөн және Декларацияқабылданған күн - 1990 жылғы қазанның 25-і мемлекеттікмереке -Республика күні деп жарияланғаны тарихи әділдік болады деп санаймыз»,- делінген.
Демократия және жариялылық, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөз және баспасөз бостандығына жол ашты. Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының демократиялан-дырылуы КСРО ыдырағаннан да бұрын басталды. Соның нәтижесінде тарихтағы көптеген ақтаңдақтардың беті ашылып, ұлттық сананың қалыптасуы, мемлекеттің қалыптасуы сияқты өзекті мәселелерге баспасөз бетінен орын беріле бастады. Публицистер халықтың тарихта кеткен есесін қайтарып беру жолында қалам қайратын жұмсады, ел намысын оятуға, жұрт санасын сілкіндіруге бағытталған рухани серпіліс жасауға көшті. Бұл әсіресе Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ баспасөзінен, онда жарық көрген эпистолярлық публицистикалық шығармалардан айқын көрініс тапты. Тәуелсіздік жылдардағы қазақ баспасөзіндегі эпистолярлық жанрда көрініс тапқан негізгі тақырыптар мынадай болып келеді: тәуелсіздік; территория тұтастығы; тіл, дін саясаты; егемендік; қазақ тарихы; қоғамды жаңғырту; қазақтардың тарихи атамекеніне оралу мәселесі; ұлттық әдебиет пен мәдениет т.б.