Он үшінші тарау
«ЖЕР! ЖЕР!»
Диктің үміті жүзеге асатын сияқты.
Марттың жиырма жетісі күні барометрдің сынап бағанасы жоғары
өрледі, бірақ бұл өрлеу — жарытымсыз, небəрі бірнеше сызыққа ғана
жеткен еді. Атмосфера қысымының жоғарылауы болымсыз, дегенмен
оның тұрақты болатын түрі бар. Теңіз беті алай-түлей болғанымен,
сірə, дауыл басылуға бет алса керек, жел де бəсеңси бастап, батысқа
қарай бұрылды.
Əйтсе де, желкен көтеруге болмайтынын Дик жақсы білді. Жел
тіптен алақандай кенеп көтерсе де жұлып əкетер еді. Сонда да болса
жиырма төрт сағаттың ішінде ең болмаса стаксельдердің бірін
көтеруге мүмкіндік болар деп сенді жас капитан.
Шынында да солай болды: дауыл түн ішінде бəсеңси бастады,
кеменің шайқалуы да бұрынғыдай емес. Желдің кешегі екпіні кемені
быт-шыт қылып қиратып тастарлықтай үрейлі еді.
Жолаушылар ертеңгісін палубаға шыға бастады. Кенет соққан
толқын кеме бортынан өздерін жұлып əкетер деп енді қорықпады.
Дауылдың алғашқы күнінен бастап күні бүгінге дейін қамауда отырған
миссис Уэлдон бүгін жұрттан бұрын каютасынан шығып, палубаға
көтерілді де Диктің қасына келді.
Жас жігіттің адам айтқысыз жігері, құлақ естіп көз көрмеген
қиындықтарға төтеп беріп, бəрін де жеңіп шықты. Оның беті жел
қағып тотыққан, реңі бозарып жүдеген. Ол буыны əбден бекіп,
бұғанасы қатып болмаған жас еді, оған бəрінен гөрі түнгі ұйқы
ауырлау тисе керек. Диктің басынан кешірген осы қиыншылықтар, бір
кезде денсаулығына зиянын да тигізетін болар. Бірақ қазір бұл сияқты
жағдайлармен санасатын уақыт емес. Оның бүгін де бұрынғысындай
жігерлі екенін миссис Уэлдон байқап қалды. Бала жігіттің ерлікке
лайық, жігері қиыншылықтың бəріне де шыдады. Мұның үстіне өз
əрекетіне берік сенді, ал сенім деген нəрсе күшке күш қосады.
— Шырағым, қымбатты капитаным менің! — деді миссис Уэлдон
жас капитанға қолын созып.
— Ах, миссис Уэлдон, — деді күлімсіреп,— менің өтінішімді
орындамай палубаға шығыпсыз ғой.
— И, сенің бұйрығыңды орындамадым,— деп мойындады миссис
Уэлдон,— бірақ маған дауыл басылған сияқты көрінді.
— Шынында да, миссис Уэлдон, ауа райы түзеліп келеді,— деп
жауап қатты жасөспірім.— Сіз қателескен жоқсыз. Кешеден бері
барометрдің сынабы жоғарылап барады. Жел де басылайын деді, ал
енді жағдайдың ең қиын жерін артқа салдық деп шамалаймын.
— Олай болса жақсы-ақ, болар еді-ау! Бірақ байғұс бала, көрмеген
азабын қалмады ғой! Сен өзіңді өзің қалай ұстарыңды білемісің...
— Мен тек қана өз міндетімді атқардым ғой, миссис Уэлдон.
— Енді саған дем алу керек.
- Дем алу?! — деді жасөспірім бұл ұсынысқа қарсы болып.— Мен
дем алуға мұқтаж емеспін, миссис Уэлдон. Мен өзімді өте тың деп
білемін жəне бұл сапардың ақырына дейін шыдаймын деген сенімім
мол. Сіз мені «Пилигримнің» капитаны етіп белгіледіңіз, мен бұл
атақты «Пилигрим» жолаушылары қашан қауіпсіз жағдайға жеткенше
сақтауға міндеттімін!
— Дик,— деді миссис Уэлдон,— сенің істеген қызметіңді мен де,
менің күйеуім де — екеуміз де ұмытпаймыз!
— Ол не дегеніңіз... миссис Уэлдон! — деп күбірледі бала жігіт.
— Балам, қайталап айтамын, сен өзіңді өзің кəдімгі ересек адамша
ұстай білдің. Сен білімді кеме командиріне лайық екеніңді көрсеттің.
Оқуыңды бітірген соң, ұзамай Джемс Уэлдонның кемелерінің біріне
капитан боласың.
— Мен... мен...— дей беріп еді, Диктің көзі жасаурап қоя берді.
— Дик,— деп миссис Уэлдон сөзін жалғастыра берді,— сен маған
бала болдың! Сен менің, өзіңнің інің Джектің де құтқарушысысың!
Қымбатты Дик, бері келші, бетіннен сүйейін!
Жас əйел өзінің толқыған көңілін тоқтатып тұра алмады.
Жасөспірімді құшақтап бетінен сүйгенде, жүрегі аузына тығылып
көзіне жас іркілді. Ал Дикті толқытқан сезімнің қаншалықты күшті
болғанын айтпаса да белгілі.
Бұл əңгімеден кейін Дикке жаңадан күш қосылғандай болды.
Кемені қауіпсіз портқа жеткізіп, жолаушыларды қатерден құтқарып
қала алатынына күманданбады. Тек қана соғып тұрған дауылдың күші
ең болмаса желкен көтеруге боларлықтай бəсеңдесе екен!
29 март күні жел бəсеңдеген үстіне бəсеңси түсті. Дик грот пен
фокты көтеруге ұйғарды.
— Достарым,— деді ол матростарға қарап, сол күні таңертең
палубаға шығып,— маған сіздердің жəрдеміңіз керек.
— Қызметіңізге əзірміз, капитан Сэнд,— деді Том қарт бəрі үшін
жауап қайырып.
— Бізге сеніңіз,— деп Геркулес те үстеп қойды,— дауыл соққан
кезде істейтін жұмыс болмай, қолымызды қусырып қарап отырдық
қой, мен тотыға бастадым.
— Сен үлкен аузыңды керіп, желкенді үрлесең болар еді,—деді
кішкентай Джек.— Сенің үрлегенің соққан желден кем болмас деймін.
— Джек, мұның табылған ақыл, қандай тамаша! — деп күлді Дик
Сэнд.— Штиль бола қалса, желкенді желге кернете гөр деп Геркулеске
жалынармыз.
— Тек қана бұйырып көріңіз,— деді алып, екі ұртын Борейше
61
желге толтырып.
— Достарым,— деді Дик Сэнд,— біз жұмысты жел жұлып əкеткен
гроттың орнына жаңа грот орнатудан бастаймыз. Бұл оңай жұмыс
емес, бірақ істеу керек.
— Істейміз,— деп жауап қатты Актеон..
— Ал, мен ше, мен сіздерге жəрдемдесе алмаймын ба?— деп
сұрады қашан да болса еңбекке дайын тұратын кішкентай Джек.
— Əрине, жəрдемдесе аласың, Джек, — деді жас капитан.— Сен
біздің Бат доспен бірге штурвал дөңгелегін айналдырып
жəрдемдесесің.
Əрине, кішкентай Джек өзінің рульшіге орынбасарлық жаңа
қызметін мақтанышпен қабыл алды.
— Ал, қане, іске кірісейік! — Дик Сэнд сөзін жалғастырды.—
Естеріңде болсын, достарым, аса қажетті болмаса, қауіпті іске орынсыз
тəуекел ете көрмеңдер!
Матростар жас капитанның басшылығымен іске жігерлене кірісті.
Шиыршықтап бүктелген желкендерді мачтаға көтеріп, рейге байлау
керек. Дик Сэнд аса тапқырлықпен жұмысқа басшылық етті, ал
матростар оның істе дегенін тапжылдырмай шын ықыластарымең
орындап, бір сағат уақыттың ішінде желкендер көтеріліп, оларды екі
риф жиырып та қойылды.
Команда желдің күштілігіне қарамастан, дауыл соғардың алдында
түсіріп қойылған желкендерді оншалықты қиналмай-ақ мачтаға
көтеріп қойды, сөйтіп ертеңгі сағат ондардың кезінде «Пилигрим»
фоктың, көлбеу гроттың жəне бір кливердің итермелеуімен алға қарай
заулап бара жатты.
Дик Сэнд сақтық жағын ескеріп, басқа желкендерді көгермеді.
Кеменің тəуліктік жүріс тездігін артығымен екі жүз мильге жеткізу
үшін осы көтерілген желкендердің өзі-ақ қамтамасыз ете алатын
болды, он күнге жетпей-ақ американ жеріне жету үшін осы көтерілген
желкендердің өзі-ақ жетіп жатыр.
Дик Сэнд жел мен толқыннан келетін кесірден «Пилигримді» ада-
жүдə құтылды деп шамалады. Кеме қанағаттанарлық тездікпен дұрыс
бағытқа қарай бет алып заулап бара жатыр.
Жас капитан штурвалға қайта келіп, рульшінің жəрдемшісі
кішкентай Джекке алғыс айтты да өз орнына тұрды.
Оның кемесі енді толқынның ойыншығы емес, өзінің дұрыс
бағытымен келе жатыр. Диктің бұл уақыттағы қуанышына тек теңіз
ісімен таныс адам ғана түсіне алады.
Келесі күні кенет бұлт шығып көк жүзін тағы торлап алды, бірақ
бұлттың ара-арасындағы кең алаңқыдан түскен күн көзі мұхит бетін
алтынға малғандай жарқыратып тұр. «Пилигрим» ауық-ауық теңіз
бетінің күн сəулесі түскен жерлеріне кездесіп, сол жерлерді бойлай
жүзіп келе жатты. Жанды-жансызға дəрмен беретін бұл жарық — не
деген бақыт! Кейде ұшпа бұлт кездесіп көлегейлей береді, бірақ жел
оны шығысқа қарай айдап əкетті де, күн көзі қайта көрініп,
жарқыраған нұрын тағы төкті. Ауа райы түзелді.
Кеме бөлмелерін жел қақтыру үшін люк біткенді тегіс аштырып
тастады. Трюмге, кеменің астыңғы қабатындағы команда бөлмесіне
жəне кают-компанияға теңіздің тұзды таза ауасы толды. Су болған
желкендерді кептіру үшін ростр
62
үстіне жайып тастады. Палубаны
мұқият тазалау жұмысы басталды. Жас капитан «Пилигримді» əбден
тазаламай лас күйінде портқа кіргізгісі келмеген-ді. Кемені көрнекті
тəртіпке келтіру үшін экипажды шаршатпай-ақ күн сайын бірнеше
сағат жұмыс істеудің өзі-ақ жеткілікті болды.
Дик Сэнд кеменің жүріс тездігін артта қалып бара жатқан ізінен
ғана өлшеп шамалады. Бұл əдіс дəл емес еді, сонда да болса кеменің
жеті күннен əрі кетпей жер қарасын көретініне күманданбады. Ол
«Пилигримнің» қазіргі келе жатқан жерін картадан көрсетіп, сол
сенімімен миссис Уэлдонды да сендіре алды.
— Жақсы, Дик,— деді миссис Уэлдон.— Сен енді маған мынаны
айтшы, біз американ жағалауының қай жеріне ілінеміз?
— Міне, мына араға,— деп жауап қатты Дик Сэнд, Перуден Чилиге
дейін созылып жатқан ұзын жағалауды картадан сұқ қолымен шұқып
көрсетіп.— Бірақ дəл осы ара деп айта алмаймын. Қараңызшы, мынау
Пасхи аралы. Соңғы күндердің ішінде жел ыңғайы ауысқан жоқ,
ендеше біз жерді осы маңнан, шығыстан көруіміз керек. Осы
жағалауды бойлай салынған порт аз емес, қай порттың жақын екенін,
«Пилигримнің» жерге қашан жететінін сенімді түрде айта алмаймын.
— Мейлі, қайсысы болса онысы болсын... қайткен күнде де бірер
портқа жетсек болғаны!
— Əбден жетеміз, миссис Уэлдон. Біз қайда тоқтасақ та, сіз Сан-
Францискоға жете аласыз. «Тынық мұхиттың теңіз компаниясы» бұл
жағалауда жақсы қызмет атқарады. Оның пароходтары батыс
порттардың бəріне де тоқтайды, ол арадан Калифорнияға жету оңай.
— «Пилигримді» Сан-Францискоға апарғың келмей ме? — деп
сұрады миссис Уэлдон.
— Əрине апарамын, миссис Уэлдон! Алайда сізді жолаушылар
таситын кемелердің біріне мінгізсем деп ем, сосын «Пилигримді» Сан-
Францискоға өзім апарар едім. Егер капитан мен команда алуымызға
мүмкіндік болса, кит майын өткізу үшін Вальпарайсоға жөнелеміз,—
капитан Гульдің өзі болса да сөзсіз осылай етер еді. Біз
Вальпарайсодан Сан-Францискоға барамыз. Бірақ бұл жүріс сізді ұзақ
кідіртіп, уақытыңызды алар еді. Сізден бөлініп кету маған
қаншалықты қиын болса да...
— Жақсы, Дик,— деп миссис Уэлдон оның сөзін бөлді.— Бұл
туралы біз тағы бір сөйлесерміз. Бірақ маған мынаны айтшы, сен
бұрын жат жағалауға жақын баруға қорқатын сияқты едің ғой?
— Мен қазір де қорқамын,— деп мойындады жасөспірім.— Бірақ
мен жағалау маңынан бірер кеме кездесер деп сенемін. Расын
айтқанда, менің өте таңданатыным, əлі күнге шейін бірде-бір кеме
кездеспеуі... О, ең болмаса бірер кеме кездессе екен! Біз
«Пилигримнің» дəл қай жерде екенін білер едік те, сосын ешқандай
қауіптенбей-ақ жағаға тоқтауымызға болар еді.
— Бұл жерлерде кемені гаванға бастап апаратын лоцман болмай
ма? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Болатын шығар,— деді Дик Сэнд.— Бірақ олар жағалаудың
өзінде ғана жүреді. Сондықтан да біз мүмкіндігі болғанынша жерге
жақынырақ баруға тырысуымыз керек.
— Ал, егер лоцман таппасақ қайтеміз? — деп сұрады миссис
Уэлдон.
Жас капитанның əр түрлі кездейсоқ жағдайларға дайындығы бар
ма немесе алаңсыз ба, жас келіншек осы жағын анықтағысы келіп
ежелей сұраған еді.
— Миссис Уэлдон, бұл сияқты жағдай кездесіп... егер ауа райы
жақсы, жел бəсең болса, қауіптенбей-ақ, тоқтайтын орын қашан
табылғанша кемені жағалау бойлай ерсілі-қарсылы жүргізе берер едім.
Егер жел тағы күшейіп кетсе...
— Онда қайтер едің?
— Егер жел «Пилигримді» жерге соқтыратын болса...
— Онда ше?.— деп сұрады миссис Уэлдон.
— Онда кемені амалсыздан жағаға шығарып тастаймын ғой, — деп
тұнжырады жасөспірім.— Бірақ бұл шарасыздың күнінде ғана
істеледі. Бұл сияқты ақырғы шараға бара қоймаспыз. Сіз босқа
əбігерленбеңіз, миссис Уэлдон, сірə ауа райы түзелетін болар. Жағалау
маңынан бірде-бір кеме немесе лоцман қатерлерінің кездеспеуі мүмкін
емес, «Пилигримнің» өзі де тұп-тура жерге қарай келе жатыр, сарыла
күткен жерді көп кешікпей-ақ көрерміз деп сенуге болады.
Кемені жағаға шығарып тастаймын дейді! Мұндай ақырғы шараға,
тіптен ең батыл теңізші болса да қорықпай тəуекел ете алмас еді.
Диктің де бұл ақырғы шараға барғысы келмейтіні таң қаларлық іс
емес, өйткені оның жақсылықтан əлі үміті бар.
Келесі күні ауа райы құбыла бастады, бұл жағдай жас капитанды
əбігерге салды. Жел бəсеңдемеді, барометрдің сынап бағанасы
төмендеп, жаңа дауылдың нышанын көрсетті.
Дик Сэнд желкен біткенді қайта түсіріп, тағы дауылдың қуғынына
түсетін боламыз ба деп қауіптене бастады. Ең болмаса бір желкенді
қалдыра тұру жас капитанға соншалықты қажет, сондықтан əзірше
фокты түсірмей орнында қалдырды.
Дик Сэнд мачтаны бекіту үшін фордунды тартуға бұйырды, бұл іс
сақтанудың ең басты шарасы болатын: Егер «Пилигрим» рангоуттан
63
айрылса, аса қауіпті жағдайға ұшырар еді.
Соңғы күндердің ішінде барометр бір-екі рет жоғары секіріп, жел
ыңғайының кенет өзгеру қаупін туғызды. Егер жел кеменің қарсы
алдынан соқса, не істеу керек? Ерсілі-қарсылы жүзе бере ме? Жағдай
оны ерсілі-қарсылы жүзуге зорласа бұл тəуекелдің ақыры тағы ашық
теңізге шығып қалып, қаншама кедергіге соқтырады.
Бір жақсы жері, жас капитанның бұл қауіптенуі негізсіз болды. Жел
бірнеше күнге шейін солтүстіктен оңтүстікке қарай ауысумен болды,
бірақ ақырында батысқа бұрылып алды.
Апрельдің бесі. «Пилигримнің» Жаңа Зеландиядан шыққанына екі
жарым айдан асып барады. Алғашқы жиырма күннің ішінде қарсы
соққан желмен теңіз штилі кеме жүрісіне кедергі жасаған-ды. Одан соң
жел ыңғайдан тұрып, «Пилигрим» құрғақ жерге тез-ақ жақындап
қалған. Əсіресе желдің құйындатып соққан шақтарында кеме орасан
қатты жүзіп, орташа есеппен тəуліктік жүрісі екі жүз мильден кем емес
деп есептеді Дик Сэнд. Олай болса, бүгінге шейін жағалауға неғып
қана жете алмады? Бұл арасы түсініксіз жұмбақ мəселе!
Матростардың біреуі бом-брам-рейге
64
шығып құрлықты бақылап
тұрған. Диктің өзі де жиі-жиі мачтаға шығып қараумен болды. Қайдан
да болса бірер таудың шеңбері бұлт арасынан қарауытпас па екен деп
дүрбімен ұзақ қарады. Анд
65
тауының тізбектелген биік шоқыларын
өте алыстан, көкжиектегі бұлт арасынан іздеу керек еді.
Том да, оның жолдастары да алыстан көрінген кейбір өзге түсті
бұлтты құрғақ жер деп шамалап талай рет алданып қалған. Олар жер
көрдік деп өршеленіп, көрдік деген жері бұлт арасына кіріп
жоғалғанда ғана өздерінің қателескендерін мойындаған уақыттары
болды.
Бірақ апрельдің алтысы күні күдікке орын қалмады.
Ертеңгі сағат сегіздің кезі еді, Диктің рейге шыққаны сол ғана.
Алғашқы түскен күн нұры мұхит бетіндегі тұманды ыдыратып,
көкжиек кəдімгідей анық көрінді.
Көптен бері зарыға күткен сөз Диктің аузынан бүгін шықты:
— Жер! Алдымызда жер! —деп айқайлады ол.
Бұл сөзді естіген бойда жолаушылар палубаға жүгіре шықты. Не
болса соған əуестене қалатын бала біткеннің əдеті ғой, кішкентай
Джек те, көрген азабының бəрін құрлық арылтады деп үміттенген
миссис Уэлдон да, өз жеріне аяқ басуды аңсай күткен Том мен оның
жолдастары да, тіптен жаңа жəндіктермен коллекциясын байытуды
көздеген Бенедикт ағай да палубаға шықты.
Палубаға шықпай қалған жалғыз-ақ Негоро.
Жерді бəрі көрді: олардың арасындағы көз жанары өткір біреулері
жерді анықтап ажыратты, ал жер сағынған біреулер мүлдем басқа
жақтан жер көрген сияқтанады.
Жасөспірім тəжірибелі теңізші еді, ол қателеспеді. Бұл жолғы
үміттің алдамағандығы бір сағат болмай-ақ бəріне де мəлім болды.
Шығыс жақтан жағалау ойпатының бейнесі көрінді, шынында да
бұл көрінген жағалау — жер еді. Теңіз жағасына таяу көсіліп жатқан
Анд тауының тізбегін төменгі бұлт қалқалап, анықтап көруге
мүмкіндік бермеді.
Жер минут сайын молая көрініп, бірден бірге жақындай берді,
«Пилигрим» құрғақ жерге қарай тіке тартып келеді.
Екі сағаттан соң кеме мен құрлық жердің арасы үш миль шамасы
жақындады. Жағалау солтүстік жақтағы биік мүйіске барып айқасқан,
оның негізі бейнебір ашық рейд
66
сияқтанып көрінеді. Шығыс жақтағы
жер ойпаттау, сүйірлене келіп мұхитқа енген.
Жағалаудың үстіңгі жағы қатпарланған тұмсық, тұмсықтың
беткейіне аласалау ағаш өскен, жер ыңғайына қарағанда бұл
тұмсықтарды Анд тауының биік шоқыларының төменгі қабаттары ғана
деуге болады.
Не порт ,не адам мекені, тіптен өзен құйылысы да жоқ, мұндай
жерде кеме тоқтату үшін қауіпсіз орынды қайдан іздеп таппақ?
Ыңғай соққан жел «Пилигримді» тіп-тіке жерге қарай айдап келе
жатыр. Кеменің көтерулі желкені аз, оның үстіне жел де күшті,
сондықтан ашық теңіздің ортасында тұрып Дик Сэнд қорғана
алмайтын болды.
Кеменің маңдай алдынан, теңіз жиегіне жуық жағалауды бойлай
жатқан су асты құздарының қылпы көрінді. Тас үстіндегі су бұрқылдап
аспанға шапшып көпіршіп жатыр. Теңіз толқынының соққан екпіні аса
күшті болса керек. Кереметтей алып толқындар жарқабаққа шапшып
кейін.қайтып жатқаны көрініп тұр.
Жас капитан жағалауға тесіле қарап, бірсыпыра уақыт кеме
тұмсығында тұрды. Сосын үн қатпастан кормоға келді де, штурвалға
барды.
Жел барған сайын күшейе берді. Сəлден соң кеме мен жағалаудың
арасы жақындай түсті, енді небəрі бір мильдей-ақ.
Ұзақтамай бір кішкене қойнауға Диктің көзі түсті. Бірақ оған
кіреберіс жолда көлденең жатқан су астының құз тастары кемені
жіберер емес, кемені ол құздардың ара-арасымен жүргізу өте қиын.
Жағалаудың ұзына бойға тайыз екендігі судың көбіктенгенінен-ақ
мəлім еді. Осы минутта палубада əрлі-берлі жүгіріп Динго кеме
тұмсығына барды да тоңқая отырып, адамның сай сүйегін сырқырата
ұлып қоя берді. Ит бұл жағалауды таныған, мұның көрінісі иттің
ішінде жатқан өткен күндердегі бірер қайғылы уақиғаны оятқан
сияқты.
Иттің ұлыған дауысымен Негоро каютасынан шығып палубаға
көтерілді, өзін сездіріп алғанын итпен көрші болғаннан-ақ біліп еді ол,
сонда да болса бортқа барып сүйенді, бірақ Динго, кеме аспазына
қараған да жоқ, шағынған үнмен ұли берді.
Негоро су асты құздарына соғылып зіркілдеп жатқан көбікті
толқынға қарап тұр, оның бетінен қорқыныш дегеннің көлеңкесі де
білінбейді. Алайда аспаздың сыртынан қарап тұрған миссис Уэлдонға
Негороның реңі бір сəттей өзгеріп кеткен сияқты көрінді.
Əлде «Пилигримді» жел əкелген бұл жағалауды Негоро танитын
болар?
Дик Сэнд штурвалды Том қартқа беріп, өзі қоршауға кіретін жолды
ақырғы рет барлау үшін кормоға келді. Бірнеше минуттан соң қатты
айқайлап:
— Миссис Уэлдон,— деді ол,— «Пилигрим» тоқтарлықтай қауіпсіз
орын табамын деген үмітім енді үзілді. Отыз минуттан аспай кеме су
асты құздарының үстінде болады...
Кемені жағаға шығарып тастауға тура келеді. Мен «Пилигримді»
портқа жеткізе алмайтын болдым. Сіздің өміріңізді сақтап қалу үшін
кемені садақа қылу керек. Одан басқа лаж жоқ...
— Сен қолыңнан келетін шаралардың бəрін істеп болдың ба? —
деп сұрады миссис Уэлдон.
— Бəрін де! — жас капитан жауапты қысқа қайырды.
Сөйдеді де, алдағы қатерлі маневрдің дайындығына кірісті.
Бəрінен бұрын миссис Уэлдонға, кішкентай Джекке, Бенедикт ағай
мен Нанға суға батырмайтын дөңгелек киіңдер деп бұйырды, кигілері
келмеп еді, Дик зорлап кигізді. Матрос негрлер мен Диктің өзі асқан
жүзгіштер еді, сонда да болса жазатайым суға құлап кетпеу үшін шара
істеді.
Миссис Уэлдонды Геркулеске тапсырып, Джекті жас капитан өз
қамқорлығына алды. Бенедикт ағай аспай-саспай сабырмен палубаға
шықты, жəндіктер толтырылған қаңылтыр қалбырын қайыс таспамен
иығына асып алған. Дик оны Бат пен Актеонға тапсырды. Ал
Негороның суық та сұсты түрі ешкімнің жəрдеміне мұқтаж еместігін
аңдатып тұрған.
Əлде қалай керегі боп қалар деген оймен Дик Сэнд он шақты
кеспек кит майын палубаға шығартып қойды.
«Пилигрим» көбіктеніп жатқан иірім толқынның дəл үстінен өте
берген кезде, майды суға төгіп жіберсе, толқын сəл уақытқа басыла
қалады. Бұл жағдай кеменің су асты құздарының арасынан өтуіне
жеңілдік жасайды. Дик Сэнд жолаушыларды аман сақтап қалу үшін
бар мүмкіндікті қолдануға бел байлады.
Жас капитан күллі дайындықтың бəрін істеп болды да, кормоға
барып штурвалға тұрды.
«Пилигрим» мен жағалаудың арасы небары екі-ақ кабельтов,
басқаша айтқанда, су асты құзының өзіне жетіп қалды. Кеменің оң жақ
борты иірімді толқынның ақ көбігіне көміліп те қалған еді.
«Пилигримнің» табаны су асты құздарының біріне килігеді деп жас
капитанда үрей жоқ.
Су асты құздарының аралығына кеменің келіп қалғанын Дик Сэнд
судың түсінен біле қойды. Мүмкіндігі болғанынша жағаға жақынырақ
барып қайырлау үшін, қуысқа кіруге тəуекел ету керек болды.
Жас капитан мүлдем қобалжыған жоқ. Штурвал дөңгелегін кілт
бұрып жібергенде, кеме ирек-ирек қысаң өткелге барып кірді.
Теңіздің осы жері өте-мөте долдана тулап жатқан. Толқын
палубаны жуып кетті.
Матрос негрлер капитанның бұйрығын күтіп, кеме тұмсығындағы
май толтырылған кеспектер жанында тұрған.
— Төгіңдер, майды! — деп айқайлады Дик Сэнд.— Тез төк!
Кит майын төгіп жіберген кезде, зіркілдеп жатқан көбікті толқын
май қабатының астына түсіп үні өше қалды, ол əлде ішін тартып, бір
минуттан соң қайта зіркілдейін деген болар.
Бірақ «Пилигримнің» су асты құздарының арасынан өтіп кетуіне
осы минуттың өзі-ақ жетіп жатты. Енді кемені дауыл жағаға қарай
айдап əкетті.
Бір кезде сұрапыл екпін сап ете түсті. Таудай толқын кемені көтеріп
апарып тасқа бір-ақ ұрды. Мачталар омырылып суға түсті.
Тасқа соғылған кезде кеменің бүйірі ойылып, трюмге су қаптады.
Бірақ құрылық жақын, небары бірнеше қадам ғана. Судан шығып
тұрған қара тастарға басып құрылыққа шығу қиын емес.
Апаттан соң он минуттан кейін, «Пилигримнің» командасы мен
жолаушылары құрғақ жеріне аяқ басты.
Достарыңызбен бөлісу: |