АҚТҚ басқа да жыныстық қатынастан жұғатын аурулар іспетті таралады Мен екі бірдей қызынан айырылған бір анамен кездескен едім. Оның бет-жүзін қайғы басқан болатын. Ол маған қыздарының қалай қайтыс болғандығын әңгімелеп берді. «Олар өмірден тым жас кетті ғой, одан да менің өлгенім артық еді», — деді ол. Африкада инфекция әрдайым кез келген жыныстық қатынастан жұғатын аурулар іспетті: еркектен әйелге, әйелден еркекке таралады. Осы елдерге ат басын бұрған еуропалықтар санаулы ғана жыныстық қатынаста болғандарына қарамастан, елдеріне ауру жұқтырып қайтады.
1988-жылы мен бірінші рет Уганда еліне бардым. Денсаулық сақтау және Білім беру министрліктерінің өтініші әрі шақыруы бойынша бірнеше күн бойы 20 мың адаммен сұхбат жүргіздік. Біз мектептерге барып, оқушылардан кімнің ЖҚТБ-дан қайтыс болған адамды өз көзімен көргенін сұрағанда, олардың жартысы қолын көтерді. Ал екі жылдан кейін олардың барлығы дерлік қолын көтерді.
Біз ашық аспан астында африкалық үлкен әрі шулы оркестрдің сүйемелдеуімен жиналыс өткіздік, сонымен бірге аудармашылардың көмегімен жеке ақыл-кеңес бердік. Екі мың жарымдай жергілікті тұрғындар біз мәліметтермен бөлісіп, сұрақтарға жауап бергенше, үш сағат бойы алаңда орнынан тапжылмай тұрып бізді тыңдады. Тыңдаушылардың көбісі әдетте бұл тәрізді іс-шараларға қатыса бермейтін ер адамдар болды. Олар ЖҚТБ ауруы сол аймақтағы әрбір адам үшін өлім мен өмірдің мәселесі болғандықтан келген еді.