ПРОКТОЛОГИЯЛЫҚ НАУҚАСТАРДЫ ЗЕРТТЕУ ӘДІСТЕРІ Проктологиялық науқастарды зерттеу әдістерінің көптеген түрлері бар. Оларды қарапайым әдістен бастап күрделірек бағытта әртүрлі талдамаларды, жалпы клиникалық және арнайы зерттеулерді (клиникалық-рентгендік және зертханалық тексерулер, қарау, антропометрия, аускультация, т.с.с.) іске асыра отырып, ұтымды жүргізеді.
Арнайы және қосымша зерттеулер - саусақпен ректальдық тексеру, анальдық рефлекстерді зерттеу, ректороманоскопия, колонофиброскопия, сонография, проктография, сфинктрометрия, рентгенконтрасты тоқ ішекті зерттеу, фистулография, экскреторлық урография, т.б. жатады.
Саусақпен ректальдық тексеру және қарау. Басында жалпы қарау жүргізіледі. Шағымдарын ескере отырып, қажетті сыртқы белгілерге ерекше көңіл аударады: тік ішек арқылы қан кетуге, сарғаюды анықтауға және т.б. Осы сияқты белгілердің болмауы тоқ ішекті тереңірек зерттеуді қажет етеді. Созылмалы іш қату кезіндегі осы сияқты шағымдар іш көлемінің үлкеюі - аурудың органикалық табиғаты туралы ойлауды, ал белгілердің жоқ болуы - функциялық бұзылыстардың дәлелі.
Қарау үшін резина қолғап, вазелинді май, жұмсақ резина катетерлер, газ шығарғыш түтіктер, буждар, түймелі зонд, құлақтық және қынаптық айналар, дәкелер болуы керек. Барлық қажетті жабдықтар бір реттік болғаны тиімді. Ішектің ректальдық бөлімін мұқият (көзбен) қарау проктологиялық ауруға күманданғанда, макро- және микросимптомдарды анықтауға көмектеседі.
Нәрестелер мен емшектегі балаларға аноректальдық аномалиялар диагнозы тек қараунәтижесінде кейін қойылады. Үлкен жастағы балаларда ректоанальдық зонадағы патологиялық үрдісті көрсететін сыртқы тесік айналасында терінің тітіркенуін, параректальдық жыланкөздерді, жырылуларды және т.б. анықтауға болады.
Тік ішекті саусақпен тексеру, ректоанальдық аймақты тікелей көзбен (визуальдық) қарауға қосымша, арнайы әдістердің алдыңғы тобына жатады. Баланы арқасына жатқызып, аяғын тізе буынынан бүгіп, және оны аздап ішіне таятып ұстайды. Тексеру үшін хирург резина қолғап киеді. Кішкентай саусақ (шынашақ) немесе сұқ саусаққа вазелин жағып, оны артқы тесікке ақырындап кіргізеді. Сақтықпен, соңғы фаланганың көмегімен ішек қабырғасын барлық бағытта зерттейді, тік ішектің толуына, оның айналасында және ішінде патологиялық түзілістің бар-жоқтығына көңіл аударылуы керек. Сыртқы және ішкі сфинктердің тонусы анықталады. Дұрыс жүргізілген процедура балада ауырсыну мен қарсыласуды туғызбайды.
Тік ішекті саусақпен зерттеу - стеноз немесе оның тыртықты деформациясын, полипты, бөгде заттарды, пресакральдық ісік немесе кистасын диагностикалауға көмектеседі. Гиршпрунг ауруында, операциядан кейінгі асқынуды, тік ішектің қосарлануын, парапроктиттің жергілікті өзгеру сипатын анықтауға болады.
Анальдық рефлексті тексеру. Анальдық рефлексті тексеру балалар проктологиясында маңызды тексеру әдістерінің бірі. Бұл рефлексті, яғни тік ішектің шырышты қабатының және терісінің тітіркенуі кезінде сфинктер мен бұлшық еттер тонусының артуы нәтижесінде көзге жақсы көрінетін артқы тесіктің тартылуын алғаш рет С.И.Россолимо (1892) сипаттап жазды. Қыздарда бұл кезде қынап сфинктерінің жиырылуы анық байқалады.
А.М.Аминев (1959) бұл рефлекс күрделі және 2 компоненттен тұратындығын анықтады: тері-бұлшық еттік және өзіндік бұлшық еттік. Тері-бұлшық еттік рефлекс-сфинктердің сыртқы беткейінде көрінетін ауырсынуы мен тактилдік тітіркенуінен туындайды. өзіндік бұлшық ет рефлексі сфинктердің тереңірек орналасқан бөлігінен жиырылуының көрінісі, айқын көрінетін бұлшық ет компонентінде болады. Проктологиялық ауыруда, үрдістерде рефлекс әр түрлі дәрежеде жоғарылаған немесе төмендеген болып келеді.
Л.В.Логинова-Катричеваның мәліметтері бойынша (1960) жаңа туған балалар мен ерте жастағы балаларда анальдық рефлекс өзіндік рефлекс түрінде болады, тек кейіннен, бірлескен анальдық рефлекске айналады. Сәбилердің жартысында, оның мәліметтері бойынша, анальдық рефлекс болмайды. А.С.Осмоловский (1970), керісінше, тері-бұлшық еттік анальдық рефлекс - 1 тәуліктен асқан дені сау балаларда анықталған. Туғанына 1 тәулік толмаған сәбилерде теріасты сфинктердің жоғары тонусының әсерінен рефлекс анықталмайды. Тек 2-ші тәуліктің басында тонус біраз төмендейді де, рефлекс байқалады. Өзіндік бұлшық ет рефлексі мерзіміне жетпей туылған, дені сау сәбилердің барлығында анықталады. Тері-бұлшық ет рефлексі, шапаралығының қандай да бір бөлігінің тітіркенуінен, әсіресе анальдық тесіктің алдындағы 0,5 см жердегі ортаңғы бітіс терісінің аймағында анықталады.
Туа біткен артқы тесіктің болмауында (атрезия) анальдық рефлекстің айқындылығы арқылы сыртқы сфинктердің бар-жоғын және орналасуын анықтауға болады. Ол, даму ақауының хирургиялық коррекциясында үлкен маңыз атқарады. Көптеген жағдайда екпе инесінің өткір ұшын теріге жанай тигізу арқылы анальдық рефлекс компоненттерін, әсіресе көбінесе бұлшық еттің жиырылуын сыртқы тесік жоқ жерде терінің тартылуымен анықтауға болады. Көптеген науқастарда анальдық рефлексті шақыру мүмкін емес. Ол, ол терінің иннервациясының бұзылуына, әсіресе омыртқаның соңғы бөлімінің қосарланған даму ақауына байланысты. Операция кезінде өзіндік сфинктердің бұлшық еттік талшықтарын гальваникалық токпен тітіркендіру арқылы жиырылту, хирургке сфиктердің орналасу орнын және ортасын анықтауға көмектеседі.