Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009


-тақырып ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ



Pdf көрінісі
бет68/76
Дата04.10.2022
өлшемі1,99 Mb.
#151718
түріЛекция
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   76
Байланысты:
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

16-тақырып
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 
ƏЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ 
ЖƏНЕ САЯСИ ДАМУЫ (1991—2008 жж.)
Қазақстанның тəуелсіздігінің жариялануы 
• 
жəне ТМД-ның құрылуы 
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылысы
• 
Қазақстан Республикасының əлеуметтік-экономикалық дамуы 
• 
Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси дамуы
• 
Қазақстан — əлемдік қауымдастықта
• 
1. Қазақстанның тəуелсіздігінің жариялануы 
жəне ТМД-ның құрылуы
КСРО-ның құлауының басты себептерінің бірі — экономикалық 
дамуда артта қалушылық. Атап айтқанда, Одақ экономикасының тех-
нологиялық жағынан артта қалуы, сондай-ақ оның өндірісі шығарған 
тауарлардың бүкіл əлемде бəсекеге түсу қабілетінің төмендігі еді. 
Сонымен қатар, соғыстан кейінгі жылдары КСРО АҚШ-пен əскери 
бəсекеге түсіп жəне капиталистік елдермен əскери-стратегиялық 
тепе-теңдікті сақтау үшін қорғаныс ісіне аса көп қаржы шығарды. 
1950—1990 жылдар арасындағы 40 жылда əскери шығын 20 трил-
лион долларға жеткен. Мұндай зор шығындар экономиканы орасан 
зор зардаптарға ұшыратты. 
Қазақстан экономикасының артта қалуы жəне ондағы кемшілік-
тер туралы 1986 жылдан бастап ашық айтыла бастады. 12-
бесжылдықта (1986—1990 жж.) республика экономикасын қайта 
құру мүмкіндіктері іздестірілді, жаңа идеяларды іске асырудың 
жолдары қарастырылды. Мұның өзі бесжылдықта ұлттық табыстың 
өсуінде, əлеуметтік ахуалды жақсартуда, ауыл шаруашылығы 
өнімдерін өндіруде кейбір табыстарға қол жеткізді. 
Дегенмен қоғамдық өндіріс көлемі қойылып отырған талаптардың 
деңгейінен көп төмен жатты. Оның негізгі себебі, басқарудың 
əкімшіл-əміршіл жүйесінің икемсіздігіне байланысты еді. Ең ба-
стысы өндірістің тиімділігін арттыруда экономикалық тетіктер 
жете пайдаланылмады, оның толып жатқан көздері іске қосылмады. 
1990 жылдың орта шенінде өнімнің өсу қарқынының бұрынғы жыл-


320
321
дармен салыстырғанда мықтап құлдырағаны байқалды. Дағдарыс 
экономиканың барлық салаларын қамтыды. Ол саяси-əлеуметтік 
жағдайға теріс əсерін тигізе бастады. Көмір алқаптарындағы 
кеншілердің, металлургтердің тұрмыс дəрежесі мейлінше төмен-
деді. Осыған орай, олар өздерінің наразылығын ашық білдіре ба-
стады. Кеншілер ұжымдарының еріктілігін, шығарылған көмірдің 
кейбір бөлігін өздерінің қалауынша сатып, қажетті тауарларға ай-
ырбастап алып отыруға мүмкіндік берілуін талап етті. 
Экономикалық дағдарыс республиканың өнеркəсіп өндірісінің 
көптеген салаларын қамтыды. Оларға қажетті жабдықтар жетіспеді. 
Əсіресе, халық тұтынатын тауарларды өндіру нашар жағдайда бол-
ды. Қажетті материалдардың жеткіліксіздігінен күрделі құрылыстың 
қарқыны баяулап, жоспарлар орындалмады. 
Осындай күрделі жағдайда Республика экономикасын нарықтық 
қарым-қатынас аясына шығару мақсатымен 1991 жылдың ақпан ай-
ында Жоғарғы экономикалық кеңес құрылды. Оның құрамына енген 
белгілі экономист Г.Явлинский, АҚШ-тан келген доктор Бэнг, тағы 
басқа ірі экономист мамандар республика экономикасына нарықтық 
қатынастарды енгізудің мүмкіндіктерін іске қосу мəселесімен 
шұғылданды. 
Қазақстанда мемлекеттік меншікпен қатар жекеменшіктің жаңа 
формалары — акционерлік қоғамдар, жалдық жəне кооперативтік 
кəсіпорындар, фермерлік шаруашылықтар, біріккен кəсіпорындар, 
түрлі қауымдастықтар мен бірлестіктер қалыптаса бастады. 1991 
жылдың ортасында республикада 35 біріккен кəсіпорындар, 16 сырт-
қы экономикалық қауымдастықтар, халықаралық коммерциялық 
банк жұмыс істеді. 
Дегенмен, əртүрлі себептерге байланысты бірінші кезекте Кеңес 
Одағы республикаларының бір-бірімен біте қайнасып, бірігіп-
кірігіп кеткен шаруашылық қарым-қатынасының бұзылуына 
байланысты Қазақстанда экономикалық қиындықтар күшейді. 
1991 жылдың қорытындысында қоғамдық өнім шығару соның 
алдындағы жылмен салыстырғанда 7,2%-ке, ұлттық табыс 10%-
ке, еңбек өнімділігі 5,4%-ке төмендеді. Тұтыну-сауда саласындағы 
жағдай шиеленісе түсті. Жеке сауда тауар айналымының ерекше 
қысқаруы “көлеңкелі” экономиканың кеңінен өрістеуіне, халықтың 
тұрмыс дəрежесінің одан əрі төмендеуіне алып келді. Елде ақшаның 
құны түсіп кетті. Құны жоқ қағаз ақшаның көлемі 1991 жылы 1990 
жылмен салыстырғанда 4,5 есе өсіп 8,7 миллиард сомға жетті, 
оның 3 миллиарды 1991 жылдың соңғы екі айында шығарылды. 
Республиканың мемлекеттік қарызы 7,8 миллиард сомға дейін өсті. 
1991 жылы Қазақстандағы барлық кəсіпорындар мен ұжымдардың 
11%-і шаруашылық жылын шығынмен аяқтады. Халық тұтынатын 
тауарлар азайды. 
Өнеркəсіп тауарларына бағаның айтарлықтай қымбаттауы 
аграрлық сектордың жағдайын едəуір қиындатып жіберді. Соның 
салдарынан, егер 1991 жылы ауылшаруашылық өнімдерін сатып 
алу бағасы 1,5—3 есеге дейін өссе, ауыл шаруашылығына қажетті 
тетік пен мен машиналарды сатып алу бағасы одан бірнеше есе 
асып түсті. Оның үстіне ауылшаруашылық өнімдерін өндіру біраз 
төмендеді. Оған 1991 жылғы болған қуаңшылықтың үлкен зардабы 
тиді. Нəтижесінде жоспарланған астықтың тең жартысы ғана алын-
ды, мал шаруашылығын жеммен қамтамасыз ету 60—65 %-тен ас-
қан жоқ. Соның салдарынан республикада ет, сүт, жұмыртқа сатып 
алу деңгейі төмендеді. Бірқатар облыстарда малдың саны азайды. 
1991 жылы 1990 жылмен салыстырғанда ауылшаруашылық өнімі 
8%-ке, еңбек өнімділігі 11%-ке төмендеді. Мемлекетке небəрі 3,2 
миллион тонна астық сатылып, бұл барлық жиналған астықтың тек 
27%-ін ғана құрады. Колхоздар мен совхоздардың қаржы жағдайы 
нашарлап, экономикалық тиімсіз шаруашылықтардың саны 5 есеге 
дейін өсті. 
Халық шаруашылығына жұмсалған қаржының барлық көлемі 
1990 жылмен салыстырғанда 7%-ке азайды. Іске қосылуға тиісті 
57 халық шаруашылығы объектілерінің тек 30-ы ғана бітіп, оның
есесіне аяқталмаған құрылыстар саны 1,4 есеге көбейді. Оған 
жұмсалмай қалған қаржы 1991 жылдың аяғында 17 миллиард 
сомға жетті. Транспорт бойынша 1990 жылмен салыстырғанда жо-
лаушыларды тасу 8%-ке қысқарды. Шет елдерге бұрынғысынша 
шикізат, жартылай өңделген материалдарды шығару басым бол-
ды. Оның 60% қара жəне түсті металлургия өнеркəсіп өнімдерін 
құрады. Есесіне республика басқа жерлерден бұрынғыша машина 
жасау өнеркəсібіне қажетті жабдықтардың 250-ден астам түрлерін, 
13% көлемінде халық тұтынатын тауарларды, сондай-ақ тамақ 
өнеркəсібіне керекті материалдар мен шикізатты алдырды. 
Мұндай жағдай өзге республикаларда да орын алды. Осыған 
байланысты Кеңес Одағы елдерінде ұлттық толқулар күшейді. 
Сумгаиттегі, Таулы Карабахтағы, Вильнюстегі, Ферғанадағы 
оқиғалар ұлттық мəселелерді шешудің ешқандай бағыт-бағдары 
жоқтығын айқындады. Кеңес басшылары ұлт мəселесінің байыбын 
терең түсінбеді, ұлтаралық қатынастар мен оны шешудің жолда-


322
323
рын нақты көрсетіп бере алмады. Сондықтан бірқатар ұлт респу-
бликалары Одақтан бөлініп шығу, өздерінің егеменді мемлекет 
болуы жөніндегі талаптарын қойды. Міне, осының нəтижесінде 
1988 жылдың қарашасы 1989 жылдың мамыр айлары аралығында 
Балтық жағалауындағы Эстония, Литва, Латвия республикала-
ры өздерінің егемендігі туралы алғашқы құжаттарын қабылдады. 
Сөйтіп, олар КСРО құрамынан шығып, жеке тəуелсіз мемлекетке 
айналды. Осыдан кейін, көп кешікпей-ақ, яғни 1989—1990 жылдары 
егемендік туралы Декларацияны КСРО-ның басқа республикалары 
да қабылдады. 
Елдегі мемлекеттік өкімет билігі жүйесі мен экономиканың 
шұғыл күйреуі жағдайында 1990 ж. 25 қазанда республика Жоғарғы 
Кеңесі Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Деклара-
ция қабылдады. Бұл Декларацияда негізінен мына мəселелерге 
мəн берілді: КСРО мен ҚазКСР арасындағы қатынас келісім-шарт 
негізінде жүзеге асады; Республика əкімшілік-аумақтық құры-
лымға, саяси, экономикалық, əлеуметтік жəне мəдени-ұлттық 
құрылыстарға байланысты барлық мəселелерді дербес шешеді; 
Республика өз аумағында Қазақ КСР заңдарын бұзатын КСРО 
заңдарының қолданылуын тоқтатуға құқылы; Қазақстанның өз 
шекарасындағы аумағына қол сұғылмайды, бөлінбейді жəне оның 
келісімінсіз өзгертілмейді; Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің келісі-
мінсіз оның аумағында басқа мемлекеттердің əскери құрамалары, 
олардың əскери базалары орналаса алмайды; Қазақстан өзінің дер-
бес ішкі əскерін, мемлекеттік жəне қоғамдық қауіпсіздік органда-
рын ұстауға құқылы. Қазақ КСР халықаралық қатынастарда дербес
өзінің мүдделеріне сай сыртқы саясатын жүргізеді. Декларацияның 
жаңа одақтық шарт жасасу жəне Қазақ КСР жаңа Конституциясын 
қабылдау үшін негіз болып табылатындығы туралы арнайы бап-
та көрсетілді. Егемендік алу Қазақстанда жалпы демократиялық 
процестердің барысын шапшаңдатты, мұның өзі елдегі болып жат-
қан оқиғалармен тығыз байланысты еді. 1991 жылдың ортасынан-ақ
Қазақстан басқа республикалармен бірге іс жүзінде орталыққа оппо-
зицияда болды. Қазақстанның бастамасы бойынша Белоруссиямен, 
Украинамен, Ресеймен жəне басқа республикалармен бір-бірінің 
егемендігін, қалыптасқан шекараларды, орнатылып жатқан өзара 
пайдалы экономикалық байланыстарды мойындау туралы екіжақты 
келісімдер жасалды. 1990 жылы желтоқсанда төрт республика — 
Ресей, Украина, Белоруссия жəне Қазақстан егеменді мемлекеттер 
одағын құру туралы инициатива көтерді, Новоогарев келісімін тал-
дап жасау жөніндегі бірлескен жұмыс басталды. 
1991 ж. 18—21 тамыз аралығындағы «Тамыз бүлігі» бұл жұмысты 
үзіп жіберді. КСРО вице-президенті Г.И. Янаев, КСРО премьер-
министрі В.С. Павлов, КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің 
төрағасы В.А. Крючков, КСРО Ішкі істер министрі Б.К. Пуго, КСРО 
Қорғаныс министрі Д.Т. Язов, КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы 
А. Лукьянов, т.б. 18 тамыз күні Төтенше жағдайлар жөніндегі 
Мемлекеттік комитет (ТЖМК) құрып, елдегі барлық билік осы 
ұйымның қолына өтетіндігін мəлімдеді. Бұл іс жүзінде Кеңес 
Одағындағы ескі мемлекеттік билік пен қоғамдық қатынастарды 
сақтап қалу мақсатында Мəскеуде ұйымдастырылған төңкеріс 
еді. Осы кезде Қырымда (Фороста) болған КСРО президенті 
М.С.Горбачевтың сыртқы əлеммен байланысын үзіп тастаған 
ТЖМК мүшелері оны өз қызметін атқаруға денсаулығы жара-
майды деп хабарлады. Бұл төңкеріс 20 тамызда қол қойылуға тиіс 
«Егеменді мемлекеттер одағы туралы шартқа» қарсы бағытталды. 
Ол шарт Кеңестер Одағына кіретін республикаларға бұрынғыдан 
əлдеқайда көп дербестік беретін. Тамыз бүлігінде елде қалыптасып 
келе жатқан демократия нышандарын тұншықтыру жəне нарықтық 
қатынастардың орнығуына жол бермеу арқылы елдегі əкімшіл-
əміршіл жүйені сақтап қалу көзделді. Төтенше жағдайлар жөніндегі 
Мемлекеттік комитеттің № 1 қаулысына сай саяси партиялардың, 
қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық қозғалыстардың қызметі 
тоқтатылатын болды жəне митингілер мен демонстрациялар 
өткізуге, көше шерулеріне, ереуілдерге шығуға тыйым салын-
ды. Тамыз бүлігіне қарсы күресті Ресей президенті Б.Н. Ельцин 
басқарды. Оны Мəскеу қаласының мэрі Г. Попов, Ленинград об-
лысы мен қаласының басшысы А. Собчак, КОКП басшыларының 
бірі А. Яковлев, Э. Шеварднадзе жəне т.б. қолдады. Төңкерісшілерді 
жоғары шенді əскерилер мен партиялық номенклатураның шағын 
бөлігі ғана қолдады. Бұл өз кезегінде тамыз бүлігінің көп ұзамай ба-
сылуына алып келді. Мəскеудегі жұртшылық шеруге шығып, тамыз 
бүлігін айыптады. 21 тамыз күні Ресей үкіметі жіберген ұшақпен 
Горбачев Мəскеуге жетті. Ол елдегі басшылықты қайтадан қолына 
алды. ТЖМК мүшелері тұтқынға алынып, үстерінен қылмыстық іс 
қозғалды. 
Тамыздағы мемлекеттік төңкерістің болуымен жəне орталық-
тың ешқандай ымыраға келмеуімен байланысты одақтас респуб-
ликалардың жетекшілері бұған дейін жүргізіп келген келіссөз та-
лаптарынан бас тартты. Ол КСРО-ның күйреуін жəне бұрынғы 
одақтас республикалардың, оның ішінде Қазақстанның егемендік 


324
325
алуын шапшаңдатты. КОКП, оның бір бөлігі Қазақстан Компартия-
сы тарихи аренадан кетті. 
1991 ж. 8 желтоқсанда Белорусь, РСФСР жəне Украина республи-
каларының басшылары Минск қаласында (Беловеж нуы) кездесіп, 
мəлімдеме қабылдады. Онда саяси одақ тұйыққа тірелді, сондықтан 
республикалардың Одақтан шығуы объективтік процесс жəне тəуелсіз 
жеке мемлекет құру шынайы факті болып отыр деп көрсетілді. 
Себебі, орталықтың жүргізіп отырған тоғышар саясаты елді терең 
экономикалық жəне саяси дағдарысқа алып келді, халықтың тұрмыс 
деңгейі төмендеп кетті, қоғамда əлеуметтік шиеленіс, ұлттар мен 
халықтар арасындағы қайшылықтар мен қақтығыстар күшейді 
деп атап өтілді. Мұның өзі бұрынғы Одаққа кірген мемлекеттердің 
жаңа одағын — Тəуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құруға 
жол ашты. Бұл құрылым бұрынғы Одақ бойынша осы кезге дейін 
алынған халықаралық міндеттердің орындалуына кепілдеме бере-
ді, ядролық қарудың таралуына жол бермейді жəне оған бірыңғай 
бақылау орнатуды қамтамасыз етеді,— деп атап көрсетілді.
Алайда, бұл шешім əуелгі кезде басқа республикалар тарапы-
нан қарсы көзқарастар туғызды. Өйткені, заң бойынша Одаққа 
кірген Қазақстан, Орта Азия, Закавказье республикаларының 
келісімінсіз бұл үш республика егемендік туралы күрделі мəселені 
жеке дара шешуге тиіс емес еді. Міне, осыған байланысты 1991 ж. 
12 желтоқсанында Ашхабад қаласында Орта Азия республикалары 
мен Қазақстан басшыларының кездесуі болып өтті. Онда ТМД-ға тек 
барлық республикалардың тең құқықтық негізінде құрылушылық 
жағдайын мойындағанда ғана қосылуға болатындығы ерекше атап 
көрсетілді. 
1991 ж. 21 желтоқсанда Алматыда 11 республика өкілдері 
қатынасқан кездесу болды. Олар тең құқықтық жағдайдағы Тəуелсіз 
Мемлекеттер Достастығы құрылғандығы жөніндегі шартқа 
қол қойды. Алматыда қабылданған декларацияда Минскідегі 
айтылған жалпы принциптік мəселелердің барлығы мақұлданды. 
Жаңадан құрылған Достастық мемлекет басшылары жəне үкімет 
басшыларының Кеңесі деген жетекші органдар құрды. Онда жал-
пы бағыттағы көкейтесті саяси жəне əлеуметтік-экономикалық 
мəселелерді шешу көзделді. Достық Одаққа кірген мемлекет басшы-
лары Біріккен Ұлттар Ұйымы алдында бұл тəуелсіз мемлекеттердің 
барлығын осы халықаралық ұйымға толыққанды мүше етіп алу ту-
ралы өтініш жасады. Сонымен қатар бұрынғы КСРО-да жасалған 
ядролық қаруды жəне оған əскери басшылық жасауды бірігіп іске 
асырып отыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Тəуелсіз Мем-
лекеттер Достастығы осы кезге дейін Кеңестер Одағы қол қойып, 
халықаралық дəрежедегі жасаған келісімдердің орындалуын өз мой-
ындарына алады деп көрсетті. Сөйтіп, 1991 жылғы желтоқсандағы 
Алматы қаласында бас қосқан тəуелсіз елдер басшыларының келісімі 
КСРО-ның өмір сүруін тоқтатумен аяқталды. 
Міне, осындай күрделі жағдайда республикадағы жоғары 
атқарушы жəне билік жүргізуші өкімет басшысы ретінде Қазақ КСР-
ның Президентіне жеткілікті өкілеттік беру қажеттігі пісіп жетілді. 
Мұндай өкілеттіктер республика парламенті 1991 ж. 20 қарашада 
қабылдаған Қазақ КСР-ның “Қазақ КСР-нда мемлекеттік өкімет 
билігі мен басқару құрылымын жетілдіру жəне Қазақ КСР Консти-
туциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен қосымшалар енгізу тура-
лы” Заңы бойынша берілді. 
1991 ж. 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет респу-
блика Президентін бүкілхалықтық сайлау болып өтті. Халықтың 
демократиялық жолмен өз еркін білдіруі арқасында Н.Ə.Назарбаев 
Президент болып сайланды. Республикада көптеген өзгерістер жа-
салды: прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, əділет, сот 
органдары қайта құрылды; Қазақстанның мемлекеттік қорғаныс 
комитеті ұйымдастырылды; Президенттің одаққа бағынатын 
кəсіпорындар мен ұйымдарды Қазақ КСР-і үкіметінің қарамағына 
беру туралы, республиканың сыртқы экономикалық қызметінің 
дербестігін қамтамасыз ету туралы, Қазақстанда алтын запасы мен 
алмас қорын жасау туралы жарлықтары шықты. 1991 ж. 2 қазанда 
қазақ жерінде Байқоңыр ғарыш алаңы 40 жыл өмір сүргенде тұңғыш 
рет одан ғарышқа бірінші ғарышкер қазақ Т.О.Əубəкіров ұшты. 
1991 ж. 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ы атауы Қазақстан Республи-
касы болып өзгертілді. 1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республи-
касы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутатта-
ры “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тəуелсіздігі туралы” 
Заң қабылдады. Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы 
тəуелсіз мемлекет деп жарияланды. Ол өзінің жеріне, ұлттық табы-
сына жоғары иелік ету құқы бар, тəуелсіз сыртқы жəне ішкі саяса-
тын жүргізеді, басқа шет мемлекеттермен халықаралық құқықтық 
принциптері негізінде өзара байланыс жасайды деп көрсетілді. 
Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның 
біртұтас халқын құрайды, олар республикадағы егемендіктің 
бірден-бір иесі жəне мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табы-


326
327
лады. Республика азаматтары өздерінің ұлтына, ұстайтын дініне, 
қандай қоғамдық бірлестікке жататынына, тегіне, əлеуметтік жəне 
мүліктік жағдайына, шұғылданатын қызметіне, тұрғылықты орны-
на қарамастан бірдей құқықтар иеленіп, бірдей міндеткерлікте бо-
лады делінген. Заңда Қазақстан Республикасы өз тəуелсіздігі мен 
аумақтық тұтастығын қорғау мақсатында өзінің Қарулы Күштерін 
құруға хақылы екендігі, республика азаматтарының əскери міндетін 
өтеу, оның тəртіптері мен талаптары жөнінде айтылған. Сөйтіп, 1991 
жылғы 16 желтоқсан республиканың тəуелсіз күні ретінде бүкіл 
əлемге танылды. 
Осыдан кейін Қазақстан тəуелсіз, егемен мемлекет ретінде дами
бастады. Еліміздің жаңа конституциясының жобасы дайындалды. 
Облыстардың, қалалардың жəне аудандардың басқару органдары-
на реформалар жүргізілді. Жаңадан əкімдер лауазымы енгізіліп, 
олардың алдына Президент пен Үкімет шешімдерін орындау, 
жергілікті жерлерде экономикалық, мəдени-əлеуметтік мəселелерін 
шешу міндеті қойылды. Əкімдерді тағайындау, оларды қызметінен 
босатуды Қазақстан Президенті мен жоғарғы əкімшілік органдары 
жүргізетін болып белгіленді. Ал бюджетті бекіту, оның орындалуын 
қадағалау, депутаттармен жұмыс жүргізу, тұрақты комиссиялардың 
қызметіне басшылық ету, əртүрлі қоғамдық ұйымдармен байланыс 
жасау Кеңестердің қарауына берілді. 
Өзінің тəуелсіздігін алған Қазақстан Республикасын дүние-
жүзінің ондаған елі таныды. Біздің елді алғашқылардың бірі бо-
лып Түркия, сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания 
жəне т.б. ірі-ірі мемлекеттер мойындады. Қазақстан шет елдерде 
дипломатиялық жəне консулдық өкілдіктер ашуға кірісті. Ал Ал-
матыда шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық жəне ұлттық 
ұйымдардың өкілдіктері жұмыс істей бастады. Республиканың 
егемендікке қол жеткен алғашқы кезінен бастап-ақ мемлекетаралық 
жəне үкіметаралық келісім-шарттарға қол қою жүзеге асырылды. 
Тəуелсіз Қазақстан Республикасының алдында үлкен келелі 
міндеттер тұрды. Олар — елдің ішкі жағдайында Егемен Қазақстан 
мемлекетінің тұтастығын нығайтып, нарықтық экономикаға көшу, 
көпұлтты елдің бірлігін сақтауда барлық мүмкіндіктерді пайдала-
ну. Ал, сыртқы саясаттағы басты міндеттер — Қазақстанның бүкіл 
дүниежүзі елдерімен байланыстарын одан əрі дамытып, алдыңғы 
қатарлы өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу, елдің 
қауіпсіздігін қорғау, əлемде бейбітшілікті сақтай отырып, ядролық 
соғысты болғызбау. Республика халқының ерік-жігері осындай аса 
маңызды міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   76




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет