Іш қуысының кистозды түзілістері. Іш қуысы кисталарының шығу тегі, анатомиялық құрылысы және түзілістің орналасуы әр түрлі. Кисталарды шынайы және жалған (жарақаттық, паразитарлық, т.б.) деп бөледі.
Іш қуысының шынайы кисталары, олардың шығу тегіне, орналасуына, клиникалық ағымына қарай үлкен шарбы, шажырқай кисталары, ішек кисталары (энтерокистома) және жұмыртқа кистасы болып бөлінеді.
Үлкен шарбы кистасы. Үлкен шарбы кистасы лимфоцидты тіндердің дистопиясы немесе лимфа жолдарының бітелуі әсерінен пайда болады және олардың жапырақтарының арасында орналасады. Олар – қабырғалары жұқа, бөліктік құрылысы бар және шырышты сұйықтыққа толы. Олардың көлемдері әр түрлі, кейде өте үлкен көлемде болады.
Клиникасы. Клиникалық көрінісі кистаның көлеміне байланысты. Кішкентай кисталар, әдетте кездейсоқ, басқа себептерге байланысты жасалған операция кезінде анықталады. Үлкен кисталар көрші ағзаларды басады және ішек өтімсіздігін тудырады.
Шарбы кистасымен зақымдалған науқастарда құрсақ көлемі ұлғаяды. Құрсақтың алдыңғы қабырғасына жақын орналасқан түзілісті пальпациялап анықтауға болады. әдетте ол жылжымалы болып келеді. Құрсақ қуысының пальпациясы ауырсынусыз, рентгенологиялық зерттеу кезінде ісік тәрізді түзілім анықталады.
Шажырқайлық кисталар. Шажырқайлық кисталар көбіне лимфатикалық тіннің дистопиясы нәтижесінен болып, шажырқайдың кез келген бөлімінде кездесуі мүмкін. Кисталар шажырқай жапырақтарының арасында орналасады, ішек қабырғасына жанаспайды. Оның құрамында сероздық сұйықтық болады.
Аурудың алғашқы белгілерінің бірі іш қуысының баяу ұлғаюы. Бала ешқандай шағым жасамайды. Киста мөлшерінің ұлғаюына байланысты жүйелі түрде құсу мен ауырсыну болуы мүмкін. Кистаның айналуы кезінде бала жағдайы нашарлайды, ауырсыну күшейеді, құсу жиілейді.
Шажырқайлық кисталарға жоғары қозғалмалылық тән, түзіліс іш қуысында еркін қозғалады, айқын және тегіс шеттері бар, әсіресе ащы ішек шажырқайының кисталары аса қозғалмалы болады.
Энтерокисталар. Энтерокисталар ішек қосарлануы (дупликатура) деген атпен белгілі. Ішек түтікшесінің қалыптасу кезіндегі бұзылыстар әсерінен энтерокисталар дамиды. Олардың 60% ащы ішекте орналасады.
Клиникасы. Клиникалық көріністер энтерокиста қуысы толған кезде пайда болады. Бұл кезде балаларда жағымсыз сезінулер, ауырсынулар болады. Жартылай немесе толық ішек өтімсіздігінің белгілері дамиды. Энтерокиста қабырғасының қанауы немесе перфорациясы себебінен перитонит болуы мүмкін.
Аналық бездерінің кисталары қыздарда бір жақтылы, немесе екі жақтылы да болады. Олар шынайы кисталар және аналық без тератомасы түрінде болуы мүмкін.
Клиникалық белгілер киста мөлшеріне және қосылған асқынуларға байланысты. Кіші кисталарды, киста қабырғасы жарылуы кезінде анықтайды. Бұл жедел аппендицит көрінісін береді: іштің ауырсыну мен құсудан басқа, естен тану болуы мүмкін. Операция кезінде іш қуысында геморрагиялық сұйыққа толу анықталады.
Үлкен кисталар, көбінесе құрсақ қуысының төменгі бөлігінде, жылжымалы эластикалық түйін түрінде анықталады. Егер киста іші жамбас ішінде, қысыла орналасса, ол қозғалмайды.
Көптеген жағдайларда кистаны тек тік ішек арқылы бимануалды зерттеу кезінде ғана анықтауға болады. Кистаның айналуы жедел аппендициттің жалған клиникасын береді.
Сурет ІІІ.19. Аналық бездің кистасы Емі. Іш қуысының барлық кисталары оперативтік емді қажет етеді, оны түбегейлі (радикальды) алып тастайды. Техникалық қиындықтарға байланысты кистаны алып тастау мүмкін болмаған жағдайларда марсупиализацияны қолданады.