БАЙҰЛЫ ЭТНОНИМІНІҢ ТАРИХЫ
Андатпа. Мақалада Кіші жүз бірлестіктеріне тән этнонимдік материалдар негізінде Батыс Қазақстан өңірі этнонимдерінің, соның ішінде Байұлы этнонимінің қалыптасу тарихы сөз болады.
Түйін сөз: этоноим, Алшын, Кіші жүз, тайпа, Әлімұлы, Байұлы, жазба деректер, ру-тайпа, атау, мағына, сөз, тарихи жазбалар, Азия халықтары, шежіре, аңыз, ұрпақ, жазба деректер.
Соңғы кездері қазақ тіл білімі ғылымында этнолингвистикалық, психолингвистикалық, лингвомәдени және метамәдени, т.б. зерттеулер кеңінен жүргізілуде. Аталған мәселелер отандық ғалымдар Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Т.Жанұзақ, Ж.Манкеева, Н.Уәлиев, Э.Сүлейменова, Б.Момынова, Ш.Б.Сейітова еңбектерінде жан-жақты зерттеле бастады. Десек те Кіші жүз бірлестіктеріне тән этнонимдердің зерттелуі әлі де болса кешеуілдеп келе жатыр. Осыны ескере отырып Батыс Қазақстан өңірі этнонимдерінің, соның ішінде Байұлы этнонимінің қалыптасу тарихына тоқталуды жөн санадық.
Этнонимнің (атау) пайда болуы, мағынасы сөйлеу қызметі аясында пайымдауы әр түрлі тілдік тұлғада көрініс табады, әрі ол түрлі этно, - лингво және метамәдени факторларға қатысты болады.
Қазіргі Батыс Қазақстан облысының территориясын ерте дәуірлерден Кіші жүз ұлысы, соның ішінде Байұлы, Жетіру тайпа бірлестіктері мен Әлімұлының кейбір рулары жайлағаны белгілі.
Байұлы - қазақ халқын құраған тайпалардың бірі, шежіре бойынша Кіші жүздің құрамына еніп, Алшын одағына кіреді. Алшын Кіші жүздің басында тұр, қазақ аңызы бойынша ол Алаш ханның баласы. Алаш ханның үш ұлы болған, үлкені – Әлім. Одан Әлімұлы бұтағы өрбиді. Әлімұлы ежелден аға ұрпақ санатында, оның рулары орданың үлкені деп есептеледі. Алаш ханның ортаншы баласы Қадырқожаның он екі ұлы болған, сол себепті еркек кіндікті балаға бай, ұлға бай аталған. Сөйтіп содан он екі ата Байұлы ұрпағы тараған. Ал кенже баласынан жеті ұл туып, Жетіру ұрпағын құрайды деген аңыз бар [1].
Алайда аңыздан гөрі қазақ тарихын зерттеген ғалымдар пікіріне сүйенсек, Тевкелев: «Кіші Орда тек алшын тайпасынан тұрады, ал «алшын екіге, яғни қаракесек пен байұлына бөлінеді», ал ұсақ та әлсіз жеті руды Тәуке хан бір топқа біріктіріп, алшынға қосқан», - дейді. Алшындардың Әлімұлы мен Байұлы руларынан құралатынын, шағын жеті руды Тәуке біріктіріп, Кіші Орда құрамына енгізгенін Левшин де растайды [2].
Байұлы этнонимі түркі қағанаты кезінен бергі жазба деректерде жиі кездеседі. Орхон-Енисей жазбаларында Байырқу, ал Таң империясының жылнамаларында Байегу деп аталады. Байұлы алғашында Теле бірлестігінің құрамында болған. Түркі қағандығы оларды бағындырған соң, әуелі 1- Шығыс Түркі қағандығының, кейін 2 - Түркі қаған-дығының құрамына енеді. Қытай деректері олардың Канганьхэ өзенінің (Канганьхэ өзенінің қазіргі атауы әлі анықталмаған, шамасы Селенганың жоғарғы аңғары болуы керек.) бойын мекендегенін айта келіп: “бәрі де ауқатты, 60 мың адамы бар, 10 000 әскер шығара алады” деп жазады.
Түркі қағандығы кезінде Әлімұлы құрамында болған 9 ата Байұлы тайпасының бірігу-ыдырау үрдістерінің салдарынан олардың қаншасының қазақ топырағына табан тірегенін, қаншасының басқа жұрттың арасына шашылып кеткенін анықтау қиын. Дегенмен, байырғы байырқу-баегулердің негізгі бөлігі Қазақстанның батыс аймағын мекендеп, ноғайлы тұсында алшын бірлестігінің құрамында болған. Ал Ноғай ордасы ыдыраған кезде алшын, алтыауыл, жембойылық ноғайлының басты жұртының бірі тамалар-мен бірге қазақ хандығының құрамына енген Байұлы жайлы деректер 18 ға-сырдың 1-жартысынан бастап орыс әкімшілігінің құжаттарында жиі ұшыраса бастайды. Оны 12 ата Байұлы (кей тізімдерде 13 ата) деп көрсетеді. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында «Байұлы құрамына шеркеш, ысық, есентемір, байбақты, беріш, адай, алтын-жаппас, тана, алаша, масқар, таз, қызылқұрт рулары енеді», - деп көрсетілген. Алтын мен жаппас бір ру ретінде бірге аталады [3]. Ал кейбір мәліметтерде 13 ата деп көрсетілу себебін Б.Қойшыбаев былай түсіндіреді: «Жекелеген зерттеушілер, «Он екі ата Байұлы» деп келетін құлаққа сіңісті қалыптасқан тіркеске қарамастан, қосақ-талған атауды екіге бөліп, он үшінші ата ретінде алтын руын жеке атайды» [1].
Байұлы этонимінің тарихы тереңде жатқанын көптеген ғалымдар еңбегінен кездестіре аламыз. Солардың бірі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті Ғ.А.Меңілбаев түркі академиясы сайтында жарияланған «Қазақтың «бай» ұғымы мен ру-тайпаларының тарихы» мақаласында: «Құрамында «бай» сөзі бар ру-тайпа аттары Орта Азия мен Солтүстік Азия халықтарының көбінде кездесіп отыратынын Бая және Бай түбірлі этнонимдердің тұңғыс-маньчжур, маңғол, түркі халықтарында кеңінен тарағанымен байланыс-тырады. Ғалым эвенкілерде Бая-ки, Бая-шин, Бая-гир (ру), эвендерде Бая-шин, Бая-ки (ру),Ульчи мен орокилерде Бая-усе-ли (ру), орочи мен нанайларда Бая (ру), маньчжурларда Бая-ра (ру), гиляктарда Баи-л (ру), маңғолдарда Баи-т (ру), Бая-у-д, буряттарда Баян-дай, якуттарда Баи-д (ру), ұйғырда Бае-гу (тайпа), ал Енисей өзенінің төменгі жағындағы энцілерде, Бай-гадо (ру) Енисейдегі Кеттерде (кайбол) сияқты атаулардың жиі кездесетініне назар аудара келе, біздің Байұлы тайпасының аты да осылармен тектес болуы ықтимал», - деген қорытынды жасайды. Сонымен қатар «бай» сөзі арқылы жасалған этноним, топоним және антропонимдер қазақ, өзбек, қырғыз, башқұрт, якут, ұйғыр сияқты түркі халықтары тілде-рінде ежелгі заманнан қолданыл-ғанына тоқталады. Орхон жазбаларында Байир-ку, ұйғырларда Баегу болса, IX-XI ғасырлардағы Қият тайпаларының бірінің аты – Байандур екенін, осы сипаттағы этнонимдер қазақ тілінде Байшора, Байсын, Байұлы болып келсе, якуттарда Баид түрінде кездесетінін атап көрсетеді [4].
Ертеде түркі тектес тайпалардың Азияда әрі-бері ауысып, бір орыннан екінші орынға орналасып отырғаны И.И.Крафт, А.Левшин, В.В.Радлов, Мейер, Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Б.Қойшыбаев және т.б. ғалымдардың еңбектерінен белгілі. «Бай түбір сөзі арқылы жасалған этнонимді иемденгендердің бір тобы Азияның шығысы мен солтүстігінде, екінші тобы орта бойында мекен еткені шындыққа жақын. Бұған назар аударсақ, бай сөзі арқылы жасалған этнонимдердің архетипі көне дәуірге, атап айтқанда, Алтай дәуіріне тән болар деген тоқтамға келеміз», - деген Ғ.А.Меңілбаев пікірімен толық келісеміз [4]. Себебі «Бай» сөзі ру-тайпа аты ретінде алғаш рет б.э. бұрынғы 694-250 жылдардағы қытай жылнамаларында Алтайда өмір сүрген динлиндер тайпасының атымен байланысты танылады. Олардың бір бөлігі Байди аталған, ал бай екі түрлі мағынада «солтүстік» және «ақ» мағынасында көрсетілген. Бай сөзінің көне лексикалық мағынасы сол Алтай дәуіріне тән сөздердің мағынасын аңғартатынын, өйткені, бұл сөздің қазіргі мағынасы мен бұрынғы мағынасының (солтүстік және ақ) арасында ешбір жуықтық, жақын байланыс білінбейтінін, ал қазіргі ру, тайпа және кісі аттарында келетін бай сөзінің мағынасы соңғы дәуірлердегі жағдаймен байланысты екенін Т.Жанұзақ еңбектерінен де кездестіреміз [5]. Ал Р.Г.Кузеевтің монографиясында «баюлы» (бурзянский род), племя таз (таз, тазлар), племя байлар, Тана, Байулы / род-Бурзян /, Масқар/ род-племя Катай, Ногай-бурзян, 12 биев бурзян т.б. ру-тайпалардың атаулары көрсетіліп, оларға ғылыми талдау жасалады. Ғалым башқұрт құрамында жоғарыда аталған рулар мен тайпалардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болғанын айтады және осы еңбекте Байұлы құрамында кездесетін Тана, Таз, Масқар ру-тайпаларының атауларына да тоқталады [6].
Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» еңбегінде Байұлы атауының шығу тарихы Кіші жүз Алшынның ортаншы ұлы Қыдырқожаның малды адам болғаны, соған орай жұрт «байеке», «бай» деп атағаны, сондықтан ұрпағының «Байұлы» атанып жүргені туралы айтылады [7].
Қаржаубай Сартқожаұлының «Байырғы түрік жазуының генезисі» еңбегіне сүйенсек, «bajyr-quu» (байырқу - тайпалық одақ), байырқуды байұлы одағы деген жағдайда [8], «bai» (бай), байұлының атауына негіз болған атау болуы мүмкін деген қорытынды жасауымызға болады.
Ғалымдарымыздың қайсысының пікіріне сүйенсек те «Байұлы» этнонимі тарихының тамыры тереңде жатқанын анық дәлелдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |