Дене шынықтыру тәрбиесіне және шынығуға бақылауды балалар мекемелерінің дәрігері мен медбикесі жүргізеді. Медициналық тексерулердің нәтижелері бойынша, оқу жылының басында, дәрігер оқушыларды дене шынықтыру тәрбиесінің үш тобына бөледі: негізгі, дайындық және арнайы. Негізгі топқа денсаулық жағдайында ауытқулары жоқ және аздаған морфофункционалдық ауытқулары бар, бірақ дене шынықтыру дайындығы жеткілікті балалар жатады (1- және ішінара 2- денсаулық топтарының балалары). Олар шектеусіз, оқу бағдарламасына сәйкес шұғылданады, жарыстарға қатысады, бақылау нормативтерін тапсырады, спорт секцияларына, туристік сапарларға, экскурсияларға қатынасады. Дайындық тобына денсаулық жағдайында аздаған ақаулары бар балалар (дене дамуының артта қалуымен, компенсация сатысындағы жүрек ақаулары бар, реконвалесценттер және т.б.), сондай-ақ, денсаулық жағдайында ауытқулары жоқ, бірақ дене шынықтыру дайындығы жеткіліксіз (2-, ішінара 1- денсаулық топтарының балалары) балалар жатады. Бұл топтағы балаларға сабақ негізгі топпен бірге жүргізіледі, бірақ бұлшық етке түсетін жүктемелер шектеледі, күш жұмсауды қажет ететін жаттығулар біртіндеп меңгеріледі, жаттығулардың қайталануы азаяды, қатты жүгіруге тыйым салынады. Спорттық ойын-сауықтар, экскурсиялар, сапарлар рұқсат етіледі. Шынықтыруды су мен ауа температурасын төмендетпей жүргізеді.
Үшінші, арнайы топқа, денсаулық жағдайында уақытша немесе тұрақты ауытқулары бар, бірақ оқу үрдісіне жіберілетін балалар жатады (3-, ішінара 4- денсаулық тобының балалары). Мұндай балаларға дене шынықтыру тәрбиесін сақтықпен, арнайы бағдарлама бойынша, баланың жағдайын ескеріп, үнемі бақылау үстінде жүргізеді. Сумен шынықтыру жүргізілмейді, серуендеуге, орташа қимылды ойындарға, жеке өзі дене шынықтыру жаттығуларымен айналысуына рұқсат етіледі. Емдік дене шынықтыру жүргізіледі. Бұл топқа қозу аралық кезеңдегі ревматизммен ауратын, субкомпенсация сатысындағы жүрек ақаулары бар, дене дамуы едәуір артта қалған, жоғары деңгейде алыстан көрмеушілік, полиомиелитпен аурғаннан кейінгі қалған құбылыстары, омыртқаның деформациялары бар балалар жатады.
Жедел аурулармен аурған, созылмалы аурулары қозған және операция жасалған балалар уақытша сабақтан босатылады.
Дене шынықтыру тәрбиесі тобын мәңгі-бақига орнатпайды. Денсаулық жағдайының динамикасына және дене шынықтыру дайындығына байланысты балаларды күштірек немесе әлсізірек топқа ауыстырып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |