Ұлттық код, ұлттық мəдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көктеменің тəуір айы сəуірде «Егемен Қазақстан»



Pdf көрінісі
Дата11.11.2022
өлшемі60,04 Kb.
#157838
Байланысты:
Новый документ



Ұлттық код, ұлттық мəдениет сақталмаса,
ешқандай жаңғыру болмайды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың
көктеменің тəуір айы сəуірде «Егемен Қазақстан» республикалық газетіне жарияланған
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттық рух пен ұлттық сананың
кемелденуіне, ұлттық салт-дəстүріміз бен тілімізді, мəдениетімізді сақтауға, бағалауға,
бағалай отырып, жаңғырта дамытуға үндейтін, іргелі бағдарламалық бағыттағы құжат.
Алғаш ойымызға келген нəрсе: Елбасы қаламынан шыққан мына жазбаның мақала
ауқымынан əлдеқайда кең, көтерілген мəселенің ірі екендігі. Мақаладан гөрі Елдің
ертеңгі рухани, мəдени өсуінің бағдары, бағдаршамы дерсіз. Əр сөйлемде үлкен мəн
бар, ой бар, сұрыпталған сөз, іріктелген тіркес, көптен толғандырып жүрген ойдың
əсерлі толқынысынан туған тұжырым бар.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» - ең алдымен, еліміздің Біртұтас ұлт болуын
мақсат етіп, соған барар жолдағы ұлттың рухани болмысының мəні қалай болуы керек,
нені негізге алып, қандай базалық құндылықтарды сақтауымыз қажет, ертеңгі ұрпаққа
табыстар мұрамыздың сипаты қандай болуы керек, бүгінгі жастар мұраты қандай,
батысқа еліктеу Еліміздің болашақ межесіне үлгі бола ала ма деген бүгінде қазақ
қоғамын іштей толғандырып жүрген басты мəселелердің шешімі мен оның бағдары осы
бағдарламада кеңінен қозғалып, тиянақталған.
ХХ ғасырдағы батыстық жаңғырудың үлгісі бүгінгі егемен қазақ еліне үлгі бола алмайды
дейді Елбасы, өйткені «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен
бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол
ұлттық кодыңды сақтай білу».
Ұлттық код қайда? Ұлттық код – ең алдымен, тілде, сосын дəстүріміз бен салтымызды,
мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мəдениетте. Қазақ баласының тағылымы мол
тарихында мəдени-рухани болмысы ізгілікпен əдіптеліп, қарапайымдылықпен
шыңдалып, парасатпен шырайланған. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік
инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өрістеген,
молынан қамтылған.
Ұлттық кодта парыз бен əділдік қатар сомдалып, Ж. Баласағұни, М. Қашқари, А.
Иасауи, Абай мен Шаһкəрім, Ақымет пен Əлихан, Мағжан мен Міржақып
шығармашылығы арқылы халыққа дəріптелген, астары мен арқауы мықты оралымды
сөз өрнегімен, ұғынықты тілмен өрілген. Қазақтың ұлттық кодында əділдік


тұжырымдамасы ежелгі дəуірден бастап жинақталып, туыстығы жоқ үлкенге деген
сыйластық болып танылған. Сыйластық пен ізгілік, ізеттілік пен имандылық қазір енді
этикетке айналған тұста, осы ұлттық кодты дамыта отырып, рухани мəдениетімізді
жаңғыртуымыз қажет. Ұлттық кодымызда ұят категориясы бар. Бесіктен белі шықпаған
баладан бастап, ұят боладыны айтып өсірген ата-ана баласын жақсылық пен
жауыздықтың бөлінетінін айтып, мінезін қалыптастырады. Жауыздықпен күрес пен
жақсылықты дəріптеу коды қазіргі мораль мен өнегелік категориясын дамыта түседі.
Ұлттық кодқа негізделген ұлттық сананың кемелдене дамуын Елбасымыз үлкен мəселе
етіп көтеріп, екі қырын атап көрсетеді: ұлттық сананың көкжиегін кеңейту жəне ұлттық
болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. «Қазір салтанат
құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қатерінің» де бар екенін ескертеді. Ол қандай қатер
деңіз? Қатер мынада: өзгенің ұлттық даму үлгісі жұрттың бəріне ортақ əмбебап үлгі
бола алмайды. Елбасымыздың көрсетуінше, «іс жүзінде əрбір өңір мен əрбір мемлекет
өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда». Дер кезінде жəне нақты айтылған пікір дер
едік.
Елбасымыз бұл қатерді неге ескертіп отыр. Демек, өзге ұлттың даму үлгісінің бəрін
көшіріп ала беру, өз еліміздің ерекшелігін, халқымыздың ділін, мінезін, рухани жəне
материалдық құндылықтарымызды ескермеу бізде жоқ емес. Осы қатер туралы қазіргі
басшылар да көп ойланса, нұр үстіне нұр болмақ.
Осы тұрғыда, қазіргі уақытта халық көңілінен шықпай, ерекше алаңдатып отырған
мəселенің бірі – бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін енгізу, жоғарғы сыныптарда
жаратылыстану пəндерін ағылшын тілінде оқыту дер едім. Жаратылыстану пəндерін
ағылшын тілінде мектепте жəне жоғары оқу орындарында жаппай оқыту қазақ тілінің
ғылым тілі бола алмайтындығының басты кепілі болмақ. Қатер ме? Əрине, қатер. Білім
жүйесінде шетелдің бəрі жақсы екен деп, түгел сол жүйені көшіріп əкеле салғанда,
жоғары деңгейде дамып кетеміз деу күпірлік қана емес, оның ар жағында ұзаққа шаба
алмайтын шабандық та жатады. Елбасымыз ескертіп отырғандай, қазақ білім жүйесінің
өзінің дербес даму үлгісі жасалуы қажет. Ол ұлттық сананы, ұлттық рухты асқақтатып,
жастардың бойындағы ұлттық сананың кемелденуіне жетелеуі тиіс. Н. Ə.
Назарбаевтың «ұлттық код, ұлттық мəдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру
болмайды» деуінің мəнісін терең түсіну абзал. Бірінші сыныптан балаларға үш тілді
оқытуды немесе жаратылыстану пəндерін тек ағылшын тілінде оқытуды қолдамау
үштілділік идеясына қарсылық емес. Ағылшын тілін оқудың, үйренудің бүгінгі таңда
еліміздегі жастар үшін мотивациясы да жоғары, мүмкіндігі де мол. Болам деген
баласына ата-анасы кез келген тілді ақылы түрде оқыта алады. Бұл біздің ұлттық
кодымызда жаңғырған, қажеттілікке айналған, кодталған мінез. Ал оқығысы келгендерге
арнап, тегін əрі өз қалауынша оқып үйрену үшін, ағылшын курстарын ашып қою арқылы
да көп мəселені шешуге болар еді.
Елбасымыз таяу жылдардағы басты міндеттердің бірі жəне негізгісі ретінде қазақ
жазуын латын əліпбиіне көшіру жұмыстарын біртіндеп бастау керектігін нақтылайды.
Тəуелсіздік алған жылдардан бастап айтыла бастаған бұл мəселенің қазір шешілетін
сəті келгендей. Əлеуметтік желілердегі кешелі-бүгінді жазылып жатқан пікірлер легін
саралау да, көпшіліктің бұл реформаны қолдайтынын аңғартады.


Қазақ жазуының өткен тарихы қиын. Қазақ еліне өз өктемдігі мен өкімдігін жүргізгісі
келгендердің барлығы оның рухани болмысына жасайтын шабуылын, ең алдымен,
жазуды өшіруден бастаған екен. Кез келген жазу сол ұлттың дəстүрлі мəдениетін,
елдігін, тарихи жадын сақтайтын жəдігер екенін ескерсек, мұның мəнісі түсінікті де.
Араб жаулаушылары атының тұяғы жеткен жерлердің барлығында түркілік таңбаларды
жоюға күш салыпты, орыс колонизаторлары қазақ еліне кең тараған араб жазуымен,
араб мəдениетімен күресіп, жазуды өшіріп, ақыры өз əліпбиін енгізген. А.
Байтұрсынұлының төте жазуының тағдыры қалай болғаны бүгінгі көзі ашық қауымға
белгілі. Қазақтың қайран тілі көшпенді ғұмыр-тіршіліктің арқасында жазуға
мойынсұнбағандықтан, өзге тілдердің ырқына көне қоймай, өз болмыс-бітімін сақтай
дами берген.
Ал қазіргі жай басқаша. Тəуелсіз Еліміз əлемдік өркениетте өзіндік орнын белгілеп,
алдыңғы қатарға шығу үшін ұйымдасуда. «Тарихтың темір қақпанына түспеу үшін»
эволюциялық даму бағытымен, өркендей дамуды басты бағдар ретінде белгілеп,
ұлттық құндылықтарды ұлықтауды қалайды. Қазір бірінші сыныпқа барған балалардың
90 пайыздайы қазақ сыныптарында отыр, жоғары оқу орындарындағы аудиторияларда
қазақ топтары 85-90 пайызды құрайды. Демек, латын əліпбиіне көшудің ең басты
алғышарттары орындалды деуге толық негіз бар. Ендігі басты мəселе қазақ əліпбиінің
жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау. Біздің пайымдауымызша,
мұндай стандарт бізде бар. Ол Ақымет Байтұрсынұлы жасаған əліпбидің негізін
сақтайтын латынша таңбалық нұсқалары.
Қазіргі тілші ғалымдар емлелер мен жазу ережелерінде бірізділік болатындай жақсы
емлелерді өзара анықтап алып халыққа ұсынуы тиіс.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет