Тірек сөздер:
жазушы, қоғам, адам, заман, жапон әдебиеті.
Аннотация:
Кобо Абэ – японский писатель, драматург и сценарист. Основная тема творчества – поиск
человеком собственной идентичности в современном мире. В статье идет речь о писательском мастерстве
японского писателя Кобо Абэ, его умения правдиво показать общественное положение того времени.
Ключевые слова:
писатель, общество, человек, современность, японская литература.
Annotation
: Kobo Abe is a Japanese writer, playwright, and screenwriter. The main theme of creativity is a
person’s search for his own identity in the modern world. The article deals with the creation of Japanese writer
Kobo Abe, his creative writing and ability to depict truly the social position of that time.
Keywords:
writer, society, man, modernity, Japanese literature.
Кобо Абэ – әлем әдебиетінің, соның ішінде постмодернистік әдебиеттің дамуына өз үлесін қосқан
шығармашыл тұлға. Оның шығармалары әлем әдебиетіне үлкен табыс әкелді. Барлық зерттеушілер
назарын аударған туындысы «Бөтен бет», «Құм құрсауындағы әйел», «Жәшік адам» романдары арқылы
заман қасіретін, саяси және әлеуметтік мәселелерді постмодернизмге тән сарынмен асқан тереңдікпен
суреттей отырып, өзінің қалам қарымын, қаламгерлік тұлғасын танытты. Әлем елдерінде болып жатқан
күрмеуі шешілмеген, толғақты мәселелерге биік парасат тұрғысынан қарап, азамат ретінде, жазушы
ретінде өзіндік үн қосуы – оны әлемдік деңгейдегі жазушы санатына көтерді. «Құм құрсауындағы әйел» –
Кобоға әлемдік даңқ әкелген шығармасы. Оның негізгі тақырыбы – адам мен қоғам, адам мен оған жау
буржуазиялық қоғам арасындағы тартыс. Бұл роман жарық көргенде зерттеушілер Абоны жапон
әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің тағдырын айқындайтын жазушы дегенді айтты. Оған дәйек
болған автордың тек Жапония ғана емес, бүкіл әлемге ортақ жалпыадамзаттық мәселені көтере білуінде.
Мұны ол өте жоғары көркемдік деңгейде атқарғандығы соншалық жапон әдебиеті әлем әдебиетіндегі
өзіне лайықты орнын алды.
Кобоның кез келген романы катастрофадан басталады. «Құм құрсауындағы әйелде» өзін жеке тұлға
ретінде танытуды армандап жолға шыққан қатардағы қарапайым мұғалім жоғалып кетеді. Ол өз бетінше
шығып кету мүмкін емес үлкен шұңқырға тап болады. «Бөтен бетте» химиялық сынақтың салдарынан
адамның беті бүлінеді; бетінің кемістігін жасыру үшін ол өзіне бетперде дайындап, басқа адамның өмірін
сүруді бастайды. «Өртелген картада» – адам жоғалып кетіп, ешкімге білдірмей жаңа өмір бастайды.
Демек, автор әрдайым өз кейіпкерлерін қиын жағдайда қалдырады, оған қалай, неге, қандай ниетімен тап
болу себебін айтпайды, тек оның ішкі әлемін, оның өмірлік позициясын, қоғаммен қарым-қатынасын
айқындайды. Оған дұшпандықпен қарайтын қоғаммен бетпе-бет қойып, қиындықты жеңіп шығуына, өзін
табуына, тануына мүмкіндік береді. Адамның әлеуметтік өмірінің өзі «тұрақсыз, мәнсіз, құм сияқты
сусып кетеді» сүйеу жоқ, қарманатын ештеңе жоқ. Бұрын адам өзіне, өз күшіне сенер болса, оның
шешіміне басқа біреу тәуелді болса, қазір ол ештеңе өзгерте алмайды, ол әсер етіп, ықпал жасайтындай
ештеңе қалмады, адамдар арасындағы түсінік деген сезім жоғалды. Әркім өзімен-өзі, бір-бірімен аралас-
қан түтіктер сияқты, ішіндегі өмір біртіндеп жоғалатын түтін тәрізді, өйткені түтіктер бір-бірімен аралас-
пайды. Адамдар керең, меңіреу болып қалған, сондықтан да оларға сана сілкінісі, сезім даусы әсер етпей-
ді. Бәрі оппозицияға тірелген: адам – табиғат, адам – адам, адам – қоғам. Ал бұл өмір мәнінің жоғалуына,
Тагор айтқандай өлі материяға айналуына әкеледі.
Жапон әдебиетін зерттеуші К.Рехо Абэ романдарының жапондардың табиғатқа деген дәстүрлі
қарым-қатынасына, көзқарасына қарама-қайшы келетінін: «Дәстүрлі эстетикада дәріптелетін адам мен
табиғаттың гармониялық қабысуы кез-келген қарсы күресті қабылдай алмайды немесе жоққа шығарды.
318
«Құм құрсауындағы әйелде» стихия мен адам арасында гармония жоқ, олардың тепе-теңдігі бұзылған»
[1, 209-
б.] деп көрсетеді. Яғни, Рехо жапон жұртшылығының жалпы табиғатқа деген қалыптасқан
дәстүрлі түсінігіне қарама-қайшы келетінін, адам мен табиғат арасында гармония сақталмай, тепе-
теңдіктің бұзылуымен түсіндіреді. Романда табиғат жабайы аңмен теңестіреді («құм қанды жыртқыш
секілді, теріңе жабысады»), ол бәрін құртады («тіпті мына үйдің өзі өлі»). Адам тапталып, осы құмның
астында көміліп қалмау үшін табиғаттың долы күшіне қарсы тұрып, сағат сайын онымен айқасып отыруы
тиіс. Құмның жайсыздығын «тұла бойына жабысып қалған құм түйіршіктері – терісінен өтіп, қан
тамырларына еніп, іште әлгідегі құштарлық отын сөндіріп жатқандай» десе, енді бірде «құм ізін аңдыған
жыртқыш аң сияқты өкшесіне ілініп, соңынан ілесті» [2] деп сипаттайды. Бұрын өзі жеңіл оймен кіп-
кішкентай әрі зиянсыз деп есептеген, өрнекті тілмен айтқанда, құйрығын аяғымен басқан жыланы
кенеттен үлкен айдаһарға айналып, ту сыртынан улы тілін жалаңдатып тұрғандай болды. Жәндік
қуалатып, өзін құм ортасына алып келген әуесқойлығына, шындығында күйбең тіршіліктегі жалықтырар
жауапкершіліктен аз уақытқа болса да қашқан әрекетіне күйінді.
Шығармада негізгі тоқталатын мәселе – құм, құмның адам өміріндегі орны. Құм ешуақытта демал-
майды, еш уақытта демалдырмайды. «Байқатпай, бірақ асқан табандылықпен жер бетін жаулап алып,
ақырын бүлдіріп жатыр». Құмның бұл тоқтаусыз қозғалысын Ники адамдардың бірінің соңынан бірі ілініп
жүретін сүреңсіз өміріне ұқсатады. Құм – күн сайын адамды жұтатын метафора. Адамды жұтып қоюға,
оның өмірін құлдыққа айналдыруға, адамның күнделікті – құм өмірмен күресіне арналған бұл роман.
Романның алғашқы бетінен бастап адамның өмірде тұрақтап қалу үшін стихиямен күресі баянда-
лады. Кейіпкер өмірде берік тұрудың жолы бағыну деп түсінеді. Алғашында қалайда қалаға қайтамын
деген түсінікпен біраз қарсыласады. Ауыл адамдарының аяушылығын туғызу үшін әйелдің аяқ-қолын
байлап, өзі де құмды тазаламай, әйелге де тазалатпай қояды. Өзін бостандыққа жіберуін талап етіп, жауап
күтеді. Бірақ, күту оған ауыр соғады. Тартқан жазалары – су бермей қояды. Ал сусыз адам өмір сүре
алмайтындығы мәлім.
Өмірлік байланыстардан қол үзіп, әлемннен аластатылған, қамауда қалған адам – әлем әдебиетінде
кең тараған ситуациялардың бірі. Мұндай ситуация әлем әдебиетінде Кобо шұңқырына дейін орыс
жазушысы Достоевскийдің «астыртын, құпия жұмысында», Альбер Камюдың «оба жұқтырған қала-
сында» көрініс тапқан болатын.
Жазушылар осындай шекаралық – өмір мен болмыстың жоқтығы жағдайына тұлғаның психофизика-
лық жағдайын зерттей отырып көңіл бөледі. Бірі – адам өмірінің мәнсіздігін, оның өмір сүріп отырған
қоғамының түкке тұрғысыздығын, пайдасыздығын дәлелдеуге тырысса; екіншісі құрықтан құтылып
кетудің мүмкін еместігін біле тұра адам бойындағы мәңгілік қауіп-қатерге қарсы тұрар ерлікті, табан-
дылықты, шындықты іздейді.
«Тәуелсіздіктің ауыртпалығы, бостандықтың масылдығы» жөніндегі ойларын ішіне жасырып,
кейіпкер өзін-өзі алдап шұңқырдан қашып шығуға тағы әрекет жасайды. Автордың позициясы айқын,
кейіпкері ұяттан өртеніп, оның намысы шегірткенің от тиген қанатындай күлге айналса да, оның өмір
сүруі керек. Өйткені ол – адам. Ал адамсыз қоғам болмайды. Әрбір адам ізденсе, еңбектенсе қоғам үшін
пайда әкеледі. Өзі өмір сүріп отырған қоғамын өзгертуге, жақсартуға ықпал ете алады. Кобо мүшесі
болған Сэнгоха (соғыстан кейінгі топ) жазушылары осы сұраққа жауап іздеген. Адам – биік мақсатқа қол
жеткізу құралы. Шұңқырға қамалған адамға не істесе де бостандыққа шығу керек. Бұл оның жалғыз
мақсаты. Ол ауыл қауымына, ауыл оған керек емес. Бұл автордың негізгі позициясы. Шұңқырға су тама
бастады – міне, бұл адамның құтылу мүмкіндігі.
Су – оның рухани азаттығы. Ол шұңқырда өз қалауымен қалды. Құм тәрізді су да минерал, бірақ бұл
соншалықты тап-таза, мөп-мөлдір бейорганикалық зат, денеңмен кез келген тірі организмнен әлдеқайда
жеңіл кірігеді. Судың құдіретті әсерін кез келген адам шөлдеп келіп ішкенде өмірге қайта оралғандай
болғанда сезінеді. Романда су – өмір. Ол өткен өмірден бас тартып, жаңа адам болды. Су – мемлекет
ұмытқан ауылға Никидің қажет екенін ұғындырды, өзінің әлеуметтік мәнін түсінді. Шұңқырда оның өмірі
күрт өзгереді. Басында өзі түсінген жоқ. Қашуға бірнеше рет әрекет жасап талпынып көреді. Ол заңды да.
Өйткені қандай жазалы қылмыскердің өзі мүмкін болса бостандыққа шығуды аңсап тұрады ғой. Бірақ
енді ол қашпады. Көптеген қиындықтарды көре отырып, ол тұлғаға айналды. Әрбір адам күнделікті
күйбең тіршілікті, басына түскен қиындықты жеңе білгенде ғана өзіне деген құрмет, сый пайда болады.
Осыны түсінгенде ол өз сыйын алды, ол сый – су болатын.
Ники қорғану шеңберінен бас тартты. Ол өзінің шұңқырдағы өмірін мәнсіз, мағынасыз деп түсініп,
қашуды жоспарлағанда, ауыл адамдарын өзіне дұшпан санағанда – қорғану шеңберін қажет етті. Ол енді
адамдарды құтқарудың жолын тапқан кезде, оларға қажет екенін түсінді. Құмға да басқаша қарады.
Расында ол саналы түрде өзінің ауыл адамдарына қажет екенін сезінді, бұл жағдайда өзінен басқа
319
ешкімнің оларға көмектесе алмайтынын түсінді. Бұрын ол адамдардың құмның қозғалысына қарсы
тұратындығын, неге оған ыңғайланбайтынын мүлде түсіне алмайтын. Үйде бөшкелер тұр. Құм салынған
бөшкелер жоғарыға көтеріліп барады. Құмға қарсы келудің керегі жоқ, сонда бәрі жақсы болады деп
ойлайтын. Ал құм өзін жұта бастағанда бл ойынан күрт айныды. Ол жансыз, кейде тіпті моп-момақан
болып көрінетін құмның шындығында тірі, құртатын тажал екенін түсінді. Құм шіриді, орағанның бәрін
шірітеді. Егер адам құмға бағынса, шіріп құритытын білді. Сондықтан құммен күресу керек деп шешті.
Міне, Ники өз басына құмның қаупі төнген кезде осындай ойға келді. Ол енді қорғану шеңберінен бас
тартып, оның тұтқыны болудан құтылды.
Автор жасаған абсурдтық әлемде оқырман ешқандай қиындықсыз өзі күн сайын кездесіп жүрген
адамды аяусыз жұтып отырған жансыз бюрократизм машинасын, биліктің қатігездігін, жалғыздықты,
ертеңгі күнге деген сенімсіздікті көрді. Күнделікті өмірде тәртіп деген түсініктің астарында ақылға
сыймайтын азап бар екені белгілі. Ол азап: қаптаған құжаттар – келісім шарттар, лицензиялар, жеке бас
куәлігі, рұқсат қағаз, атағыңды бекіткені жөніндегі куәлік, тіркеу құжаты, мүшелік билет, марапатталғаны
туралы құжат, вексельдері, қарыздық міндеттемелері, сақтандыру полисі, табысы туралы декларация,
төлем түбіртектері, тіпті ата-тегі туралы анықтама – қысқасы, ойға келуі мүмкін барлық қағазды жинап
шығуы қажет. Абэ кейіпкерлері өзі өмір сүріп отырған қоғамға қажетсіз, керексіз екенін көрсетеді. Дәл
осы қоғамды автор өз оқырмандарына ішкі жағына көрсетіп, осы механизмді жүргізіп отырған пружина-
ларын ашып көрсетуді мақсат етеді [3, 19-б.]. Мәселен Ники қолына түскен газетті көзімен бір шолып
өткенде оқырман жапон қоғамында орын алған өткір проблемалардан хабардар болады. Тек мақала
атауларын ғана келтірсек, «Жапон-американ біріккен комитетінің күн тәртібі толықтырылды», «Көліктегі
тоқырауға қарсы ықпалды шаралар», «Пиязда атом радиациясы салдарларын емдеуге тиімді заттар бар»,
«Корпорацияларда салыққа байлаысты парақорлық кең қанат жайған», «Университет қалашықтарын
индустрия Меккесіне айналдырайық», «Кәсіпорындар бірінен соң бірі жұмысын тоқтатуда», «Екі ұлын
өлтіріп, өзі де уланған ана», «Автокөлік ұрлаудың жиілеуі – жаңа өмір салты ма, әлде жаңа қылмыс түрі
ме», «Токионың олимпиадалық бюджетінің қиындықтары», «Бүгін елес адам тағы да екі қызды пышақтап
өлтірді», «Студенттер анашамен өз денсаулықтарын құртып жүр», «Акциялар бағамына күзгі жел әсер
етті», «Оңтүстік Африка Республикасында тағы да толқу: өлгендер мен жараланғандар саны – 280»,
«Тегін оқытатын ұрылар мектебі: қылмысқа әйелдердің де қатысы бар» т.б.
Шығарма соңында Никидің қолында таза бланк. Бірақ ол ешқайда кетпейді. Себебі ауыл адамдарына
Су жинау әдісін үйретпекші.
Кейіпкер мүмкіндік туып тұрса да қашып кетпейді. Автор адамның басына қиындық түскендегі жалғыз
үміт – шығармашылық құдіретін көрсетеді. Адамның шығармашылыққа ұмтылуы – оның өлім алдындағы
қорқынышынан, өмірге деген құлшынысынан жоғары. Бұл шығарма соңында өлі материяны тірілтуге алып
келеді. Сюжеттері әртүрлі болса да, Кобо романдарының барлығы бір тақырыпты, бір мәселені көтереді: ол
адамның жалғыздығы, қоғамды жатсынуы. Адамның өзінің жекелік, тұлғалық сипатын жоғалтуы, шыдамы-
ның шегіне жетуі оларды жан күйзелісіне, рух көтерілісіне әкелді. Соңы не болары, неге апарып тірелері
белгісіз «рух көтерілісі» әлеуметтанушылардың, психолог, жазушылардың көңілін алаңдатуда. Оның
тамырлары тереңге кеткен. Тұлғаның тоқырауы ғасырлар бойы санасына сіңген адам әлемнің орталығы
деген түсінікке негізделген дүниетанымдық негіздің салдары. Әлеуметтік қарым-қатынаста жүзеге асырыл-
ған антропоцентризм немесе бірінің екіншісінен артықшылығы жөніндегі идея адамның табиғаты, басқа
әлемді жатсынуына әкелді. Адамзат баласының технология мен ғылымдағы табыстары күшті болса да,
ортаны жатсынған адам тамырынан айрылғандай, бірте-бірте өзін жоғалта бастайды.
Физикалық капитуляция соңынан моральдық капитуляция келеді деп Злобин айтпақшы, енді автор
кейіпкердің бейімделу трагедиясын суреттейді. Ол өзін жоғары қоятын, өзін құм тазалаудан басқа, жақсы
жұмысқа бейімім бар, лайықтымын деп ойлайтын. Ол өзінің қалада өткен өмірін барлай қарағанда көңіл
көншітетін, мәнді ештеңе таба алмайды: жәндік жинау, ешқандай қуаныш, жаныңа рахат сыйламайтын
махаббат қатынасы, күнделікті қызықсыз, сүрең тіршілігі мен өсек пен көре алмаушылыққа былыққан
қызметі.
Шындығында өмір осында, құлдықта. Оның адамның «акция сатып алып, өмірін сақтандырып,
кәсіподақ пен басшының алдындағы екіжүзділіктен» қоғамдағы өмірден еш айырмасы жоқ. Ол «көмек-
тесіңдер» деген дауысты естімес үшін, құлағын бітеп тастайды. Ештеңе ойламас үшін теледидар даусын
барынша ашып қояды». Еркін ойлау – уақыт пен ұрпақ алдындағы ұлы жауапкершілікті терең сезінген
ерен тұлғаның тұлғалық еншісіндегі қасиет. Өйткені зерттеуші Р.Бердібай тілімен айтқанда «жауапкер-
шілікті тұлға ғана еркін. Сондай-ақ еркіндікті шынайы түйсінуде жауапкершілікті қажет етеді» [4, 36-б.].
Футурологтардың ойынша, таза ауа мен көқтен (табиғаттан) айрылған, өзіндік қасиеті жоқ шуылдаған
адамдар тобыры қатерлі ісік секілді капиталистік қалалардың өсуі символы.
320
Роман өзегі – қорғау шеңберінің идеясы, өмір сүруге, өмірдің қиындықтарына қасқайып қарсы тұруға
мүмкіндік беретін нәрсені іздеп табу идеясы. Қоғам адамға жат, жау. Әрбір күн, әрбір сағат, әр минут
сайын адам өзіне қоғамның қандай соққы беретінін үрейлене күтеді. Тым кеш қалмас үшін, қоғам соқ-
қысы жанын аяздай қарымас үшін оны жұмсарту мақсатында алдын-ала құтқару шеңберіне жармасады.
ХХ ғасырдың 60-жылдары жапон сыншысы Окуно Такэо мынадай түйін жасайды: «Әлемді тарихи
кездейсоқтықтар билейді, алдамызда біз көре алмайтын катастрофалар бар. Әлем өз-өзінен жылжиды,
индивид оған ешқандай әсер ете алмайды. Адам шөл далада тыр жалаңаш тұр» [5, 203-б.] дейді. Бай-
ланыстары үзілгесін, өмірден түңілген адам өмір инстинктінен, қарсылық көрсетер қауқарынан айрылды,
қоғам даусы, ар-ұяты саналатын жазушылар мен сыншылар адамның ауыр жағдайға тап болғанын айта
бастайды.
Кобо Абэ шығармашылығы – жапон әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетіне өзгеше леп әкелген, соны
шығармашылық ізденіс жемісі. Сол себепті Кобо романдары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылып,
мыңдаған оқырман тұшына оқып, көкейтесті сансыз сұрақтарына жауап табуда.
Достарыңызбен бөлісу: |