Оқулық Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Алматы, 2011 (075)



бет1/33
Дата25.12.2016
өлшемі11,49 Mb.
#4420
түріОқулық
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ


Қ. Қ. Өмірбекова, Г. С .Оразаева,

Г. Н. Төлебиева, Г. Б. Ибатова
ЛОГОПЕДИЯ

оқулық

Қазақстан Республикасының Білім және

ғылым министрлігі бекіткен

Алматы, 2011
УДК 376(075)

ББК 74.3 я7

Л 65


Пікір жазғандар:
Р. А. Сулейменова - педагогика ғылымының докторы, профессор;

А. А. Тайжан - медицина ғылымының докторы, профессор;

Г. А. Абаева - педагогика ғылымының кандидаты, доцент.

Қ. Қ. Өмірбекова, Г. С .Оразаева, Г. Н. Төлебиева, Г. Б. Ибатова

Логопедия. Оқулық: Жоғарғы педагогикалық оқу орындарының дефектология бөлімдерінің студенттеріне арналған оқулық (Қ. Қ. Өмірбекованың редакциясымен) – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2011.- 495 бет.
ISBN 978-601-217-205-8
Оқулық логопедия ғылымының негізін қалаған ғалымдардың зерттеулеріне, сондай ақ қазіргі кезеңдегі логопедия ғылымының теориядағы және тәжірибедегі жетістіктеріне сүйене отырып құрастырылған. Оқулықта

сөйлеу тілінің әр түрлі бұзылыстары, оларды анықтау, түзету жұмыстарының негізгі бағыттары, логопедиялық жұмыс мазмұны мен ұйымдастыру мәселесі қарастырылады. Оқулықта алғаш рет отандық авторлардың қазақ тілді балалардың сөйлеу тілінің бұзылуы, түзету әдістеріне арналған зерттеу нәтижелері бойынша мағлұматтар беріледі.

Оқулық дефектология бөлімінің студенттеріне, арнайы мекемелердің мамандары мен логопедтеріне арналған.
ISBN 978-601-217-205-8

ББК 74.3 я7


© Қ. Қ. Өмірбекова, Оразаева Г.С.,

Г. Н. Төлебиева, Г. Б. Ибатова, 2011 ж.

© ҚР Жоғары оқу орындарының

қауымдастығы, 2011 ж.

МАЗМҰНЫ
АЛҒЫ СӨЗ_______________________________________________5
I ТАРАУ. ЛОГОПЕДИЯНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

1 БӨЛІМ. ЛОГОПЕДИЯ ҒЫЛЫМЫ_____________________________________________7


2 БӨЛІМ. СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ АНАТОМИЯЛЫҚ-ФИЗИОЛОГИЯЛЫҚ МЕХАНИЗМІ_____________________________________________________ 14
3 БӨЛІМ. СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ______________________________ 24
4 БӨЛІМ. СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ БҰЗЫЛУЫН АНЫҚТАУ__________________________ 27
5 БӨЛІМ. ТІЛ КЕМІСТІГІ ЖӘНЕ ОНЫҢ СЕБЕПТЕРІ___________________________ 61
6 БӨЛІМ. СӨЙЛЕУ ТІЛІ КЕМІСТІКТЕРІН ТОПТАСТЫРУ___________________67
II ТАРАУ. СӨЙЛЕУ ТІЛІ БҰЗЫЛЫСТАРЫ ЖӘНЕ ТҮЗЕТУ ЖОЛДАРЫ
7 БӨЛІМ . ДИСЛАЛИЯ____________________________________________ 74
8 БӨЛІМ. ДИЗАРТРИЯ___________________________________________________ 113
9 БӨЛІМ. РИНОЛАЛИЯ____________________________________________________ 151
10 БӨЛІМ. СӨЙЛЕУДІҢ ЖЫЛДАМДЫҒЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫ__________________ 193
11 БӨЛІМ. АЛАЛИЯ______________________________________________________ 237

12 БӨЛІМ. АФАЗИЯ______________________________________________________276


13 БӨЛІМ. ДАУЫС ЖӘНЕ ОНЫҢ БҰЗЫЛУЫ________________________________304
14 БӨЛІМ. ЖАЗБАША СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ БҰЗЫЛУЫ___________________ 320
III ТАРАУ. ДАМУЫНДА ТҮРЛІ АУТҚУЛАРЫ БАР БАЛАЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІ ДАМУЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
15 БӨЛІМ. ЖАЛПЫ СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ ДАМЫМАУЫ _____________________ 359
16 БӨЛІМ. ЗИЯТЫ ЗАҚЫМДАЛҒАН БАЛАЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ

ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ _______________________________________________________377


17 БӨЛІМ. ПСИХИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТЕЖЕЛГЕН БАЛАЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ

ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ _____________________________________________ 385


18 БӨЛІМ. ЕСТУІ БҰЗЫЛҒАН БАЛАЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ

ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ____________________________________________ 387


19 БӨЛІМ. КӨРУ ҚАБІЛЕТІ БҰЗЫЛҒАН БАЛАЛАРДЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ

ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ________________________________________________ 390


ІV ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАНДА ЛОГОПЕДИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ________ 393
V ТАРАУ. ӨЗІНДІК ЖҰМЫСҚА АРНАЛҒАН

ТАПСЫРМАЛАР_______________________________________________________ 413
ГЛОССАРИЙ___________________________________________________________ 493

АЛҒЫ СӨЗ
«Логопедия» оқулығы педагогикалық университетінің 5В0105–дефектология бөлімінің студенттеріне арналған. Оқулық мұғалім-дефектологтарды даярлау сапасын көтеруге, балалар, жас өспірімдер және ересектермен жүргізілетін логопедиялық жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Оқулықтағы материалдар дефектология бөлімінің логопедия мамандығы бойынша білім берудің мемлекеттік стандартына және кредиттік оқыту технологиясының талабына, оқу бағдарламасына, жоспарына сай құрастырылған.

Оқулық қазіргі кезеңдегі логопедия ғылымының теориядағы және тәжірибедегі жетістіктеріне, логопедия негізін қалаған ғалымдардың зерттеулерінің нәтижелеріне сүйене отырып құрастырылған.

Қарастырылып отырған оқулықта логопедияның теориялық негіздері, сөйлеу тілінің бұзылу түрлері, олардың механизмі, себептері, белгілері (симптомдары), сөйлеу тілінің бұзылу түрлеріне байланысты тексеру және түзету жұмыстарының негізгі бағыттары, ерекшеліктері толықтай қамтылған.

Оқулық бірнеше бөлімнен тұрады. Әр бөлімде сөйлеу тілі бұзылысының сипаттамасы, этиологиясы, механизмі, симптоматикасы, топтастырылуы, логопедялық тексерудің әдіс-тәсілдері, тұзету жұмысының негізгі бағыттары қарастырылған. Әр бөлімнің соңында материал қорытындыланып, студенттердің білімін тексеруге, бекітуге бағытталған сұрақтар мен өзіндік жұмысқа арналған тапсырмалар берілген, ұсынылған әдебиеттер тізімінде жаңа әдебиеттер қамтылған. Бақылау сұрақтары мен тапсырмалардың мазмұны студенттердің ойлау қабілетін дамытуға, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде пайдалана білуге бағытталған.

Оқулықтың мазмұны, оның құрылымы, өзекті мәселелерге тоқталу, әр бөлімге байланысты өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалары, әдебиеттер тізімі логопедия пәні бойынша студенттердің өзіндік және ғылыми жұмыстарын белсендіруге кәіби дайындығының сапасын арттыруға ықпал етеді

Оқулықта қазіргі кездегі арнайы әдебиеттреде анықталып, толықтырылған сөйлеу тілі бұзылыстарының сипаттамасы және оқулықтың соңында глоссарий берілген.

Оқулықта алғаш рет отандық авторлардың қазақ тілді балалармен жүргізген зерттеулерінің нәтижесі бойынша мағлұматтар берілген. Мысалы, қазақ тіліне тән дыбыстардың бұзылу кемшіліктері және түзету тәсілдері (Өмірбекова Қ.Қ.); жалпы сөйлеу тілі дамымаған мектепке дейінгі жастағы балалардың сөйлеу тіл ерекшеліктері (Ибатова Г.Б., Тулебиева Г.Н.); сөйлеу тілі бұзылған балалармен жүргізілетін логопедиялық жұмыста ұлттық ойындарды пайдалану (Оразаева Г.С.).

«Логопедия» оқулығы п.ғ.к., Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика білімінің халықаралық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Қ.Қ. Өмірбекованың редакциясымен, п.ғ.к., доцент Г.С. Оразаева, ҚазҰПУ-ң арнайы педагогика кафедрасының аға оқытушылары Г.Н. Тулебиева., Г.Б. Ибатованың қатысуымен құрастырылған.

I ТАРАУ. ЛОГОПЕДИЯНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1 БӨЛІМ. ЛОГОПЕДИЯ ҒЫЛЫМЫ
Логопедияның мақсаты мен міндеттері
Логопедия дегеніміз - сөйлеу тілінің кемістіктерін, оның бұзылу себептерін, болдырмау жолдарын, сонымен бірге осындай кемістіктерді әртүрлі жолдармен түзетіп жоюдың тәсілдерін зерттейтін арнайы педагогикалық ғылым.

«Логопедия»-logos (сөз) және paideia (тәрбиелеймін, үйретемін) деген грек сөзінің түбірінен алынған. Логопедия арнайы педагогиканың (дефектологияның) бір бөлігі болып есептеледі.

Сөйлеу тілі бұзылуының түрлері және оған көрсететін көмек жайында баршамызга ежелден белгілі. Сөйлеу тілінің бұзылуы жөнінде алғашқы мәліметтерді ежелгі Греция, Үндістан ескерткіштерінен (папирустер, аюрветтер) кездестіруге болады.

Мысалы, Ресейде логопедия жеке педагогикалық ғылым ретінде бірден қалыптасқан жоқ. Алғашқыда (17ғ.) логопедия сурдопедагогика құрамында болған. 19 ғасырдан бастап логопедия жеке дара ғылым боп бөлінген, бірақ ол медициналық бағытта болды. Тек 20 –ші ғасырдың 30-ші жылдарында Дефектология Ғылыми Зерттеу Институтының құрылуына байланысты логопедия педагогикалық ғылым болып танылды.

Казіргі логопедия мектеп жасына дейінгі, мектептегі логопедия және жеткіншектер мен ересектер логопедиясы деген бөлімдерден тұрады.

Логопедия пәні сөйлеу тілінің бұзылуы және сөйлеу тіл кемістігі бар тұлғаларды оқыту және тәрбиелеу үрдісі болып табылады.

Логопедияның зерттеу нысаны - сөйлеу тілінің бұзылуынан зардап шеккен адам.

Сөйлеу тіл бұзылыстарын физиологтар, невропатологтар, психологтар, лингвистер және т.б. зерттеп, қарастырады. Бұл ретте олар сөйлеу тіл кемістігін өз ғылымдарының мақсатына байланысты қарастырады. Логопедия болса сөйлеу тіл кемістігін арнайы ұйымдастырылған құралдар,тәсілдер арқылы алдын алу және түзету тұрғысынан қарастырады, сондықтан ол арнайы педагогикаға жатады.



Логопедияның негізгі мақсаты сөйлеу тілі бұзылған адамды оқытуды, тәрбиелеуді және қайта тәрбиелеуді, сонымен бірге сөйлеу тілі кемістіктерінің алдын алу жолдарын ғылыми негізде жете зерттеу болып табылады.

Логопедияның ғылым ретіндегі анықтамасына байланысты төмендегідей міндеттерді белгілеуге болады:

-сөйлеу тілі бұзылуының таралуын, оның симптоматикалық белгілерін анықтау;

- қазақ тілді қалыпты дамыған және әр түрлі тіл бұзылыстары бар балалардың сөйлеу іс-әрекетінің онтогенезін зерттеу;

- дамуында әр түрлі ауытқуы бар қазақ тілді балалардың (зияты, естуі, көруі, тірек-қимылы бұзылған) сөйлеу тілінің қалыптасу ерекшеліктерін анықтау;

-сөйлеу тілі бұзылған баланың сөйлеу қабілетінің өздігінеy белгілі бір бағытпен дамуын, сөйлеу кемістіктерінің адамның жеке басының қалыптасуына, психикасының дамуына тигізетін әсерін анықтау;

-сөйлеу тілінің бұзылу себептерін, белгілерін, механизмдерін анықтау;

-сөйлеу тіл бұзылыстарының педагогикалық диагностикасының әдістерін өңдеу, құрастыру;

- отандық және шетелдік логопедиялық теориясы мен тәжірибесіндегі жетістктерді талдау;

- сөйлеу тіл кемістіктерін жүйелеу;

- қазақ тілінің фонетикалық – грамматикалық ерекшеліктерін ескере отырып сөйлеу тілінің кемістіктерін түзету, жою, әдістерін жетілдіру;

- сөйлеу тілі кемістіктерінің алдын алу тәсілдерін толық жетілдіру;

- Қазақстанда логопедиялық көмек беруді ұйымдастыру мәселесін зерттеу, жетілдіру;

- логопедиялық оқу үрдісіне жаңа технологиялар мен компьютерлік техниканы еңгізу, қолдану.

Көрсетілген міндеттерден логопедияның теориялық және практикалық бағыттылығы анықталады. Теориялық аспектісі – сөйлеу тіл кемістіктерін зерттеу, оларды анықтау, жою және тіл кемістігін алдын алудың ғылыми тұрғыдан дәлелденген әдістерін зерттеу. Практикалық аспектісі-тіл кемістіктерін алдын алу, анықтау және түзету. Теориялық және практикалық міндеттер бір-бірімен тығыз байланысты.

Алдыға қойылған міндеттерді шешу үшін:

-пәнаралық байланысты пайдалану, сөйлеу тілі және оның бұзылыстары бойынша зерттеу жұмысына қатысты көптеген мамандарды (психолог, нейропсихолог, нейрофизиолог, лингвист, педагог, әр түрлі профильдегі дәрігерлер, т.б.) қызметтестікке тарту;

-теория мен практиканың өзара байланысын, ғылымның заманауи жетістіктерін практикаға еңгізу мақсатымен ғылыми және практикалық мекемелердің байланысын қамтамасыз ету;

-сөйлеу тілі бұзылыстарын ерте анықтау және оларды жою, түзету принципін жүзеге асыру;

-сөйлеу тілі бұзылыстарын алдын алу мақсатымен халық арасында

логопедиялық білімді насихаттау.

Логопедиялық жұмыстың барысы бұл міндеттерді шешуді белгілейді.

Логопедиялық ықпалдың негізгі бағыты сөйлеу тілін дамыту, түзету және алдын алу болып табылады. Логопедиялық жұмыс үрдісінде сенсорлы функцияларын дамыту; моторикасын, әсіресе сөйлеу моторикасын дамыту; танымдық процестерін, алдымен ес, зейін, ойлау процестерін дамыту; бала тұлғасын, әлеуметтік қатынасын реттеу және түзетуімен қатар қалыптастыру; әлеуметтік ортаға ықпал ету ескеріледі (қамтылады).

Логопедиялық ықпал сөйлеу тілі бұзылыстарын шарттайтын ішкі және сыртқы орта факторларына бағытталған болуы тиіс. Ол сөйлеу тілі бұзылыстарын түзету және орнын басуына бағытталған күрделі педагогикалық үрдіс болып табылады.


Логопедияның принциптері және әдістері
Логопедияның негізгі принциптеріне: жүйелік, кешендік, жанжақтылық, онтогенетикалық, сөйлеу тілі бұзылыстарының этиологиясы мен механизмін ескеру (этиопатогенетикалық принцип), бұзылыстың симтоматикасын, сөйлеу тілі ақаулығының құрылымын ескеру принципы, дамытушылық, т.б. жатады.

Логопедияда жалпы педагогиканың принциптері мен тәсілдері кеңінен пайдаланылады. Кейбір принциптерді қарастырайық.



Жүйелік принципі. Сөйлеу тілі күрделі функционалды жүйе, оның құрылу компоненттері бір бірімен тығыз байланысты. Сондықтан, сөйлеу тілін және оның дамуын зерттеу, түзету сөйлеу тілінің барлық компонеттеріне ықпал етуді болжайды.

Жанжақтылық принципі. Логопедиялық жұмыс логопаттың тұтас тұлғасына ықпал ету арқылы жүргізілуі керек. Оның қайта тәрбиелетін жағымсыз жағы және компенсация процесінде пайдаланатын жағымды жағын ескеру қажет (бұзылған анализатор орнына сақтаулы анализаторды қолдану).

Кешенді принципі. Логопедиялық қорытынды жасау, сөйлеу тілінің бұзылуын ұқсас формаларынан ажырату үшін сөйлеу және сөзсіз симптомдарына, медициналық, психологиялық және логопедиялық тексеру нәтижелеріне талдау жасау керек. Сонымен қатар баланың сөйлеу тілінің даму денгейі мен танымдық әрекеттерінің даму денгейін салыстыру керек болады.

Көптеген жағдайда сөйлеу тіл бұзылыстары әр түрлі жүйке және психикалық-жүйке аурулардың сиптомдарына қосылады (дизартрия, алалия, тұтықпа, т.б.). Бұндай жағдайда сөйлеу тіл бұзылыстарын түзету жұмысы кешенді түрде өтуі керек, яғни медициналық-психологиялық- педагогикалық көмек көрсетілуі керек. Сонымен, сөйлеу тілі бұзылыстарын зерттеу және түзету барысында кешенді принцип маңызды орын алады.



Дамытушылық принципі. Сөйлеу тілі бұзылыстарын зерттеуде және түзетуде нормадан ауытқыған бала дамуының ерекшеліктерін және жалпы даму заңдылықтарын ескерген жөн. Дамытушылық принцип логопедиялық жұмыс барысында баланың «жақын» даму аймағына байланысты міндеттерді, қиыншылықтарды, кезендерін ажыратуды болжайды. Сөйлеу тілі кемістігі бар балаларды зерттеу, олармен логопедиялық жұмысты ұйымдастыру баланың негізгі іс -әрекетін (заттық-тәжірибелік, ойын, оқу) ескере отырып жүзеге асырылады.

Онтогенетикалық принципі. Логопедиялық түзету жұмысы баланың сөйлеу тілінің түрлері мен функцияларының шығу реттілігін және баланың онтогенездегі іс-әрекетінің түрлерін ескеруді талап етеді.

Динамикалық принципі. Баланың даму барысында ауытқушылықтың байқалуы.

Сөйлеу тілі бұзылуын зерттеу және түзетуде келесі дидактикалық принциптер маңызды орын алады: көрнекілік, қолжетімділік, саналылық, даралап тіл табу және т.б.



Логопедия әдістерін бірнеше топқа бөлуге болады:

1 топ – ұйымдастыру әдістер: салыстыру, лонгитюдиналды (даму барысында зерттеу), кешенді.

2 топ –эмпирикалық әдістер: обсервациялық (бақылау), экспериментальді (зертханалық, табиғи, қалыптастырушы, психологиялық –педагогикалық), психологиялық –диагностикалық (тестер, анкеталар, сұқбаттасу), биографиялық (анамнез бойынша мәліметтер жинау және оларға анализ жасау).

3 топ – жинаған мәліметтерді ЭЕМ қолдану арқылы сапалық және сандық (математика –статистикалық) талдау.

4 топ- интерпретациялық әдістер, зерттеу құбылыстары арасындағы байланысты теория жүзінде зерттеу тәсілдері (тұтас пен бөлшектердің, жалпы құбылыс пен жеке параметрлердің, тұлға мен функциялар арасындағы байланыс).

Зерттеудің шынайылығын қамтамасыз ету үшін техникалық құралдар кеңінен қолданылады: интонографтар, спектографтар, назометрлер, бейнесөз, фонографтар, спирометрлер және басқа да құралдар, сонымен қатар біртұтас сөйлеу әрекетінің және оның бөлшектерінің динамикасын зерттеуге мүмкіндік беретін рентгенокиносуреттер, глоттография, кинематография, электромиография.


Логопедияның басқа ғылымдармен байланысы
Логопедия көптеген ғылымдармен тығыз байланысты. Сөйлеу тілі бұзылыстарын алдын алу немесе түзету, тұлғаға жанжақты әсер ету үшін сөйлеу тілі бұзылыстарының симптоматикасын, этиологиясын, механизмін, сөз және сөзсіз симптомдарының арақатынасын білу қажет.

Жүйелік байланыстың ішкі және сыртқы түрі болады. Ішкі жүйелік байланысқа педагогика, арнайы педагогиканың әр түрлі саласымен (сурдопедагогика, тифлопедагогика, олигофренопедагогикамен); ана тіліне және математикаға оқыту әдістемесімен; логопедиялық ритмикамен, жалпы және арнайы психологиямен байланысты. Сыртқы жүйелік байланысқа медициналық-биологиялық және лингвистикалық ғылымдар жатады.

Логопедияның табиғи ғылыми негізі болып: И.П.Павловтың бірінші және екінші сигналды жүйесінің өзара әсерлесіп әрекет жасауы, шартты-рефлекторлық байланыстың қалыптасуының зандылығы туралы, П.К. Анохинның функционалды жүйе туралы ілімі және сөйлеу тілінің әрекеттері туралы казіргі нейропсихолингвистикалық ілім табылады. И. П. Павловтың ілімі бойынша сөйлеу тілі мидың күрделі психофизиологиялық қызметі, екінші сигналды жүйесі, сигналдың сигналы деп саналады. Біздің сезімімізді, қабылдауымызды И. П. Павлов бірінші сигнал болмысы деп атады. Олар арнайы физиологиялық механизмдердің, талдаушылардың арқасында пайда болады. Адамның ең зор дәулеті - оның сигнализациясының ерекше, жоғары түрі - сөйлеуі. Ол екінші сигналды жүйесі деп аталады.

И. П. Павловтың ілімі бойынша бірінші және екінші сигналды жүйелер өзара тығыз байланыста. Екінші сигналды жүйе бірінші сигналды жүйенің негізінде қалыптасады. Бірақ кейін екінші сигналды жүйе бірінші сигналды жүйеге реттеуші ретінде әсер ететін болады. Бірінші сигналды жүйенің бұзылуы екінші сигналды жүйенің бұзылуына апарып соғуы мүмкін. Мәселен, сөйлеу тілінің бұзылу себебі кейде есту, көру анализаторларының механизмінің бұзылуынан болуы мүмкін. Сөз ерекше қасиеті бар сигнал болып табылады. Осы екі жүйенің өзара күрделі және тығыз байланысын ескеруі сөйлеу тіл бұзылыстарын және сөзсіз функцияларын түзетуіне бағытталған логопедиялық жұмысты дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі.

Логопедияда сөйлеу тілінің механизмі, сөйлеу процесін ұйымдастыру, сөйлеу әрекетіне қатысатын анализаторлардың құрылысы және жұмысы туралы жалпы анатомия, физиология, нейрофизиологияның жалпы бөлімдері қарастырылады. Сөйлеу тілі бұзылыстарының механизмін түсіну және түзету процесінің заңдылықтарын анықтау үшін жоғары психикалық функциялардың динамикалық оқшалануы, сөйлеу тілін ұйымдастыру жайындағы білім өте маңызды болып табылады.

Сөйлеу күрделі функционалды жүйе болып табылады. Сөйлеудің күрделі жүйесі ұзақ әлеуметтік-тарихи дамудың нәтижесі болып келеді және бала оны қысқа мерзімде менгереді.

Отариноларингология, невропатология, психопатология, олигофрения клиникасы, педиатрия ғылымдарының мәліметтері сөйлеу тілі бұзылуының механизмі және этиологиясын зерттеуде мамандарға өте көп көмегін тигізіп, логопедиялық ықпалмен қатар медициналық көмекті де уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді. Мәселен, дауыстың бұзылуы көмей және дауыс перделерінің органикалық зақымдалуының салдарынан болуы мүмкін (ісіктер, папиломмалар, т.б.). Бұл жағдайда дауыс бұзылуын жою дауыс аппаратының физиологиялық қалыпты қызмет етуінсіз мүмкін емес. Ол тек дәрімен емдеу, хирургиялық, физиотерапиялық, психотерапиялық ықпал арқылы нәтижелі болады.

Көптеген сөйлеу тілі бұзылыстары орталық жүйке жүйесінің бұзылыстарымен байланысты. Оларды анықтау тек логопедтің невропатолог дәрігермен немесе психоневрологпен өзара тығыз байланыста болғанда ғана бұзылысты диагностикалауға мүмкін болады. Сөйлеу тіл бұзылыстары бар адамдарда психикалық әрекетінің әр түрлі бұзылыстары байқалуы мүмкін (психикалық дамуының тежелуі, мінез-құлық және эмоционалдық бұзылыстары, зейін, ес, т.б бұзылыстары). Оларды сөйлеу тілі бұзылыстарының құрылысы ішінде, механизмінің пайда болуын талдау, орталық жүйке жүйесінің зақымдалуына байланысты біріншіреттік бұзылыстарды және сөйлеу тілі бұзылыстарының салдарынан пайда болған психикалық әрекеттерінің екіншіреттік бұзыстарын ажыратып, анықтау психоневролог-дәрігердің міндеті. Дәрігер баланың зияты жайында қорытынды жасап, сөйлеу тілінің клиникалық диагнозын қояды, тиісті ем жасайды.

Көптеген сөйлеу тілі бұзылыстары мидың ерте органикалық зақымдалуының салдарынан тежелуі мүмкін. Бұл жағдайда логопедиялық жұмыс орталық жүйке жүйесін толықтыруға түрткі болатын арнайы дәрімен емделгенде ғана нәтижелі болады. Бұндай емді психоневролог белгілейді.

Кейбір сөйлеу тілі бұзылыстарының, мәселен, тұтықпаның кейбір түрлерінің, мутизмнің, себебі асқынған психикалық жарақаттар–шошыну, қобалжу, үйреншікті стереотипінің өзгеруі (жақын адамдардан айырылуы) және т.б. болуі мүмкін. Олардың пайда болу кезінде бала тиісті режимге және емге мұқтаж болады. Тек психоневролог дәрігермен логопедтің бірлескен жұмысы оның сауығуына ықпал етеді. Осы деректердің барлығы логопедия педагогикалық ғылым болғанымен тек медициналық ғылымдармен, әсіресе невропатология және балалар психиатриясымен тығыз байланысының арқасында өз алдына қойылған міндеттерді шеше алады. Мұмкіндіктері шектеулі балаларды, сонымен қатар сөйлеу тілі кемістігі бар балаларды оқыту және тәрбиелеу теориясы орталық жүйке жүйесінің құрылысы, қызметі және дамуының ерекшеліктері туралы білім негізінде құрылады.

Невропатология, психопатология, олигофрения клиникасы, есту, көру, сөйлеу тілі мүшелерінің патологиясының өзара байланысы сөйлеу тілін дифференциалды диагностикалауға қажет. Мысалы, естуі төмендеуінің салдарынан сөйлеу тілінің бұзылуы мен сенсорлы алалияны диагностикалау есту функциясын мұқият тексергенді талап етеді, ал олигофрения және алалия кезінде сөйлеу тілі бұзылыстарын анықтау үшін баланың зиятының қалпын, психикалық және сенсомоторлы дамуының ерекшеліктерін анықтамай онша мүмкін болмайды.

Медициналық ғылымдардың мәліметтері логопедке сөйлеу тілі бұзылыстарының механизмінің, этиологиясын дұрыс түсінуге, диагностика және сөйлеу тілі кемістіктерін түзету ықпалы жайында туындаған сауалдарға дұрыс шешім табуға, сөйлеу тілі бұзылыстарына дұрыс педагогикалық талдау жасауға және логопедиялық жұмысты дұрыс ұйымдастыруға, арнайы білім беру ұйымының түрін дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.

Логопедия лингвистикалық ғылыммен және психолингвистикамен тығыз байланысты. Сөйлеу тілі әртүрлі денгейдегі тіл бөлшектерінің және олардың жұмысының ережелерін пайдалануды болжайды. Олар әр түрлі сөйлеу тілі кемістіктерінде әр түрлі бұзылуы мүмкін. Баланың тіл нормаларын менгеру реттілігі мен заңдылықтары туралы білу логопедиялық қорытындыны анықтауға ықпал етеді, логопедиялық жұмыс жүйесін құруға қажет. Заманауи логопедияда сөйлеу тілінің жүйелі бұзылуын зерттеу және түзетуде сөйлеу әрекетінің күрделі құрылысы, қабылдау операцияларының және сөйлеудің пайда болуы туралы Л. С. Выготский, А. Р. Лурия, А. А. Леонтьевтің іліміне негізделген психолингвистиканың деректері кеңінен қолданылады.

Сөйлеу тілі бұзылыстарын зерттеген кезде сөйлеудің пайда болуының қай операциясы зақымдалғанын анықтау қажет. Логопедияда сөйлеудің тууының Л. С. Выготский, А. А. Леонтьев, Т. В. Рябованың модельдері пайдаланылады.

Л. С. Выготский ой мен сөз арасындағы байланысты ойдан сөзге қарай және кері қимыл-қозғалыс үрдісі деп қарастырған. Ол сөйлеудің сыртқы (физикалық) және семантикалық (психикалық) жоспарын ажырата отырып, қимыл-қозғалыстың келесі жоспарын белгілеген: түрткі – ой- ішкі сөз – сыртқы сөз.

Сыртқы сөйлеуде грамматикалық және семантикалық (психологиялық) құрылысының өзара байланысы көрінеді. Семантикалық жоспардан сыртқы сөйлеуге көшудің өтпелі құрылысы ішкі сөйлеу тілі болып табылады. Л.С. Выготский ішкі сөйлеуге терең талдау жасап, оған тән ерекшеліктерін ашып көрсетті.

Сөйлеу процесінің құрылымына негізделе отырып Л.С. Выготский, А. А. Леонтьев сөйлеудің келесі пайда болатын операцияларын ажыратады: түрткі – ой (сөйлеу интенциясы) – іштей бағдарлама жасау – лексикалық күшейту және грамматикалық құрастыру – моторлы іске асыру – сыртқы сөйлеу.

Сөйлеу тілі бұзылыстарын түзетуге арналған логопедиялық жұмыстың нәтижелі болуына, сонымен қатар біркелкі жүйе шеңберінде тіл және сөйлеу құрылысының өзара байланысын түсінуіне психолингвистикалық қозқарас ықпал етеді.

Логопедия жалпы және арнайы психологиямен, психодиагностикамен тығыз байланысты. Логопед баланың психикалық дамуының заңдылығын және ерте жастағы баланы психологиялық-педагогикалық әдіс-тәсілдермен тексеруді пайдалана білуі керек. Осы тәсілдерді қолдана отырып, әр түрлі тіл кемістіктерінің түрлерін, зиятты бұзылыстар, эмоционалды және мінез-құлықтағы бұзылыстар салдарынан пайда болған сөйлеу тілі кемістіктерін ажыратуға болады.

Психологияны білу логопедке тек сөйлеу тілі бұзылыстарын ғана байқап қоймай, бәрінен бұрын баланың өзін, оның сөйлеу тілінің бұзылыстары мен жалпы психикасының дамуының ерекшеліктерін байқауға мүмкіндік береді. Бұл білім әртүрлі жастағы балалармен қарым-қатынасқа түсуге, олардың сөйлеу тілін, қабылдауын, есін, зейінін, ой-өрісін, жігер-ерік аймағын тексеруге арналған дұрыс тәсілдерін таңдауға және тиімді логопедиялық жұмыс жүргізуге мүмкіндік туғызады.


Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар

1. Логопедияға ғылым ретінде анықтама беріңіздер.

2. Логопедияның пәнін, әдістерін, принциптерін ашып айтып беріңіздер.

3. Логопедия пәнінің негізгі мақсаттары мен міндеттерін атаңыздар.

4. Сөйлеу тілі жүре пайда болатынын дәлелдеңіздер (мысал келтіріңіздер).

5. Логопедияның басқа ғылымдармен байланысын дәлелдеңіздер.

6. Заманауи логопедияның өзекті мәселелері қандай?
Ұсынылған әдебиеттер

1. Логопедия. Л. С. Волкованың ред. М., 1989. 1тарау.

2. Қ. Қ.Өмірбекова, Қ. Серкебаев. Логопедия.Алматы, 1996.

3. Филичева Т. Б. және б. Основы логопедии.М., 1989.

4. Қ. Қ.Өмірбекова, Тулебиева Г. Н., т.б. «Логопедия негіздері». Алматы, 2009

5. Хрестоматия по логопедии. Л. С.Волкованың, В. И. Селиверстовтың ред. М., Владос, 1997.

6. Степанов С. С. Дефектология. Словарь-справочник. Б. П. Пузановтың ред. М., 2005.

7. Қ. Қ.Өмірбекова. Логопедияның терминологиялық сөздігі, Алматы, 2007.

8. Коржова Г. М., Байтурсынова А. А. История специального образования в Республике Казахстан. Алматы, 2003.

9. Коржова Г. М., Оразаева Г. С. Из истории развития системы логопедической помощи в Казахстане. Алматы, 2004.

10. Выготский Л. С. Мышление и речь / Собр. соч. – М., 1982. – Т. 2. 6 – 361б.

11. Леонтьев А. А. Язык, речь, речевая деятельность. – М., 1969.

12. Лурия А. Р. Основы нейропсихологии. – М., 1973. – 374б.

2 БӨЛІМ. СӨЙЛЕУ ТІЛІНІҢ АНАТОМИЯЛЫҚ-ФИЗИОЛОГИЯЛЫҚ МЕХАНИЗМІ
Сөйлеу тілінің анатомиялық-физиологиялық механизмін жақсы білу, (сөйлеу әрекетінің құрылымы мен оның функционалды ұйымдастырылуын) біріншіден, қалыпты жағдайда сөйлеу тілінің күрделі механизмін, екіншіден, сөйлеу тілінің ақаулықтарын талдауына дифференциалды түрде қарау, үшіншіден, түзету жұмысының жолдарын анықтауға мүмкіндік береді.

Сөйлеу қабілеті сөйлеу аппараттарын іске қосатын орталық және шеткі күрделі жүйке жүйелері арқылы іске асады. Сөйлеу әрекетінде бас ми қызметі басты роль атқарады.

ХХ ғасырдың басында сөйлеу тілі қызметі бас мида орналасқан ерекше «оқшаланған сөйлеу орталықтарымен» байланысты деген көзқарас таралған болатын. И. П. Павлов бұл ойға жаңа бағыт беріп, ми қыртысының сөйлеу қызметінің шоғырлануы (локализациясы) тек күрделі ғана емес, сонымен қатар өзгермелі екенін дәлелдеп, оны «динамикалық локализация» деп атаған.

П. К. Анохин, А. Н. Леонтьев, А. Р. Лурия және т.б. ғалымдардың зерттеулері бойынша кез келген жоғары психикалық қызметтің негізі жеке «орталықтар емес», орталық жүйке жүйесінің әртүрлі бөліктерінде орналасқан, бір бірімен біртұтас әрекетпен байланысты күрделі функционалды жүйелер болып табылады.

Сөйлеу процесі адам баласына ғана тән, өте күрделі жоғарғы психиқалық қабілет. Ол шартты рефлекс заңдарына бағынады. Сөз арқылы қатынасқа түсу процесінде (коммуникация) адамдар бір бірімен ой бөлісіп, бір біріне ықпал етеді. Сөздік қатынас тіл арқылы мүмкін болады. Тіл дегеніміз – қатынас құралының фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жүйесі.

Сөйлеуші өз ойын жеткізу үшін керек сөздерді іріктеп, оларды тілдің грамматикалық ережелерімен байланыстырып, сөйлеу аппаратының артикуляциясы арқылы айтады.

Адамның сөзі түсінікті және анық болу үшін, сөйлеу мүшелерінің қимылы заңды және нақты болуы тиіс. Сонымен бірге бұл қимылдар әдеттенген болып, еріксіз іске асуы керек.

Әдетте, сөйлеуші тек өз ойының ағымын ғана ескереді де, ал сөйлеген кезде оның ауыз қуысындағы тілі қандай қалыпта болуы керек екені, қай кезде тыныс алу керек екенін, т.б. ойламайды. Бұл сөйлеу механизмінің әрекеті нәтижесінде іске асады. Сөйлеу механизмінің әрекетін түсіну үшін сөйлеу аппаратының құрылымын жақсы білу қажет.



Сөйлеу аппараты дегеніміз – орталық жүйке жүйесінің әр бөлігіне әр деңгейде орналасқан, бірақ барлығы жиылып бір іске жұмылған өз алдына дербес қабілетті жүйе (Правдина О. В.).

Сөйлеу аппараты бір бірімен тығыз байланысты екі бөліктен тұрады: орталық (реттеуші) және перифериялық (шеткі- атқарушы).

Сөйлеу аппаратының орталық бөлімі адамның миында орналасқан. Ол реттеу функциясын атқарады. Бұл бөлім ми қыртысынан (көбінесе сол жақ мидың), ми қыртысы асты ядролардан, ми өзегі, ми өзегі ядроларынан, соларды жалғайтын жүйке жолдарынан және тыныс алу, дауыс, артикуляциялық бұлшық еттеріне баратын жүйкелерден тұрады.

Орталық сөйлеу аппаратының және оның бөліктерінің қызметі қандай? (неде?)

Сөйлеу жоғары жүйке жүйесінің басқа да көріністерімен қатар рефлекстер негізінде дамиды. Сөйлеу рефлекстері мидың әр түрлі бөліктерінің әрекетіне байланысты, дегенмен сөйлеудің жасалуында ми қыртыстарының кейбір бөліктері басты роль атқарады. Әсіресе мидың сол жақ қыртысының шеке, самай, төбе және шүйде бөліктері (солақайларда оң жақ).

Ми қыртысының шеке бөлігінің төменгі қыртысында Брока орталығы орналасқан. Адамның дауыс шығару және сөйлеу процестері осы орталық арқылы іске асады. Ал ми қыртыстарының самай бөлігінде басқа адамның сөйлеген сөзін естіп – түсіну қабілетін іске асыратын орталық орналасқан

(Вернике орталығы). Осыған байланысты адам басқа адамның сөйлеген сөзін естіп, түсінеді.

Ми қыртыстарының төбе бөлігі естіп, сөзді түсініп, адамның жазу жазып және жазылған сөздерді шүйде бөлігінде орналасқан көру орталығы арқылы көзбен көріп, түсінуге үлкен ықпал етеді. Баланың тілінің дамуы ересектердің артикуляциясын көріп қабылдау арқылы жүзеге асатыны белгілі.

Ми қыртысы астындағы ядролар адамның сөйлеген кезде анық, байсалды және әсерлі сөйлеуіне әсерін тигізеді.

Сөйлеу аппаратының барлық мүшелері ми өзегі ядроларына шығатын бас сүйек-ми жүйкелермен қамтамасыз етілген.

Сөйлеу аппаратының орталық және шеткі бөлімі мидан шығатын қос жүйкелермен қамтамасыз етіледі (V-үшкіл, VII-бет, IX - тіл-жұтқыншақ, Х- кезбелі, XI-қосымша, XII-тіл асты).

Үшкіл қос жүйке (V) адамның төменгі жағын қимылға келтіреді; бет қос жүйкесі (VII) бетті әртүрлі қимылға түсіретін, соның ішінде ерінді және ұртты қимылға түсіретін бұлшық еттерді; тіл-жұтқыншақ (IX), кезбелі (X) қос жүйкелер дауыс перделерімен көмей бұлшық еттерін, жұтқыншақпен жұмсақ таңдай бұлшық еттерінің қимылын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тіл-жұтқыншақ қос жүйке тілдің сезімтал жүйкесі, ал кезбелі қос жүйке тыныс алу мүшелерімен жүрек бұлшық еттерін жүйкелендіреді. Қосымша (XI) қос жүйке мойын бұлшық еттерінің, ал тіл асты (XII) қос жүйке тілдің әртүрлі қимыл жасауын қамтамасыз етеді.

Осы нерв жүйелері арқылы адамның миындағы сөйлеу орталықтары (Брока және Вернике) шетте жатқан сөйлеу аппаратының мүшелерімен тікелей байланысып, бір біріне серпіндерін (импульстерін) жіберіп отырады.

Белгілі психолог А. Р. Лурияның орталық нерв жүйесінің жұмысының принциптері жайындағы көзқарасы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған. Ол мидың жұмысында функционалды үш блокты ажыратады.

Бірінші блокқа ми қыртысы астындағы ядролары, екінші блокқа ми қыртысының артқы бөлігі кіреді, ол сырттан сезім арқылы келген информацияны қабылдап, сақтайды. Атап айтқанда осы блок танымдық процестерді қамтамасыз ететін мидың негізгі аппараты болып саналады. Екінші блоктің құрамында бірінші реттік, екіншіреттік, үшіншіреттік зоналар ажыратылады.

Бірінші реттік зоналарда белгілі сезім мүшелерінен мәліметтер қабылданады.

Бірінші реттік зоналардан алынған серпіндерін талдау екіншіреттік зоналар арқылы іске асады. Бірінші реттік және екінші реттік зоналар белгілі бір анализатордың бөлігі болып табылады (есту, көру, т.б.).

Үшінші реттік зоналар қабылданатын сезім мәліметтерін талдау, жинақтау және интеграциялау қызметін атқарады.



Үшінші блок үлкен жарты шардың алдыңғы бөлігінің қыртысынан тұрады. Ол адамның тәртібін жоспарлап, реттеп, бақылайды және ми асты қыртыстарының жұмысын реттейді.

Осы блоктардың қызметінің өзара тығыз байланысы нәтижесінде сөйлеу процесі іске асады. Сонымен қатар, сөйлеу процесінде әр блок арнайы өз қызметін атқарады. Сөйлеу әрекетінің бұзылуының спецификалық симптомдары мидың зақымдалған бөлігіне байланысты байқалады.



Сөйлеу аппаратының шеткі бөлігі (атқарушы) үш бөліктен тұрады: тыныс алу, дауыс шығару, артикуляциялық бөлігі.

Демалу бөлігіне адамның кеуде қуысы, өкпесі, бронхылары және кеңірдегі кіреді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет