ӘОЖ 821.512
АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТОЛЫҚ АДАМ БЕЙНЕСІ
Дүйсен А.
Ш.Есенов атындағы ҚМТжИУ, Кадастр мамандығы 1-курс студенті
Ғылыми жетекшісі: Бағдатұлы М.
Аңдатпа.
Мақалада Ұлы ақын Абайдың шығармаларындағы толық адам бейнесі
туралы талданған. Мақалада Абайдың шығармаларындағы толық адам бейнесі туралы
нақты тоқталып және жалпылай қарастырып, зерттеушілердің пікірлерін талдау
арқылы шығарылған қорытынды ойлары баяндалады. Міне мақаланың осы тұста
маңыздылығы көрінеді.
Түйінді сөздер:
Абай, ұрпақ, қарасөз, толық адам, ғылым, құныдылық.
Бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі һәм бірегейі – адами
құндылықтарды сақтау. Әр кезеңдегі ойшылдар адам атының сақталып қалуы үшін
толыққанды адам болудың жолдарын іздестірген және өздерінше әр қилы пікірлер
білдірген. Бірі сол адамға лайықты дұрыс жол бар екеніне сенсе, енді бірі адам
бойындағы қаншама сұмдықтарды көріп қорықты. Енді солардың біршамасына шолу
жасасақ төмендегідей анықтамалар шыға келеді. Қоғамдық пәлсапалық hәм діни-
танымдық тұрғыдан «адам» ұғымы аса терең. Мысалы, XI ғасырда өмір сүрген ислам
оқымыстысы Ж.Руми: «Адамның болмысы – ішінде әр түрлі аңдар мекендейтін
орманға ұқсас [1].
Біздің бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-қайуани сияқты мыңдаған
қасиеттер бар. Егер ішкі жан шаһарында қасқыр үстемдік ете бастаса, адамның
қасқырға айналғаны. Жақсылықтар мен жамандықтар да жасырын жолдармен жүрекке
келіп, құйылып тұрады. Сәт сайын адамның жүрегінде бір нәрсе бас көтереді. Сол
себепті адам кейде жақсы сипатқа, кейде жаман сипатқа айналып отырады» – деген
екен.
Ал оқымысты Марк Орэл өзінің «Ойлар» атты кітабында: «Күнде таңертең
адамдар арасына барып қосылғанда былай ойланам: бүгін мен адам бейнесіндегі кейбір
жыртқыштармен кездесем, оларды ызаландырмай, өзім таланбай үйіме аман-есен
оралуым керек» [1].
76
Ұлы ойшылдың мұрасын зерттеп-зерделеуге сүбелі үлес қосып жүрген көрнекті
ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының
айтуынша, ұлт бойындағы мейірбандық, жомарттық сияқты ізгі қасиеттерді әспеттейтін
хакімнің «Толық адам» ілімі өскелең ұрпақты теріс мінез-құлықтан арылтуға сеп
болмақ.
Өйткені, қазақ халқының ой-санасының, дүниетанымының шыңы Абайдың
шығармаларында жатыр [2].
Абай өз шығармаларында адам болудың талап-тілектерін атап, өзінің гуманистік
танымы тұрғысынан өскелең ұрпақтың адамшылық негіздері, бойға ұялатар қасиеттері
қандай болмақ деген ойға ерекше көңіл бөледі.
Ақын шығармаларында өзекті желідей созылып, ғұмыр бойы танытуға
ұмтылған, өмір бойы шарқ ұрып іздегені – толық адам. Абайдағы толық адам – рухани
жетілген, кемеліне келген адам. Абайдың толық адам жайындағы танымын ғылыми
тілмен оқырманға тереңінен түсіндіріп берген ғалым М.Мырзахметұлының 1982 жылы
жарық көрген «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты монографиясында
алғаш Абайдың исламиятқа қатысы мен мораль философиясына қатысы зерттеліп, бір
ізге түсіріледі. Ғалым сөзіне ден қойсақ: «Адамзат қоғамы тарихында адамгершілік
идеясы ғасырлар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан ең басты мәселелердің бірі –
жеке адамның ақыл, мінез жағынан пісіп жетіліп, яғни толық адам болуы жайлы ойлар
пікір күресін тудырып келуде. Гуманист атаулының бәрі де дүниедегі ең асыл, бағалы
нәрсе – адам болса, сол адам бойындағы ең басты сипаттары неден тұрмақ дегенге әр
заман ойшылдары өз ұғым-нанымы, заман талабы тұрғысынан жауап беріп келді. Бұл
іспеттес тарихи сұрау Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамы жағдайында ұлы
ойшыл алдына да қойылды» [3].
«Жалпы, діни-философиялық ойдың даму тарихында «адам» ұғымының алатын
орны орасан десек те, оны белгілі бір жүйеге түсіріп, тиянақты түсіндіруге көш басы
болған философ – Сократ. Абайдың толық адам туралы танымы сол Сократтан
басталатын Платон, Плотиндердегі сүюші сүйеніш, тірек еткен адам, қытайлардың дао
іліміндегі әбден жетілген адам (совершенно мудрый человек), шығыс ойшылдары мен
суфизмдегі камили инсани мен бенделіктің кәмалаттығына ұмтылған адам және
Ирандағы жәуанмәртілікпен сабақтасып, туыстасып жатады.
Абайдың адамгершілікті жырлаудағы ең басты жаңалығы да осы». Абай
адамның рухани жағынан кемелденіп жетілу жолында толық адам ұғымын адамшылық
сатысының ең жоғарғы басқышына қояды [3].
Толық адам – Абайдың армандаған, аңсаған мұрат-мақсаттарының ең биік қол
жетпес асқар шыңы. Толық адам ғана нұрлы ақылдың иесі бола алмақ. «Үш-ақ нәрсе –
адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Абай адам баласына осы
қажетті үш нәрсе ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек екенін тереңнен толғап,
толық адамға тән қасиетті көрсетеді. Хакім іздеген толық адам осы қасиеттерден
туындайтын талапты, еңбекқор, ізгілікті, мейірімді, қанағатшыл, рахымды, тұла бойы
толған ар, ұят, пенделіктен қол үзген имандылық жолындағы абзал азамат. «Ақыл,
қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – дегенде Абай толық
адам хақында ұстанған көзқарасына сай сипаттарды атайды. Осы үш ұғымнан
туындайтын әділет, рахым, мейірім, ар-ұят, талап, еңбек, өнер сияқты қасиеттерге
ерекше мән береді. Абай адамгершілікті, әділеттілікті ең негізгі моральдық принцип
ретінде поэзиялық туындыларында да, қарасөздерінде үнемі атап көрсетіп отырады.
Ғылым-білімді уағыздаған ағартушы ақын ақылды, білімді аса жоғары бағалайды. Не
нәрсеге болсын ақыл – таразы, дүниенің сырын танып білуде ақылдың мүмкіндігі
шексіз мол деп санайды [3].
Абайдағы толық адам туралы ойдың о бастағы төркіні «Ғылым таппай
мақтанба» (1886) өлеңінен бастау алып, жыл өткен сайын қоюлана, күрделене түсетіні
бар. Гуманист атаулы ғалымдардың бәрі де бұл дүниедегі асылдың асылы, ең бағалысы
77
адам деп қарайды. Сол адамның бойындағы қалыптасатын мінез-құлықтың ең басты
сипаты неден тұрмақ деген сұраққа әр заман ойшылдары өзі жасаған заман талабына
орай жауап беруге ұмтылған.
Бұған исламият әлемінде, әсіресе, Түркістан өлкесінде бұл өзекті мәселеге Әл
Фараби бастаған XI ғасырдағы Жүсіп Қас Хаджиб, XII-XIII ғасырлардағы Ясауи,
Ш.Табризи (Тарази), Ж.Руми жалғастырған жәуанмәртлік, хал ілімі, камили инсани
жайындағы ой-толғаныстары танымдары өз үлестерін қосып жатты. Ал XIX ғасырдың
екінші жартысында Абай бұл мәселеге айрықша назар аударып, өзіне дейінгі ойшылдар
дәстүрін жалғастырып дамытып, толық адам туралы ілімнің негізін салса, XX ғасыр
басында өз шәкірті Шәкәрім ар ғылым арқылы жалғастыра дамытты [4].
Адам болу туралы ой танымын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде көп нәрсенің
төркінінен хабар беруі себепті М.Әуезов ол өлеңді «Абайдың, әсіресе, көп ой қорытып
айтқан мағыналы және програмдық бір өлеңі», - деп ерекше мән бере бағалауында
үлкен сыр жатыр. Абайдың:
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз, –
деп адам бойындағы мінез-құлқындағы қарама-қарсы ұғымдардың сырын 7-
қарасөзінде айтылатын «жанның тамағы» дейтін пәлсапалық мағынасы бар ұғыммен
салыстыра отырып сырын ашсақ, көп мәселенің тамырын дөп басамыз. Осы өлеңде
ерекше мән бере аталатын Шығыстың озық ойлы Ғұламаһи Дауанидің (XV ғ.) атақты
шәкірті Жүсіп Қарабағи (XVIII ғ.) «Рисаласында» «жанның азығы» деген ұғымды еске
(память) байланысты қарап талдайтыны бар. Жанның азығы» (духовная пища) деген
ұғымды екіге бөліп: бірінші жанның пайдалы азығы (шын сенім, жомарттық, ғылыми
түсінік) екіншісі - жанның зиянды азығы (күншілдік, жалған сенім) деп атайды [4].
Абай танымындағы «жанның тамағы» да жан қуаты арқылы біртіндеп
қорланатын рухани байлықты меңзейді. Өйткені, Абай: «...Құмарланып жиған
қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді», - деп көрсетуі арқылы әрбір
талапкер жас өзінің дүниетанымының қалыптасу жолында жанның пайдалы тамағымен
сусындауға саналы түрде бет бұрса ғана толық адам жолына түсе алмақ, болмаса жоқ
[4].
Ақынның «бес нәрседен қашық бол» деп таңбалап отырғаны адамды аздыратын
жанның зиянды тамақтары болып шығады. Адам болу туралы ойлар, әсіресе, ақынның
қарасөздерінде молырақ таратылған. Ондағы «адам болу, адам, жарым адам, толық
адам, адамның адамдығы, адамшылық, адамшылығының кәмалаттығы, пенделіктің
кәмалаттығы, инсанияттың кәмаләттығы т. б. терминдік мәні бар сөздердің бәрі де
толық адам жайлы пікірлерімен сабақтасып жатады.
Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол
ашатын қастерлі құндылық [5].
Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел
ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз.
Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында
аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды
осындай биіктерге жетелейді [5].
«Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта
ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы,
шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім
жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп
есептеймін» -, деп Президент Қ.К. Тоқевтың сөзімен Ұлы Абайдың толық адам бейнесі
сипаттауға болады[5].
78
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Қайратұлы Б., Факир Т./Адам және заман/ www.namys.kz – 06.06.2011.
2. Абайдың «Толық адам» ілімі оқу үдерісіне енгізіледі//
https://www.zakon.kz/
3. Қажыбай Аян. Абайдың «толық адам» концепциясының М.Әуезовтің «Абай
жолы» роман-эпопеясында көрініс табуы//
https://arka-azhary.kz/
4. Мырзахметұлы Мекемтас. Абай//
https://abai.kz/
5. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы
Қазақстан» атты мақаласы// www.akorda.kz
Достарыңызбен бөлісу: |