ізденіп, бір жығылып, бір тұрып келе жатқаны белгілі болады, алға басқан аяғы кері кеткендей сәттерінің шындықтары да көзге түседі. Бұл бір адамның, бір буын ұрпақтың басында ғана болған жай емес, адамзат қоғамының бәрінде және адамзаттың барлық буынының басында болатын ахуал. Адамзат ұрпақтарының бір буыны жеткен жетістіктерді, игіліктерді, рухани құндылықтарды екінші буынның ысырап қылмай қабыл алып, әрі қарай дамытуы оңай емес. Адам баласының өзіне, өзінің заманына дейінгі ақыл-ой жетістіктерін, рухани құндылықтардың негізін толық білуі және оларды өзінің, айналасының, қоғамының игілігіне лайықты пайдалануы – даналықтың белгісі, үлкен жетістік. А А
Тіршілікте адамның өзін сүйген, өзіне достық пейіл танытқан адамды сүюі, өзіне достық пейіл танытқан адамға достықпен қарауы оңай емес. Екінші жағынан, адамды адамның жек көруі, адамның адамға жат болуы, тіпті жау болуы қиын емес. Өзі үшін, қу құлқынның қамы үшін ұрлық қылып, сұмдық сауып жүрген адамдардың бойындағы мінездердің адамшылыққа жаттығын ақын асқан ақындық шеберлікпен суреттеді, оларға қарсы қолма-қол күш көрсетпей, жұрттың ынтымағы мен бірлігін қалыптастырып, нығайтуды көздеді, көпті ғылым табуға, өнер үйреніп, кәсіп қылуға, адамшылық қарызы үшін еңбектенуге, «пайда ойламай, ар ойлауға», «ғадаләттан шықпауға» шақырды. Адамшылық қарызы үшін еңбек етудегі ынтымақ пен бірліктің мәнін де ашып берді. Халқына ынтымақ пен бірліктің малға сатылуын антұрғандықтың басы деп түсіндірді. Ынтымақ пен бірлік малға бірлік емес, малға ынтымақ емес, ақылға бірлік, ақылға ынтымақ екендігі туралы бұрын-соңды ешкімнің ойына келмеген құнды қағидасын ұсынды.