Оқулықтар мен зерттеулер


Видео-электронды ресурстар



бет2/2
Дата23.02.2022
өлшемі27,67 Kb.
#132899
түріОқулық
1   2
Байланысты:
5 - дәріс. Абай шығармаларның жанры
Тұмаудың алдын алу
Видео-электронды ресурстар:
https://www.youtube.com/watch?v=w3L0B4Ia-ms
Абай шығармалары
https://www.youtube.com/watch?v=pzzYjmrbEkE
Абай Құннабайлы. Өмірі, шығармашылығы, саяси -әлеуметтік және махаббат лирикасы, қара сөздері
https://www.youtube.com/watch?v=LdOPapEDJn8
Абайдың саяси-әлеумттік және махаббат лирикасы


Әдебиет яғни сөз өнері эпос, лирика, драма дейтін негізгі үш салаға жіктеледі. Бұлар әдеби жанрлар мен түрлердің тегі деп те аталады және олардың әрқайсысы мазмұны және суреттеу, баяндау тәсіліне қарай өз тарапынан жүйе құрып, жанрлық түрлерге бөлінеді.
Үш текті әдебиет жанрларының бірі - лирика, адамның көңіл-күйін шертеді. Бұл жанрда «ақын адамның ішкі ғаламы мен тысқы ғаламы түйіседі» (Байтұрсынов). Адамның сырттан алған әсері көңіл көрігінде балқып, нәзік сәулелі сезімге айналады. Жалт өткен сезім жарқ етіп ақын жүрегін дөп сөзбен жарып шықса, міне, бұл - лирика. Лирикада субъектілік басым. Эпоста автор оқиға көлеңкесінде қалса, лирикада алға шығады, өзі өлең мазмұнына айналады. Және өз қалпын «бетін өзгертпейді» (Аристотель). Өлеңнің лирикалық кейіпкері көбіне автордың өзіне тартады. Лирикалық кейіпкер - жүрегін от сезімге ораған ой адамының бейнесі. Лирикалық өлеңдегі сұрапыл тебіреніс, толғаныстар, қызу қанды қарбалас әсерлер соқыр сезім емес, ой көзді сезім. Абай: «Өмірде ойға түсіп кем-кетігің, Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің» десе, бұл - лирик ақын бейнесі. Ой мен сезім лирикада ғашықтардай табысады, сол махаббат ләззатынан көркем сөз атты перзент туады. «Қуатты ойдан бас құрап, Еркеленіп шығар сөз», деп Абай тегін айтпаған. Өлең қолдан жасалмайтынын, ой, қайрат, жүрек тұнығынан қайнап шығатынын ескерткен. Лирикалық жанр түрлері қазақ ауыз әдебиетінде терме, толғау нысанында қалыптасты. Әлемдік әдебиетте ертеден өріс алған элегия (мұңды өлең), ода (мадақ өлең), эпиграмма (әжуа өлең), эпитафия (жоқтау), сонет сыршыл, композициясы белгілі нормамен жазылатын өлең секілді түрлері қазақ поэзиясында берік орын тепті. Саяси-әлеуметтік лирика түрлері де дамыды. Тақырыбы мәңгілік саналатын махаббат лирикасы, табиғат лирикасы түрлерінен қазақ поэзиясы әлемдік поэзияның қай-қайсысымен де иық теңестіретін шығармалар тудырды.
Абай лирикасы – ақынның мол мұрасы, халқына қалдырып кеткен асыл қазынасы. Қоғам ілгерілеп, заман озған сайын ұлы ақын лирикасына қайта айналып соғып, жаңаша зерделеп отыру қазақ әдебиеттануының қасиетті борышы десек, артық айтқандық болмас. Абай өлеңдері, олардың тақырыптық, мазмұндық ерекшеліктері мен жанрлық сипаты туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ.
Осындай ғылыми-зерттеу еңбектердің, мақалалардың бірі және үздік үлгісі – М.Әуезовтің «Абайдың лирикасы» деп аталатын көлемді мақаласы. Ғалым бұл мақаласында ақын өлеңдерінің жазылу жылдарының хронологиялық тәртібін сақтай отырып, терең тексереді, ақын өлеңдерінен асып, жалпы қазақ поэзиясының теориясы мен тарихы үшін өте құнды ой-пікірлерін айтады.
М.Әуезов аталған мақаласында «Асқа, тойға баратұғын» жайлы еш нәрсе айтылмаған. Ал, «Бір сұлу қыз тұрыпты, хан қолында» туралы әр кезде әртүрлі пікірлер айтылып, жазылып жүргені белгілі.
«Асқа, тойға баратұғын» деп аталатын өлең он шумақтан тұрады. Өлеңнің тақырыбы XIX ғасырдағы қазақ қоғамына типтік жағдай болып саналатын барымта-сырымта, әріректегі тарихи тақырып десек, жоңғар шапқыншылығының оқиғасы. Өлеңнің алғашқы шумақтарында «асқа, тойға бара­тұғын, жас жігіттің» жайы, оның жауға аттанғаны, «жауға сойқан салғалы кеткен жігіттің алғалы жүрген қалыңдығының қала бергені» жайлы жырланады. Өлең тақырыбы «құшып сүюге күйеуіне ынтызар», «көйлегін ақтан тіккіштеп, күні-түні демін алмай жүрген» қалыңдық жайын айтумен ашыла түседі. Одан әрі өлеңде жас батырдың «жаудан өлді ар үшін» делініп, жаугершілікте өлгені жайлы, бұны естіген қалыңдықтың да «ақ көйлегін бітіріп, кебінім деп киді, өлді» делініп, жас өмірін аяулы да арлы өлімге қиғаны жайында баяндалған. Өлеңдегі ғашықтар трагедиясын ақын: 
– Қол жетпеген некені,
Сүйіп кеткен жан екен.
Көзің неге жетеді 
Қосылмақ онда бар ма екен?
Шыны ғашық жар болса.
Неге өлдім деп налымас,
Онда екеуі кез келсе,
Бірін-бірі танымас, – деп аяқтайды.
Өлең мазмұнындағы ғашықтар трагедиясы арқылы ақын сүйіспеншілік сезімнің тазалығы, махаббат тұрақтылығын, сүйіскен, серттескен жастардың беріктігін жырлаумен үлкен ой аңғартып, «шын ғашық жарлардың, неге өлдім деп налымайтындығын» айтып, адамдық асыл сезімді идея етіп көтереді.
Түрлі себептермен бастары қосылмаған ғашықтар жайы поэзия­мызда Абайдан бұрын да, кейін де айтылған. Бұл жерде өлеңнің тақырыбы не көтерген мәселесі жайлы емес, оның жанрлық сипаты яки тектік табиғаты, түрі туралы болып отыр. Біріншіден, өлеңде оқиға не сюжет бар. Бұл оқиға не сюжет эпикалық немесе драмалық шығармалардағыдай емес, лирикалық шығарманың жанрлық мүмкіншілігіне негізделген, оқиғаның барынша ықшамдалған, шағындалған түрі, оқиғаның өзі емес көзі, ізі, сілемі тәріздес. Өлеңдегі жас батыр мен қалыңдықтың жайы, ғашықтар трагедиясы шұғыл баяндалғандықтан оқиға бүге-шүгесіне дейін толық айтылмайды, сол себепті де оқырман жас батыр мен қалыңдықтың кімдер екендігін, оқиғаның қай жерде, қай кезде болғандығынан толық хабардар бола алмайды. Бұларды білу лирикалық поэзияның теориясында оқырман үшін шарт та емес.
«Асқа, тойға баратұғынды» қазіргі қазақ лирикалық поэзиясында оқиғалы немесе сюжетті деп аталып жүрген өлеңдердің профессионалды жазба әдебиеттегі алғашқы үлгілерінің бірі болған. Демек, қазіргі қазақ поэзиясындағы ақындарымыздың шығармашылығында көп кездесетін, әдебиет өмірінде өзіндік көркем мазмұнды – түр яки жанрлық түр болып әлдеқашан қалыптасып үлгірген, басты белгісі, жанрлық сипаты өлең мазмұнындағы эпостық элементтен: шағын, ықшам оқиғаның шұғыл (экспрессивті) түрде баяндалуынан, өлеңдегі ақыннан, лирикалық кейіпкерден тыс объективті кейіпкерлердің сұхбат, әңгімесімен айқындалатын сюжетті не оқиғалы өлеңдердің жазба әдебиеттегі өмір тарихы Абайдың «Асқа, тойға баратұғынынан» басталды.
Қазақ ли­рикалық поэзиясының мазмұнында эпостық поэзия элементтерінің кездесуі жалпы поэзиямыздың табиғаты мен тарихына, тегі мен түріне қайшы келмейді. Бұған бір жағынан халқымыз басынан өткерген қоғамдық жағдай, саяси-әлеуметтік, тарихи-тұрмыстық жайттар да себеп болды. Ақын-жыраулар, жыршылар тыңдарманын жалықтырмаудың амалы ретінде өлең-толғауларында, дас­тандарында қызықты оқиғаларды әртүрлі қырынан баяндап, суреттеп, бейнелеп отырғандығы шындық. Ұзақ дастандарды, жырларды таңды таңға ұрып тыңдаудың құпиясы ондағы қызықты, шытырман оқиғалармен байланысты. «Ақылы мен білімінің күші аузына түскен» ата-бабамыздың баспа, жазу мәдениеті кенжелеу болғандықтан әдеби шығармалар ауызша айтылып, таралып отырды. Осы жерде айта кетуіміз керек, қазақ әдебиеттануында оқиғалы өлеңдердің жазба әдебие­тіміздегі тарихын кеңес дәуі­ріндегі әдебиеттің алғашқы дәуірінен бастау дұрыс деген жаңсақ пікір қалыптасты. «С.Сейфуллиннің твор­чес­тво­сында баллада үлгісінде сюжетті өлең жазу («Қашқынның аулында») дәстүрі туа бастады деген сияқты әдебиет шындығынан алыс, тым ұш­қары пікірлердің жаңалық біткеннің бәрін жаңа заман, қоғамдық өзгерістерге телитін компартиялық идео­логияның ықпалымен айтылған. Ол кезде халық әдебиетінің ұл­тық дәстүрі, сипаты деген мәселелердің өкінішке орай кейінге ысырылғандығын да атап айтуымыз әділетсіздік болмас.
Екіншіден, оқиғалы немесе сюжетті өлеңдердің Абай шығармашылығынан орын алуы да әбден орынды. Өйткені, Абай алдындағы XV-ХVІІI ғасырлар арасын қамтитын толғау үлгілі поэзиямызда әдебиеттің дамуын дәлелдейтін тақырыптық, жанрлық, стильдік, көркемдік өсулер, олардың жан-жақты жетілуі мен терең тамырлауы айқын байқалды. Абайдың «Асқа, тойға баратұғыны» халықтық әдебиеттің, толғау өлеңдердің дәстүрінде дүниеге келді.
Осыған ұқсас тағы бір өлең бар, ол – «Бір сұлу қыз тұрыпты, хан қолында». Он екі шумақтан тұратын бұл өлеңнің де идеялық мазмұны оқиғамен байланысты ашылады. Ғылыми-зерттеу еңбектерінде кейде поэма аталып жүрген «Бір сұлу қыз тұрыпты, хан қолынданы» қазақ әдебиеттануында бірінші рет А.Нұрқатов баллада деп атады. Ұлы Мұқаң «Абайдың лирикасында», «Бұл жерде Абай қазақ әйелінің еріксіздік, күндік күйін арнаулы тақырып етіп қолға алады. Өлеңнің алғашқы екі шумағын аңыздай бір тақырыпқа арнайды:
– Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға, –деп аяқтайтын жолдар шалға тигісі келмеген жас сұлудың трагедия­сын қысқа баллада тәрізді баян етеді» деп жазды. Ол «Бір сұлу қыз тұрыпты, хан қолынданы», көріп отырғанымыздай, баллада тәрізді деді. Біз бұл жерде Абайдың алдындағы толғау үлгілі поэзиямызда оқиғаға құрылған лирикалық, лиро-эпикалық шығармалардың болғандығын ұмыт­пауға тиіс­піз. Мәселен, Дулат ақынның «Еспембет» дастаны «қазақ топырағында көне тақырыпты алып, ойдан сюжет құрап, поэма дәстүрінде әдеби шығарма туғызудың үлгісі еді. Осы дастан туралы академик Қ.Жұмалиев «Поэманың идеялық мазмұны «Еспембеттей ер қайда, ер күтетін ел қайда» делінетін екі-ақ жолға сыйдырылған» десе, «Бір сұлу қыз тұрыпты, хан қолында» да сондай, өлең түйіні –
«Етімді шал сипаған құрт жесін деп.
Жартастан қыз құлады терең суға», делінетін екі-ақ жолмен шешілген. Абайдың жоғарыда аталған екі өлеңді жазған тұста орыс әдебиетінің дәстүрімен толығынан таныс екендігін, егер қаласа Еуропа әдебиетінің дәстүрінде баллада жазуға да мол мүм­кін­шілігінің болғандығын білеміз. Біздіңше, Абай мұндай мақсат ұстанбаған. Өлеңдер халықтық поэзиямыздың дәстүрінде дүниеге келіп, қа­зіргі қазақ поэзиясындағы оқиғалы өлеңдердің көш басшысы болды. Осындай сипатты өлеңдердің өзіндік өзгешілігі бар көркем мазмұнды, түр яки жанрлық түр болып қалыптасып үлгеріп, даму белестеріне қарай бет алғандығын дәлелдейді. Тектік сипаты өзгеше, түрімен ерекше осы екі өлең де ұлы ақынның сыншыл да шыншыл реализмін тайға таңба басқандай анық танытып тұр. 
Ендігі бір мәселе – Абай шығар­ма­шылығында көп ұшырасатын толғау дәстүрлі өлеңдер жайында. Егер ақынның осы аталған және осыларға ұқсас толғау стиліндегі басқа өлеңдерінің мазмұн-мағынасына, бітім-болмысына, тектік табиғаты мен түріне тереңірек көз жіберсек қазақ лирикалық поэзиясы үшін аса маңызды екі жайтты бөліп атауға болады. Біріншіден бұндай сипатты өлеңдер ескінің жалғасы, жаңаның басы болу міндетін мүлтіксіз атқара отырып, қазақ поэзиясындағы лирикалық жанрлар проблематикасын шешуге атсалысты. Жанрлар поэтикасын байыта, биіктете отырып, жазба әдебиеттегі лирикалық поэзияның жанрлық түрлерін қалыптастырды. Жанрлардың мазмұндық-формалық сипатын сақтай отырып, ауыз әдебиетінен жазба әдебиетке ауысуы – барлық халықтар әдебиетіне тән заңдылық. Олай болса, Абайдың толғау стилінде жазылған өлеңдерінің негізінде бүгінгі қазақ жазба әдебиетіндегі толғау, арнау, жоқтау және лири­калық кейіпкердің өлең персонажындағы затқа не бейнеге қарым-қатынасына, көңіл күйінің сипатына қарай арнаудың ішкі жанрлық түр­лері мадақ, сынақ өлеңдері жазба әдебиеттен өз орнын алды. Күні бүгінгі лирикалық поэзиямыздағы толғау, арнау, жоқтаулар жазба әдебиеттегі өмірін Абай шығармашылығынан бастай отырып, лириканың басқа жанрлық түрлерімен бір­лікте дамудың даңғыл жолына түскен. Әдебиеттің тарихи сипатымен қоса ұлттық сипатын да белгілей отыра, қазіргі әдебиеттің тыныс-тіршілігін, беталыс-бағдарын анықтайтындай дүниелерге айналған.
Бүгінгі лирикалық поэзиямыздың ұлттық жанрлық түрлері – толғау, арнау, жоқтаулардың басқа лирикалық жанрлардан ерекшеленетін сапалық, мазмұндық айырмашылықтары жоқ емес. Егер лирикалық поэзия деректі, дерексіз болып бөлінсе, жоғарыда аталған жанрлық түрлер деректілігімен ерекшеленеді. Мұндай жанр үлгілерінің көпшілігі деректі болғандықтан, өлең персонажында адам бейнесі, зат не табиғат құбылыстары болады. Өлең деректі болғандықтан да өлеңнің бейнелеу тәсілі сол деректі сипаттау, суреттеу, мінездеу түрінде келеді. Әсіресе, арнау, жоқтау жанрларында лирикалық кейіпкердің өлең персонажына қарым-қатынасына қарай әртүрлі сипаттағы лирикалық образдар жасалады. Бұл өлеңдер өз мазмұнындағы нысанасын, дерегін сипаттау, суреттеу, мінездеумен басталғандықтан, композициялық-құрылымдық жағынан да ерекшелене түседі. Өлеңдердің дүниеге келуінде I жақ емес ІІ жақ көбірек қызмет атқарады. Тікелей объектіні (нысананы) не деректі суреттеуден, сипаттаудан, мінездеуден мұндай өлеңдердің эпикалық сипаты басымдау көрінуі әбден мүмкін. Бірақ бейнелеу тәсілінің қай түрі болмасын субъектінің, яғни, лирикалық кейіпкердің ырқымен жүреді. Өлең сипатын лирикалық кейіпкердің объектіге қарым-қатынасы анықтайтын бол­ған­дықтан толғау, арнау, жоқтау жанрларының кез келген үлгісі лирикалық бояуының қою­лығымен айрықшаланады.
Екіншіден, Абай шығармашылығындағы арнау, жоқтау жанрларында жазба әдебиетімізде бірінші рет лирикалық поэзияда адам бейнесін жасау мәселесі толығымен жүзеге асты. Лирикалық поэзияда адам бейнесін жасаудың жалпы қазақ әдебиеті үшін туу емес, қалыптасу, сөйтіп дамуға бет алу кезеңінің Абай шығар­машылығына дөп келуі бір жағынан заңды да. Қалай болғанда да, бұл құбылыстың әдебиет дамуындағы аса маңыздылығын атап айтпасқа болмайды. Әдеби бейненің жазба лирикалық поэзияда жасалуының жүзеге асуы әлем әдебиеттерінің тәжірибесіне сүйенсек, ұлттық әдебиеттің есейген кезеңіне тура келеді. Бұл – Абай тұсында әдебиеттің есейіп, бірыңғай даму жолына түскендігінің тағы бір дәлелі. Бұған мысал ретінде Абайдың «Дүтбайға» өлеңін алсақ, өлең: «Жылуы жоқ бойының, жылмиғаны неткені» делініп, Дүтбайға мінездеме жасаудан басталады. Ақын одан әрі Дүтбайдың екіжүзділігін «Мұңды жылмаң пішінін, кезек киіп, ел жиып» жүргендігін айтумен дәлелдейді. Алдамшы тұрақсыздығын «дөң айналмай ант атты, бүксіп, бықсып ар жағы» деп те шенейді. Өлеңде бұдан әрі «Бүгін жалын, ертең шоқ, сөзі мен өзі бөлінген» дүтбайлық мінездердің, қо­ғамдық типтердің көбейіп кеткендігі «Қулық емес, бұл бір дерт, тұрлауы жоқ құбылып» делініп сыналады. Көріп отырғанымыздай, арнау өлеңнің объектісінде – Дүтбай. Ақын Дүтбай бейнесі арқылы өз кезіндегі қоғамдық шындықтың бетін ашып, заманына сай түлкі болып жүрген дүтбайлардың екіжүзділігін әшкерелейді. Осы стильде «Көжекбайға», «Күлембайға», т.б өлеңдерінің жазылуы лирикалық поэзияда типтік бейне жасалғандығына да толық дәлел бола алады. Лирикалық образды даралап жасаудың үлгісіндегі арнау өлең – «Кешегі Оспан ағасы». Бұл өлеңде де ақын жанрдың мүмкіншілігіне қарай, арнаудың сипатына сәйкес Оспанға мінездеме береді, бейнесін жасайды. Өлең: «Кешегі Оспан ағасы, кісінің малын жемепті» деп басталып, одан әрі Оспанның «қуаты артық, ойы кең» немесе «досына – дәл жаз, жауға – аяз» болғандығын, «ала қолсыз мырза», «адалдық үшін алысқандығы» айтылып жырланады. Қысқа өлеңнің өзінен-ақ Оспанның тірлігінде қандай адам болғандығынан ақын шеберлігінің арқасында толығынан хабар аламыз. Ақынның жасаған Дүтбайы, Оспаны және басқа әдеби бейнелері арқылы жалаң мінездеу мен сипаттауды ғана емес, адамның жан дүниесінің қалтарыстарын, ішкі сезім күйлері, психологиялық жайларын терең ашып көрсетудің үлгісін танимыз.
Ұлы ақынның толғау стилінде жазылған бір топ өлеңдері қазақ әдебиетінің, қазақтың лирикалық поэзиясының Абайдың тұсында кәсібилене түсіп, дамудың даңғыл жолына бет алғанын айқын көрсетеді. Ұлы Мұқаң «Абайдың лирикасында»: «1889 жылы, жоғарыда санауымыз бойынша, Абайдың тоқтаған тағы бір тақырыбы бар. Ол – бұдан бұрын да ақын шығармаларында бізге таныс болған көңіл лирикасы. Өз ойымен халық мұңын қоса мұңдап ойшылдық, сыршылдық үлгіде туындаған терең толғаулары. Бұл қатарға қосылатындар атақты «Сегіз аяқ», сонан соң «Ішім өлген, сыртым сау», «Қажымас дос халықта жоқ», т.б. өлеңдер» – дейді.
Демек, қазіргі әдебиеттануда «медитативті» делініп жүрген бір топ өлеңдердің де қазақ поэзиясында Абай шығармаларынан басталғанын көріп отырмыз. Қазіргі орыс поэзиясын зерттеген профессор П.Н.Поспелов орыс лирикалық поэзиясын бес түрге бөліп қарастырған. Осы бес түрдің ішінде лирикалық поэзияның қасиет-қадірін ерекше танытатын «медитативная» лирика деп дәлелдейді. Ақындардың өз жан сырын ұлт үніне қосып, халық мұңымен мұңдасатын бұл ерекше түр де қазақ өлеңінде ұлы Абай шығармаларынан басталғандығын қорытындылаймыз. Абайдың «мені» арқылы қазақ халқының басындағы барша жағдайлар, зәру мәселелер ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік, тарихи сыр-сипатымен терең астарластырылып берілген. В.Белинскийдің «ұлы ақын өзі туралы айтса, жалпы халық туралы айтқаны» дегені ұлы Абайдың осы саладағы, яғни «медитативті» өлеңдеріне арналып айтылғандай.
Қорытындылағанда, Абай шығар­машылығында лирикалық поэ­зияның тарихы мен теориясы үшін аса маңызды категориялардың бірі – лирикалық бейне жасау жазба әдебиет талаптарына толығынан сәйкес келетін күйде жүзеге асты. Абай өнернамасы халқымыздың ауыз әдебиетінің жазба әдебиетке ұласу жолындағы алтын көпірі болды десек, оның әрбір өлеңі өтпелі кезеңдегі әдеби шығарманың міндетін мүлтіксіз атқарып, қазақ өлеңінің тарихынан өздерінің қадау-қадау орындарын иеленді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет