52
АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИ-ШЕШЕНДІК ТАҒЫЛЫМЫ
Мухамедьярова З.Т.,
филология ғылымдарының магистрі,
қазақ тілі мен әдебиетінің жоғары санатты мұғалімі,
Кембридж курстары бойынша бірінші
(ілгері) деңгейлі сертификатталған мұғалім
(№9 ЖОББМ)
Орта мектеп оқушыларына өмір танытып, саналы тәрбие беруде әдебиеттің алатын орны
ерекше. Әдебиет, ең алдымен, адамды зерделейтін, оның жан дүниесін нұрландырып, адамды асыл
арманға жетелейтін, ізгілікке, адамгершілікке баулитын пән. Оқытылатын сабақ , әдебиеттің қай
жанрында жазылса да, ондағы құнарлы ой, қуатты сөз тыңдаушыны әсерлендіріп, оның
дүниетанымына, қалыптасуына игі ықпалын тигізеді. Жас ұрпақты Отанына, еліне, жеріне деген
шексіз сүйіспеншілікке, яғни патриотизмге тәрбиелеуде де әдебиеттің рөлі ерекше. Мұнда адамды
баулап алар, көңіл толқытар, қуат берер, әсемдікке ынтызар етер айрықша күш бар.
Әдебиет пәнінің оқытылу дәрежесі, соған сәйкес оқыту әдіс- тәсілдері, қай уақытта болсын,
үнемі жетілдіріліп отырады.
Көркем әдебиет – сөз өнері, адамтану құралы екендігі белгілі. Бұл – әдебиет сабағында
шығарманың жанрлық, көркемдік ерекшеліктеріне, әсіресе лирикалық шығармалардың адам
жанын тебірентіп, жүрек қылын шертетін бейнелі ойға, сезімге әсер ететін қуат- құдіретіне жете
көңіл бөлінуі керек.
Қазақтың классик ақыны Абай Құнанбаевты тану – бүкіл қазақ жазба поэзиясын тану деген
сөз. Абай Құнанбаев – ХIX ғасырдың соңғы ширегінде реалистік жаңа жазба әдебиеттің деңгейіне
көтерген ұлы ақын, кемеңгер ойшыл. Орыс әдебиетін оқып-тану үшін А.С. Пушкин шығармаларын
оқып-білу қандай қажет болса, қазақтың көркем жазба әдебиетінің қыр-сырын тану үшін Абай
шығармаларын оқу қажет. 10 сынып бағдарламасындағы ең көлемді және аса маңызды бөлім –
Абай шығармашылығы болғандықтан, оған алты сағат уақыт бөлінген.
Бұны жеке тақырыптарға бөлгенде, Абайдың әдебиеттегі орны, үлесі, шығармаларының
маңызына бір сағат, өмірі мен шығармашылығына бір сағат, өлеңдерін оқытуға бір сағат,
поэмалары мен аудармасына – бір сағат, табиғат лирикасына бір сағат, қара сөздеріне – бір сағат.
Мұғалім өз тәжірибесіне қарай тақырыптарды өз тәжірибесіне қарай ауыстыруға ерікті. Абай
шығармашылығын оқуға бөлінген алты сағат аз. Абайдың философиялық ойларына, оның
шығармаларындағы дін мәселесіне де арнайы сағат бөлуге де болар еді. Сондықтан кейбір үлгере
алмаған маңызды мәселелерді үйге тапсырма беру арқылы, яғни реферат, буклет, конспект жасау,
үйден шығарма жаздыру арқылы Абай шығармаларын тереңдете оқыта алады.
Орыс халқының реалистік поэзиясын Пушкин бастап, Лермонтов одан әрі тереңдетіп әкетсе,
қазақ әдебиетінде Абайға қазақ әдебиетінің Пушкині де, Лермонтовы да болуға тура келеді. Абай
өз елінің алға басуының бірден-бір шарты – озық мәдениеттерге, соның ішінде, жақындағы орыс
мәдениетіне терең бойлау деп түсінді. Сондықтан Абай – орыстың Пушкин бастаған ұлы
таланттарынан үйренуге ерекше мән берген адам. Мұғалім ретінде ескеретін бір нәрсеміз –
Абайдың бұрынғы және өз тұсындағы зар заман ақындарымен бет алыс бағыты жағынан үндесетін
және үндеспейтін тұстары. Өмірден жалпы адамгершілік ұлы мағына іздеген Абай шығыстан,
батыстан келер идеяларды селқос қабылдамаған. Өз халқының алға басуына бар жан-тәнімен
берілген ақын ешбір ойды екшемей-талғамай ала салмаған, ол тек халқымызға пайдалы деген,
алға сүйрер ойды ғана алған. Сол алға бастар ойды Абай орыстың ұлы классиктерінен –
Пушкиннен, Лермонтовтан, Белинскийден, Чернышевскийден, Толстойдан тапты. Мен үнемі өз
сабақтарымда Абай мен орыс әдебиетінің классиктерінің арасында біте қайнасқан байланыс бар
екенін айтып отырамын.
Абайдың халқымыздың рухани мәдениетін танытуда – оның өмірінің үш кезеңін, бастау
бұлағы мен рухани нәр алған қайнар көзін анықтап беруді ойдан шығармаймын. Мысалы, мен
мәнерлеп жақсы оқи алатын оқушыға академик-жазушы М. Әуезовтің төмендегі сөздерін
оқытамын: «Дана ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер, ой байлығынан алған
үш үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз. Мұның біріншісі, қазақ халқының есте жоқ, ескі
заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы –халықтың ауызша әдебиет қоры, ақын Абай осы қордан
көп нәр алып, ол арқылы өз өлеңін көп көркейтті.
Екінші бір қол артқан қазынасы – араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем
классикалық поэзиясы. Үшінші үлкен өнер, мол білім алған зор саласы – орыс халқының мәдениеті
53
және сол арқылы Еуропа мәдениеті . Осы соңғы өріске құлаш созған Абай өз заманы үшін әрі
жаңа тарих, әрі жаңа дәуірдің басы, әрі кең майдан келешек еді.»
Абай үшін ақындық өнер – қоғамды түзетуші құдіретті күш, әділетсіздікті бетке айтатын ,
қара қылды қақ жарғыш әділ қазы, қараға да, ханға да ой салатын ақылшы, қоғамды түзетуші
ұстаз. Олай болса, М. Әуезов негіздеп берген Абайдың рухани нәр алған үш бұлағы жайындағы
тұжырым – ақынның күрделі шығармаларының табиғатын танудың кілті екендігіне көңіл
бөлемін.
Абай – жаңа әдебиеттің көш басшысы ғана емес, өз алдына жеке ақындық мектебін
қалыптастырған кемеңгер ақын. Абайдың азаматтық болмысын оқушыларға таныту үшін, оған
арналаған арнау өлеңдерді пайдаланудың өнегелік маңызы бар. Абайға өлең арнаған , пікір
білдірген ақын-жазушылардың шығармаларын іріктеп алып, әдеби монтаж жасадым. Ең алдымен
өзім алдын ала оқушыларға 1911-1915 жылдары аралығында Троицк қаласында шығып тұрған
қазақ журналы « Айқаптың» бетінде жарияланған бір деректі оқып бердім. «Айқап» журналының
1914 жылғы 44-санында Абай қайтыс болуының он жылдығына орай Семейде ұйымдастырылған
еске алу кеші туралы былай делінген: «Абай туғызған қазақ даласы да Абай секілді білікті , онан
да артық данышпандар туғызар» дегенде, тыңдаушы қазақтардың жүйкесі босап, көзіне жас
алғандары да болды... Абайдың қадірі халыққа зор екен. Абайдың өлеңі оқылғанда, талай қазақтың
көзінен жас мөлдіреді. Бұл кешті жасауға Нұрғали Құлжанов, Абайдың балалары Кәкітай мен
Тұрағұл мырзаның өлеңге, білімге ыңғайы бар деп айтысады. Абай сықылды сұңқардың орны бос
қалмас деп үміт етеміз» – деп жазылған.
Содан кейін балаларға Шәкәрімнің «Жастарға» деген өлеңін оқыттым.
Оқушы (Шәкәрім):
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмс мал берелік,
Бір білімді данышпан жан табалық.
Ал енді олай болса, кімді алалық?
Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?
Шын іздесек, табармыз шыны ғалым.
Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!
Қарауылдар мезгіл ғой , тұр,қаралық!
Жүз айтқанмен , өзгенің бәрі надан,
Жалынарлық Абайға , жүр, баралық!
Білімді сол кісіден ізденелік!
«Әдейі іздеп біз келдік сізге» ,-делік.
«Өмір зая болмастық өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге делік»,-делік.
Сосын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Таныстыру» деген поэмасынан үзінді оқыдым.
Оларды қоя алмаймыз Абаймен тең
Себебі, оқымаған, ілімі кем.
Туыс талант Абайдан жиырма есе
Олардың артығы бар дей алам мен.
Абайды дейік биік бұлтқа жетті,
Аз ілімі жетуіне жәрдем етті.
Алты алашқа атағы айқындалып,
Сүйікті, тағзым мінді , суретті.
Толстой онан биік күнге жетті,
Күн астындағы елдерге даңқы кетті.
Алса егер Толстойдың тәрбиесін,
Абай да көрсетер еді сондай кепті...
Оқушы (Мағжан): «Алтын Хакім Абайға»
Шын Хакім , сөзің асыл баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның
Әлемнің құлағынан әні кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның
Әлемнің құлағынан әні кетпес!
Сөзіне құлақ салып, баға бермей,
54
Қисайып қыңырайды жұртың ниеттес
Бұртиып теріс қарап: «Аулақ жүр», – деп,
Болды ғой жақын туған бәрі кектес.
Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме:
«Қор болды қайран сөзім босқа» – деме
Артыңда қазақтың жас балалары мен
Сөзіңді көсем қылып жүрер жеңге»!
Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар,
Өлтірер талай жанды, жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу болған сайын
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар.
Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен ізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар
Шешен өлсе, артында сөзі қалар!
Оқушы (Ахмет Байтұрсынұлы):
Қазақтың бас ақыны Абай. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін
ақын болған жоқ...
Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына
– ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына – білім керек. Абайда осы үшеуі де
болған. Бұлардың үстіне, Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған. Абайда өлең сөздің
неше түрлі үлгісі, өрнегі табылады. Абай өлең жақсы болуға керек шарттардың бәрін білген...
Яғни мұғалім сабақ барысында оқушыларға тілдік құзыреттілікті дамыту мақсатында сан
түрлі әдеби-тілдік шығармашылық тапсырмаларды таңдай алады.
Достарыңызбен бөлісу: |