Курстық жұмысты орындау нұсқауы
Курстық жұмыс – оқу қызметінің негізгі түрлерінің бірі болып табылады.
Ол университет студентінің өз бетімен таңдап алған немесе мамандықтың
бағытына сәйкес жетекшісінің ұсынған тақырыбы бойынша ғылыми зерттеуі.
Курстық жұмысты орындау мақсаты:
- Мамандық бойынша теориялық білімдері мен практикалық
машықтарын жүйелеу, бекіту және кеңейту, сондай-ақ оларды нақты ғылыми
техникалық, экономикалық, өндірістік және мәдени міндеттерді шешуде
қолдану;
- Өз бетімен ғылыми жұмыс жүргізу және зерттеудің жаңа әдістемелерін
игеру, міндеттерді қою, ғылыми және педагогикалық экперимент өткізу
машықтарын қалыптастыру;
- Патенттік зерттеулер әдістемесімен танысу, ғылыми әдебиетті сыни
тұрғыдан талдау, дағдысын дамыту;
- Курстық жұмыстың тақырыбы өзекті болып, болашақ мамандығының
бағытына сәйкес келуі керек.
Жұмыстың құрылымы және құрылымдық элементтерге қойылатын талаптар
Жұмыстың (жобаның) құрылымы
Курстық жұмыс келесі элементтерден тұрады:
- мұқаба;
- мазмұны;
- кіріспе;
- негізгі бөлім;
- қорытынды;
- пайдаланылған әдебиеттер тізімі;
- қосымшалар;
Мұқаба. Мұқаба дипломдық жұмыстың бірінші беті болып табылады
және белгіленген қағидалар бойынша толтырылады.
Мұқаба бетте келесі деректемелер көрсетіледі:
- мұқабаның жоғарғы жағында министрліктің, оқу орнының және
кафедраның толық атауы (әрқайсысы бас әріптен);
- студенттің тегі, аты, әкесінің аты (атау септікте);
- мұқабаның ортасында бас әріптермен курстық жұмыстың атауы
беріледі, «тақырыбы» деген сөз жазылмайды және тырнақшаға
алынбайды. Жұмыстың атауы мүмкіндігінше қысқа болып
жұмыстың мазмұнына сәйкес келу керек;
- одан төмен жұмыстың түрі: курстық жұмыс;
- одан төмен мамандықтың шифры мен атауы;
- одан төмен пән атауы;
- мұқабаның оң жақ шетіне қарай ғылыми жетекшінің лауазымы, тегі
және аты-жөні, сондай-ақ оның ғылыми дәрежесі мен ғылыми
атағы, төменірек қолы;
- мұқабаның сол жақ шетіне қарай курстық жұмысты қорғау мерзімі,
бағасы жазылады «өте жақсы», «жақсы» т.б);
- төменірек қаланың аты, үтірден кейін жылы («жыл» деген сөз
жазылмайды) көрсетіледі;
Мұқаба бірінші бет болып саналады, бірақ оған «1» саны қойылмайды.
Мазмұны. Мазмұнында құрылымдық элементтердің реттік нөмірлері мен
атаулары және олардың алғашқы беттері енеді.
Кіріспе. Кіріспе курстық жұмыстың бірінші тарауы болып табылады.
Сондықтан кіріспе өте жауапты бөлімі. Кіріспеде жұмыстың өзектілігі,
жаңашылдығы қысқа да нұсқа баяндалады. Кіріспенің көлемі шағын
болады: бір-екі бет.
Негізгі бөлім. Негізгі бөлім үш тараудан тұрады. Негізгі бөлімнің үш
тарауы да бір-бірімен логикалық байланыста болу керек. Негізгі бөлімнің
мазмұны жұмыстың тақырыбына сәйкес болу керек, жұмыстың тілі мен
баяндау стиліне ерекше назар аударылуы қажет.
Жазбаша ғылыми тілдің стилі – жақсыз монолог. Ол үшінші жақта
жазылады, сирек жағдайларда бірінші - жақтың көпше түрінде («біз» есімдігі
қолданылады).
Қорытынды. Жұмыс қорытынды бөліммен аяқталады. Бұл бөлімде жұмыс
барысында жасалған міндеттерге сәйкестігі көрсетіледі. Жұмыстың
қорытынды бөлімі тек қана нәтижелер тізімдемесі емес, олардың қорытынды
жиынтығы, яғни автордың қарастырып жатқан мәселесін зерттеуге қосқан
жаңалығын баяндау.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі. Тізімде жұмысты жазу барысында
пайдаланылған әдебиеттер туралы мәлімет беріледі. Әр әдебиетке жұмыс
мәтінінде сілтеме болу керек. Сілтемелерді әдебиеттердің тізімі бойынша
реттік нөмірмен тік жақшалардың ішінде көрсету керек (мысалы, [1]).
Қосымшалар. Қосымшаға көмекші және толықтыратын материалдарды,
кестелерді енгізеді. Әр қосымша жаңа беттен басталады.
|