Мектепке дейінгі білім беруге заманауи көзқарас
Қазіргі заман талабына сай білім берудегі негізгі талаптардың бірі білім беру
сапасын жетілдіру мақсатында білім берудің барлық деңгейлерін үздіксіз жаңғыртып
отыру болып табылады. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі мектепке дейінгі
тәрбие мен оқытудан бастап жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруге дейінгі барлық
салаларда жаңартылған білім беру мазмұнын және өзара сабақтастық пен үздіксіздік
принциптерін қамтитын педагог кадрлардың біліктілігін арттыруды қажет етеді.
Білім беру мазмұнын жаңартудың нақты тәсілдемелерін қарастыру барысында
төмендегідей мәселелерге назар аудару қажет:
1.
Кішкентай балаларға білім беру қандай болуы керек?
2.
Оларға мектепке барғанға дейін нені үйрету қажет?
Бұл мәселелер қазіргі әлемде аса өзекті болып отыр, осы салада жүргізілген
зерттеулер көрсеткендей, кішкентай балалар жаңа нәрсені қызығушылықпен қабылдайды,
әлемді танып-білуге, тәжірибе жинақтауға аса бейім болады. Қазіргі заманғы білім
берудің жоғары қарқынымен байланысты ата-аналар көп жағдайда баланың оқу-жазуды
ерте жастан үйренуі оның жүйелі түрде дами отырып, әлемді қызығушылықпен танып-
білуге деген ынтасына кедергі болмауына көңіл бөле бермейді. Көптеген шетелдік және
отандық зерттеушілер мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеу мектептегі
сияқты жүргізілмеуі тиіс деген пікірді қолдайды. Мектепке дейінгі білім беру балалардың
белгілі бір дағды-біліктерін дамытуға бағытталуы тиіс. Д.Б. Элькониннің пікірінше,
«Келесі анағұрлым жоғары даму кезеңіне өту алдын ала мұқият дайындалып, алдыңғы
кезеңнің қаншалықты толыққанды өткеніне, келесі сатыға өту арқылы шешілетін ішкі
қайшылықтар немесе қажеттіліктердің қаншалықты пісіп-жетілгеніне қарай іске
асырылуы тиіс. Егер келесі қадам оған деген қажеттілік пісіп-жетілгенге дейін жасалатын
болса, бұл бала тұлғасының қалыптасуына кейде кері әсерін тигізуі мүмкін»
(Эльконин Д.Б., 1996. 14-б.).
Баланы ерте жастан білімді өз бетінше меңгеруге және қолдана білуге
дағдыландыру аса маңызды болып табылады. Педагог үшін өз бетінше,
шығармашылықпен оқу үдерісін оңтайлы және ерекше сипатта ұйымдастыру маңызды
болып табылады. Сонымен қатар Л. Выготский «мектепке дейінгі балалық шақты ерекше
ұйымдастырудың» маңыздылығы туралы атап көрсеткен. Д. Эльконин және Л.Выготский
оқу үдерісінің ерекше сипатта болуын – оқуды ойын арқылы ұйымдастыра отырып,
олардың өзара сабақтастығы мен үздіксіздігін қадағалау қажеттігіне назар аударған.
Мектепке дейінгі ұйымдағы оқытудың негізгі түрі ретінде ойын баланы дамыту
тұрғысынан оқу қажеттіліктеріне сәйкес құрылымдалған, еркін немесе педагогтің
жетекшілігімен болуы мүмкін. Ойынды тек сауық-сайран ретінде қарастырып, балаларға
толық еркіндік беріп, бетімен жіберу орынсыз. Кез келген ойын балаға мектепте оқу
барысында немесе балалар мекемесінен тыс өмірлік жағдаяттарда қажет болатын нақты
дағдыларды дамытуға бағытталғаны дұрыс. Сондықтан педагогтер ойынды таңдауға
мұқият көңіл бөлгені жөн, өйткені бала орынды таңдалған ойын арқылы келешектегі
оқуында немесе өмірінде пайдалы болатын белгілі бір білік-дағдыларды дамытуға
мүмкіндігі болады. Осыған орай балаларды оқытуда ойынның сыртқы сипатын ғана
ұқсату емес, шынайы ойынды ұйымдастыру аса маңызды.
Достарыңызбен бөлісу: