4. Тірек ұлпасы жасушаларының қабығы қалың, қатты, өсімдіктің сабақтарында,
жапырақтарында, жемістерінде болады (2-сурет).
2-сурет. Өсімдік ұлпалары.
1, 2. Жаңғақ сүйегіндегі тірек ұлпалар.
3. Жапырақ түктеріндегі бөліп шығарушы ұлпалар.
Сабаққа, жапырақ сағағына, жүйкелеріне беріктік қасиет беріп, тірек қызметін атқарады.
Нәзік сабақтар қатты дауыл соқса да сынбайды. Тақтасы үлкен жапырақтардың қатты желге
жыртылмай, керіліп, сабақтан үзіліп кетпеуі тірек ұлпасына байланысты. Алмұрт, шетен, беже
(айва) жемістерінің жұмсақ етіндегі қатты қиыршық жасушалар – тірек ұлпа. Жаңғақ, шие,
өрік, алхоры, шабдалы жемістеріндегі қатты сүйегі тірек ұлпасына жатады. Су өсімдігін судан
шығарып алса тез солып қалады, себебі тірек ұлпасы жетілмеген.
Жаңа өсіп келе жатқан жас мүшелерде тірек ұлпасы бірден жетілмейді.
Жас, тірі жасушалардың сыртындағы қабықшасы тығыз, әр түрлі
кедергілерге төтеп бере алады. Мүшелердің дамуына байланысты тірек
ұлпалары да жетіледі. Әлі піспеген көк өрік, шие және т. б. сүйекті
жемістерді жарып көрген боларсыңдар. Олардың ішіндегі тұқымының
сыртындағы сүйегі өте жұмсақ, ақ түсті. Өрік пісуге таяғанда сүйегі
қатайып, қоңыр түске айналады. Тұқымды зақымданудан қорғау үшін
алғашында тірек ұлпаларындағы жасушалар тірі болады. Кейін әбден
қалыптасқанда, қабығы қалыңдап, цитоплазмасы кеуіп, өлі жасушаға
айналады. Атқаратын қызметіне байланысты бұл жасушалардың
қабықшалары сүректеніп, өсімдікке тірек болады да, тін талшығына
айналады. Мұндай тін талшықтары әр түрлі ұзындықта кездеседі.
Зығырдың тін талшығының ұзындығы 4-60 мм, қарасорада (конопля) 8-40
мм, қалақайдікі 5-55 мм-ге дейін жетеді. Бұлар өте мықты болғандықтан
себет, бас киім, т. б. тоқу үшін пайдаланылады. Жануарлар денесінде
сүйектерден түзілген қаңқасы тірек болса, өсімдіктерде тірек ұлпасы
«қаңқасы» болып саналады.
Өсімдік мүшелеріндегі тірек ұлпаларының орналасуында белгілі
заңдылық бар. Осы заңдылықты зерттеп, құрылыста пайдаланады. Зәулім
үйлерді, биік мұнараларды, шағын бағаналарды, көпірлерді, аспалы
жолдарды тірек ұлпа орналасуы тәртібін қайталап отырып, жасайды.
Мұндай құрылыстар бірнеше жүздеген жыл өтсе де бұзылмай, сақталып
тұра береді.
Достарыңызбен бөлісу: |