«Ричард III» драмасы
«Ричард III» (1592) драмасының сюжетін Шекспир Холиншедтің
«Англия, Шотландия және Ирландия хроникаларынан» (1577) алып, оны көркемдік тұрғыдан қайта өңдеді. Шығарманың бас қаһарманы даңққұмар Ричард таққа отыру үшін ешнәрседен қайтпай, жолында кездескен тосқауылдардың бәрін жеңеді. Алдын ол науқас король Эдуард IV-нің екі ұлын өлтіреді, соңынан корольдің інісі герцог Георг Кларенстің де көзін жояды. Мұнымен де қанағаттанбаған Ричард III ағасының жас ұлы мен қызын өлтіреді.
Жазушы орта ғасырдағы мистерия дәстүріне сүйене отырып, болған оқиғаларды ізбе-із хикаялайды. Бірақ Шекспир бас қаһарманның бейнесін шығарма идеясына байланыстыра
ашу сияқты жаңа әдісті қолданады. Ричард епшілдігі, өткір ақылы, батылдығы мен қаталдығы арқылы алдын жазылған хроникалардағы қаһармандардан ерекшеленіп тұрады. Табиғатынан жыртқыш, «қатал адам» алдында барша жан әлсіз және қорғансыз еді. Атаққұмар король Эдуард та, жылпос фасадшы Кларенс те, Елизавета ханымның жақын туыстары мешкей, тәкаппар Риверс, Дорсет, Грей, билік сүйгіш Бекингем, надан Хестингс және тағы басқалар да қарсылық көрсете алмай, оның алдында масқара болады. Елизавета ханым, король Генрих VI-ның әйелі Маргарита, Эдуардтың әйелі леди Анналар оны айлакер, қылмыскер, қанішер деп айыптайды. Ақылды, парасатты және батыл Маргарита ғана Ричардпен ашық тартысқа түседі. Бірақ оның қолынан ешнәрсе келмейтін еді, өйткені, уақыт өткен, оның айналасындағылар болса күреске қабілетсіз, жігерсіз, қауқарсыз адамдар болып, оған медет бола алмайтын.
Ричард үшін «жұдырық» ардың орнына, «қылыш» күштің орнына жүреді. Бірақ ол бұл мақсатта қатып қалмайды. Жағдайға карай қимылдайды. Ричард Кларенс және Хестингспен ашық түрде айқасса, Аннаны жылы сөздермен алдайды, Елизавета ханыммен болса дөрекі түрде қатынас жасайды.
Аңғал Аннаның «назарын» өзіне аудару үшін Ричард III оған
«ғашықтығын» білдіреді. Анна көп қиындықтардан соң «жауыз, залым» деп атаған адамының тілегіне көнуге мәжбүр болады. Қорланған, ары тапталған Анна да өлтіріледі...
Ричард соңында жалғыз өзі қалады. Жалғыздық оның өз күшіне сенімін жоғалтады. Өз қателігін түсінеді, бірақ енді оны түзетудің жолы жоқ еді, ол қатты жан азабын шегеді. Сонда да кері шегінгісі келмейді. Бірақ оның дәуірі өткен еді. Ричард шайқаста Ричмондтан жеңіліп, мерт болады.
Ричардтың өзіне тән ерекшелігі сонда, қылмыстарының санын ұмытқан бұл қанішер өлімі алдында «ешкім мені сүймейді, өлгенімнен соң ешкім маған ашынбайды» деп өкінеді.
Шекспир Ричард образы арқылы йорктар әулетінің абыройы үшін күресуші адамның өз мүддесін ойлап, таққа отыру үшін ұмтылған қанішер қылмыскерге айналғандығын, феодалдық қатынастар құлдырап бара жатқан дәуірде өзін халыққа қарсы қойған озбыр билеушінің мерт болуы сөзсіз екендігін көрсетеді.
Драмадағы орталық образ болған Ричардтың барша қасиеттері
толық ашылған. Ричард «күші, жігері» жағынан Кид пен Марло қаһармандарына ұқсағанымен, олардан көп қырлылығымен ерекшеленеді. Ричард ақылды, епті, бірақ қылмыскер, жауыз. Ол орта ғасырлардың аңғал адамдарындай емес, капитал салтанат құра бастаған дәуірде жетілген адам сипатында аяр, әрі айлакер.
«Ричард III» драмасы - Шекспирдің шығармашылық өсу, яғни хроникадан трагедияға өту сатысында жазылған шығарма. Ричард образы монументал Яго, Макбет және басқа образдардың жаратылуындағы алғашқы тәжірибе болды.
Достарыңызбен бөлісу: |