Болат Бодаубай Күлжәміш Кілт


Алматы облысының, Қаскелең ауданында



Pdf көрінісі
бет2/3
Дата08.02.2023
өлшемі300,44 Kb.
#168001
1   2   3
Байланысты:
Қарт теугеушінің әңгімесі

Алматы облысының, Қаскелең ауданында
зейнеткер қызы Найманбала мен күйеу баласы Қинаштың қолында 


тұрып жатқан қадірлі қарияны іздеп барғанбыз. Мезгіл – тамыз 
айының іші болатын. Алматыдан ертелетіп шыққандықтан, совхозға 
да күн ұясынан құрық бойы ғана көтерілген ерте сәскенің кезінде 
жеткен едік. Жол-жөнекей «жасы тоқсан бестен асқан қария қазір 
қандай хал-күйде екен, бізбен әңгімелесуге шамасы келе ме?» деген 
ой қылт-қылт етіп төбе көрсетіп, күпті еткенін жасырғымыз 
келмейді. Өмекең өзінің редакцияға жазған хатында бір ауыз өлеңін 
мысалға келтірген әйгілі Сегізсері ақынның: 
Тоқсан бес – ұядағы жұмыртқадай,
Еті арылып мұжылған омыртқадай.
Дәрменсіз бір орында тыпырлайсың,
Мысалы, илеудегі құмырсқадай,
– деген де сөздері бар екенін еске алып, көз алдымызға сыртқа кіріп-
шығуынан гөрі, күн көзін көрмей көлеңкеде өскен өсімдіктің 
сабағындай болып бозарып, үйде жатуы көп қария елестеген. 
Қателесіппіз. Біз келгенде Өміртай ақсақал өз үйінің көше жақ 
сыртында, қақпа алдында, дәл біздердің келетінімізді біліп, күтіп 
алуға шыққандай-ақ, жолға қарап тұр екен. Мұны іштей 
жақсылыққа, «жолымыз болатын шығарға» жорып жатырмыз. 
Басында түрік халықтарының үлгісімен тігілген шашақты қара 
тақия, үстінде – жеңін кимей, жейде сыртынан желбегей жамыла 
салған қара костюм; қолындағы таяқты сүйену үшін емес, өз жасына 
лайық нәрсе болғандықтан, әйтеуір, зияны тимес деп сән үшін ғана 
ұстайтын сияқты. Сақал-шашын мұнтаздай етіп қырған, қырау 
шалған мұрт қана қойған, кең маңдайлы, келбетті қарияның түр-
тұлғасына, дидарына қарап жетпіс бес-сексенді әрең қиғандайсыз. 
Өмекең сәлемімізді алып, жөн сұрап, өзін іздеп келгенімізді естіген 
соң, үйге қарай бастап жүрді. Біз аулаға кіргенде, самауырға ағаш 
бұтап жатқан соқтауылдай жас жігіт балтасын жерге тастай салып 
көрегенділік, әдеп, ізет көрсетіп, қасымызға келіп, қол ұсынып сәлем 
берген. Өмекең оны «немерем» деп таныстырды. Қызы Найманбала 
да есік алдында шай қамымен жүр екен. 
Біздер сырттағы ағаш сәкінің үстіне жайғастық, қария шынтағына 
жастық қойып, жантайып жатты да, маған өзінің жанындағы құрақ 
көрпеден орын нұсқады. Осы кезде үйден қара торы жүзін әжім 
іздері торлаған, буырыл тартқан мұрты бар тағы бір егделеу адам 


шығып, біздің жанымызға келген еді, ол – Өмекеңнің зейнеттегі 
күйеу баласы Қинаш болып шықты. 
Өмекең редакцияға жолдаған хатында: «кәрілік жеңе бастады: қол 
мен тізе қалтырайды, құлақ жөнді естімейді» деп жазғанмен, жаңа ол 
кісімен сыртта алғаш кездескен бойда-ақ байқағанбыз: денесі әлі тік, 
жүріс-тұрысы қунақ екен. Өңі жылы, сөзі ширақ. Дәрігерлер құлаққа 
салатын аппарат әперіпті, соның көмегімен естуі қайтадан 
жақсарған. Біз ол кісінің осындай хал-күйіне қуанып, 
ризашылығымызды білдірдік. 
– Баяғыда, жастау кезімде ревматизмнен емделуге Кавказға, 
курортқа барған едім. Сондағы бір дәрігер денсаулыққа пайдалы 
арнайы жаттығулар жасауды үйретіп еді. Содан бері таңертең 
тұрғанда, кешкісін жатарда жарты сағат соны істеймін. Мені 
біржолата жатып қалудан сақтап, жанымды әзірге алып қалып 
жүрген – сол әдет, физкультура, – деп күлімдеді Өмекең. 
– Тіпә-тіпә, тіл-көзден аман болсын. Атам әзірге ширақ. Өткен жазда 
қасына адам ертпей, Семей жақтағы туыстарды өзі аралап қайтты, – 
деді қызы Найманбала біздерге шай құйып беріп отырып. 
Өмекең редакцияға жолдаған хатында: «Қартайдық, жүріп-
тұруымыз қиындады. Қолжазбаны өзім апарып көрсетуге шама жоқ» 
деген сөзді жорта жазған болуы да мүмкін-ау, өткен күндер тарихы, 
өзі білетін әңгімелер шын қызықтыратын адам болса әдейілеп іздеп 
келсін деп ойлаған шығар », – деген жорамал жүгіріп өтті. Несі бар, 
жарасымды. Қазір қатары мүлде селдіреп, сиреп қалған, бастарын 
аппақ қырау шалған осындай қадірмен ардагерлердің арамызда 
жүргені қандай қуаныш... 
Дастарқан басындағы әңгімеден және артынан Өмекеңнің дем 
алатын, ұйықтайтын бөлмесіне кіріп, сандық ішінде сақтаған 
мұрағатымен: құжаттарымен, әр түрлі қағаздарымен, сонау 
жиырмасыншы-отызыншы жылдарда шыққан, сарғайған газет 
қиындыларымен, естеліктерімен таныса келе ол кісінің өмір жолын 
көз алдымызға елестетуге мүмкіндік алдық. Сол жөнінде аз ғана 
мәлімет бере кетейік енді. Өмекең Семей облысының Абыралы 
ауданында дүниеге келіпті. Ол кісінің шет-шеті ақжемделіп тозған 
ескі дәптерлерінің бірінен: 
«Абыралы, Дегелең,
Бесікке мені бөлеген,
Түске енеді туған жер,


Ыстық еді не деген,
– 1973 жылдың 7 мамыры күні, Қарасайдағы қыстауымыз түсіме 
енгенде жазылды», – дегенді оқыған едік. Біз онда бұл өлеңді 
Өмекеңнің өзі шығарды ма, әлде шыр етіп дүниеге келгенінде кіндік 
қаны тамған, балалығының бал жылдары көрген түстей зымырап өте 
шыққан туған жерді жүрегі сыздай аңсаған сәтінде басқа бір жерлес 
ақынының сол туралы айтқан өлеңін есіне алып, қағазға түсірді ме, 
ол арасын анықтап сұрамаған едік... 
Өмекеңнің өзінің суреттеуінде әкесі Мұста «баймен айтыспа, 
балуанмен алыспа» дейтін нақыл құлағына кірмейтін, шамасына 
қарамай, өзі сияқты кедей-кепшіктің сөзін сөйлеп, жыртысын 
жыртамын деп ел билейтін жуандармен шақ етіп шайқаса кететін 
шақар адам болған көрінеді. Сол үшін талай рет қан жоса болып, 
соққыға жығылып, дүре де жепті. Өмекең жас кезінде әкесінің 
Семейде тұратын досы, тері илеу зауытындағы марксшілдер 
үйірмесін басқарған, кейінірек атаман Анненковтың қандыбалақ 
қарақшыларының қолынан қаза тапқан большевик Василий 
Черновтың ақыл-кеңесімен, көмегімен үш жылдық қазақ-орыс 
мектебінде оқып, сауатын ашқан, тіл үйренген. Сол азын-аулақ 
білімінің арқасында кеңес өкіметі орнағанға дейін және одан кейін 
де көп жылдар елде мұғалімдік қызмет атқарған. 1922 жылы оқуын 
ары қарай жалғастыруға ниет етіп, Семейге келіп, педагогика 
техникумына түседі. Сонда оқып жүргенінде партия мүшелігіне 
кандидаттыққа қабылданады. 
Бір күні мені губерниялық сот төрағасы Баранов кеңсесіне 
шақырыпты. Бардым. Шашын аппақ қырау шалған, шағын ғана 
шымыр денелі, жүзі жылы, қартаңдау адам екен. Қол алысып, 
амандасқан соң «отырыңыз» деп орындық нұсқады. Содан кейін: 
«Сізді Қарқаралыға халық тергеушісі етіп жіберуді ұйғарып 
отырмыз. Қалай қарайсыз?» – деп сұрады. «Ешқандай заң білмеймін, 
қалай барамын?» – деп едім: «Оған қайғырмаңыз. Қолыңызға кітап 
береміз. Сонда бәрі жазылған. Оқысаңыз түсінбейтін түгі жоқ», – деп 
жымиды. Бірақ ол сөзінің маған оншалықты әсер етпегенін байқады 
ма: «Біз бәріміз партия солдатымыз. Мен де мәселен, заң маманы 
емеспін. Соған қарамастан, губерниялық ревтрибуналдың төрағасы 
міндетін атқардым. Жасым ұлғайса да, арнайы дайындығы бар 
сенімді кадр жетіспегендіктен, партия енді осы қызметке қойып 
отыр», – деп шынын айтты. Содан соң жер-жердегі заң мекемелеріне 


кіріп алған тап жауларының істеп отырған зиянды әрекеттері 
жайында бірқатар әңгімелер шертті. «Олардың орнына жіберуге 
қазақ халқының әдет-ғұрпын білетін, өзің сияқты кедей таптан 
шыққан, сауатты адамдар аз болып тұр. Осыны түсін. Әрі партия 
жауынгері екеніңді ұмытпа. Ертеңге дейін жақсылап ойланып кел», 
– деп қоя берді. 
Жатақханаға қайтқан соң бірге оқитын жолдастарға жағдайды 
айтып, ақылдасып көріп едім, қайсыбірі: 
– Ауданның халық тергеушісі болу деген лауазымды, үлкен қызмет. 
Ойланатын несі бар. Келіскенің жөн, – десті. Тек Мұсатай 
Ақынжанов пен Әлкей Марғұлан ғана: 
– «Түс аяғы маймақ, төре аяғы тайғақ» деген. Төрелікке, лауазымға 
қызығып қайтесің. Оқығаның, орнықты білім алғаның жөн емес пе? 
– деп кеңес берді. Өзімнің де оқуға деген құмарлығым күшті еді. 
Жарық сәулеге ұмтылған көбелектей-ақ, оқи берсек, білім ала берсек 
деген талпыныс бәрімізде бар болатын. Сол оқу бізді неге жеткізеді, 
түбінде кім боламыз деген сұраққа көбіміз нақты жауап бере алмас 
та едік. Арманымыздың жетер жері – «шын сауатты мұғалім болсақ, 
балаларға жаңа заманның талабына сай жан-жақты білім бере 
алсақ», деген ғана тілек болатын. Техникумда менімен бірге оқыған 
Мұсатай кейінірек белгілі тарихшы – ғалым атанып, қазақ жерінде 
тұңғыш ашылған университетте сабақ берді, ал Әлкей Марғұлан – 
бұл күндері атағы алысқа жайылған академик, халқымыздың аяулы 
адамдарының бірі, – деп Өмекең өткен күндерді еске түсіріп, 
ойланып, тәтті қиялдарға бой алдырғандай болып, аз ғана үнсіз 
отырып қалды. Содан соң қайта сергіп, әңгімесін ары қарай сабақтай 
түсті. 
Иә, бірді айтып, бірге кетіп барады екем-ау, сөйтіп, сол күні кешкісін 
басым жастыққа тиген соң да кірпігім ілінбей, көпке дейін 
ойланумен болдым. Оқуды қанша қимағаныммен, өңінде 
шаршаудың ізі бар қызыл шырайлы қартаң большевик Барановтың 
«Біз бәріміз – партия солдатымыз, ойлан... ойланып кел», – деген 
сөздері құлағымнан кетпей қойды. Ақырында Қарқаралыға халық 
тергеушісі болып баруға бел байладым... Мінеки, сол кезден бастап 
зейнетке шыққанға дейін ұзақ жылдар бойына Қазақстанның тоғыз 
облысында заң орындарында әр түрлі жауапты қызметтер 
атқарыппын. Талай қауіп-қатерден аман қалып, бүгінгі күнге тірі 
жеткеніме ризашылық етемін... Өкіметім адал еңбегімді бағалап, 
омырауыма «Еңбек Қызыл Ту» орденін, төрт медаль тақты. 


Грамоталар аткөпір. Ұлдар мен қыздардан тараған үрім бұтағым, 
тұқым-тұяғым қазір алпыс бір адам болыпты. Осыдан артық 
бақыттың да, байлықтың да керегі жоқ. Шүкір... шүкіршілік... – деп 
отырды Өмекең әңгіме үстінде. 
Қоштасарда менің қолыма ескірген қалың дәптерді ұстатты: 
– Осында өзім тергеуші болып қызмет атқарған жылдарда бастан 
кешкен, көзбен көрген, өзгелерден естіп-білген оқиғалар қысқа-
қысқа жазылған. Ішінде бір мысқал да жалғаны жоқ. Асықпай оқып 
шығып, ойланып көр. Мүмкін, шығарма жазуыңа негіз болар. 
Әсіресе мені мазалайтыны – осы дәптерде айтылған, жарық күндерге 
жете алмай, жаңа өмір орнату жолында мерт болған ерен ерлердің, 
есіл азаматтардың тағдыры... Солар ұмытылмаса екен. Ең алдымен 
соларды ескерші, соларды жазшы және газет-журналға, кітапқа 
шыққаны болса – шетінен жібере бер. Тірі жүргенімде оқып, көңіл 
көтерейін, – деді. 
Мен Өмекеңнің бұл тілегін қолымнан келгенше орындауға уәде 
бердім... 
Әдетте, бүгінгі таңда бұрынғы кеңес өкіметі кезіндегі оқиғалар сөз 
бола қалса, бірыңғай қара бояуды қалыңдата жағуға бой ұру 
байқалып қалады. Сондай-ақ бұрын көп жылдар бойына кеңес 
өкіметіне шаң жуытпай келген де кездер болған. Қазақстанның 
Кеңес Одағы құрамында өмір кешкен жетпіс жылдан астам тарихы 
еңсені езер қасіреті де, білімге, өнерге, өндіріс ошақтарын ашу мен 
экономиканы заман талабына жақындатып қайта құруға 
талпынысымен де ерекшеленетінін есте ұстаған абзал сияқты. 
Адамдар 
тағдырын 
ойыншыққа 
айналдырған, 
халқымыз 
ашаршылықтан шыбынша қырылған, арыс азаматтарымыз 
жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған нәубет жылдарды да, кешегі 
сұрапыл соғыста ерлік жасаған, ғылымда, өнерде, шаруашылықтың 
әр саласында жарқырап көзге түскен небір асыл жандарды да 
жадымыздан шығармаған ләзім шығар. Өйткені, біздің бүгінгі 
тіршілігіміз – кешегі күндердің заңды жалғасы. 
Адамдар өздері өмір сүретін уақытты да, дәуірді де таңдай алмайды. 
Тағдыр-талайына не жазылса соны көреді. Пенде болған соң, әрине, 
жарық сәулеге ұмтылады, бақытты болуға талпынады. Қуанады, 
үміттенеді, қателеседі, тағдыр тауқыметіне қарсы тұрып күреседі, 
жеңеді, жеңіледі. Біздер бүгінгі күн ұрпақтары өзімізден бұрын 
ғұмыр кешіп, дүниеден өткен әкелеріміздің, ағаларымыздың 
бастарынан өткерген оқиғаларын білген үстіне біле түссек, мұның 


өзі кешегімізді ғана емес, бүгініміз бен ертеңімізді де дұрыс 
пайымдауға көмектесері сөзсіз. Сондықтан мен Өмекеңнің 
жазбаларына сүйене отырып, өткен күндер хикаяларын ешқандай 
әсірелеп, әшекейлемей-ақ, өмірде болған қалпынша баяндауға 
тырыстым. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет