Байланысты: Balalar khirurgiasy kaz medical students
Гидроцеле мен фуникулоцеле Гидроцеле мен фуникулоцеле (жұмыртқа мен ұрық бауының қабығына судың жиналуы) – құрсақ қуысының астарының қынап тәрізді өсіндісінің қуысының бітелмей қалуына байланысты пайда болатан ауру. Қалыпты жағдайда нәресте өмірге келген соң бұл өскін бітеліп, жұмыртқаны орап жатқан бөлігі оның қабығына айналады. Егер қынап тәрізді өскін ұзын бойына бітелмей қалса, онда сұйықтық құрсақ қуысынан ағып келіп жұмыртқа қабығының ішіне жиналады. Оны жұмыртқа мен ұрық бауы қабықтарының құрсақ қуысымен байланысатын су ісігі дейді. Егер қынап тәрізді өскіннің төменгі бөлігі бітеліп, жоғарғы бөлігі құрсақ қуысымен байланысты болса, ол - ұрық бауының қабығымен байланысатын су ісігі. Қынап тәрізді өскіннің тек ортасы ғана бітелмей сұйық жиналатын болса, ол - ұрық бауының қабығымен байланыспайтын су ісігі немесе ұрық бауының торсылдағы.
Гидроцеленің пайда болуы, қынап тәрізді өскіннің қабырғаларының сіңіру қасиетінің төмендеуімен және аймағының лимфа тамырларының толық жетілмеуімен байланысты сәби өсе келе ол азайып, мүлде жоғалып кетуі де мүмкін.
Ересектерде гидроцеленің пайда болуына жарақат пен қабыну да әсер етеді.
С урет IV.5 Құрсақ қуысы астарының қынап тәрізді өскіннің облитерациясының бұзылуы а) жұмыртқа қабығына су жиналуы б) жұмыртқа қабығы мен ұрық бауының байланысатын су ісігі в) ұрық бауы қабығына су жиналуы г) ұрық бауының торсылдағы Клиникасы. Егер гидроцеле бір жұмыртқада болса, ұманың осы жақ бөлігі, ал екі жағында да болса, ұманың екі жағы да үлкейеді. Жұмыртқаның құрсақ қуысымен байланысатын су ісігі- шап өзегінің сыртқы шеңберінен бастап ұманың түбіне дейін созылатын сопақшалау жұмсақ серіппелі ісік. Пальпация жасағанда ауырмайды. Диафоноскопия жасағанда, су ісікке ғана тән жарқырап көрінетін белгілерді анықтауға болады. Құрсақ қуысы мен жұмыртқа қабығының арасындағы құрсақ астары өскінінің қуысындағы қақпақша болатын болса, жұмыртқа қабығына жиналған сарысу тырсылдап кернеп кетеді де , бала тынышсыздануы мүмкін.
Ұрық бауының қабығында пайда болатын торсылдақтың сырты жұмыр, дөңгелек не сопақша болып, төменгі және жоғарғы шеттері (полюстері) анық білінеді.
Гидроцеле мен фуникулоцеледе шап жарығымен ажырату диагнозын жүргізу керек. Шап жарығында, жарық дорбасындағы құрылымды құрсақ қуысына енгізгенде жарыққа тән «шұрқ» еткен дыбыс естіледі және шап аймағындағы ісік жоғалып кетеді. Жұмыртқа мен ұрық бауы қабықтарының құрсақ қуысымен байланыспайтын су ісігі болса, оның ішіндегі сұйық күш жұмсап итергенмен кірмейді. Баланы шалқасынан жатқызып ісікті ақырындап басып, сұйықты құрсақ қуысына итергенде, ісіктің көлемі біртіндеп кішірейеді. Диафоноскопияда шап жарығында жарық күңгірттеніп көрінеді.
Емдеу. Алғашқы 2-3 жылдың ішінде, құрсақ қуысы астарының қынап тәрізді өсіндісінің өздігінен бітуі нәтижесінде гидроцеле мен фуникулоцеле өздігінен жоғалуы мүмкін. Сондықтан операцияны 3 жастан бастап жасаған дұрыс. Көбінесе Винкельман (су ісігінің қабығы тілініп, ол жұмыртқа мен оның қосалқыларының сыртына қарай айналдырып тігіледі) және Росс ( қынап тәрізді өскін шап өзегінің сыртқы шеңберінде тігіліп, екі жағына байланады, төменгі бөлігінің біразы кесіп алынады, жұмыртқа қабығына сұйық шығу үшін тесік жасалады) операциялары қолданылады.
Егер 2 жасқа дейінгі балаларда жұмыртқа қабығының кернелген су ісігі жедел пайда болып, тынышсыздандырса, инемен сарысуды сорып алу керек. Содан кейін ұмасының сыртынан қап кигізіп көтеріңкіреп таңып қою керек (суспензорий), бұл жұмыртқаға түсетін қысымды уақытша азайтып, операцияны бала өскенше шегеруге мүмкіндік береді.
Ересек балаларда, егер жарақат әсерінен немесе Винкельман және Росс операцияларынан кейін аталық бездің су ісігі пайда болса, онда Бергман операциясы жасалады: су ісігінің қабығын сарысудан босатып, қайталанбас үшін түгел кесіп алып тастайды.