Тұрмыстық қалдықтар адамның тұрмыстық және шаруашылық қызметінің нәтижесінде үздіксіз түзіліп отырады. Оларды сұйық және қатты деп бөледі. Қатты қалдықтарға үйден шыққан қоқыс, көшенің сыпырындысы, құрылыс қоқыстары, ас үйден шыққан қалдықтар, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының, ауруханалардың қалдықтары және т.б. жатады. Қатты қалдықтар массасының 25% дейінгісін екінші реттік шикізат – қағаз, картон, тоқыма, металл, тері және т.б. құрайды. Шамамен, 60-70% залалсыздандыруға болатын органикалық бөліктің үлесіне тиеді. Қалған бөлігін құрылыс материалдары, тастар, қайта пайдалануға қиынға соғатын резеңке, орағыш материал және ыдыс ретінде пайдаланылатын пластик, әйнек, жанғыш материалдар (тас көмір, ағаш және т.б.) құрайды. Жыл сайын қатты қалдықтар салмағы 0,5%-ға көбейеді, бұл ретте ірі қалаларда олардың мөлшері бір тұрғынға 1-ден 1,5 м3 дейін келеді. ХХ ғасырдың соңында ЕЭҚ құрамына кіретін мемлекеттерде 150 млн т жуық тұрмыстық қалдықтар түзілген (Е.И.Гончарук, 2006).
Қатты тұрмыстық қалдықтар әр түрлі жұқпалы аурулардың өте көп қоздырғыштары мен гельминт жұмыртқаларының көзі болып саналады, олар қалдықтар құрамында болып, өздерінің тіршілік қабілеті мен вируленттілігін бірнеше айлар бойы сақтап қала алады. Әсіресе, бұл тұрғыда медициналық мекемелердің қалдықтары қауіпті. Шіріп жатқан қалдықтар шыбындардың личинкалары мен қуыршақтарының дамуы үшін тамаша орта болып табылады. Жаздыгүні бір қоқыс жәшігінен тәулігіне бірнеше мыңдаған шыбын көбейіп шығады. Шыбындар қоздырғыштарды тұрақты түрде тамаққа, тұрмыстық заттарға тасымалдаушылар болып табылады, оның үстіне олар көбейген жерлерінде ғана шоғырланбай, сонымен қатар одан көптеген шақырым қашықтыққа ұшып барады. Шыбын денесінің сыртында патогенді микроорганизмдер 1-7 тәулік бойына, ал асқазанында 2-ден 8 тәулікке дейін тіршілік етеді.
Қатты қалдықтардың құрамындағы органикалық компоненттері топырақты, атмосфералық ауаны, суды уытты ыдырау өнімдерімен ластай отырып, шіриді. Қоқыс төгетін орындарда қаладан шыққан қоқысты өртегенде, топырақтың беткі қабаты мен ауа қоқыстың құрамындағы уытты заттармен (қорғасын, мырыш, кадмий, мыс, диоксиндер және т.б.) ластанады. Полимерлік материалдардың жинақталуы да маңызды мәселе болып табылады, олардың көпшідігі топырақта ыдырауға ұшырамайды.
Сұйық тұрмыстық қалдықтарға адамдар мен жануарлардың нәжістері, зәрі, жуындылар, шаруашылық-нәжістік және нөсер жаңбырлардың ағынды сулары жатады. Олар эпидемиологиялық тұрғыдан да, токсикологиялық тұрғыдан да қауіпті.
Достарыңызбен бөлісу: |