Оқушыларға әдеби теориялық ұғымдарды оқыту



Дата10.12.2021
өлшемі30,36 Kb.
#78983
Байланысты:
000144bd-182bfedd

Баян Мурынбаева,

№187 М.Шоқай атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі,

Қызылорда қаласы



Оқушыларға әдеби теориялық ұғымдарды оқыту

Әдебиет – көркем өнердің негізгі бір саласы.Көркем өнердің бір саласы болғандықтан да,көркем әдебиет-қоғам өмірі мен ой-сананың тарихы болып саналады.

Әдебиеттің басты құралы-сөз.Көркем сөз өнері арқылы әдебиет өмір шындығының не қилы бейнесін,сезім түсінігінің толқынын,адамдар арасындағы қарым-қатынас,күрес-тартыстарды суреттейді.

Суреттеу,бейнелеу күшімен және әдебиеттік кейіпкерлер арқылы әлеуметтік өмірдің өткендегісімен де,қазіргісімен де таныстырады.Адамды,қоғамды,табиғатты танытады.Сондықтан да әдебиет білімділік-танымдық,тәрбиелілік,эстетикалық –эмоциялық ,көркемдік қасиеттері арқылы образдап ойлау құралы болып танылады.

Әдебиет өмір құбылысының образ арқылы берілген шындық бейнесін суреттеп,танытып қана қоймайды,ол сол құбылысты жанды түрде бар болмысымен көзге елестете әсерлі суреттей алады.

Ұлы Абай:

«Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас,»-

десе, халық: «Өнер алды-қызыл тіл» деуі осыны дәлелдейді.

Әдебиеттің өзіне тән сыртқы және ішкі зерттейтін заңдары болады.

Әдебиеттің сыртқы заңдылықтары:

1.Қоғамдық қызметі;

2.Ағымы;


3.Стилі;

4.Әдістер тартысы;

5.Мазмұны мен түрі;

6.Қайшылықтары.


Әдебиеттің ішкі заңдылықтары:

1.Шығарманың тақырыбы мен идеясы;

2.Жанрлары мен образдары;

3.Типтендіру мен қиялдау;

4.Композициясы мен сюжеті;

5.Тілі;


6.Көркемдеуіш құралдары,суреттеу тәсілдері.

Мектептегі әдебиет пәнінің жалпы білім жүйесіндегі орны мен міндеттері көркем шығармалардың білімділік,тәрбиелік өзіндік сипаттарына негізделеді.

Оқушыларға халықтың қоғамдық өмірін арман-мүддесін танытуда оларға имандылық,адамгершілік,эстетикалық тәрбие беруде,өмірге көзқарасын,мінез-құлқын қалыптастыруда көркем әдебиет пайдалы қызмет атқарады.

Мектепте әдебиетті оқыту халықтық бай әдебиетті (халықтық поэтикалық шы-ғармашылық),өткендегі прогресшіл әдебиетін,қазақ кеңес әдебиетінің тарихын,

сынын,теориясын оқушыларға терең меңгертуге жағдай жасайды.

Бұл міндет сөз өнері арқылы болмысты эстетикалық қабылдауға негізделген әдебиеттің өзіне тән өзгешелігіне сәйкес оқып үйренуге шығарманың идеялық

мазмұны мен көркемдік түрін,сөз өрнегін өзара бірлікте,ажырамас тұтастықта талдай білуге үйретеді.

5-9 сыныптарда көркем әдебиет шығармаларын оқып үйренуде алға қойылатын негізгі міндеттердің бірі-оқушылардың тілін байыту,дамыту,ойын ауызша-жазбаша түрде дұрыс баяндауға үйрету.

9-11 сыныптарда көркем шығарманы оқып үйренумен бірге оқушылардың орта буында алған әдеби-теориялық білім дағдылары әрі қарай дамытылып,күрде-лене түседі,жүйелі білім алады.

5-9 сыныптарда әдебиет теориясынан берілген мағлұматтар:шығарманың тақырыбы,идеясы,композициясы,сюжеті,көркемдегіш құралдары мен суреттеу тәсілдері жоғары сыныптарда тереңдетіле оқытылады.

5-9 сыныптарда әдебиет теориясынан берілген мәліметтер тиісті әдеби шығар-малардың өз тұсында беріледі.Әдебиет теориясы өз алдына жеке пән болып оқытылмайды.

Өтілетін әдеби шығарманың тұсында,жанрына,құрылысына,оқиғасына,көркемдік ерекшелігіне қарай әр сынып-тың өз көлемінде тиісті мәлімет беріледі де,

сыныбы жоғарылаған сайын теориялық әдеби ұғымдар күрделене түседі.Мектепте әдебиет теориясын өту жолдарын осылай қарастыра отырып,мұғалімдер білімінің негізін танытатын әдебиет теориясы жайлы еңбектерді келтіре кетейік.

1.А.Байтұсынов шығармалары,зертттеулері,өлеңдері,аудармалары

«Әдебиет танытқыш» 1926 жыл

2.Қ.Ж.Жұмалиев «Әдебиет теориясы» «Мектеп» баспасы,Алматы,1969 жыл

3.Ә.Қоңыратбаев «Әдебиетті оқыту методикасы» «Мектеп» баспасы ,1966 жыл

4. Ә.Қоңыратбаев «4-7 кластарда әдебиетті оқыту методикасы» «Мектеп» баспасы 1987 жыл

5.З.Ахметов «Өлең сөздің теориясы» «Мектеп» баспасы Алматы,1973 жыл

6. З.Қабдолов «Сөз өнері» «Мектеп» баспасы 1976 жыл

7.С.Тілешова «Әдебиет оқу кітабына методикалық нұсқау» «Мектеп» баспасы Алматы,1987 жыл

8.Б.Сманов «Кейіпкер бейнесін талдау» «Рауан» баспасы Алматы,1990 жыл

9.М.Жұмабаев «Шығармалары,өлеңдері,поэмалары» «Жазушы» баспасы Алматы,1989 жыл

10.Ж.Аймауытов «Мағжанның ақындығы туралы»

11.Қ.Ж.Жұмалиев «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының

тілі» «Қазақстан мен көркем әдебиет» баспасы 1960 жыл

12.А.Көшімов «Қазақ әдебиетін оқыту методикасы» «Мектеп» баспасы

Алматы -1969 жыл

«Әдебиетті оқу кітабы» 5 сыныпта өтілгенде әдебиет теориясынан мағлұмат беру шығарма жанрын танытудан басталады.

Тегі-эпос,лирика,драма.

Халық ертегілері бөлімінде «Керқұла атты Кендебай» ертегісін өткеннен кейін,ертегінің ауыз әдебиетінің түріне жататынын,көбіне қара сөзбен жазылаты-ны,ертегіде Кендебай,Мергенбай батырдың баласы,хан,хан балалары кездесетіні айтылады.

Халық ертегілері «Қаңбақ шал», «Қырық өтірікті» өткенен кейін ертегілердің тақырыбы әр түрлі болып,осыған байланысты қиял-ғажайып ертегілер (Кер құла атты Кендебай»),шыншыл ертелігер («Қырық өтірік»),жануарлар жайлы ертегілер

(«Алтын сақа») болып бөленеді.

Ертегіде қиял-ғажайыпты ойдан шығарылған оқиғалар баяндалатыны,өмірде сирек кездесетін не кездеспейтін оқиғалар екендігі айтылады.

Кендебай,хан,бала,бай,бай баласы шығармадағы адамдардың көркем бейнесі екені,ертегілерде мұнан басқа әңгімелерде кездесетін осындай адамдарды шығарма кейіпкері деп атайды.

Шыншыл ертегілерде бай мен кедей,ақылды мен ақымақ,жақсы мен жаман адамдар кездессе,қиял-ғажайып ертегілерде ержүрек батыр,жеті басты дәу,жалмауыз кемпір,арыстан ұшырасады.

Жануарлар туралы ертегілерде кездесетін жануарлар адам мінезінде,адамға тән іс-әрекет пен қасиеттерде кездесетіні мысалдар арқылы түсіндіріледі.

Қиял-ғажаиып ертегілер мен жануарлар туралы ертегілерде кездесетін әрекет иелері де шығарма кейіпкеріне жататыны естеріне салынады.

Оқушыларға Ө.Тұрманжановтың «Құмырсқалар,аралар-қиыспас дос құдалар»,

Ә.Тәжібаевтің «Толағай» ертегілері әдеби ертегі деп аталатыны ,өйткені оның шығарған авторы белгілі,ал халық ертегісінің шығарған авторы жоқ екені ұғынды-рылады.Өлеңмен жазылғаны түсіндіріледі.Бұл ертегілердің де еңбек адамдарын қадірлеу,елді сүю,адамгершілік,шыншылдық,әділеттілікті уағыздайтыны әдебиет дәптерлеріне жазылады.

Ертегілер тілінде:

«Жеті жаста садақ тартты,

Атқан оғы тасты уатты.

Жай оғынан кем емес,

Темірден де өткізді.

Күндік жерге жеткізді»,-

деген сөздер тіркесі әсірелеуге жатады.Әсірелеу-өте ұлғайтып көрсету.

Теңеу сөздер- бір заттың қасиетін екінші затқа салыстыру.

«Аты Айсұлу-ақ маралдай...

...Кере қарыс,ақша маңдай,

Күн нұрынан жаралғандай.

Ақ тістері меруерттей,

Қос жұлдыздай көз жанары

Жалындайды жанған өрттей»,- анықтауыш қызметін атқарып,сын есім болып тұр.Сөйтіп бұл жерде қазақ тілі мен әдебиеттің байланысты болатынына тоқтала кетеміз.

6 сыныпта «Халық ауыз әдебиеті туралы»кіріспе тақырыбы өтілгенде жанр тегін қайталап,эпос,лирика,драма болып үшке бөлінетінін еске саламыз.

Халық ауыз әдебиетінің түрлері ертегі,мақал-мәтел,жұмбақ,жаңылтпаш,

батырлар жыры,аңыз әңгімелер,түрлі өлең-жырлар болып бөлінетіні айтылады. Ертегілер тақырыбына сай мұнда да

1.Шыншыл ертегілер

2.Қиял-ғажайып ертегілер

3.Жануарлар жайлы ертегілер

4.Тұрмыс-салт ертегілер

өткен 5 сыныпта тұрмыс-салт ертегісін айтқанымыз еске салынады.

Ол өзідерінің 5 сыныпта оқыған «Ақын қонақтар» атты М.Әуезовтің Абай жайлы жазған әңгімесінде кездесетін «Жұпар қорығы», «Еділ-Жайық», «Құла мерген» ертегілері жатады.Бұл ертегілерде көшпелі бақташылық тұрмысты сурет-

тейді.Әрі кең жайлаулы,көк сеңгір тауларды,жұт болмайтын жасыл алқапты көк-сеген арманға толы болып келеді.

Мал қырылып,ел жұтағанда Жұпар ана балаларын басқа жаққа алып кетеді.Жұпар ана аулын аман сақтап қалады.Жер ұйықты әйел-аналар да таба алады деген ойды білдіреді.

«Аяз би» ертегісі шыншыл ертегіге жатады.Ертегі тегіс оқудан өткізіледі.

Мұның өзі оқушының мәтінді толық оқып шығуына жағдай туғызады.Бұл әдісті «түсіндірмелі оқу» деп атайды.Бұл туралы профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың пікірі мынадай: "Біз жас балаға қандай затты немесе пәнді болмасын бүтін-бөлшек-бүтін деп келетін жүйемен үйретеміз.Пәнді түсініп,игерудің осы үш ережесі-барлық пәнге ортақ.

Хат таныту тұрғысынан келгенде,ол бірде сөз-дыбыс-сөз,бірде сөйлем-сөз-сөйлем болып келеді.

Әдеби оқу методикасына салсақ,мазмұн-форма-идея. Орта мектепте де солай.

Мазмұнның әдеби және философиялық мағынасы бар.Алғашқы мазмұнға шығарманың өзін оқып,игеріп алу жатады.Соңғы мазмұн (идея) шығарманың мәнін ашады.

Шығарманың формасы(образ,тіл,композициясы) бірлескен талдаудан өтеді.

5-7 сыныптарда бала шығарманың мазмұнын игере отырып,соның кейбір көркемдік(формалық)ерекшеліктері жөнінде мағлұмат алады".

Бұл пікірді басшылыққа алып,мазмұн-форма-идея деген формуланы ұстана-мыз.Олай болса, «Аяз би» ертегісінің жанры эпосқа жататыны,қара сөзбен жазылған ертегі екендігі тағы естеріне түсіріліп,ертегінің тақырыбы-адамгершілік пен халықтың ақыл-ойын,халық арасында данышпан адамдар бар екенін көрсетуге арналғаны айтылады.Кейіпкерін таптыртып,дәптерлеріне жаздырылады.

Олар:Мадан хан,қырық уәзір,Жаман,хан шешесі,Уәли бай,қызы Меңді,келіншек,

Зәрлі хан,азпазшы,наубайдың әйелі,қойшы шал,Ақша хан.

Кейіпкер дегеніміз шығармада кездесетін адамдардың көркем бейнесі.

Тіліне тоқталып, «Жау шапты,ел бүлінді,апат соқты» дегендер барынша дамыта айтылып,сөзді күшейту мақсатында жұмсалғанын түсіндіреміз.

«Аға өлсе,іні-мұра», «Ай,Аяз,баймын деп аспа,ханмын деп таспа!Аяз әліңді біл,құмырсқа,жолыңды біл!» деген сөйлемдер мақал-мәтелге жататыны айтылады. Мұнан әрі мына мәтінді таптыртып оқыттырамын.

- Уа,ата,мына таудың басын қырау шалғалы неше жыл болды?-деп сұрады.

-Бір жиырма жыл болған шығар,-деді шал.

-Бұл таудың етегін қырау шалғалы неше жыл болды?

-Он бес жыл болды.

-Бұл таудың басынан бұлақ аққалы неше жыл болды?

-Оған да бір он жыл болған шығар.

-Ата,өзің нешеусіз?-деді.

-Ой,шырағым-ай,жатқанда екеуміз,тұрғанда төртеуміз!

-Баба,менің қырық асыранды қазым бар,соны білдірмей жүнін жұлып,күйдірмей пісіріп,қан шығармай сойып беретін кісі бар ма?-деп сұрады хан.

Сонда шал:

-Адамына тап болсаң,айтқаныңнан да артық етер,-деді.Бұл сөздер бір жағынан тұспалдау болса,екінші жағынан жұмбақтау.

Осы сөйлескен сөздер - диалог.Диалог деп екі адамның сөйлескен сөзін айтамыз.

Шығарманың тілі арқылы кеіпкердің қандай екені,оның іс-әрекеті,ақыл-ойы,

адамгершілігі танылатыны айтылады.ертегінің тілі халқының тарихын,тұрмыс-тіршілігін,салт-санасын,ой-арманын білдіреді.

Ертегі кіріспесі,яғни түсіндірме-уәзірлердің құстың,шөптің,адамның жаманын іздеуі.

Байланысы-Жаманның табылуы.

Дәлелдеу-Жаманның сыны.

Жағдай-Меңді сұлу.

Шиеленісуі-Жаманға қастандық.

Шарықтау шегі-ханның қойшы шалмен әңгімесі,уәзірлердің Жаманға баруы.

Шешімі-Жаманның хан болуы.

Бұл сюжеттік талдауға жатады.Ертегі жоспары ретінде жасалады.

«Ер Төстік» ертегісін өткенде әдебиет теориясынан шығарманың сюжетін талдау үйретіледі.Алдымен ертегінің мазмұны түсіндіріледі.

«Ер Төстік» ертегісінің мазмұны мынадай етіп берілген:

Ертеде Ерназар деген бай кісі болады.Сегіз ұлы жұт жылы малын айдап алысқа кетеді.Олардан хабар болмайды.Ерназардың азығы таусылып,аштық қысады.

Бұл ертегінің келешектегі болатын негізгі оқиғасына кіріспесі.Шығарманың сюжеттік элементтерінің бірі осы кіріспе –түсіндірме деп аталады.

Шаңырақтың күлдіреуішіндегі керулі тұрған кер биенің төстігін асып жейді. Кемпір жүкті болып,ұл туады.Атын Төстік қояды.

Бұл ертегінің бастапқы оқиғасының келешектегі оқиғасына жалғасып,бірі мен екіншісінің үзіліссіз байланысып отыруы- ертегінің байланысы.Байланыс-сюжеттің бір элементі.

«Ер Төстік» ертегісінің өзіміз танысқан мазмұнын сюжетіне талдағанда оқиғаның байланыста дамып,жүйелі түрде суреттелетінін білдік.Мұның өзі «Ер Төстік» сияқты оқиғалы шығармаларда болатынын анықтадық.Олай болса,сюжет ертегілерге тән қасиет екені танытылады.

6 сыныпта «Батырлар жыры» тарауынан «Қобыланды батыр» жырынан үзінді өткенде:

Құбылып Бурыл гулейді,

Табаны тасқа тимейды,

Тау мен тасты өрледі,

Төрт аяқты сермеді...

Адырды көзі көрмеді.

Көлденең жатқан көк тасты

Тіктеніп тиген тұяғы

Саз балшықтай иледі,- деген өлең жолдарынан гипербола-әсірелеу танытылады.

Тіліндегі «Жан серігім,Буырыл ат»-кейіптеу, «Қыдыра жалды,қыл құйрық»-метанимия-ауыстыру, «Жылқыда тұлпар сен едің,жігітке сұңқар мен едім» ұқсату,балау мағынасында метафора екені айтылады.

«Есек пен бұлбұл»,«Шегірке мен құмырсқа» мысал өлеңдерінің тақырыпта-ры сөздің тура мағынасынан астарлы,мысқыл,кекесін мағынасында айтылады.

Қайтсін,қолы тимепті,

Өлеңші,әнші,есіл ер!

Ала жаздай ән салсаң,

Селкілде де билей бер!

С.Дөнентаевтың «Ауырған арыстан» өлеңі де мысалға жатады.

А.Тоқмағанбетовтың «Бидай мен қаңбақ» мысал өлеңіне тоқталайық.Өлең мазмұны оқиғаға құрылған.

1. Автор сөзі :

Өзі қаңбақ болсын,

Онда қандай салмақ болсын.

Дауыспен тіл қатты,- деп кейіпкер сөзіне орын беріледі.

2.Диалог сөзі қолдану сахналық көрініске тән.Сюжетке құрылған.Екі адамның сөйлесуі сахнаға тән драмалық шығармалар.

-Сен осы бидаймысың?

-Бидаймын.

3.Автор қорытындысы:

Дұрысын айтқан

Бидай ма,қаңбақ па?

Оны өздерің салмақта,- деп аяқталады.

Мысал- көлемі шағын,оқиғалы,өсиет,ғибратты шығарма.Өлеңмен де ,қара сөзбен де жазыла береді.Мысалда аң,хайуанат,өсімдік адамның іс-әрекетінде көрінеді.Мұны аллегория дейді.Тілі - әжуә,келеке.

С.Дөнентаевтың «Ауырған арыстан» өлеңінде:

«Патша сұлтан,«Жалғыз-ақ түлкі байғұс бара алмады,»-деген сөздер іштей күлуге жатады.

Ыбырай Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесі жанры жағынан эпосқа,әңгіме түріне жатады.Тақырыбы –тәрбие арқылы өмірді танып өскен жарлы баласы мен өмірге икемсіз бай баласын көрсету.Кейіпкері Асан бай

баласы мен Үсен жарлы баласы.

Әңгіменің сюжеті :

1.Ұмытып жұртта қалу;

2.Айырық жол;

3.Үйрек ұстау;

4.Балық аулау;

5.Далаға түнеу;

6.Молалы жер;

7.Ауылды табу.

Осындай оқиғалар жиынтығын сюжет дейді.Оқиға әр түрлі көріністерден тұра-ды.Кейіпкерді білуге,өмірді тануға,жазушы ойын түсінуге көмектеседі.6 сыныпта сюжет туралы түсінік кеңейтіледі.Сюжет-бір-бірімен байланысып,рет-ретімен дамып отыратын оқиға.

1.Басталуы.(Кіріспе)

2.Дамуы.

3.Шиеленісуі.

4.Шешімі .

Әңгімеге жоспар жасату сюжет ұғымын тез түсінуге мүмкіндік туғызады.

«Бай баласы емн жарлы баласы» әңгімесіне жасалған жоспар-сюжеттің рет-ретімен баланыста дамитынын көрсетеді.

Әңгіме-көлемі аз,оқиғасы шағын шығарма.

Абайдың «Күз» өлеңін мәнерлеп оқу арқылы сұрақ пен тапсырманы басшы-лыққа ала отырып,талдауға кірісеміз.

Күздің белгілері. Аспанды түсі суық сұр бұлт қаптайды.Күз болғандықтан дымқыл тұман жерді басады.Жасыл шөп,бәйшешек бұрынғыдай күйі жоқ.Жастар күліп,бала жүгіріп шуламайды.

Осылайша өлеңді өз түсінімен айтқызу арқылы қара сөз бен өлеңнің айырмашылығы түсіндіріледі.

Қара сөзде буын,бунақ,тармақ,ұйқас,шумақ болмайтынына өздерінің құрас-тырған «Күз» туралы мазмұндауын тақтаға жазғызу арқылы көзін жеткіземіз де, «Күз» өлеңінің құрылысын талдаймыз.

1.Буынды табу.

2.Бунақты табу.

3.Тармақты табу.

4.Ұйқасты табу.

5.Шумақты табу.
3 4 5

Сұр бұлт || түсі суық || қаптайды аспан,

3 4 4

Күз болып, || дымқыл тұман || жерді басқан.

3 4 4

Білмеймін|| тойғаны ма, || тоңғаны ма,



4 3 4

Жылқы ойнап, || бие қашқан, || тай жарысқан


Буын,бунақ,тармақ,ұйқас,шумағын мұғалім өзі тауып,оқушыларға өлеңді талдап көрсетеді.Мысалға алған «Күз» өлеңінің екі тармағының буынын,

бунағын тауып талдаған соң,қалған екі тармағын оқушының өзіне таптыртамын.

Мұнан әрі әдебиеттің,яғни шығарманың көркемдегш құралдарының бірі ақындық анықтауыш-эпитетті сұрақ арқылы таныта бастаймыз.Эпитет А.Байтұрсыновта көріктеу деп аталады.

- Қандай бұлт?

-Сұр бұлт.

-Қандай тұман?

-Дымқыл тұман.

-Түсі қандай?

-Түсі суық.

Осындай сұрақ-жауап арқылы эпитетті -ақындық анықтауышты таптырта-мын.Қазақ тілінде сын есім болатыны еске салынады.Эпитеттер оқушы жасына сай тереңдете білдіруге бағытталады.Эпитет - адамның,заттың,табиғат құбылыстары-ның өзгеше белгілерін көрсету,олардың бейнелерін көз алдына елестету деп анықтамасы дәптерге түсіріледі.

6 сыныпта Мұқағали Мақатаевтың «Қайырлы күн» өлеңін өткенде өлең құ-рылысы Абайдың «Күз» өлеңінің құрылысы еске түсіре отырып талданады.
4

Қайырлы түн! ||

3

Жер-Анам! ||



4 3

Көк аспанды || жамыл да. ||


Өлеңнің құрылысы бөлек,буын сандары әр түрлі.Өлең өлшемі,ұйқасы басқа-ша берілген.Өлең туралы қысқаша түсініктеме беріліп,өлең өлшем мен ұйқасқа құ-рылатыны,өлшем мен ұйқас өлеңнің басты қасиеті екендігі айтылады.

Екі өлеңнің де ортақ қасиеті өлең өлшеміне негізделген.Жолдары бөлек-бөлек жазылғанмен оқуда біркелкілік танылып тұр.

«Қайырлы түн» өлеңінің соңғы шумағы 11 буыннан тұрады.

4 4 3


Шашу болып || жұлдыздарың || шашылды, ||

4 4 3


Айың келіп || ақ мойныңа || асылды ||

5 4 3


Шәйіге орап || әлдилесін || Құс жолы, ||

4 4 3


Тыныштық деп || аталатын || жас ұлды. ||
Мұндағы эпитеттер: Жер-ана,алып жер,көк аспан,ақ аспан,ақ басты ала тау-лар,боз көрпе,ақ мойын,жас ұл деген сөздер екені айтылады.

5 сыныпта Абайдың «Қыс»өлеңін өткенде ақындық тіл –троптың бір түрі кейіптеуді талдау барысында оқушыға түсіндіріледі.Абайдың өлеңінде «Қыс» жан-сыз табиғат құбылысынан тірі бейнеге,адам тіршілігі кейпіне көшіп беріледі.

Табиғат құбылыстарын жандандырып тірі кісі кейпінде суреттеуді кейіптеу деп аталады деген өлең жолдарын оқытып,оқушы дәптеріне түсіріледі.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Шілде» өлеңі Абайдың «Қыс» өлеңімен салыстырып кейіптеу таптырылады.


Ән салды таңды мақтап сансыз торғай,

Бас иіп,бәйек болып,жерге қонбай.

Күй билеп суда тұрған барлық қамыс,

Ән салды домбырамен құстың шуы.


6 сыныпта М.Мақатевтың «Қайырлы түн» өлеңінен осындай табиғат құбы-лысын білдіретін жандандыруды талдап,дәптерге жаздырылады.

Шашу болып жұлдыздарың шашылды,

Айың келіп ақ мойныңа асылды.

Шәйіге орап әлдилесін Құс жолы,

Тыныштық деп аталатын жас ұлды.

Бұл өлең шумағындағы тармақтардың барлығы да кейіптеуге құрылған.

Жер-ана мен аспан әлемі,бүкіл табиғат,соның ішінде адамзат баласы құштар тыныштық жанды адамның іс-әрекетінде жанды қозғалысқа келтірілген.

Өлеңнің буын,бунағы,тармақ,ұйқасы,шумағы тағы еске салынады.

Өлең тегі мен түрі- лирика,оның ішінде табиғат лирикасы.Лирика-ақынның ішкі сезімін,көңіл күйін,өмірге көзқарасын,дүние танымын білдіреді деген анық-таманы дәптерге түсіреді.
3 4 4

Күн хабар || сонда береді || нұрын шашып,

3 4 4

Бір күлді || жүзіменен || амандасып.


Ұйқасы 1,2,4,тармақтар ,а,а,б,а ұйқасқан.

5 сыныпта Бейімбет Майлиннің «Қанды кек» әңгімесін өткен соң,оқу бары-сында диалог сөздер естеріне түсіріледі.

-Ал енді қайтпекпіз?

-Қайтпек керек,ақылға келетін көрінбейді ғой.

-Не көрінді сендерге?Адамшылықтарың қайда?

Осы диалогке байланысты өтілген «Бидай мен қаңбақтың» сөздері еске түсі-ріледі.

«Қанды кек» әңгімесінен монолог туралы ұғым беріледі.Бөлекбайдың күнделігі осыған жатады.Мұнда Қайранбайдың Ыбыраш болыстан алған кегін суреттейді.

Бөлекбай: «Мен де бардым,болысты Қайранбай сүйретіп алып шықты.

...Ішінде болғанның өзі мықты ерлігім деп білемін.»

Ыбыраштың сөзі де іштей ойланғандықтан монологке жатады.

Ыбыраш: «Шынында да,шалдың сөзі рас-ау,жұмыстары менде.Жұртты бір шыбықпен айдадым,адал-арамды ескермедім... Қазақ баласы ғой,ағайын ғой,мені аямас дейсің бе?!»

Монолог арқылы кейіпкердің ақылы,ойы,ұғымы,білімі,мәдениеті,іс-әрекеті көрінеді.Кейіпкерді танып білуге көмектеседі.Сондықтан диалог пен монологке мән беріп оқудан өткізіледі.

Мұхтар Әуезовтің «Ақын қонақтар» тақырыбын өткенде кейіпкердің портре-тін табуға мән беріледі.

«Биыл Абайдың жасы он үшке толған еді.Денесі де бір аралық кейіпте.Бойы өскен.Қол-аяғы ұзарған.Бұрын мұрны шолақтау болушы еді,биыл біраз ұзарып қалыпты.Бет бейнесі баладан гөрі ірілеңкіреп,бала бозбаланың қалпына бейімделген.

Бұрын қара болушы еді,бетінің қызылы да бар еді.Қазір де қаладан қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма,әйтеуір бозғылданған.Сұйықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді.»

Барлас портреті: «Шоқшалау ғана ақ сақалы бар,келбеті келген зор дауысты ақ сары кісі»

Ұлжанның портреті:Ұлжанның мол денесін қапсыра құшақтап,қатты қысып,

бетінен,мұрнынан,көзінен қайта-қайта сүйді.»

Портрет- адамның сырт бітімі,кескін-кейпі,жүріс-тұрысы,ұстап-тұтқан затта-ры.Әңгімені оқудан өткізу барысында кейіпкерлерін таптырып,олардың портретте-рі дәптеріне жаздырылады.

«Ақын қонақтар» әңгімесінде Абай,Зере,анасы Ұлжан,Барлас ақын,Байкөкше сияқты кісі аттары кездеседі. Бұл кісілер шығарманың көркемдік бейнесін таныта-тын кейіпкерлер екені айтылады.

Әңгімеде ертегі айтарда әжесі: -Е,е...Бұлдыр-бұлдыр күн өткен,бұрынғыдан кім өткен,-деп ертегі бастайтынына,Барлас ақынның:-Е,балам: «Шешені судай төгілген,тыңдаушың бордай егілген,»-деп барып жырлауына оқушы көңілі аударылады.

Ертегі мен батырлар жырының бастауы осындай шешендік толғаныспен бас-талатынын оқушылар біледі.

Әңгіме де ертегілердегідей қара сөз бен өлең аралас қолданылатынына назар аударылады.

Бір шумақ өлеңде Барлас:

«Шырағым, ер жетерсің,

Ер жетсең,сірә, не етерсің.

Алысқа шырқап кетерсің,

Шындасаң шыңға жетерсің,»- деп кеп,Абайға домбырасын ұсынады.

Кейіпкерлердің портреті арқылы олардың бет-пішінін,тұлғасын,жүріс-тұрысын,ұстап-тұтқан заттарын ғана біліп қоймаймыз,қайта оның мінез-құлқын,іс-әрекетін танимыз.

Ғабит Мүсіреповтің «Жас достар» әңгімесін өту үстінде кімнің атынан жазылғанына мән беріледі.

Қайрош портреті: «Зытып келемін,зытып келемін.Қазір ондамын.»

М.Әуезов әңгімесі автор атынан баяндалса,Мүсірепов әңгімесі кейіпкер атынан баяндалғанын біледі.

Қайрош портреті: «Қалыңдығы тоқымдай жамау үстіне жамау жапсырған шапанды,аяққа оралған «галифе» шалбар, «жүні түспеген қоңыр торпақ»- балалар мазағы,қарны қампиған қырықпа қара серкешке ұқсап қалдым ғой деймін».

Бораш портреті: «Бораш ақ құба ғана,қағылез,қыз мінезді бала екен.Көздері де жаңа туған бұзаудың көіндей,бар дүниеге таңдана қарайтын сияқты.

Мөлдір қара көзінен көңілінің түбі көрініп тұрғандай.»

Шеген портреті: «Шеген қабысқан қарнын қағып-қағып қойды.Шеген сұлу,

сұңғақ денелі,бұлшық еттері болаттай иірілетін,күнге күйген,тобылғы торы екен.»

Қайроштың шешесінің портреті: «Басында біздің елдің үлкен жаулығы,көк шұбар кең көйлегі делең қағып анам екпіндей басып келеді.

...Өмір бойғы еңбектен буылтықтанып кеткен саусақтарының бірінде жалпақ күміс сақинасы жарқырайды.

Күнге күйіп қарайған ашаң жүзіне енді ажар кіре бастады.Апам сирек ұрттап,шай ішіп отыр.»

Мария апай портреті: «Кеше ғана ұнаңқырамай қойған Мария апай,

шынында,елу баланың анасы болып кеткен екен.

Денесінің толықтығына қарамай,балалардың арасында ұршықтай үйіріліп жүреді.

Толықтығында анаға лайық бір жылылық,мейірімділік бар екен.»

Кейіпкерлері:Қайрош,Айдынғали,Шеген,Бораш,милиционер,Қайроштың шешесі,Мария апай,балалар.

Әңгімеден пейзаж-табиғат көріністері бар тұстарын тауып оқиды.

«Мүмкін,менің алдымда сағым теңіздей құлпырып,алыстан қол бұлғап,жаңа бір өмір жатқан шығар.»

«Күн батты,теңіз үстін қорғасындай басқан ауыр бір қара тұман да көтеріле-ді.

Қара тұманның ауырлығынан теңіз беті қайысып,төмен түсіп кеткендей сезі-леді.

Қара тұманның әр жерінен жалғыз-жалғыз жарқырап жұлдыздар көрінеді.

Тұман арқылы көрінгендіктен,қызғылт тартқан кішкене жұлдыздар түнде жарқырайтын көзін есіме салды.»

Пейзаж туралы түсінік беріледі. Пейзаж – көркем шығармада суретелетін табиғат көрінісі.Оқиғаның мезгілін,орнын көрсетеді.Кейіпкердің көңіл күйі мен сезімін,өмір тіршілігі мен арманын,болашағын көрсетуге қызмет етеді.

Өлеңде кездесетін табиғат суреттері қара сөзде де кездесетіні айтылады.Табиғат лирикалары да пейзажға жатады.

Жұмағали Саинның «Түнде» әңгімесі өтілгенде «Жаңа достар» әңгімесімен салыстырылады.

«Кешке қарай күн аспанда ақырын жылжиды ...

Кең даланы қаптай өскен көкпеңбек егін салаларын үрлеп ойнайды,егін жай сабырмен толқып,теңселеді ...

Түн маужырап,жер-дүние қалғып тұр,жұлдыз жиі,менің көзіме сондай әдемі,сондай жылы көрінеді.»

Қайрош қорықса,Жұмағали Саинның кейіпкері қуанады.Екеуінің де көңіл күйін білдіреді.Екі әңгіме де кейіпкер атынан баяндалады.

Табиғат көрінісінде де жандандыра суреттелетін кейіптеу бар екендігі оқушыға түсіндіріледі.

Абайдың «Қыс», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Шілде» өлеңдерімен салыстарылады.

6 сыныпта Тахауи Ахтановтың «Дәрігер Галя» әңгімесінде кейіпкер портретін таныту тереңдете жүргізіледі.

Ораз портреті: «Шофер-бет сүйегі шығыңқы,томпақ көзді,қара торы жігіт,

сөзге сараң.

Қысқа қара шашы бірыңғай жығылмай маңдайына шашырап кетіпті ...

Астыңғы ерні салбырап,аузын ашып,қызық әңгіме тыңдағандай ұйып қапты.»

«Кабинадан Ораз шықты.Бет-аузы шаң.Тек тісі ғана ақсияды.Қызға қолын соза беріп үрпейіп кетті.»

«Шаң басқан бетінде үлкен қара көзі ғана жарқылдайды.Осы кескіні бір түрлі сүйкімді,қыз ақырын езу тартты.»

Галяның портреті: «Шофер ... Дене бітімі толысып жетіліп болмаған,қол-аяғы серейген,ат жақты арық қыз.

Ұзын қою кірпігі көз түбін мұнарлап,қыр мұрынды ашаң жүзін жұмсартып,

мұңлы кескін беріп тұр.Мөлдіреген үлкен қара көз.»

Сәндібектің шешесінің портреті: «Мол жаулық тартқан орақ мұрын сары кемпір»

Бәшібек портреті: «Колхоздың счетоводы қол ұшын берді.Ол өзі бәкене келген,кішкене бітік көзі ежірейген,семіз сары жігіт болатын.»

Колхоз председателінің портреті: «Колхоз председателі қара мұртты,аласа жуан кісі кеңсеге кешке қарай келетін.Жан-жағына жалтақтап қарай береді.»

Әңгімедегі кейіпкер портреттері таптырылады.

Кейіпкерлердің көңіл күйін білдіретін дала,табиғат суреттері бұл әңгімеде де молынан ұшырысады.

«Аласа дөңестің ар жағы өзен танабы ылди.Жаз ортасы ауып,сарғайып қура-ған далада көк жолақ арал боп жатыр.

Галя ... кенет елең етіп басын көтеріп алды.Көк жапырағы мәуелеген оқшау терек оттай басылды ... Сәби саусағы жыбырлап шақырып тұр.»

«Қыр астындағы ауылдың түтіні кешкі ауаға будақ-будақ көтіріледі.Өз дерев-нясының елесі ...

Ана дөңнің ар жағында бәрі таныс,бәрі жақын өз деревнясы жатқандай жүрегі шымырлап қоя берді ...»

Дәрігер қыздың көңіл күйі,туған жеріне деген сағынышы пейзаждың көрініс-пен ұштастыра беріледі.

Оқушы оның жүрегін шымырлатып,жанына жақын тартқан қазақ даласының бай табиғатының Украина табиғатымен үндесуін дәрігер қыздың сезімі арқылы ашып көрсетеді.Осы табиғат ұқсастығы,жүрегіне ұялаған жылылық қазақ даласын өзінің туған болашақ ұясына айналдыра алатынына,жатсынбай,жатырқамай бауыр басып,туысып кететініне сендіргендей болады.

Осынның нақты куәсындай ата-анасы жұмысқа кеткен екі баланы жуынды-рып,тәрбиелеп,тамақтандыруы анық аңғарылады.

Кейіпкерлерін өздері табады.

Диалог сөздерін,кейіпкер монологін:«Бір-екі жыл.Әрине,бұл жігітке айтуға оңай.Өз аулында,өз үйінде.Әдеті,салты бөлек,тілі түсініксіз жат жерде сарылып үш жыл күту,»-деген сөйлемдерді тауып оқиды.

Кейіпкерлері: Ораз «Қызыл жұлдыз» колхозының шофері, Галя,Сәндібектің шешесі,Сәндібектің келіншегі,Сәндібек.

Сәндібек – тракторшы. «Ақ жарқын,елгезек жігіт.Өзінің түрі де қызық – мойнын еңкейте созып кісіге жұтына қарайды.

Өрттің ортасында жаңа көктеген шөптей тыртық басындағы шашы да сел-дір.»

Пейзаж.


«Енді міне Галя жалғыз.Қиыр шеті көрінбейтін ұшан далада үзіліп түскен жапырақтай ...»

«Салған әндері де басқа.Даладай кең,созылмалы келеді екен.

Жоғары нотаға өрлеп биік шырқайды.Тек кейбір ырғақ,иірімдері Галяның жүрегін дір еткізіп украина әндерін еске салады.»

Кейіпкер мінезін танытудың үлкен құралы қызметін атқарады.

Қарсақбаев : «Ұзын,ірі кеудені басқа біреудің қысқа қамыт аяғына қондыра салғандай.Тұрғанда аласа,отырғанда биік.Жырта қарыс жалпақ бетінің иек ұшын-дағы шіл құйрық сүйір сақалы да өзінікі емес,басқа біреудікі сияқты.»

«Дәрігер Галя» әңгімесінің тақырыбы-тыңда туған жастар достығы.

Идеясы-әр халықтың жастарына адамгершілік жақсы қасиеттер ортақ екенін көрсету.

Тақырып-жазушының көтерген айтпақ болған әңгімесінің негізі.

Идея-жазушының жазып отырған шығармасындағы айтпақшы болған ойы,көзқарасы,пікірі.Тақырып пен идея екеуі бір-егіз,бірін-бірі толықтырып тұрады. Тақырыпсыз идея,идеясыз тақырып болмайды.Шығармаға екеуі ортақ болып келеді.

Б.Майлиннің «Түйебай» әңгімесінің тақырыбы кедей баласының оқи алмай,қой соңында күн кешкенін көрсету болса,ойы дәулетті кісілердің баласы ғана оқи алады дегенге келіп түйінделеді.

Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінің тақырыбы – отырықшылық,егіншілік,адал еңбекті көрсету болса,идеясы-жерді пайдаланып,егін егіп,адал еңбек етсең,ел боларсың, «Жортуыл басы жолда қалады» деген қорытындыға негізделеді.

Төменгі сыныптарда әдебиет теориясының элеметтерінен қысқаша мағлұмат беріп,оқушыларға таныстыру осы ретпен өтіледі.



9 сыныпта «Алпамыс батыр» жырының образын,тілін,суреттеу құралдарын талдау мұнан тереңірек,кең көлемде,шығарманың басынан аяғына дейін талдауға құрылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет