Бастауышмектеп шағында баланың дене, психикалық дамуында кейбір ерекшеліктер байқалады. Олардың бұлшық еттерінің күші артады, сүйек жүйесі қалыптасу сатысында болады, мидың үлкен жарық шарының функциялары дамиды. Бұл жастығы балалардың іс - әрекеті - оқу. Осы оқу арқылы олардың таным процесі дамиды. Н.К.Крупская және А.С Макаренко 7 – 12 жастағы балалар үшін әсіресе ұжымдық ойындардың маңызын атап көрсетті. Олардың айтуы бойынша ойын балаларды ептілікке, ұйымшылдыққа, батылдыққа тәрбиелеп қана қоймайды, ол жолдастық сезімге, ұжым мүддесіне үшін әрекет жасауға тәрбиелейді.
Бұл жастағы балалар үшін еңбектің тәрбиелік мәні өте зор. Тәрбие процесінде балалардың кейбір теріс қылықтарын байқауға болады. Мысалы, өзімшілдік, біреудің жақсы әдеттері мен істерін көре алмаушылық, түрлі болымсыз себептерді сылтау етіп үй тапсырмаын орындаудан қашушылық т.б., балалардың мұндай теріс қылықтарына жол бермеу, тәрбиешілердің, ата – аналардың беделіне, біліміне, өмір тәжірибесіне байланысты.
Бұл жастағы балалармен тәрбие жұмысын дұрыс ұйымдастыру үшін олардың мынандай ерекшеліктерін еске алған жөн: сөз бен істің сәйкесті болуын талап етеді; жөнсіз кінәлаудан жеркену сезімі туады; үлкен адамдардың жіберген қателерін тез байқайды; арманшыл, қиялшыл болады; ұйымшыл келеді; сенімді серік іздейді; өз мүмкіндіктерін, күшін асыра бағалайды; түрлі спорт ойындарында өте ықыласты болады т.б.