Түйін сөз: мектеп, реформа, жоспар, ұйымдастыру, заманауи, оқу, тәрбие үрдісі, күн тәртібі, тәрбие, маңызды мәселе, өнер, оқыту.
Мектептегі басты тұлға - мұғалім, ол ұлтжанды ұл-қыз тәрбиелейді. Ал ұлтжандылықты тәрбиелеудің негізі әр оқытушының этнопедагогикалық дайындығына келіп тіреледі.
Қазіргі таңдағы «Еңбек технологиясы және кәсіпкерлік» маман-дығының оқытушысы ретінде осы бағыттағы өз ойымды білдірсем...
Заманауи мектептерде, оқу шеберханаларында оқушыларды еңбекке баулуды ұйымдастырудағы негізгі форма - сабақ. Сабақтың түрлеріне сәйкес құрылымдары әртүрлі болады. Технология пәнінің әр оқытушысы өз сабағын мәдениет, дәстүрмен байланыстырса, жеке тұлға бойында намысшыл, патриот, еңбексүйгіш азамат-азаматшалар қалай қалыптаспасқа?!
Мысалы, «Ұлттық киімнің көркемдік сипаты» деген тақырыпты қарастырайық.
Қазақ халқы сонау замандарда өмір сүрген ата-бабаларымыздың өнерлерінің қай түрін болсын қадірлеп, қастерлеп, көздің қарашығындай аялап, сақтаған, өнер түрлерін ұрпақтан ұрпаққа, заманына қарай кейбір өзгерістерге ұшырағанымен, сол күйінде жеткізуге тырысқан. Мектеп реформасында балалар мен жасөспірімдердің еңбек тәрбиесін арттыру, қазіргі заманымызға сай өзіміздің, өз ұлтымыздың ұлттық өнеріне үйрету -оқу-тәрбие үрдісінің өзекті мәселелерінің бірі [6,7]. Ендеше, оқушыларды өнерге тәрбиелеу өз елін, жерін сүюге, салт-дәстүрін бағалай білуге үйретеді. Қазақ ұлтының киімдері - көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына. Алғашқыда адамдар киім кигенде өздері аулаған, кейіннен қолда өсіре бастаған аңдардың терілерін, ағаштардың қабығы мен бұталарын және басқа табиғи материалдарды пайдаланды. Ал қазіргі кезде киім тігу, киім таңдауды біз сән өнері дейміз. Бұл өнердің құрамына өрнек салу, сурет, зергерлік, кесте тігу өнерлері кірігіп кеткен. Әр өнердің мақсаты: сұлулық заңымен дүниені түрлендіріп, адамның эстетикалық қажеттілігін арттыру болмақ. Эстетикалық қажеттілік те адамның тарихи қоғамдық ісінен туындап, дамып, халықтың рухани байлығымен, дәстүрімен байланысады. Әр өнер, зат тұрмыстық қажеттіліктен пайда болса да, ол қажеттілік заңына емес, сұлулық заңына бағынады. Сондықтан да, ата-бабаларымыздың көптеген өнер мұраларын тек алғашқы себеппен ғана емес, сұлулық заңдығымен қарастырып отыру қажет [5].
Сұлулық заңдылығын адам қоғам заңындай толық ұғып түсіндіре алмайды, ол тек жан құштарлығымен жылжып түйсік арқылы сезіліп отырады. Ал киім сұлулығына қойылатын талаптар тарихпен жанасып, адам қолымен жасалған материалдық өнер арқылы эстетикалық ләззат сезімін оятады. Киім тігу барысында адамның алуан түрлі ой-қиялы, іскерлігі, шеберлігі, тапқырлығы, талаптылығы, ұқыптылығы, бақылағыштығы іске асып отырған. Сондықтан, ғасырлар бойы тарих жолымен дамып, озық тәжірибелерін бойына сіңіріп, өзінің қадір-қасиетін жоймай келе жатқан қазақтың ұлттық киімдері әлі де аз емес. Олардың кейбіреулерін қарттар күнделікті киіп жүрсе, енді біреулері қыз ұзату, келін түсіру тойларында ойын-сауыққа пайдаланылды [4].
Қазақтың ұлттық киімдері өзінің сипатымен, сырымен, сұлулығымен, сәнімен көзге түскен және сан ғасырлық тарихтың үлгісін сақтаған. Ұлттық киімнің негізгі қосалқысы - өрнек. Ол киімнің көркемдік ажарын және адам денесіне қонымды үйлесетін жиынтық формасын берік сақтаған, киімнің үзақ уақытқа төзімділігін арттырған. Мұнда да өнердің көп туындылары ұштасып жатыр. Олар: оюлардың әшекей түрлері, ою салу тәсілдері, түстердің үйлесім заңдары.
Қазақ халқы киім-кешекті эстетикалық талғамның көрсеткіші ретінде бағалап, ауыз әдебиеті үлгілерінде оны әсемдікке баулу, сұлулыққа сүйсіне білуге тәрбиелеу мақсатында айшықты сөз өрнегімен суреттеп те отырған. Қазақтың «Ағаш көркі - жапырақ, адам көркі - шүберек»[1]деуінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Содан болар, халық жырларында аруларды «Шашының ұзындығы ізін басты», «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты» деп сипаттайды. Ал шаштың тірсекке түсіп, өсуі шолпыға байланысты. Бойжеткен қыздардың киім киісіне, сырт келбетіне айрықша көңіл бөлген халқымыз қыз балаларға қынама қамзол, дүрия бешпет, кәмшат бөрік, қос етек, биік өкше етік тіктіріп, сырға, білезік, шашбау, шолпы сияқты әшекей заттарды тақтырған.
Батырлар жырында, лиро-эпостық жырларда арулардың сырт пішінін, киген киімін, жүріс-тұрысын суреттеуді молынан кездестіруге болады. Мысалы, «Қамбар батыр» жырында: Назым шықты бұраңдап, Он сегізге толған жасында. Кәмшат бөрік келісіп, Брилиант қойды басына...[2],
деп суреттесе, «Қыз Жібек» жырында: Кебісінің өкшесі
Бұхардың гауһар тасындай...
Алтын шашбау шашында,
Қыз Жібектің шаштары
Қоғалы көлдің құрағы
Дүрі-гауһар сырғасы
Көтере алмай тұр құлағы, - дейді [3].
Халық жырларындағы арулардың сұлу мүсінін осылайша шебер суреттеудегі мақсат - жастарды әсемдік сезімге бөлеу. Қоршаған әлем болмысындағы сұлулықты терең сезініп, соған еліктесе екен деген ой пікірден туған. [8]
Ұлт мерейін асырар сәннің бәрі ұлттық киімде, ұлттық нақыш пен әшекейде екенін ескеріп, күнделікті өмірімнен мысал келтірейін. Қазіргі таңда, оқу процесінде «Киім үлгісін құрастыру және үлгілеу», «Киім үлгісін көркем жобалау», «Шеберханадағы оқу практикумы» пәндерінен сабақ беру кезінде студентттердің осы бағытта жұмыстанулары үшін қызығушылық-тарын оятуға тырысамын. Өз жетекшілігіммен орындалған киім үлгілерінде қазақы болмысымыздың иісі сезіліп тұратын нышандарға көңіл бөліп отырамын, оларды мысалға ала отырып, студенттер қауымын өнерімізге тәрбиелеуге, онымен қатар өз елін, жерін сүюге, салт-дәстүрін бағалай білуде бағыт-бағдар беруге тырысамын.
Ұлтшылдық емес, ұлтжандылық деген сезімді қалыптастырмай, ұлттық сана қасаң қалпынан өзгеріп, көсегені көгертері екіталай…
Достарыңызбен бөлісу: |