417
§ 14. Бүтін және бөлшек
«Бүтін» және «бөлшек» ұғымдары өзінің мазмұны жағынан «жүйе»
және «элементке» өте жақын. Дегенмен де олардың айырмашылығы да
жоқ емес.
Бүтін деп өзінің іштей байланысты құрамдас бөлшектерін бірлікке
әкеліп, оларды анықтайтын зат, я болмаса құбылысты айтамыз.
Бөлшек деп бүтіннің құрамына кіріп,
оның сапалық қасиеттерін
өз бойына қабылдайтын зат, я болмаса құбылысты айтамыз. Бүтін
мен бөлшектің жүйе мен элементтен айырмашылығы – бүтін заттың
бірлігін, ерекшелігін көрсетсе, жүйе бірліктің көптілігі арқылы
көрінеді. Бөлшек бүтіннен тыс байланысқа түсіп өмір сүре алмайды,
ал элемент бір жүйенің
құрамдас бөлігі ретінде, сонымен қатар басқа
байланыстарға да түсуі мүмкін.
Бөлшек әрқашанда бүтіннің ерекшелігін көрсетеді, сонымен бірге
өзіне тән ерекшелігін де бойында сақтайды. Ал бүтінге келер болсақ,
ол
өзінің бөлшектерін біріктіріп, солар арқылы өз ерекшеліктерін
болмысқа әкеледі.
Бүтін мен бөлшектің өзара байланысын зерттеуде екі асыра-
сілтеушілік бар. Біріншісі бүтінді асыра бағалайды, оны холизм (hole –
ағылшын сөзі, бүтін) десе, екіншісі бөлшекті негізгі деп есептейді, оны
меризм (mere ағылшын сөзі, қарапайым) деп атайды.
Мысалы, тірі организмді алсақ, меризм оны механикалық, физи-
калық, химиялықтың қосындыларына тең деген пікір айтылады.
Холизм жоғарыдағы үшеуімен қатар,
организмнің төртінші, яғни
бәрін біріктіріп, оны өмір сүру мен дамуға итермелейтін «х-факторды»
мойындайды. Соңғы – рухани (Аристотельдің сөзімен айтсақ, заттың
энтелехиясы), ол танылмайды.
Мәселенің шын шешіміне келсек, тірі организм өз заңдылықтарының
(биологиялық) негізінде өмір сүреді, сондай-ақ төменгі қозғалыс фор-
малары (механикалық, физикалық, химиялық) тәуелді түрде оның өмір
сүруінде сақталып, өз қызметтерін атқарады.
Холизмді асыра түсіну негізінде саясатта неше түрлі тоталитарлық
тұжырымдамалар дүниеге келеді. Ол
идеялар өмірде іске асқан
жағдайда жеке адамдардың мақсат-мүдделері толығынан қоғамдық
жалпы мүдделерге бағынышты болуы керек. Жеке адам өмірінің
құндылығы, қажеттігі, оның өз алдына қойған мақсат-мұраты, оларды
іске асыруға бағытталған әрекеттері т.с.с. барлығы – қоғамдық жалпы
мүдденің шеңберінен тыс шықпауға тиіс. Оны уақытында большевик-
тер мынандай мақал-мәтелмен берген: «Ағашты шапқанда жоңқалар
ұшады» (сондағы «жоңқалар» – жеке адам өмірі!). ХХ ғ.
пайда болған
неше түрлі тоталитарлық режимдер миллиондаған жеке адамдарды
418
өзінің қияли «қоғамдық мүдделеріне» қарсы келді деп құртып жіберген
жоқ па?!
Енді бүгінгі таңда «либералдық демократия» саясатынан туындаған
«әлеуметтік атомизм» тұжырымдамасына келер болсақ, ол, керісінше,
жеке адамның мүдделері мен мақсат-мұратын қоғамдық мүддеден биік
қояды. «Жеке адамның іс-әрекетіне толығынан жол ашылсын!», «Адам
құқықтары мен еріктігі басым болсын!» деген ұрандардан «керісінше
тоталитаризмді» байқауға болатын сияқты.
Әрине, бөлшек, бөлік деген сөздердің өзі «бөліну, өз еркін іске
асыру» деген мағына береді. Бірақ, екінші жағынан, ол тек бөлік қана,
сондықтан тұтастың, бүтіннің шеңберінде өмір сүруі қажет. Олай
болса, тұлға қоғамнан тыс өмір сүре алмайды,
сонымен қатар қоғам
жеке адамның мүддесі мен мақсат-мұратымен санаспай, оны толығынан
өз еркіне көндіруге әрекет жасамауы қажет. Адам қауымшыл, қоғам
адамгершіл болғанда ғана екі жақтың мүдделері іске асып, үйлесімді
дамуға жол ашылады.
Достарыңызбен бөлісу: