Иық сүйегінің сынуы өзінің жиілігімен тума жарақаттардың ішінде екінші орын алады. Көбінесе иық сүйегінің ортаңғы бөлігі сынады, ал эпифизеолиздер сирек кездеседі
Нәрестенің иығының қисайғандығын, қолының салбырап жатқандығын, оны қимылдата алмайтындығын көруге болады. Кейде иық сүйегінің орта бөлігі сынығында n.radialis жарақаттанады. Сондықтан нәрестені тексерген кезде саусақтарының сезімталдығын, қимылдың бар-жоқтығына көңіл аудару қажет. Диагноз рентгенографиядан кейін қойылады.
Емі. Нәрестелерде иық сүйегі сынғанда репозиция жүргізілмейді, тек иммобилизация жасалады. Ол үшін Дезо, Павлик және басқа да тәсілдер қолданылып, қолды 10-12 күнге таңып қояды.
Сүйек сынықтарының ығысуы болған жағдайдың өзінде, олар, бала өсе келе жойылады. Егер де сынықпен бірге жүйке тамырларының жарақаттануы анықталса, онда тиісті емі: массаж, емдік денешынықтыру, витамин В1, прозерин тағайындалады.
Иық сүйегінің эпифизеолизі акушерлік көмек көрсету кезінде, қолды бұрағанда туындайды. Эпифизеолиздің клиникалық көрінісі Дюшен –Эрба салдануына ұқсас болады. Бірақ сынық кезінде буын тұсын ұстағанда ауырсыну, сықыр, патологиялық қозғалыс анықталады.
Нәрестеде эпифиздің сүйектену ядросы рентгенограммада көрінбейді, сондықтан рентгенодиагностика қиын, тек қана 7-10 күннен кейін рентгенограммада сүйек сүйелін көріп сынықтың болғандығын анықтауға болады.
Емі. Қолды шинаға 10-14 күнге салып, байлап қою қажет. Иық сүйегінің төменгі эпифизінің эпифизеолизі кезінде жабық репозиция жасалып, қолға ортафизиологиялық жағдайда 10-12 күнге гипстен лонгета салынады.
Сан сүйегінің сынуы - бала жамбаспен немесе көлденең келген жағдайында көмек көрсету, немесе аяғына бұрған кезде туындайды. Жиірек диафиздің сынулары кездеседі. Олар көлденең, немесе қиғаш болуы мүмкін. Бұлшық ет тобының жиырылуы әсерінен сынған сүйектің жоғарғы бөлігі алдыға, сыртқа, ал төменгісі жоғары және артқа ығысады.
Санның ортаңғы немесе үстіңгі бөлігінде ісіну, голифе тәріздес деформациясы, өздігінен болатын қимыл-қозғалыстардың шектелуі анықталады. Рентгенографияда сынық белгілері көрінеді. Сан сүйегінің эпифизеолизіне тән клиникалық көрініс: жарақаттанған аяқ жазылып сыртқа қарай айналып жатады, бала аяғын жоғары көтере алмайды, шап маңында ісік байқалады, басқанда ауырсыну, аяқты төмен тартып ішке қарай айналдырғанда сүйек сықыры анықталады.
Рентгенограммада сыныққа тән өзгерістер алғашқы күндері анықталмайды, олар 10-12 күннен кейін көрінеді.
Емі.Нәрестелердің сан сүйегі сынғанда аяқты Шеде әдісімен 10-14 күнге жоғары тартып асып қояды. Емдеу кезінде қалған сүйек ығысулары бала өсе келе түзеледі. Шеде әдісімен тартудан кейін, санға, сыртқа қарай шалқайтатын шина салынады. Сан сүйегінің эпифзеолизінен кейін coxa vara-ны, асептикалық некрозды болдырмау мақсатында балалар ортопедтің бақылауында болулары тиісті.