«ІЛИЯС МҰРАСЫ ЖӘНЕ АЛАШТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ»
атты республикалық ғылыми-тәжірибелік студент жастар конференциясының материалдары
4
Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені
Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен
күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған.
Жастық қиял, арман толқулары, ауыл көріністері, табиғат суреттері оның жүрегін
қозғап, тіліне ұйқасты сөздер оралып, өлең шығара бастайды.
Дауылды жылдардың тартысты тіршілігі Ілиясты өз толқынына тартады. Қазақ ағарту
институтында, Жетісу облысының Қосшы комитетінде губерниялық оқу бөлімінде, «Тілші»
газеті редакциясында қызмет істеу, экспедицияға шығып фольклор үгілерін жинау кешегі
ауыл жігітін ширатып шыңдайды. Жас азаматтың қызметтен өзге уакыты түгелдей кітап,
газет-журнал оқуға, өз көкірегіндегі сырларды қағазға түсіруге жұмсалады. Поэзия, проза,
драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артына аса бай
әдеби мұра қалдырды. Оның эпикалық шығармалары, «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер»
поэмалары, «Жолдастар» романы, «Кек», «Турксиб», «Исатай-Махамбет» пьесалары қазақ
әдебиетінің алтын қорына қосылған жауһар туындылар. Он жылдың ішінде осынша шығарма
берген қалам қайраты, талант табандылығы ғажап.
Ілияс Жансүгіров қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендірген, көріктендірген
қайталанбас дарын иесі. Оның шығармалары қазақ әдебиетін ұдайы көркемдіктің шырқау
шыңына бастай беретін мәңгілік үлгі-өнеге.
Бүгінде Жансүгіровтің еліміздегі аса көрнекті жазушыларының қатарына
қосылатынына, қазақ көркем сөз өнерінің асқан шеберлерінің бірі екеніне ешкім де шүбә
келтіре алмайды. Ақын жырларын халық қастерлеп, жастайынан жаттап өсуде.
Ілияс Жансүгірұлының ұлтымыз өміріндегі орны орасан, қазақ әдебиетіндегі әлемі
айрықша. Ол – қазақ жырының Құлагері. Ол – туған әдебиетіміздің Гималайы, Жетісудың
табиғатын сөзбен суреттеп берген жыр бұлбұлы. Иә, ол қазақ әдебиетіндегі қайталанбас,
қала берді әлем әдебиетіндегі сирек, дара құбылыс.
Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы, отаншылдық пен патриотизмге
тәрбиелеудің ең басты темірқазығы. Себебі, «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс-
түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің
бірі». «Айналайын Ата мекен, Бақ мекен – кең байтақ Қазақ жері қазыналы байлықпен қатар,
рухани құндылықтар мен киелі жерлерге де шүлен мекен. Атыраудан - Алтайға Арқадан -
Алатауға дейінгі байтақ даламыздың бір ғана бөлшегі «...Жетісудың киелі мекендерін және
басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып...» туған өлкеміздің тәу етер жерлері мен
батыр бабаларымызбен, абыз, билеріміздің ақын-жазушыларымыздың, әнші сазгерлеріміздің
рухын жаңғыртып, ізгілікті істі қолға алсақ «нұр үстіне нұр» болары кәміл.
Достарыңызбен бөлісу: |