Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби


Сөз мағынасының кеңеюi мен тараю заңы



бет43/190
Дата06.02.2022
өлшемі5,51 Mb.
#28486
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   190
Сөз мағынасының кеңеюi мен тараю заңы. Сөз мағынасының кеңеюi мен тараюы заңында сыртқы дыбысталуы өзгерусiз болады. Лексикада бiр қатар сөздер мағынасының кеңеюi арқылы жаңа мағынаға ие болады. М: Қатынас деген сөз Қазан төңкерiсiне дейiн өте сирек, тар мағынада қолданылған. Оның негiзгi мағынасы – барып қайту дегендi бiлдiрген. Төңкерiске дейiн осы күнгiдей кең көлемде қатынас жасау жағдайы болмаған. Қәзiр қатынастың толып жатқан түрлерi бар.
М: Әуе катынасы, су қатынасы, жер қатынасы, радио қатынасы, телефон қатынасы, телевидение қатынасы. Сонымен бiрге қатынас кеңсе хабары жазылған қағаз.
Қоғамның, тілдің тарихи дамуына байланысты кейбір сөздер лексикадан мүлдем шығып қалады; ондайлар историзмге, архаизмге — көнерген сөздерге айналады; тілде жаңа сөздер — неологизмдер жасалады; кейде лексикадағы кейбір сөздердің мағынасы кеңейе түсіп, кейде тарылып отырады.
Сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы, сөз мағынасын түрлі-түрлі амал-тәсілдер арқылы ауыстырып қолданып, молайта түсу —тілдің лексикасын сан жағынан емес, сапа жағынан байытып, дамытудың өнімді жолдарының бірі.
Сөз мағынасыньң кеңеюі мен таралуы құбылыстары полисемиямен де тығыз байланысты. Мәселен, жоғарыда келтірілген стол сөзінің алғашқы мағынасы — стлать (төсеу, төсеніш); бұл сөз келе-келе мебель аты, тарам, тамақ (стол накрыт; диетический стол), белгілі бір мәселемен айналысатын мекеме (паспортный стол, стол находок) деген үстеме, жаңа мағыналар қосып алды. Екінші сөзбен айтсақ, столдың мағынасы кеңейді; стол полисемияға айналды.
Сөз мағынасы кеңейгенде, алдымен сол сөзді білдіретін ұғымның, атаудың мәні кеңейеді; сөз абстракцияланған үстіне абстракциялана түседі; соның нәтижесінде сөздің бұрынғы бірер мағынасына көптеген жаңа мағына қосылады; байырғы сөздің жаңа мағынасы әсіресе жаңа бір тіркес құрамында айқындалып, ашыла, дәлдене түседі; кейде осындай қолданыстар арқылы байырғы сөздер терминге де айналып кетеді; байырғы сөз немесе бұрыннан-ақ қолданылатын қарапайым, былайынша айтқанда, «нағыз қазақы» түбірлердің өзінен көптеген жаңа сөз, жаңа ұғым жасалады.
Мәселен, Сәкен Сейфуллиннің: Жоқшылықты жыр қылып, Далада қойшы зарлайды. Кімге айтса да сыр қылып, Байына жылап бармайды, — деген шумағында бай — малы көп адам; қойшының иесі, әміршісі; малды; әлді; басқа біреулерді жалдаушы — қанаушы; езуші, кұлданушы.
Қазірде, біріншіден, бай сөзінің бұрынғы мағыналары (малды, әлді, қожа, ие, қанаушы, құлданушы т. б.) тарылған; екіншіден, тілде бұрыннан бар бай сөзінің мағынасы жаңа ұғымдарға ие болып, кеңейген. Оны мына тәрізді тіркестерден айқын аңғаруға болады: бай ауыл, бай аудан, бай өлке, бай жер, жері байдың — елі бай т. б.
Қазақта қонаққа мүше тарту, табақ тарту дәстүрі бар. Бұл жерде мүшенің бұрынғы тура мағынасы — мал, аң-құс етінің жіліктері, бөлік, бөлімдері. Мәселен, Дәулет кұсын бауыздап, аспазшы әйелге: «Бір мүшесін қалдырмай ас»,— деді.
Қазақ ғұрпында табақ дегеніміз бас табақ, орта табақ, сый табақ, аяқ табақ деп бөлінеді. Күйеу табақ, құдағи табақ, қыздар табағы, келін табағы деген табақтар және бар. Олар өзінің атына, маңызына қарай еттің әр түрлі мүшесінен жасалады. Бас табаққа бас, жамбас салынуы шарт. Орта табаққа асықты жілік, кейде жамбас та түседі. Сый табаққа да бас, жамбас салынуы шарт. Күйеу табаққа бір сан жілік пен төс салынады; келін табаққа да төс және ұлтабар, жүрек түседі; қыздардың табағына жүрек, бүйрек, жағы мен тіл салынады; құдағилар табағында жамбас немесе асықты жілік пен сүбе болады (С. Қасиманов).
Академик Әлкей Марғұланның айтуынша, табақ — көп мағыналы сөз. Табақ ертеде дастарқан, шаңырақ, өз алдына түтін түтеткен үй, қазан асқан орда деген ұғымды да білдірген. Қазірде табақ сөзі — нақты ыдыс атауы. Ал бір табақты бір өзі жеді, — десек, табақ- метонимия.
Сондай-ақ, жарыс, күрес, құн, еңбек, тыныс, демалыс, өнеге, үлгі, шаруа, дәулет, топ, жетек т. б. сөздер бұл күнде мағынасын мүлде кеңейткен: бейбітшілік үшін күрес, қосымша құн, өзіндік құн, еңбек тынысы, еңбек жемісі, көңілді демалыс, құрметті демалысқа шығу, мол байлық, мол дәулет, ірі шаруашылық, жұмысшылар мен шаруалар одағы, лекторлар тобы, өнерпаздар үйірмесінің жетекшісі.
Жеке сөздердің өзі ғана емес, кейбір байырғы түбірге жүрнақтар қосылу немесе сөзден сөз жасаудың басқа да жолдары арқылы да жаңа ұғымдар пайда болып, сөз мағынасы кеңейе түседі: жарыс, күрес, ұйым (ұйы + м), жиналыс (жи + на + л + ыс), басқарма (бас + қар + ма), табыс (тап + ыс), төңкеріс (төңкер + іс), қолғабыс (қолқабыс), қолғанат (қол-қанат), қолжазба (қол + жаз+ба) т. б.
Жаңадан жасалынып, кейбір ұғымдардың термині ретінде қалыптаскан кейбір неологизмдер де кең мағыналы болып келеді: суреткер, қаламгер, талапкер, оқулық, оқырман, көрермен, баяндама, аялдама, қондырғы, саяжай т. б.
Кейбір кірме сөздердің бұрынғы бірер мағынасы қазірде кеңейіп, тіпті жаңа сөз, ұғым жасауға себепші болды. Мәселен, соңғы кездерде арабтың хүкімет сөзінің мағынасы қазақша әрі кеңейіп, әрі нақтыланып, өкімет, үкімет деген екі сөз-термин пайда болды; өкімет — орысша власть сөзінің; үкімет — орысша правительство сөзінің баламасы.
Сондай-ақ, арабтың, илм деген сөзінің мағынасы кеңейіп, үш сөз-термин жасалды: ғылым — орысша наука; білім — орысша знание; ілім — орысша учение.
Бір сөздің орнына екінші бір сөзді ауыстырып қолдану жолдары, мәселен, метонимия, синекдоха амалдары арқылы да сөз мағынасы кеңеюі мүмкін. Мұның, бір жиірек қолданылатын түрі — жалқы есімнің жалпы есімге, жалпы атауға айналуы. Мәселен, Қарабай, Қарынбай, Шырайбай, Қожанасыр, Алдаркөсе, Қодар, Жантық, Галефе, Маузер — кісі аттары; Шампан, Техас — топонимдер; апорт, херес, мадера т. б. жеміс-жидек сорттарының аты. Қазақ сараң адамды —Қарабай, Қарынбай, Шығайбай, мысқылшыл, сықақшыны — Қожанасыр, Алдар; дөрекі, қара күш иесін — Қодар, бір мен бірді атыстырып-шабыстыратын адамды — Жантық дей береді; галефе — шалбардың бір түрі т. т. Мұндайлар — сөз мағынасының кеңеюі.
Орыс тілінде донжуан (әйел баласы атаулыға қырындап, қырғидай тиюші мағынасында), меценет (өнерді жан-тәнімен қорғаушы, қастерлеуші), квислинг (саяси сатқын), донкихот т. б. — бұрынғы бір кісі аты; тар мағыналы қазірде мағынасын кеңейтіп, жалпы есімге айналған сөздер.
Сөз мағынасының кеңеюі — этимондар өзгерістеріне де байланысты құбылыс. Мәселен, жоғарыда стол сөзінің полисемия екенін айттық; бұл “стлать” сөзінен шыққан дедік. Енді бір қызығы гректің трапезе деген сөзі де стол мағынасын білдіріпті. Ал бұл сөз — трапезе орыс тіліне ауысқаннан кейін монастырьда тамақ ішетін ортақ стол, сондай ортақ столда тамақтану мағынасын білдірген; ертеде стол — астына аяқша орнатылған тақтай (латынның disсиsз — диск сөзі итальянша disсо — стол) болып қолданылу осыған байланысты.
Сөз мағынасының тарылуы — кеңеюге қарама-қарсы процесс. Сөз мағынасының тарылуы, негізінен, адам ұғымының жалпылықтан жалқылықты саралап, даралауынан, заттар мен құбылыстардың ерекшелігін, қыр — сырын айқындай түсуінен, нақтылап, дәл білуінен пайда болады.
Мәселен, ұл сөзі — ертеректегі түркі тілдерінде адам баласына да, мал баласына да бірдей қатысты қолданылған полисемия. Көне түркі тілдерінде бұл сөз оғлақ-қозы-лақ түрінде дыбысталған. Қазіргі азербайжан, түрікмен және солтүстік шығыс түркі тілдерінде оғлақ-оғлах мағынасы — бала; хакас тілінде оолақ — «мальчик» (әйтеуір ұл бала), солақ — «сынишка» (менің ұлым, кішкентай ұлым, қозым) деген мағыналарға сараланып, нақтыланса керек.
Жұрағат — ертеде әйел баласы (әйел, қыз, келіншек) атаулыны білдірген полисемия. Махмұд Қашқарида ұрағат иіп ігірді — жұрағат жіп иірді сияқты сөйлем бар. Қазіргі қазақта жұрағат — ұрпақ, тұқым, өрен-жаран, бауырлас, қандас, бір тектен, көбінесе әйел-ана жағынан таралған жақындар, туыстар. Жұрағатым еді, жұрағатына барып келді тәрізді тіркес — бұл сөздің ертеректе әйел баласы атаулыны білдіргеніне бірер дәлел есепті.
Кейбір зерттеушілердің айтуынша, жылқы — ертеректе күллі төрт түліктің аты; киік — күллі жабайы аңдар; тары — дән біткеннің ортақ аты; тон — сыртқы киімнің жалпы атауы. «Тойда тонымды бер; той — тондінікі, ас — аттынікі» осындайдан сақталып қалуы ықтимал.
Кейбір лингвистердін, айтуынша, өйткені, сондықтан тәрізді шылаулар, бүгін, биыл, өйтіп, сүйтіп, бүйтіп сияқты күрделі сөздер, шынтуайтқа келгенде, аббревиатуралар (қысқарған сөздер) сөз мағынасының кеңеюін дәлелдей түседі. Біздіңше, бұл келтірілгендер—сөз мағынасының кеңеюінің емес қайта, сөз мағынасының тарылуының, мысал-деректері.
Бұл сөздер олай еткені, солай болғандықтан, бұл күн, бұл жыл, олай етіп, бұлай (былай) етіп тіркестерінен формаларын да ықшамдап, мағынасын да нақтылап отыр. Олай болса, бұлар — сөз мағынасының тарылу кұбылысы.
Кейбір көмекші есімдер мен шылаулар түрлері ертерек кезде дербес мағыналы жеке-жеке сөздер болған. Келе-келе олар дербес мағынадан айрылып, басқа сөздермен тіркесіп қана қолданылады. Бұл — сөз мағынасының тарылуы. Мәселен, алды, қасы, жаны, арты, арасы, бойы, кейін, соң, ма-ме, -ақ, -мыс т. б. көмекші есімдер мен шылаулар — осындай топ. Дегенмен, олардың кейбірі кей жағдайда дербестігін әлі де сақтайды: кейін кел; алдың — құз, артың — жар; арасы — ат шаптырым. Бұл тіркестерде кейін, алд, арт, ара — дербес сөздер.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   190




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет