Лекциялар курсы Редакциясын басқарған


XVI-XVIII  ғасырдың  басындағы  қазақтардың  әлеуметтік-  экономикалық



Pdf көрінісі
бет36/78
Дата04.01.2022
өлшемі1,82 Mb.
#109053
түріЛекция
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   78
Байланысты:
тарих тарих

XVI-XVIII  ғасырдың  басындағы  қазақтардың  әлеуметтік-  экономикалық  
жағдайы. 
Қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Мал өнімдері оларды  тамақ, 
киім-кешек,  тұрғын  үй  материалдары,  сонымен  бірге  көлік  қызметімен  қамтамасыз  етіп 
отырды.  Мал  және  мал  өнімдері  көрші  халықтармен  айырбас  жасайтын  қаражат  көзі  де 
болды.  Қазақтардың  мал  шаруашылығына  байланысты  Ш.Уалиханов  былай  дейді:  «Дала 
көшпелісін ішіп-жегізетін де, киіндіретін де мал, ол үшін өз тыныштығынан малының аман 
болғаны қымбат. Жұртқа мәлім, қырғыздар бір-бірімен амандасқанда: 
«Мал-жаның 
аман  ба?»  деген  сөздермен  бастайды.  Отбасының  мал  жайын  алдын  ала  сұрастыруы 
көшпенділер өмірінде малдың қаншалықты маңызы барын айқын көрсетеді».
 
Қазақ  жерінің  табиғи-жағрапиялық  ерекшеліктеріне  байланысты    қазақтар  көшпелі 
және  жартылай  көшпелі  мал  шаруашылығымен  айналысты.  Көшіп-қону  бағыттары  жыл 
маусымына  байланысты  өзгеріп  отырды.  Маусымдық  жайылымдарды  (көктеу,  жайлау, 
күздеу,  қыстау)  алмастырып  көшіп-қонып  отырудың  бұрыннан  қалыптасқан  жолдары  мен 
жылдық  айналымы  орнықты.  Әрбір  ру  белгілі  бір  аймақ  шеңберінде  көшіп-қону  дәстүрін 
ұстанды.  Жайылымдық  қоныстардың  ара  қашықтығы  жүздеген  шақырымға  созылды.  Мал 
шаруашылығы табиғат жағдайларына мейлінше тәуелді болды. Жем-шөп дайындау болмады, 
қыста  мал  тебіндеп  жайылды.  Қыс  қатты  болған  жылдары  жұт  болып,  малдың  жаппай 
қырылуы  жиі  кездесетін,  мұндайда  көшпелі  малшылар  тақырлана  кедейленіп,  көбі 
отырықшылыққа  ауысатын.  Дегенмен  мал  шаруашылығын  жүргізудің  ғасырлар  бойы 
қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдірілумен болды. 
Қазақтар  жылқы,  қой,  түйе,  сиыр  өсірген.  Соның  ішінде  жылқыға  үлкен    мән  берді. 
Жылқының  түр-түрі  болған:  жүк  таситын,  салт  мінетін  және  жүйрік-арғымақтар.  Көшпелі 
мал шаруашылығына жылқыны үйірмен бағу тән. Бір үйір 12-15 биеден тұрды. Бірнеше үйір 
жылқы табынын құрады. Салт мінетін жылқы ат деп аталды. Қазақтардың шаруашылығында 
қой  жетекші  орын  алды.  Қыпшақ  даласы    көшпенділерінің  басты  байлығы  қой  болған. 
Қыпшақ қойлары төзімділігімен, етті-сүттілігімен ерекшеленген. Қойдың еті мен сүті тағам 
болды,  терісі  мен  түбітінен  киім-кешек,  аяқ-киім,  ыдыс-аяқ  жасалынды.            Қазақ 
шаруашылығында түйенің де алатын орны зор болды. Қазақтар  негізінен қос өркешті, жүнді 
түйе өсірді. Жылқы, қой, түйемен қатар қазақтар сүті мен түбіті үшін ешкі де өсірген.  Бірақ 
ешкі мен сиыр қазақ шаруашылығында аз болды. Қазақ философиясында ешкі белгісіздікті 
білдірсе,  сиыр  жұтпен  теңеседі.  Сондықтан  қазақтар  бұл  жануарлардың  етін  тек  жұт 
жылдары ғана жеген.   
Мал жеке адамның және отбасының меншігінде болды. Мал көшпелілер байлығының, 
олардың  тұрмыстық  жағдайының  басты  өлшемі  болды.  Ал  жайылымды  қоғам  мүшелері  
қауымдасып  пайдаланған.  Әр  рудың  өзіндік  жері  болды  және  бұл  жерге  меншік  ұрпақтан-
ұрпаққа ауысып отырды. 
Қазақтар  егіншілікпен  де  айналысты.  Қазақ  хандығының  түрлі    аумақтарында 
егіншіліктің дамуы әркелкі болды. Негізінен отырықшы- егіншілікпен Жетісу мен Оңтүстік 
Қазақстан  халықтары  айналысты.  Қазақтар  көбіне  тары  дақылын  екті.  Сыр  бойындағы 
қалаларда  ирригациялық  жүйе  барынша  дамыған.  Қалалардың  маңында  суландыратын 
арнайы алқаптар болды. Қала маңдарындағы бұндай алқаптарда бау-бақша өнімдері өсірілді. 


 
56 
Қазақтар аң аулаумен де айналысқан. Аң аулаудың бірнеше түрлері болған:  құс салған, 
тазы ит қосып аулаған т.б. Соның ішінде қыран құстармен аң аулау басым болды. Аң аулау 
дербес кәсіп болмаған, мал шаруашылығына көмекші кәсіп қана болған. 
Қазақтардың  шаруашылығында  әр  түрлі  қолөнер  мен  үй  кәсіпшіліктері    елеулі  орын 
алған: тері өңдеген, киіз басқан, құрақ құраған, металдан әр түрлі бұйымдар жасаған. 
Қазақтар  көшіп-қонуға  қолайлы  киіз  үйлерде  өмір  сүрді.  Көлеміне  және    иесінің 
әлеуметтік  жағдайына  байланысты  киіз  үйлердің  түрлері  көп  болды.  Күзеу  мен  қыстауда 
ағаштан және кірпіштен салған жылы үйлерде тұрды. 
XVI  ғасырдың  соңына  қарай  Ресей  мемлекеті  Қазақ  хандығы  және  Орта    Азия 
мемлекеттерімен  сауда  байланыстарын  жандандырды.  Сырдария  қалалары  арқылы 
халықаралық  сауда  және  көшпенділермен  дәстүрлі  сауда  дамыды.  Түркістан  қалалары  мен 
елді  мекендері  арқылы  Индияға,  Қытай  мен  Еуропаға  керуен  жолдары  өтті.  ХҮІ-ХҮІІ 
ғасырларда  бұл  қалалар  саяси  орталықтарға  айналып,  онда  қазақ  хандары  мен  сұлтандары 
қоныстанды.  Көшпенділермен  негізінен  айырбас  сауда    жүргізілді.  Сыр  бойындағы 
қалаларда  дүкендер,  базарлар,  ақша  сарайлары    жұмыс  істеді.  Қазақстанның  көшпенділері 
оңтүстіктегі  қалалармен  сауда-саттық  қарым-қатынаста  болды.  Көшпелілердің  астыққа  - 
бидайға,  тарыға,  арпаға,  егіншілік  пен  бау  шаруашылығының  басқа  өнімдеріне  деген  және 
әсіресе,  маталарға  деген  сұранымы  барынша  тұрақты  болды.  Далалық  аудандар  халқының 
көшпелілік шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік аудандары және қала шаруашылығының 
тұрақты байланысы қазақ қоғамы экономикалық өмірінің ажырамас белгісі болды.    
Қазақ  хандығы  тұсында  қазақ  қоғамы  негізгі  екі  әлеуметтік    топтан  тұрды:  ақсүйек 
және  қарасүйек.  Ақсүйектер  әлеуметтік  тобына  Шыңғыс  ханның  ұрпақтары  –  сұлтандар, 
төрелер  және  Мұхаммед  пайғамбардың  үрім-бұтақтары  –  қожалар  жатты.  Бұл  топ  үш  жүз 
қазақтарының  генеалогиялық  құрылымынан  бөлек  тұрды.  Шыңғыс  ханның  ұрпақтары  
туылысымен  сұлтан  атағын  иеленіп,  бұл  әлеуметтік  топқа  тиіселі  барлық  ерекше 
құқықтармен  қамтамасыз  етілді.  Шыңғыс  ханның  ұрпақтарының  әрқайсы  хандық  билікке 
үміткер саналды. Сонымен бірге, бұл әлеуметтік топ руға бөлінбеді. Әрбір сұлтанның өзіндік 
үлесі болды. Қалған әлеуметтік топтардың бәрі қарасүйектерге жатты. Қарасүйек өз ішінде 
тайпаға, руға бөлінді. 
Қарасүйек  әлеуметтік  тобынан  ерекше  құқықтар  иеленген    тек  билер    болды.  Атап 
айтсақ, ру биінің қолында соттық, әкімшілік  билік шоғырланды. Билер сұлтандармен бірге 
мемлекеттік мәселелер шешілетін жылдық жиналысқа – құрылтайға қатысты. Небір беделді 
билер хан жанындағы «билер кеңесінің» құрамында болды.  
Танытқан  ерлігі  немесе  соғыс  қимылдарын  шебер  басқарғаны  үшін  хан    немесе 
сұлтандар батыр деген құрметті атаққа ие болған.  «Батыр» ердің атағы ғана емес, сонымен 
бірге кәсіби жауынгерлер. Қарапайым жауынгер батырлық танытқанымен, қолына  Шыңғыс 
әулетіне  тән  билік  берілмеген.                Батырлардың  ерліктерін  жыршы-ақындар  дәріптеп 
отырған. 
Қазақ қоғамындағы  ешқандай құқығы жоқ мүшелері  – құлдар  болды. Бұл әлеуметтік 
топ өкілдерін негізінен соғыс тұтқындары құрады. Олар өз қожайындарына тәуелді болды. 
Қоғам    мүшелері    дәулет-мүлкінің  мөлшеріне  сай  «бай»  және  «кедей»  болып  бөлінді. 
Осы кезеңдегі қазақ қоғамы әлеуметтік топтардың иерархиялық  ұйымдасқан құрылымынан 
тұрды.  Бұл  әлеуметтік  топтар  бір-бірімен  тығыз  байланыста  болды.  Әр  әлеуметтік  топтың 
өзіндік құқықтары болды. 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   78




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет