Сегізінші тарау
ДИК СЭНДТІҢ ЖАЗУ
ДƏПТЕРІНЕН
Нөсерлі жаңбыр құйып өтті, бірақ аспан əлемі əлі ашылған жоқ,
түнеріп тұр. Экваторлық Африкада «мазика» деп аталатын жылдың
жаңбырлы маусымының екінші кезеңі апрель айында басталады. Бұл
кезде жауған жаңбыр екі жетіге, кейде тіптен үш жетіге созылып,
көбінесе түнде жауады. Еріксіздер керуені үшін бұл да қосымша ауыр
жағдай болды.
Керуен таңертеңгі бұлыңғыр тұманға араласа көшіп, Куанза
өзенінен алыстап, тіп-тіке шығысқа қарай тартты.
Керуеннің алдында елу солдат, шамалысы екі жақ қанатта, ендігі
қалған елу солдат артта келе жатыр. Мұндай жағдайда қол-аяғы
бұғаудан бос адамның да қашып құтыла қоюы екі талай. Еріксіздер
қатары араласып кетті. Əйелдер, ересектер, үлкен кісілер мен жас
балалар араласа жүрді, ал айдаушылар еріксіздерді ұрып соғуға ерінер
емес, шыбыртқымен жондап тықсыра түсті. Топ ішінде емшектегі
баласын қолына көтерген бірнеше əйелдер бар-ды. Олардың кей
біреулері əбден болдырып титығы жеткендіктен, бұдан былай бөбегін
көтеріп жүруге дəрмені жетпей, жалаңаяқ, жалаңбас нəрестесін
сүйрелеп келе жатты.
Керуенбасы араб, Диктің хавильдарлармен соқтығысып қалған
кезіндегі ара түскен кешегі Ибн-Хамис өзінің малша айдап келе жатқан
адамдарын барынша қырағы бақылап жүрді. Ол керуеннің біресе
алдына шығып, біресе соңына түсті. Жүк көтерушілердің көрген азабы
Ибн-Хамистің де, оның жəрдемшілерінің де ойларына да кіріп шығар
емес, бірақ бұлар «өз адамдарының» жағдайымен санаспай тұра
алмайтын-ды: солдаттар біресе азығымызды көбейт деп, біресе көбірек
кідіріп дем алуды талап етіп өнебойы лаң шығара берді. Осы
жағдайлардың арқасында жиі-жиі жанжалдар болып тұрды.
Хавильдарлар ашуының өшін сорлаған еріксіздерден алатын.
Солдаттар мен жүк көтерушілердің хавильдарларға деген наразылығы,
қаһарын тігіп сөгіп балағаттауы, азап көріп қиналған еріксіз
бейшаралардың бақырып шыңғырғаны бүкіл жол бойында бір сəт
тынбайтын-ды. Керуеннің соңында жүрген адамдар алдағылардың
қанымен боялған жерді басып келе жатты.
Сөйтіп, Дик Сэнд өзінің негр жолдастарымен тілдесе алмай қалды,
өйткені оларға ерекше күзетші қойылған жəне өздері керуеннің
алдыңғы қатарында келе жатыр. Оларды екеу-екеуден ағаш бұғаумен
мойындарынан қосақтап қойған, жан-жағына мойын бұрып
қарауларына ешқандай мүмкіндік жоқ, бірінің соңынан бірі шұбырып
барады.
Айдаушылардың шыбыртқысынан бұлардың жон терілеpi айғыз-
айғыз болып тілініп қалған, басқа еріксіздердің де арқалары дəл
осындай.
Бат əкесімен қосақталып керуеннің алдыңғы қатарында келе
жатыр, ол ағаш бұғауды оқыс итеріп қалып əкесінің бір жерін ауыртып
алмайын деп аяғын абайлап басады. Хавильдарға даусы естілместей
қашықтаған кезде ауық-ауық сыбырлап қарттың көңілін аулап дем
беруге тырысатын. Əкесінің шаршағанын сезсе, жүрісін баяулата
түсетін-ді. Бейшара баланың артына бұрылып əкесінің бетіне қарауға
да мүмкіндігі жоқ. Том қарттың баласы көз алдында, оған бұл да
жұбаныш еді, бірақ қарттың бұл жұбанышын жиі-жиі қайғы шайып
кететін-ді: айдаушылардың шыбыртқысы баласының арқасын осып
талаураған із қалдырғанын көргенде, Томның іші удай ашып, бұл
таңбаның өз арқама түскені жақсы еді,— деп зарланатын-ды қарт негр.
Бұлардан бірнеше қадам кейін Актеон мен Остин келе жатыр. Олар
да аталы-балалы екеуі сияқты мойындарынан қосақтаулы, олардың
көрген азабын бұлар да көрді. Олар Геркулестің өмірін арман етті,
мына құлазып жатқан жер оған қаншама қатерлі болғанымен, ол өз
өмірін қорғау үшін күресе алады жəне бостандықта жүр!
Қарт негр жолдастарына шындық жағдайды өздерін тұтқынға алған
кезде-ақ айтып түсіндірген. Оның үш жолдасы өздерінің Африкада
жүргендерін біліп қайран қалды: олар өздерін тұтқынға алған
адамдардан былай айтқанда құл саудагерлерінен ешқандай рақым
күтпеуге тиіс екендерін ұқты, сонымен қатар Гэррис пен Негоро құл
саудагерлерінің сыбайластары, опасыздар екенін енді ғана білді.
Айдаушылар басқа тұтқындарға көрсеткен қорлықты кəрі Нанға да
көрсетті. Негр кемпірі керуеннің орта шенінде, күндікке сатылатын
əйелдер тобының қатарында келе жатыр. Оны екі балалы бір жас
əйелге шынжырмен қосақтап қойған, бейшара əйелдің жаңа ғана апыл-
тапыл басып жүрген үш жасар ұлы мен емшектен шықпаған бір
нəрестесі бар. Үш жасар баланы кəрі Нан қамқорлығына алды.
Бейшара ана кəрі кемпірге алғыс айтуға да шамасы келмей, тек
болғаны жасы мөлдіреген қара көздерін Нанға қарай төңкере берді.
Бала, əрине үлкендерге ілесе алмайды ғой, сірə мына ұзақ сапар
баланың түбіне жететін болар. Нан жас баланы көтеріп алды. Бала
болғанымен өзі кəрі адамға ауыр жүк қой, көп кешікпей-ақ халден
таярмын деп қорықты кемпір.
Нан нəресте негрді көтеріп келе жатып титімдейінен қолында өскен
кішкентай Джекті есіне түсірді. Оған Джекті анасы көтеріп бара
жатқан сияқты боп көрінді. Бейшара анаға қандай қиын!.. Науқасының
салдарынан байғұс бала əбден жүдеп қаңбақтай боп қалған еді ғой,
қаншама жеңіл болғанымен бала да болса өзі нəзік адамға недəуір жүк.
Ол қазір қайда жүр екен? «Нендей халде? Бейшара баланы кəрі
күтушісінің көретін күні болар ма?
Дикті керуеннің соңына салды. Жас жігіт Томды да, оның
жолдастарын да, кəрі Нанды да көре алмады, олар шұбатылған ұзын
тізбектің алдыңғы қатарында кетіп бара жатқан...
Дик Сэнд жолда бара жатып түпсіз шыңырау қиялға шомды, оның
ойын айдаушылардың ақырып-бақырған айқайы бөліп жібере берді.
Ол өз қара басының қамы туралы да, жолда кездесетін
қиыншылықтарды да, өзіне дайындап қойған Негороның азабын да
ойлаған жоқ. Оның бар ойлағаны миссис Уэлдонның қамы еді.
Дик жерден көзін алмай төмен қарап келе жатты: əрбір жапырылып
қалған шөпке, əрбір сынған бұтаға тесіле қарайды, оның бар іздегені
миссис Уэлдонның ізі еді.
Куанзадан Казондеге баратын басқа жолдың жоқ екенін Дик Сэнд
жақсы білетін-ді. Демек, миссис Уэлдонды да Казондеге жөнелткен
болды, бұл болжал шынында да дұрыс, миссис Уэлдон, сөз жоқ, осы
арамен жүруге тиіс. Оның тағдырын хабарлап «сүйінші» деген кісіге,
жас жігіт не сұраса да аямас еді.
Сөйтіп, Дик Сэнд өзінің негр жолдастарымен бірге Казонде
жолында кетіп бара жатыр. Бұлардың өз тағдыры қаншама қатерлі,
көрген зəбірлері қаншама ауыр болса да, өздерімен бірге кетіп бара
жатқан еріксіз сорлылардың көрген қорлығына дəті шыдамай жандары
ашыды, айдаушылардың адамгершіліктен тыс қаталдығын көргенде,
бұлардың бойын ыза кернеді. Бір өкінішті жері, бұлардың мына
сорлыларға жəрдем тигізетін дəрмені жоқ, ал ана қаніпезерлермен
қарсыласа да алмайды.
Куанзадан шығысқа қарай көсіліп жатқан жалпақ орманның
ұзындығы жиырма мильден астам. Мұндағы ағаштар теңіз жағалауы
маңындағы тоғайлар сияқты қалың емес, жаңа өніп қылтия бастаған
ағаш шыбықтарын пілдер тапап кететін болар немесе сан жеткісіз
жəндіктердің ұрығы жойып жіберуі де мүмкін.
Ертеңгі мезгілде жол бірсыпыра тəуір болды. Бұта басып кеткен
қалыңның арасымен жүргеннен гөрі, сирек орманды аралап жүру
анағұрлым оңай. Бірақ жол кей жерлерде қалың жынысқа еніп, керуен
мүлдем көрінбей кететін күндері де болды. Бамбук сияқтанып бойлап
өскен қамыстың сабағының жуандығы бір дюймнен кем келмейтін
биік шөптің арасымен адаспай жүру үшін жергілікті жермен жақсы
таныс болу керек.
Керуен таң біліне жолға шығып, түс болғанша кідірместен тарта
берді. Шаңқай түсте бір сағат қана тоқталып дем алды. Сол жерде
хавильдарлар тайлап буылған жүктердің біреуін шешіп еріксіздерге бір
уыстан маниок
89
ұнын үлестірді. Егер солдаттар жолшыбай бірер
қыстақты талай қойса, мына жарытымсыз асқа екі — үш батат
90
немесе бір жапырақ ет қосылады.
Бірақ түнгі демалыс өте қысқа болатын, ал ми қайнатқан күндізгі
ыстықта жүріп əбден титықтаған еріксіздердің көпшілігі асқа тəбеті
тартпайтын-ды. Керуеннің Куанза жағалауынан шыққанына бір жұма
болмай-ақ еріксіздерден жиырма адам қаза тауып, олардың денесі
керуеннің ізіне түсіп келе жатқан жыртқыш аңдарға жем болды.
Арыстан мен қабыландар жем іздеп керуен маңайында шарық ұрады,
күн сайын кешкісін лагердің дəл іргесінен азулы аңдардың ақырғаны
естіліп жатады. Оларды керуенге əне бас салады, міне бас салады деп
адамдардың жаны тырнағының ұшында.
Жыртқыш аңдардың түн қараңғысын жара ақырған үндері
адамдардың үрейін алды, бұл дауыстарға Дик Сэнд құлағын түріп,
тропиктік орманда жалғыз жүрген Геркулеске төнетін қауіп-қатерді
ойлап үрейі ұшты. Дегенмен, Диктің қашып құтыларлық мүмкіндігі
болса, ойланбай-ақ тəуекелге бел байлар еді-ау.
Біз бұл арада Диктің жазу дəптерінен кейбір үзінділер аламыз. Дик
мұны Куанза мен Казонде арасындағы жолда бара жатып жазған еді.
«25—26 апрель. Биіктігі сегіз — тоғыз фут келетін бұта мен айнала
қоршалған бір қыстақтың жанынан өттік. Eгістік жерлерге майыс,
бұршақ етіп тастаған. Тұрғын халықтардың екеуін ұстап мойындарына
ағаш бұғау кигізді. Он бес адам табанда өлтірілді.
27-апрель. Ағысы қатты недəуір жалпақ бір өзеннен өттік. Жұмыр
ағаштарды шырмауықпен байлап көпір салыпты. Кей жерлерінің тіреуі
жоқ. Ағаш бұғаумен қосақтаулы екі əйел сүрініп кетіп суға құлады.
Біреуінің қолында көтерген баласы бар-ды. Құлаған сəтте су
бұрқылдап қайнады да, қан бояған судың беті қызарып кетті. Əдетте
мұндай көпірлердің астында крокодилдер тығылып жатады екен,
аяғыңды жазым бассаң болды, суға құлап тұп-тура крокодилдің аузына
түсесің.
28-апрель. Орман аралап келеміз. Ол арада зəулім өскен баугин
ағаштары көп. Португалдар бұл ағашты «темір ағаш» деп атайды.
Жаңбыр құйып тұр. Жер батпақ. Жол өте ауыр. Керуеннің орта
шенінде кетіп бара жатқан кəрі Нанды көзім шалды. Ол бейшара өз
қара басын алып жүруге шамасы келмесе де, бөбек негрді көтеріп бара
жатыр. Онымен бірге қосақтаулы еріксіз əйел аяғын ақсаңдай басады,
шыбыртқы тілген жонынан қан сорғалап тұр.
Түн болған соң жасыл жапырақты ақ гүлді зəулім өскен бір баобаб
ағашының түбіне келіп қондық.
Арыстандар мен қабыландар түні бойы ақырумен болды.
Солдаттар бір қабыланды атып өлтірді. Геркулестің халі нешік екен?
29—30 апрель. Африка «қысының» алғашқы хабаршысы да келіп
жетті. Шөп біткеннің бəрі малынған шық. Жылдың жаңбырлы
маусымы ноябрьде басталады да, апрель айының ақырғы күндерінде
аяқталады. Тегістік жерлердің бəрін су басқан. Шығыстан соққан
желге ілесіп батпақты жердің безгегі де келіп жетті.
Миссис Уэлдон қайда болды екен? Бенедикт ағай қайда жүр?
Ешқандай хабар-ошар жоқ, із-түзсіз ғайып болды. Оларды тек қана
Казондеге жөнелте алады! Біз жүріп келе жатқан жолмен олар да
жүрген болар, бірақ біздің алдымызға түссе керек. Менің жанымды
үрейлі қауіп-қатер жегідей кеміріп барады. Мына кесел ұялаған жерде
кішкентай Джектің безгегі қайта ұстаған шығар. Бейшара баланың өзі
тірі ме екен?..
1-6 май. Біздер батпағы құрғамаған, əлі қақ ұялап жатқан көгалмен
бірнеше күн ұдайы жүрдік. Айналаның бəрі қаптаған су, кей жерлердің
суы белуардан келеді... Мыңдаған сүлік денеңе жабысып қаныңды
судай ағызады. Сонда да болса жүру керек. Судан қылтиып тұрған
кейбір шөкелектерге папирустар өскен. Жапырағы капуста сияқты ірі
батпаққа өскен бір түрлі су өсімдіктері бар. Адамдар оның тамырына
аяқтары оралып жығыла берді. Аяқ алып жүру өте қиын, қонып
түстенерлік құрғақ жер табылмай қалатын уақыттар жиі кездеседі.
Айнала төңіректегі көз жетерлік жазықтың бəрін су басып кеткен.
Қараңғы болса да жүру керек. Бұл азаптың ақырына қашан жетер
екенбіз? Адамдар жығылады да, аяғын тік басып қайта тұрады. Heге?
Су түбінде бірнеше секунд болса жетіп жатыр, азаптан біржолата
құтылар еді ғой!... Ал миссис Уэлдон мен кішкентай Джектің халі
нешік? Оларды тастап кетуге менің хақым жоқ еді ғой. Мен азаптың
қандайы болса да шыдаймын. Бұл менің ардақты борышым!
Бұл жан түршігерлік неткен дауыс!
Солдаттар шайырлы ағаштарды сындырып от жақты. От жарығы
қараңғыда адамдарды күңгірт көрсетті.
Жаңағы жан түршіктірген айқайдың мəнісі былай екен: керуенге
крокодил шауыпты. Үрейлі айдаһарлардың он-он бесі қараңғыны
жарып шыға келіпті де, бірнеше бала мен əйелді тістеп алып суға
қарай сүйрей жөнеліпті. Крокодил өзімді қағып өткенде қабыршағы
аяғымның терісін сыдырып кетті. Бірақ менің қасымдағы қосақтаулы
екі баланың мойнындағы ағаш бұғауын ортасынан қақ бөліп біреуін
жұлып əкетті. Бейшара баланың бақырғанын көрсең! Оның
шыңғырғанынан жаным түршікті. Сорлы баланың сондағы үні əлі
күнге құлағымнан кетер емес...
7—8 май. Өткен күнгі шығын есепке алынғанда, жиырма адам кем
шықты. Таң атысымен Томды жəне басқа жолдас негрлерімді іздеп
айналама көз жүгірттім. Олардың амандығын білсем маған қандай зop
қуаныш болар еді-ау! Бірақ мұның несі қуаныш? Азап біткеннің
бəрінен біржолата құтыла салу анағұрлым артық емес пе?
Том қарт керуеннің алдыңғы қатарында бара жатыр. Жолдың
бұрыла берісінде қарт негр мойнындағы ағаш бұғауды қолымен
көтеріп бір сəт артына қарауға мүмкіндік тапты. Осы сəтте бірімізді
біріміз көріп қалдық. Кəрі Нанды көзіммен бекер іздеппін. Ол байғұс
өткен түні-ақ тыншайған шығар?..
Ақырында су қаптаған жазықты да артқа салдық. Біздер ұдайы
жиырма төрт сағат суда жүрдік. Лагерь енді қырқаға шығып тоқтады,
су болған киімдерімізді күнге жайып кептірдік. Азын-аулақ ас ішіп
жүрек жалғаған болдық. Соншама ұзақ та азапты жолдан кейін ішкен
асымыздың түрі мынадай: бірнеше түйір майыс, бір уыс маниок ұны
бар болғаны осы-ақ. Осы сияқты жарытымсыз ауқатпен жан сақтап
жол жүріп көр! Су болса лай əрі лас. Əбден қалжырап дымы құрыған
мына құры сүлде сорлылардың аяқтарын тік басып жүруге
қаншасының шамасы келер екен?
Миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті бұл сияқты азапты сапарға
зорлап айдауы мүмкін емес! Жоқ, оларды Казондеге басқа жолмен
əкеткен болар. Бейшара ана мұндай азапты көтере алмайды ғой!
Керуеннің бірнеше адамы «желшешек» болып ауырды. Аурулардың
өздігінен жүруге шамасы жоқ. Оларды қайтер екен? Шынымен-ақ
жолға тастап кете ме?
9-май. Ерте тұрып жолға шықтық. Жұртта қалғандар көрінбейді.
Ауырғандар мен əлсіреген адамдарды хавильдарлар шыбыртқылап
тұрғызды. Құл дегендер адам емес — жанды товар, сылдырап тұрған
ақша. Қаны əбден суып, денесінде тіршіліктің нышаны біткенше
хавильдарлар шыбыртқылап айдай береді.
Жан-жағымның бəрі өңшең ғана жанды сүлде. Тіптен олардың үн
шығарып ыңқылдауға да шамасы жоқ.
Ақырында кəрі Нанды да көрдім. Ол бейшараға қараудың өзі
аянышты! Кешегі көтеріп келе жатқан баласы да, өзімен бірге
қосақтаулы əйел де жоқ, Нан енді жалғыз келе жатыр. Оған ағаш
бұғаусыз жүру оншалықты қиын емес. Бірақ беліндегі шынжыры əлі
сүйретіліп жүр. Шынжырдың бос ұшын иығынан асыра салыпты.
Қапысын тауып кемпірге жақындадым. Бұған не болған? Мені
танымай ма? Шынымен-ақ адам танымастай өзгеріп кеткемін бе?
— Нан!—деп дауыстадым.
— Сіз Диксіз бе? Мен... Мен... кешікпей-ақ. ана дүниеге...
— Жоқ, жоқ... мойымаңыз, шыдаңыз,— дедім.
Бейшара кемпір əбден жүдеп əлсіреген, тіптен түрінен кісі
қорқарлық.
— Мен көп ұзамай өлетінімді білемін... Мен енді қайтып өзімнің
қадірлі ием — миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті көре алмаспын...
Жəрдем ете гөр маған...
Кемпірді сүйемелдейін дедім, қомыт киімінің ішінде əлсіз дене
қалтырап тұр. Егер мені оған қосақтаса, ренжімей-ақ, қайта қуанар
едім, өйткені оның жанындағы «товар» қаза тапқан соң, Нанның
жалғыз өзі көтеріп келе жатқан ауыр шынжырдың жарым салмағы
маған ауар еді.
Бірақ бір қажырлы қол мені шетке қарай итеріп жіберді де, Нан
сорлыны шыбыртқының астына алып қайтадан еріксіздер қатарына
тықты. Өзіме қол көтеріп зəбір көрсеткен хавильдарға бас салуға
ыңғайландым, бірақ қайдан майда бола қалғанын өзім де білмей
қалдым, Ибн-Хамис тап бола кетті. Лəм деп тіл қатпастан қолымнан
ұстап, керуен адамдарының бəрі тегіс өтіп болғанша тұрды да қойды.
Сосын мені керуеннің соңындағы өзімнің бұрынғы орныма қайта
тұрғызды да:
— Негоро!—деді.
Негоро? Менің сорлаған жолдастарыма көрсеткен қорлықты маған
да көрсетпей, мені өзгеше ұстауы, Негороның талабы екен ғой!
Ол оңбаған португал маған не дайындап қойды екен?
10-май. Өртеніп жатқан бір қыстақты жанай өттік. Онда түтіні
будақтай аспанға көтеріліп талай-талай лашықтар жанып жатыр. Ағаш
бұтақтарына адам өліктері асулы тұр. Қыстақ халқы қашып кеткен.
Eгіс даласы қаңырап жатыр. Қыстақ шапқыншылыққа ұшыраған.
Қыстақтың екі жүз адамы қаза тауыпты, бірақ құл саудагерлері
оншақты адамын тұтқынға алған көрінеді...
Күн кешке айналып, керуен қонуға тоқтады. Лагерь ірі ағаштардың
арасына орналасты. Орман шеті тырбық өскен. Бұтамен, биік-биік
шөптермен көмкерілген.
Кеше түнде ағаш бұғауларын сындырып бірнеше тұтқын қашып
кеткен еді. Қашқындарды ұстап əкеліп адам айтқысыз қаталдықпен
жазалады. Бүгін хавильдарлар да, солдаттар да өте қатал күзетіп тұр.
Күн кешке тартты. Айнала төңіректе арыстандар ақырып, қорқау
қасқырлар
ұлиды.
Арырақта
гиппопотамдардың
ысылдап-
пысылдағандары естіледі.
Шамасы, ол жақта көл немесе бірер өзен бар. Өлердей боп
шаршасам да ұйықтай алмадым. Биік шөптердің арасымен əлде не
жылжып келе жатқан тəрізді. Сірə жыртқыш аңдардың бірі болар. Ол
оңбаған лагерге шабайын дегені ме?
Құлағымды сыбдырға қарай түріп тыңдап жатырмын. Түк те жоқ.
Енді қамыстан өтіп бір хайуан келе жатыр. Менде қару жоқ, бірақ
қорғануым керек! Аттан салайын.
Менің тіршілігім миссис Уэлдон мен өзімнің жолдастарыма қажет
қой!
Қараңғы түнекке көзімді тігіп қарап жатырмын. Бүгінгі түн айсыз,
тастай қараңғы. Бір кезде папирус арасынан екі шырақ жылт ете
қалды, бұл қабыланның немесе қорқау қасқырдың көзі. Əлгі шырақ бір
кезде көрінбей кетті... Қайта көрінді.
Шөп қайта сыбдырлады. Бүл жабайы жыртқыш маған бас салады
ғой. Аттан салайын дедім.
Сəті түскенін қараңызшы, өзімді өзім тоқтата қойдым.
Өз көзіме өзім сенбедім! Қасыма Динго келіп тұр! Meнің қасымда
тұрған кəдімгі өзіміздің Динго! Сүйкімді Динго! Ол мені қалай тапты
екен? Оны бастап маған келтірген нендей күшті сезім. Жоқ, мұндай
кереметті басқаруға бір ғана ішкі сезімнің шамасы келмейді... Динго
менің қолымды жалады. О, сүйкімді төбет, менің бірден-бір досым
сенсің ғой! Демек, ана залымдар сені өлтіре алмаған екен!
Дингоның басын сипадым. Төбет арс ете қалғалы тұр, бірақ мен
оның басын сипап алдарқатып қойдым. Иттің мұнда келгенін ешкім
білмеуі керек. Жаман айтпай, жақсы жоқ, мүмкін... Ау, Динго менің
қолыма мойнын неге үйкей береді? Маған: «мынаны қарашы!» деп
тұрған тəрізді ол. Мен оның мойнын сипалап, қарғыбауына байланған
бір зат барын байқадым... Қарасам, əлгі зат қарғыбауының доғасына
өткізілген бір жіңішке ғана қамыс екен, қамысқа ойып жазылған «С»,
«В» деген екі жұмбақты əріп бар.
Қамысты ақырын ғана алдым да, сындырып қарадым. Қамыстың
қуысында хат бар екен! Əрине, мен оны тастай қараңғыда оқи
алмадым. Таң атып жарық болуын күту керек... Дингоны қайырып
жібермей-ақ алып қалайын деп ем, бірақ сүйкімді төбеттің кеткісі
келіп қыңсылай берді. Төбет өзіне жүктелген тапсырманың
орындалғанын білсе керек.
Итті қайырып жібердім, ол бір секіріп түсті де, қалың шөптің
арасына кіріп ғайып болды. Қайран төбет арыстан мен қорқау
қасқырлардың аузына түспей аман-есен иесіне жетсе жарар еді-ау!
Динго аман болса, өзін жұмсаған адамға қайта оралатыны сөзсіз.
Хатты қараңғыда оқу мүмкін емес, хат қолымды күйдіріп бара
жатқан тəрізді.
Бұл хатты кім жазды екен? Миссис Уэлдон ба? Əлде Геркулес
жазған болар?
Ит — опа дейді ғой, Динго бұлармен қалай ұшырасты екен? Біз
оны өлдіге санап едік-ау!
Бұл хатта не жазылған? Жан төзгісіз мына азаптан қашып
құтылудың амалы айтылған ба? Əлде қадірлі достардың тек қана
амандық хабары ма екен?
Не болса ол болсын, бірақ мына уақиға мені қуанышқа бөледі.
Бірақ мұның ақыры адам айтқысыз ауыр қайғы-қасіретпен тынуы да
ықтимал!
Мен аспанның көкжиекпен ұштасқан жеріне тесіле қараймын,
сондағы аңдығаным, таң қылаңы. Көзім ілінбейді. Жытқыш аңдардың
ақырғаны бұрынғысынша жырақтан естіліп жатыр. Бейшара Динго,
бұларға кездеспей аулағырақ кете алдың ба екен?
Сарғая күткен таң да білінді. Тропикте түн қысқа болады. Жарық
болысымен ешкімге білдірмей оқиын деп хатты шиыршықтап бүктеп
қойдым.
Оқып көрейінші...
Əлі қараңғы, түк те көрінбейді.
Сарғая күтіп, ақыры оқыдым-ау. Хатты Геркулес жазған екен.
Бір жапырақ қағазға қарындашпен бірнеше жол сөз жазыпты, онда:
«Миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті китандаға мінгізіп Гэррис
пен Негоро бастап əкетті. Бенедикт мырза да солармен бірге. Олар
керуеннен озып, үш-төрт күндік алда бара жатыр. Олармен тілдесерлік
мүмкіндігім болмады. Мен Дингоны таптым. Оны біреу мылтықпен
атып жарадар етіпті, бірақ қазір жазылып кетті. Менің бар
ойлайтыным сендердің тағдырларың, мен қашқанда, сіздерге жəрдем
ету үшін ғана қаштым.
Достарыңызбен бөлісу: |