Оқулық. Г. О. Сыздықова Алматы, 2012. 160 бет



Pdf көрінісі
бет46/101
Дата14.12.2021
өлшемі457,37 Kb.
#127017
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   101
Байланысты:
Syzdykova-Kazirgi-kazak-tili

оқыдым, алды, айтыпты, барған,
 т.б. 


84
Бұйрық рай сөйлеушінің тыңдаушыдан немесе тыңдаушы 
арқылы үшінші жақтан қимылды жүзеге асыру-асырмауды та-
лап ету мақсатында қимылға, іске қозғау салу, түрткі болу, бұйыру 
мағынасын білдіреді. Бұйрық үш жаққа, яғни айтушы, тыңдаушы 
жəне  бөгде  жаққа  қаратыла  айтылатындықтан,  бұйрықтық  мағына      
3 жақта, жекеше, көпше түрде мынадай грамматикалық форма-
лар арқылы беріледі:
  -айын/-ейін,  -айық/-ейік,  -йық/-йік,  -лық/-лік,           
-ыңыз/-іңіз,-ңыз/-ңіз, -ыңдар/-іңдер, -ңдар/-ңдер, -ыңыздар/-іңіздер,   
-ңыздар/-ңіздер, -сын/-сін. 
Мысалы:
 мен барайын, біз барайық, сен 
бар, сіз барыңыз, сендер барыңдар, сіздер барыңыздар, ол (олар) бар-
сын.
 Бұйрық райдың 2-жақ жекеше түрінің арнайы грамматикалық 
формасы болмайды, бұйрықтық мағына нөлдік форма арқылы 
беріледі. 
Етістік категорияларының ішінде тұрақтылығымен ерекшеле-
нетіні – шартты рай категориясы. Қимылдың, іс-əрекеттің жүзеге 
асу-аспауының шартын білдіретін шартты рай категориясы  
-са/-се 
жұрнақтары арқылы жасалады. Шартты рай бір істің не қимылдың 
екінші істің жүзеге асу-аспауының шарты болатынын білдіреді. Мы-
салы:
 мен оқысам, сен жазсаң, сіз айтсаңыз, ол келсе,
 т.б.
Қалау рай сөйлеушінің белгілі бір əрекетті, қимылды істеуге, 
жүзеге асыруға деген ниетін, қалауын, тілегін білдіреді. Мағынасына 
қарай тілекті жəне ерікті қалау рай болып екі түрге бөлінеді. Ерікті 
қалау рай
 -ғы/-гі, -қы/-кі 
жұрнақтарына тəуелдік жалғаулары 
жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: барғым келеді, оқығысы 
келді, айтқымыз келмейді, т.б. Тілекті қалау рай 
-ғай/-гей, -қай/-кей 
жұрнақтары мен жіктік жалғауларының жалғануы жəне  
-са/-се+игі 
еді (екен)
 арқылы жасалады. Мысалы:
 барғайсың, жазғайсыз, айтса 
игі еді, барса екен, түсінсе игі еді,
 т.б. 
Шақ категориясы – қимылдың, іс-əрекеттің сөйлеу кезінен 
бұрын, сөйлеу кезінен кейін жəне сөйлеу кезінде болғанын 
білдіретін етістіктің грамматикалық категориясы. Морфологиялық 
белгісі мен шақтық мағынасына қарай өткен шақ, осы шақ жəне ке-
лер шақ болып үш түрге бөлінеді. Өткен шақ сөйлеу кезінен бұрын 
болған іс-əрекетті, қимылды білдіреді. Н. Сауранбаев өткен шақты 
ежелгі өткен шақ, жедел өткен шақ, бұрын өткен шақ, тиянақсыз 
өткен шақ деп 4 түрге, Ы. Маманов жедел өткен шақ, бұрынғы өткен 
шақ, ежелгі өткен шақ, дағдылы өткен шақ, қатысты өткен шақ деп 
5 түрге, А. Ысқақов анық (айғақты) өткен шақ, танық (айғақсыз) 
өткен шақ жəне неғайбыл (ауыспалы) өткен шақ деп  3 түрге, 


85
Н. Оралбай жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ауыспалы 
өткен шақ, қатыстық өткен шақ деп 4 түрге бөледі. Қазақ тілінің 
академиялық грамматикаларында өткен шақтың жедел өткен шақ, 
бұрынғы өткен шақ жəне ауыспалы өткен шақ тəрізді түрлері 
анықталады. Қазіргі тіл жүйесінде де осы үш түр орныққан. 
Жедел өткен шақ 
-ды/-ді, -ты/-ті
 жұрнақтары, бұрынғы өткен 
шақ көсемшенің 
-ып/-іп/-п, 
есімшенің 
-ған/-ген,-қан/-кен
 жəне 
-ушы 
жұрнақтары, ауыспалы өткен шақ есімшенің
  -атын/-етін/-йтын/              
-йтін 
жұрнақтары арқылы жасалады.  
Осы шақ сөйлеу кезінде болып жатқан іс-қимылды, əрекетті 
білдіреді. Осы шақты топтастыруда А. Ысқақов оны жалпы осы шақ, 
нақ осы шақ жəне неғайбыл осы шақ деп 3 түрге бөлсе, Н. Сауранба-
ев, Н. Оралбай нақ осы шақ, ауыспалы осы шақ деп. 2 түрге бөледі. 
Нақ осы шақ 
отыр, жатыр, жүр, тұр
 етістіктерінің жіктік жалғауын 
тікелей қабылдауы арқылы жəне осы етістіктердің көсемше тұлғалы 
негізгі етістіктерге тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы:
 отырмын, 
жүрсің, тұр, айтып отыр, жазып тұр,
 т.б. Ауыспалы осы шақ 
көсемшенің 
-а/-е/-й
 жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы:
 ойлай-
ды, барады, айтады, жүзеді, 
т.б.   
Келер шақ іс-əрекеттің алдағы уақытта болатынын білдіреді. 
Н. Сауранбаев келер шақты шексіз келер шақ, шекті келер шақ, 
мақсатты келер шақ,  Ы. Маманов ауыспалы келер шақ, болжалды 
келер шақ, ниет келер шақ, А. Ысқақов жалпы (анық) келер шақ, 
болжалды келер шақ, мақсатты келер шақ, Н. Оралбай ауыспалы 
келер шақ, болжалды келер шақ, мақсатты келер шақ деп топтас-
тырады. Қазіргі грамматикада соңғы топтастыру негізге алынады. 
Ауыспалы келер шақ көсемшенің
 -а/-е/-й, 
есімшенің 
 -атын/-етін/ 
-йтын/-йтін 
жұрнақтары, болжалды келер шақ есімшенің 
-ар/-ер/ 
-р/-с,
 мақсатты келер шақ
 -мақ/-мек/-бақ/-бек/-пақ/-пек,-ғалы/-гелі/  
-қалы/-келі 
жұрнақтары арқылы жасалады.    
Жақ категориясы – етістікке тəн грамматикалық категориялардың 
бірі. Жақтық мағына жақ категориясының грамматикалық 
көрсеткіштері – жіктік жалғаулары арқылы беріледі. Қазақ тілінде 
жіктік жалғауының үш жағы (сөйлеуші, тыңдаушы, бөгде), жекеше, 
көпше түрі бар. Етістік жіктік жалғаулары арқылы субъектімен жақ 
жағынан байланысады. Жіктік жалғаулары сөзге жалғану сипаты-
на қарай 2 түрге бөлінеді: 1) толық түрі:
 -мын/-мын/-пын/-пін,-мыз/ 
-міз,-пыз/-піз,-сың/-сің,-сыз/-сіз,-сыңдар/-сіңдер,-сыздар/-сіздер, 
-ды/-ді/-ты/-ті;
2) қысқа түрі: 
-м/-қ, -ң/-ңдар/-ңдер, -ыңдар/-іңдер, 


86
-ыңыз/-іңіз/,-ңыз/-ңіз.
 Мысалы: барамын, барсам, барасың, бар саң, ба-
расыз, барсаңыз, барады, барамыз, бардық, барасыңдар, бардыңдар, 
барасыздар, бардыңыздар,  барады. Етістік түбірлері (
отыр, тұр, 
жатыр, жүр
 деген етістіктер болмаса) жіктік жалғауларын тікелей 
қабылдамайды. 
Есімше, көсемше жəне қимыл атауы етістіктің ерекше түрлері 
болып саналады. Есімше – морфологиялық тұлғалануы мен син-
таксистік қызметі жағынан өзіндік ерекшеліктері бар, етістіктің есім 
сөздерге де, етістікке де ұқсас ерекше түрі. Ол есім сөздер сияқты 
септеліп, көптеліп, тəуелденсе, етістіктер сияқты жіктеледі. Сондай-
ақ сөйлемде есім сөздер сияқты анықтауыш, етістіктер сияқты баян-
дауыш қызметінде қолданылады. Есімше етістіктің басқа түрлерінен 
есім сөздерге тəн түрлену жүйесімен, қызметімен ерекшеленеді. Мы-
салы: айтқан, айтқанға, айтқанды, айтқандар, айтқаным, айтқанның, 
т.б. Есімше етістік түбіріне мынадай жұрнақтардың жалғануы 
арқылы жасалады:
 -ған/-ген, -қан/-кен,-ар/-ер/-р,-атын/-етін/-йтын/
-йтін,-мақ/-мек/-бақ/-бек/-пақ/-пек.
 Мысалы: 
баратын, келмейтін, 
барар, келер, жазбақ, көрмек, айтпақ,
 т.б. 
Іс-əрекеттің, қимылдың амалын, себебін, жай-күйін  сипаттайтын 
жанама қимыл көсемше арқылы беріледі. Қазақ тілінде көсемшелер 
мағынасы мен қызметіне қарай түрліше топтастырылады. Ы. Ма-
манов оларды мағынасы мен сыртқы тұлғасына қарай өткен шақ 
көсемше, келер шақ көсемше, мақсатты көсемше, Н. Сауранбаев 
үнемді көсемше, үнемсіз көсемше, мақсатты көсемше, А. Ысқақов 
өткен шақ көсемше, осы шақ көсемше жəне келер шақ көсемше деп 
бөледі. Көсемше
 -ып/-іп/-п,-а/-е/-й, -ғалы/-гелі/-қалы/-келі, -ғанша/
-генше/-қанша/-кенше,-майынша/-мейінше/-байынша/-бейінше/ 
-пайынша/-пейінше
 жұрнақтары арқылы жасалады.
Етістіктің мағынасы, түрлену жүйесі жағынан ерекшеленетін 
түрі – қимыл есімі. Нақты іс-əрекетті білдірмей, тек оны атап 
көрсететіндіктен қимыл есімі етістіктер сияқты шақ, жақ, рай 
жұрнақтарымен түрленбейді. Бұл жағынан қимыл есімдері есім 
сөздерге жақын болады. Қимыл есімі негізгі жəне туынды етістік-
терге 
-у, -ыс/-іс/-с 
жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. 
Мысалы: 
себу, егу, азайту, көбейту, жүріс, тұрыс, 
т.б. 
 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   101




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет