Келін-келін келіп тұр.
Келіп үйге еніп тұр
Қайын жұрты алдында
Иіліп сəлем беріп тұр.
Келін-келін, келіңіз,
Елімізді көріңіз,
Ала-құла демеңіз,
Атын айтып беріңіз.
Ақ тілеулі ағайын,
Көрімдігін беріңіз,
— дегенде жұрт шу ете түсті!
— Береміз! Береміз! —Айналайын.
— Көрімдігі даяр.
— Ертерек бетін ашып көрсетсеңші.
Осылайша ынтыға ентелеп ел Өтепке қайта құлақ тосты.
Келін, келін келді ғой,
Келіп үйге енді ғой.
Көрімдігін бермесе
Көрсетпеймін, енді қой.
Алақанға алтын сал
Етегіме күміс сал..
Ашық қолды халқым бар
Келін, сəлем дұрыс сал,
— деп Өтеп көрімдікті алдын ала беруін сұрады. Майлыбай ақсақал бір
уыс күмісті Өтептің алдына төге салды. Сол-ақ екен жұрт жапатармағай
көрімдік бере бастады. Лезде Өтептің алды ақ күміске толып кетті. Алайда
Өтеп «көрсетер келінімнің көрімдігі көк төбе боп үйілмесе, көрсетпеймін.
Өйткені келіннің көрік десе—көркі бар, ақыл десе—ақылы мол», — деп
отырып алды.
Аз алтының сеп емес,
Аз күмісің тең емес.
Осы тұрған келінің
Ай мен күннен кем. емес.
Көп болмаса көрімдік
Көрсететін мен емес,
— дегенде, жұрт тағы да шу ете түсті.
— Ойбай, айналайын. Көрсетпеймін дегеніңді аузыңа алма. Келіннен
аянып қаларымыз жоқ.
— Көрімдікке көнеміз, сөйтіп барып көреміз, — десіп, ел тағы да күміс
тастай бастады.
Өтеп оны да азырқанды. Өйткені «келін текті жердің қызы, батыр елдің
қызы, өскен ортаның өрелі, өнегелі жаны» екенін ескертті.
Байтақ елдің гүлі бұл,
Бар ауылдың нұры бұл.
Өскен жердің қызы бұл,
Өнегенің ізі бұл,
Көрсетпеймін келінді
Саусағыма жүзік іл,
— дегенде əжем орнынан емірене тұрып, Өтепті маңдайынан иіскеді де,
қолына алтын жүзік салды. Ел тамсанып гулеп жатыр. Үбиан риза болын
иіліп тəжім етті.
Өтеп сонда да қанағат етпеді.Елдің тағатын тауысып, шыдамын кетіріп,
көрімдік сұрай берді. Əпкемді мақтап өлеңін құрай берді.
Көздерінен нұр тамған,
Көмейінен жыр тамған,
Беті таза айнадан
Көркі қандай жайнаған,
Көрімдікті көп алмай
Құр қалам ба пайдадан,
— дегенде енді ел жалына бастады:
— Айналайын Өтепжан, нысап сайын береке.
— Келінімізді алдымен көрсетші өзі, қарыздансақ та көрімдігімен
құтылармыз. Сонда барып Өтеп демін терең алды да:
— Э-э-э-эй! — деп үй ішін тағы дүр сілкіндіріп алды. Енді өз елін
Үбианға таныстырып сайрап жөнелді.
Бұлақтары жосылған,
Ұрандары қосылған.
Үміт күткен досынан
Біздің ауыл осы маң.
Үбиан иіліп тағзым етті. Өтеп енді термелей əпкеме ұзақ өсиет айта
бастады:
Үлкендердің алдында,
Тайраңдама, келіншек.
Жөн-жосықсыз желігіп
Сайраңдама, келіншек,
От басына барғанда,
Отырып алма, келіншек,
Су басына барғанда
Сумаңдама, келіншек.
Бозбала көз салғанда
Қунаңдама келіншек.
Қонақ келсе қорсылдап
Баланы ұрма, келіншек.
Енелерге торсылдап,
Жала қума келіншек.
Ұрыс-дауға үймелеп,
Үйір болма, келіншек
Көрінгенді кимелеп,
Достарыңызбен бөлісу: |