Гигиеналық эксперимент әдісі. Гигиеналық экспериментті табиғи немесе зертхана жағдайында жүргізеді. Табиғи эксперимент деп, сыртқы орта факторларының адамдардың денсаулығына тигізетін әсерін зерттеуді немесе шынайы еңбек жағдайында немесе тұрмыстық іс-әрекет жағдайы мен өмір сүру жағдайындағы сыртқы орта факторларын зерттеуді айтады. Табиғи эксперимент жағдайында алынған мәліметтерді, әдістемелік ұсыныстарды, нұсқауларды, санитарлық ережелерді дайындау үшін, өндіріс өнеркәсіптеріне жаңа технологиялық үрдістерді енгізу үшін, санитарлық қорғаныс аймақтарының өлшемін анықтау және басқалар үшін қолданады. Сонымен бірге, табиғи экспериментте адамға және қоршаған ортаға көп факторлар әсер етуі кезінде, олардың ішінен денсаулықтың бұзылыстары дамуында қандай да бір жеке фактордың маңыздылығын бөліп көрсету, оның әсер ету сипаты мен қауіпсіз деңгейін анықтау, фактордың сыртқы ортада қандай өзгерістерге түсетінін, т.б. бағалау қиынға соғады.
Сондықтан, бұл сұрақтарды шешу кезінде зертханалық гигиеналық эксперимент жоғары бағаланады. Зертханалық экспериментте үрдістер модельденеді, олар келесі мәселелерді зерттеуге мүмкіндік береді:
факторлардың халықтың денсаулығына әсері тікелей ме, әлде басқа орта арқылы ма;
сыртқы орта факторларының өздерін және олардың қоршаған ортаның сандық және сапалық параметрлеріне тигізетін әсерін зерттеуге мүмкіндік береді.
Гигиеналық зертханалық эксперименттің мақсаты- факторлардың қауіпсіз мөлшері мен деңгейлерін, яғни гигиеналық нормативтерді орнату үшін, олардың әсер ету сипаты мен қауіптілігін анықтау болып табылады. Фактордың адамның денсаулығына әсерін зерттеу үшін, әдетте, екі түрлі эксперимент қойылады: өз еркімен келіскен адамдарға және жануарларға. Жануарларға жүргізілген эксперименттен алынған мәліметтерді әрі қарай адамдарға экстраполяциялайды. Адамдарға зерттеулер жүргізуге, тек толық қауіпсіздік кепілдігі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мұндай зерттеу түрлеріне, мысалы, атмосфера ластануының иіс табалдырығын (иіс сезуін) анықтау, жарықтың, шудың немесе дірілдің және т.б. әсеріне көру және есту реакцияларын зерттеу жатады.
Жануарларға эксперимент, химиялық факторларды гигиеналық нормалау мақсатында жиі жүргізіледі. Әдетте, бұл факторлардың жедел, жеделдеу және созылмалы әсерлері зерттеледі, жедел және созылмалы әсерлерінің табалдырығы минималды әсер ететін мөлшері анықталады, ағзада жиналатын қабілеті, спецификалық және әсерінен біраз уақыт өткеннен кейінгі салдары – мутагендік, эмбриотоксиндік, канцерогенді әсерлері зерттеледі, содан соң алынған мәліметтердің негізінде, әсерінің қауіпсіз деңгейін – ШРЕК есептеп табады.
Ортаның факторларының өзін зерттеу және олардың қоршаған орта нысандарына әсерін зерттеу жөніндегі зертханалық эксперимент, зертханалық модельдік құрылғыларда немесе жартылай өндірістік құрылғыларда жүргізіледі. Мысалы, экзогенді химиялық заттардың топырақтан өсімдіктерге өтуін зерттеу үшін, арнайы фитоклиматтық камера жасайды, ол жерде топыраққа зерттелетін химиялық затты қосады да, содан соң, осы топырақта өсірілген өсімдікте сол химиялық заттың мөлшерін анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |