Санитарлық тексеру әдісі - адамдардың денсаулығына және олардың санитарлық-тұрмыстық жағдайына әсер ететін факторларды зерттеуге мүмкіндік беретін негізгі әдістердің бірі болып табылады. Ол екі түрден: санитарлық бейнелеп жазудан және тереңдетілген санитарлық тексеруден тұрады. Нысанды санитарлық бейнелеп жазу көзбен көріп байқау, төлқұжаттық мәліметтерін және нысанға қатысты басқа да құжаттарды зерттеу мәліметтері бойынша, сондай-ақ нысандағы адамдардан немесе берілген аумақта тұратын халықтан сұрау немесе анкеталық мәліметтері бойынша жүргізіледі. Мысалы, аурулардың емдеу-алдын алу мекемелерінде болуы кезінде жағдайын бағалау үшін, оның орналасуы, ғимаратының қанша қабат екені, жоспарлануы, патологиясы әр түрлі аурулардың дұрыс орналастырылуы, палаталардың өлшемі, терезелерінің бағытталуы, жарығы, микроклимат жағдайының қолайлылығы, аурухананың жер телімінің көгалдандырылуы және басқалар ескеріледі. Бірақ санитарлық бейнелеп жазу нысаның санитарлық жағдайын тек субъективті түрде (сапа жағынан) сипаттауға мүмкіндік береді. Ол зиянды факторлар туралы және олардың әсер ету деңгейлері жөнінде толық ақпарат бермейді. Сондықтан, тереңдетілген санитарлық тексеру жүргізіледі, бұл кезде санитарлық бейнелеп жазудан алынған мәліметтер, адамның денсаулығына тікелей немесе жанама түрде зиян келтіретін факторларды аспаптық-зертханалық зерттеу мәліметтерімен барлық уақытта да толықтырып отырады. Тереңдетілген санитарлық тексеру, нысанның санитарлық жағдайын объективті түрде, саны жағынан бағалауға мүмкіндік береді. Тереңдетілген санитарлық тексеру кезінде қандай факторлар зерттеледі, соған байланысты әр түрлі әдістер қолданылады, атап айтқанда, физикалық, химиялық, физико-химиялық, биологиялық, географиялық және басқа әдістер. Мысалы, шудың деңгейін зерттеу үшін шуды өлшеу қолданылады, химиялық құрамын және олардың мөлшерін анықтау үшін – газды-сұйықты хроматографияны, атомдық-абсорбциялық спектрофотометрияны және т.б. қолданылады.
Тереңдетілген саиитарлық тексеруді бітіргеннен кейін, жойылуы керек кемістіктері көрсетілген, толық жазылған нысанның санитарлық төлқұжаты жазылады. Дәрігер - гигиенист маман ұсынған сауықтыру шараларының жоспары, санитарлық ұйғарым түрінде нысанның әкімшілігіне жіберіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |