III-ТАРАУ. АУА ОРТАСЫНЫҢ ГИГИЕНАСЫ
1. Ауа ортасының гигиеналық маңызы.
Атмосфералық ауа қоршаған ортаның маңызды құрам бөлігінің бірі болып табылады. Ауасыз адамның да және басқа да тірі ағзалардың өмір сүруі мүмкін емес. Жердегі тіршілікті сақтаудағы ауа ортасының атқаратын маңызды рөлі, алдымен, оның құрамындағы оттегімен байланысты, өттегінің арқасында ағзада аралық алмасу мен тіндік тыныс алу үрдістері жүріп отырады. Сонымен қатар, ағзамен қоршаған орта арасында жылу алмасу үрдістерін қамтамасыз етуде де ауаның мәңызы аз емес, себебі ауа, адам ағзасындағы жылу өндірілуімен және одан жылу берілуіне әсер етіп, адам ағзасының жылылық жағдайын анықтайды.
Адам ағзасы мен оның тіршілігіндегі санитарлық жағдайына атмосферадағы болып жатқан физикалық үрдістер де елеулі әсер етеді, олар басқа факторлармен әрекеттесіп жергілікті жердің ауа райы мен климатын қалыптастырады. Күн сәулесінің биологиялық нысандарды жоятын әсері бар қысқа толқынды ультракүлгін сәулелері мен ғарыштық радиация атмосфералық ауа арқылы өткенде, олардың шашырауы және сіңірілуі жүреді. Тіршілік үшін маңызды жер бетіне жететін күн радиациясының саны мен сапасы да көп жағдайларда атмосфераның жағдайына байланысты. Атмосфера, адамның, жануарлардың және өсімдіктердің зат алмасуынан пайда болған газ туріндегі өнімдері, патогенді микроағзалар, табиғи және техногенді текті химиялық және радионуклидтік ластаушылар түсіп отыратын, резервуар болып табылады. Соның нәтижесінде, ауа жұқпалы және паразиттік аурулар берілетін фактор болуы, сондай-ақ, адам денсаулығы мен тұрғындардың санитарлық-тұрмыстық жағдайына қолайсыз әсер етуі мүмкін.
Ауа массасының тез араласатын және үлкен қашықтықтарға көшетін қабілеті жергілікті ластанулардың тез таралуына және олардың жаһанданық ластануға айналуына ықпал етеді. Сонымен бірге, атмосфераның үнемі болып отыратын айналымы және басқа да сфералармен, әсіресе, мұхитпен байланысы, оның өздігінен тазаруына жоғары қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
Атмосфералық ауаны ластайтын заттардың көп бөлігі жерге түседі, өсімдіктерге сіңеді, заттардың топырақта өтетін айналымына енеді, жауындармен жуылып кетеді. Ауаның мұхитпен жанасуы нәтижесінде, мұхит атмосферадан көмірқышқыл газының, күкірт ангидридінің және басқа да қосылыстардың едәуір массаларын өзіне сіңіреді. Сондықтан, атмосфера, тек ауаға араласқан бөлшектерден, зиянды химиялық заттардан, радионуклидтерден және патогенді флорадан өздігінен тазару үрдістері жүріп отыратын табиғи орта ғана емес, сонымен қатар, ол заттармен суды және топырақты ластайтын көзі де болып табылады. Жабық бөлмелердегі ауа сапасы да атмосфералық ауаның сапасымен анықталады.
Достарыңызбен бөлісу: |