Қарастырылатын мәселелер: 1. Сабақтарды жіктеу. 2. Сабақтың түрлері және оның дидактикалық құрылымы.
Қазіргі кездегі сабақты жетілдіру жұмыстарының ішіндегі негізгі мәселелерінің бірі–оның түрлері мен құрылымы.
Мектеп тәжірибесінде бір типті сабақтар болмайды. Сондықтан, оқыту жұмысын жүйелі әрі нәтижелі жүргізу үшін, оны топтастырудың мәні орасан зор. Сол себептен әрбір мұғалімнің сабақ классификациясын ойдағыдай білуі шарт.
Сабақ классификациясы(жіктелуі) –сабақтарды құрылысы жөнінен топтастыру, түрге бөлу. Дидактикада сабақ классификациясын анықтауға айрықша маңыз береді. Бұл мәселе турасында педагогикалық ғылыми еңбектерде ортақ пікірлер әлі де қалыптаспаған. Қоғам дамыған сайын оқу жүйесінің қайта құрылатындығы және соған орай оқытудың мазмұны, әдіс–тәсілдерінің де өзгеріп, жаңарып отыруы сөзсіз.
Сонымен қатар, сабақты жіктеу әрбір пәннің ерекшеліктеріне, оқушылардың жас және таным ерекшеліктеріне де байланысты болып келеді.
Мысалы, И.Н.Казанцев сабақты жіктеуді оқу материалының мазмұны мен дидактикалық мақсатына және өткізу әдісіне қарай белгілесе, С.В.Иванов оқыту процеінің ерекшеліктеріне қарай анықтайды. Ал, Данилов пен Есипов сабақтың негізгі дидактикалық мақсаттарына қарай құрады. Бұлардың сабақ түрлерін топтастыру ұстанымдары әр түрлі болғанымен де, ішкі мазмұндары бір–біріне өте ұқсас келеді.