Материалдары


ӘОЖ 378.02  «ӨЛЕҢ СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ» ӨЛЕҢІНІҢ



Pdf көрінісі
бет27/62
Дата07.02.2022
өлшемі1,71 Mb.
#96169
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   62
Байланысты:
abai2020

ӘОЖ 378.02 
«ӨЛЕҢ СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ» ӨЛЕҢІНІҢ 
ЭСТЕТИКАЛЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫ 
 
Мейрамгул Мамай 
Каспий өңірі «Болашақ» колледжінің 1-курс студенті 
Ғылыми жетекшісі: Джакаева Г.Б. 
Аңдатпа.
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» – Абай Құнанбаевтың ақындық 
кредосы, поэзиялық және философиялық тезисі осындай. Мұнда Абай тек поэзияны 
ғана емес, жалпы сөз өнерін, көркем әдебиетті қамтиды. Мақалада Абайдың сөз 
өнеріне эстетикалық талғамы талданады. Нысана етіп Абайдың «Өлең сөздің патшасы, 
сөз сарасы» өлеңі алынды. 
Түйінді сөздер:
Өлең, сөз өнері, талғам, саралау, эстетика. 
Абай ақындық өнерге эстетикалық ойдағы көзқарасымен, кемеліне жеткен 
ақындық бағдарламасымен келіп қосылды. Абайдың дүниеге көзқарасының ауқымы 
кең, саласы мол. Әсіресе, оның эстетикалық дүниетанымы негізінен поэзия тілімен 
берілсе де, қазақ қауымының ой-санасында тұңғыш рет теориялық тұрғыдан айтылып, 
жазылуымен ерекшеленеді. Осы құбылыстың сырын М.Әуезов 1922 жылы 
«жұртшылықтың көркемөнерге деген көзқарасын жаңа бағытта тәрбиелеуші күрескер» 


92 
деп бағалаған болатын [1]. Абай жалпы көркемөнер атаулының шығар көзін, түп-
төркінін аңғартумен қатар, оның адам баласына құдіретті әсері туралы қызықты пікірге 
де қозғау салады. Ұлы ақынның ұғынуынша, адам баласының бойындағы өнерпаздық 
қасиет сырттан берілетін тәңірінің сыйы емес, керісінше ол – әлеуметтік өмір 
шындығынан туындайтын, соның негізінен пайда болатын табиғат сыйы. 
XIX ғасырдағы орыс әдебиетін, оның халықтық негізін терең зерттеу Абайды 
ақындық жолда жаңа көзқарасқа алып келді. Ең алдымен, Абай сөз өнерін үлкен 
қоғамдық күш, әлеуметтік тартыстың құралы деп таныды. 
Мысалы: "Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы" өлеңін талдайық: «Өлең – сөздің 
патшасы, сөз сарасы» атты өлең – бұл тұрғыдағы ақын бағдарламасы тәрізді. Ең 
алдымен, бұл өлеңде Абайдың ақындық өнерінің, шығармаларының әлеуметтік 
тартыстың үлкен құралы екендігі көрінеді. Шығарманың идеясы: халықшыл демократ 
қайраткерлердің салт-санасын танытады. Ол алғашқы жолдарынан-ақ өлеңге 
көркемдіктің шартын қойып, эстетикалық жаңа норма жариялайды. Адам баласы айтып 
келген сөздің асылы – поэзия екенін биік бағалаумен бірге, оны төмендететін 
олқылықтарды да көрсетеді. Ал шын жақсы өлеңді ердің ері, данасы туғызатынын, 
жалпы өлеңнің өзі де даналықтың айғағы екені сөз болады. Қазақ даласының 
поэзиясына көңілі толмай, өзгеріс енгізуге ұмтылады және айналасындағы ақындарға 
да үндеу жариялайды. Айтушы да, тыңдаушы да надан болмау керектігін, поэзияның 
зор қасиетінің әлі де тумай, танылмай жүргенін оқымағандықтан көреді.
Ұлы ақын өлеңге қойылатын көркемдіктің жаңа шарттарын белгілейді:
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бұл өлеңнің түпкі мәні қазақтың қара өлеңіне артылар жүктің салмақтылығы. 
Оны «бөтен сөзбен былғамау» керектігін айта отырып, көркем сөздің асылы – поэзия 
деп баға береді.
Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы, 
Мүнәжәт уәлилердің зар наласы. 
Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар, 
Әрбірі келгенінше өз шамасы –
деп Абай өлең сөздің бағасын дін деректерімен дәлелдейді. Тәңірінің 
өзі, пайғамбары, мұсылмандарға ұстаздық етуші әулие ғұламасы – бәрі де өлеңді 
қадірлейтінін айтып кетеді. Осыдан ары Абай эстетикалық жаңа принцип жариялайды: 
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, 
Сонда да солардың бар таңдамасы. 
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын 
Қазақтың келістірер қай баласы?
«Іші алтын, сырты күміс сөз жаксысын, Қазақтың келістірер қай баласы?» – 
дегенде, тура 1860 жылдарда Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбовтай революциялық-
демократтар әдебиет үшін жариялаған эстетикалық негізге ден қояды.
Түрден мазмұн қымбатырақ, бағалырақ дегенді анық танытады. Осыдан кейінгі 
көп шумақтарда айтылатын ойларының барлығымен Абай ақындықтың, соның ішінде 
өз ақындығының жаңа платформасын, үлкен декларациясын жариялайды. Өткен тарих 
қалдырған әдебиетке тарихтық, философиялық қатты сынмен қарап, бұрынғы қазақтың 
«жүйрігі, шешені» деген ескі биін мақал көлеміндегі жаттанды шешендіктен аспаған 
арзан ойдың көзқарасын көрсеткендер деп біледі: 
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап, 
Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап. 
Ақындары ақылсыз, надан келіп, 
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап. 


93 
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, 
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап. 
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп, 
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап, –
деп әсіресе бұрынғы ақындардың кейбір топтарына ерекше қатты соқтығады. 
Сатымсақ ақынды – жағымпаз, жанын жалдаған жексұрын ақын етіп, өнер ұстап 
жүрудің орнына қайыршылыққа кеткен сорлылықты әшкерелейді.
Абай қазақ ортасында оның қадірін кетіріп жүрген ақын-жазушыларды 
сынайды. Сынағанда да, өлең сөзді әлеуметтік шындықты суреттеуге емес, күн көріс 
қамына жұмсаушылар мен «көр-жерді өлең» қылушыларға арналады. Сол арқылы ақын 
қазақ арасында өлең сөздің «қадірсіз» көрінген себебін ашады. Сөйтіп, өз поэзиясында 
жаңа мақсат барын танытады. Ескі бише отырман бос мақалдап, Ескі ақынша мал үшін 
тұрман зарлап. Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел, Сендерге де келейін енді аяңдап, – 
дейді. Бұл шумақтың соңғы жолдары ақынның өлең сөздің мазмұнын өзгертуімен 
байланысты, тыңдаушыларды да тәрбиелеу қажеттігіне назар аударғанын байқатады. 
Оларды халық тағдырын жырлайтын жаңа үлгідегі поэзияны түсіне білуге, бағалауға 
үндейді. 
Сонымен қатар өзінің ендігі сөзі қоғамды, халықты түзейтін үлкен күш деп 
түсінеді. Өсиет өлең халық дертінің, тарих қайшылықтарының бәрін емдеп, тазартатын 
өзгеше қүрал деп біледі. Ал, Абайдың үгіттейтіні зор адамгершілік пен халықшыл, 
тазалық жолдар болғандықтан, өз заманындағы барлық мінді, сорақылықты сол тура 
жолдағы жақсы өлең – өсиетпен түгел жойып, жоғалтуға болады деп иланады. 
Батырды айтсам ел шауып алған талап, 
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап. 
Әншейін күн өткізбек әңгімеге 
Тыңдар едің бір сөзін мыңға балап, – 
деген толғауда үлкен мән, терең сыр бар. Халықты тәрбиелейтін анық ұстаздық 
сөз өзіне бөлек бір алуан болсын. Онда терең оймен, ащы шындықпен аралас үлкен 
тәрбиелік мән, мағына болсын дейді.
Біріншіден, «Өлең – сөздің патшасы» дегенде үш ұғым бар: өлең, сөз, патша. 
Үшеуін тұтастырып тұрған негізгі ұғым – сөз. Себебі сөздің патшасы – өлең. Мәселе 
сөзде. Сөз болған соң өлең бар, оның патшалығы бар. Сөз іспен, қарекетпен байланыты.
Сондықтан сөз – істің, қарекеттің көрінісі.
Екіншіден, сөз идеяға байланысты, сондықтан идея сөз арқылы анықталады.
Сөзсіз идея айқындалмайды.
Үшіншіден, сөз – ойлаудың нәтижесі әрі оның процесі. Қандай сөзде болсын 
қорытынды бар, ойлау жүйесі, яғни ой тұтастығы бар.
Төртіншіден, сөз міндетті түрде сөйлеушіні (субъектіні) қажет етпейді, ол 
объективті мазмұнда өз алдынша өмір сүре береді. Сөздің мұндай абстракциялық 
табиғатын қазақтар «жақсыдан қалған сөз», «үлкендер айтқан сөз», т.б. мәнде 
білдірген.
Бесіншіден, сөздің айтушысы болады, әрі әр сөздің дара түсінігі болады. Ең 
алдымен сөз болған деген идея баршамызға белгілі
[2]

«Өлең – сөздің патшасы» дегенде ұлы ақын өлең мен сөздің бір-бірімен 
байланысын «патша» деген ұғыммен білдіріп отыр. «Патша» деген – даралықты емес, 
жалпылықты білдіретін ұғым. Патша болу үшін оның қасиеттері жалпы патшалыққа 
тән болса, сонымен бірге патшалықтың қадір-қасиеті патшада болуы шарт. Міне, 
«өлең» деген сондай мәнге ие болып, бүкіл сөздің патшасы атанған. Сөз деген 
патшалық болса, өлең – оның патшасы.
«Өлең – сөздің патшасын» осылайша түсіндік десек, мәселенің ауырлығы осы 
өлең жолының екінші жартысында, ол – «сөз сарасы» деген ұғым. 


94 
Тілімізде «сара бағыт», «сара жол» деген түсініктер бар. Демек, «сара» дегеніміз 
тура, әділ деген ұғыммен мәндес болып шығады. Абай өлеңдеріне түсініктемелер беріп 
жүріп көңілге түйген қағидамыз – оның өлеңінің бір жолындағы ұғымдар бір-бірінен 
ешқашан да алшақтамай, өзімен-өзі болмай, тың ұғым туғызуға қызмет етіп тұрады. 
Мысалы, өлең, сөз, патша, сара – осы төрт ұғым өлеңнің бір-ақ жолында тұр. 
Әрқайсысы жеке-жеке дүниелер. Олардың бас-басына қатысты қаншама мәселелер 
қозғауға әбден болады. Бірақ мәселе олардың даралықтарында, әрқайсысының жеке 
мәнінде емес, солардың бәрі бірігіп тың ұғым құрауында немесе жаңа ойдың 
темірқазықтары сияқты болып тұруында. Осы төрт ұғым топтасып, бірігіп, өлең туралы 
идеяны көрсетіп тұр. Бұл идеяның екі жағы да ашылған: бірі – «өлең – сөздің 
патшасы», екіншісі – «өлең – сөздің сарасы». «Тіл мен жақтан сылдырап 
шыққандардың бәрі сөз емес» деген ұлы ақын «Бөтен сөзбен былғанса сөз сарасы», – 
деп ашып айтқан. Сөз былғанса сөз болудан қалады. Ал енді осы нағыз сөзді 
қауызынан аршып алу үшін оны саралау қажет. Сараланған сөз – нағыз сөз, ол – өлең. 
Сонда өлең әншейін сөз емес, ол –сөздің патшасы, сөздің сарасы, сондықтан Абай 
қиыннан қиыстырған қазақтың баласын «ер дана» деп атаған. 
ӘДЕБИЕТТЕР: 
1. Мырзахметұлы.М. Абайтану. 1-2 том. Астана: Interaktiv Kazakhstan, 2014-365 
бет. 
2. Абай. Таңдамалы өлеңдер. Алматы. Жазушы, 1985 - 119 бет. 
3. Абайды толық таныдық па? // Ана тілі газеті. №29 (1494). 18-24 шілде. 2019 ж. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет