Педагогика тарихы


Әбу Райхан әл-Бируни (973-1048)



бет70/113
Дата18.11.2022
өлшемі2,03 Mb.
#158802
түріОқулық
1   ...   66   67   68   69   70   71   72   73   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет. (3)

Әбу Райхан әл-Бируни (973-1048) атақты астроном, математик, географ, геолог, философ, филолог, тарихшы және этнограф, дәрігер және ақын Әбу Райхан Мұхаммед ибн Ахмет әл-Бируни 973 ж. 4 қазанда ежелгі Хорезмнің астанасы Қият қаласының іргесіндегі қышлақта дүниеге келген. Қазір Қияттың орнында Бируни қаласы бар. Ол Қарақалпақстанға қарайтын аудан орталығы. “Бируни” деген сөз “қала маңындағы жатақ” деген мағынаны білдіреді. Демек Бируни жатақтардан шыққан. Қият кейбір деректерге қарағанда бұрынғы Хорезм мемлекетінің астанасы, ірі мәдениет орталығы болған. Онда өз заманына сай мектеп-медреселер мен кітапханалар жұмыс істеген.
Бируни ата-анадан жастайынан жетім қалып, балалық шағын жоқшылықпен өткізеді. Өз бетімен оқып хат таниды. Көп ізденіп Хорезмидің, Фарабидің, Жауһаридің, Ферғанидің, т.б. білімпаздардың кітаптарын оқиды. Керуенмен ілесіп “бақыршы бала” атанып, Орта Азия мен Солтүстік Иранның әр қалаларында болады. Осылайша жүріп білімін көтереді. Жиырма жасында көрнекті ғалым болып қалыптасады. Ол дін мәселесі жөнінде қарматтар жағында болады. Қарматтар – сырттай Ислам дінінің ережелерін қабылдап, іс жүзінде оған қарсы шыққандар еді. “Дінсіздерді” қолдағаны сезіліп қалғандықтан, Бируни Хорезмде тұра алмайды. 995 жылы өз елінен кетіп, өмірінің ұзақ жылдарын шетте өткізеді. Туған жерінен қуылған ғалым Каспий теңізінің оңтүстік жағалауына келіп, Кабус ибн Уәшімгер деген әкімге қызмет ете жүріп, өзінің “Өткен буындардың ескерткіштері”, “Ел қоныстанған жерлердің шекараларын белгілеу” атты еңбектерін жазады. Онда Арал, Каспий теңізі, Сырдария өзені, Отырар, Сауран қалаларын жазып, қазақтардың тұрмысын сипаттайды. 1010 жылы Хорезм мемлекетінің жаңа астанасы Үргенішке келіп, қала әкімі Мамұнға қызметке тұрады. Мамұн Үргенішке белгілі ғалымдарды жинап, академия ашып, оны басқаруды Бируниге тапсырады. Бирунидің ғылыми іспен шұғылдануына мүмкіндік болмай, көбінесе саяси-дипломатиялық іспен айналысуына тура келеді. Ауғанстанның Ғазна қаласының сұлтаны Махмұд сұлтан көрші елдерге қанды жорықтар жасап, жеңіске ие болады. Ол бұл соғысты “дін үшін соғыс”, “ғазауат” соғысы деп жариялайды. Махмұд Үргеніштің әмірі Мамұнды өлтіріп, Бируни бастаған бір топ ғалымдарды Ғазнаға әкеп тұтқындайды. Махмұд Бируниден өзінің зұлымдықтарын дәріптеп, кейінгі ұрпаққа батыр етіп көрсетіп еңбек жазуды талап етеді. Махмұд данышпан ақын Фердоусиді де шақырып алып, “патшаға лайықты” кітап жазуды тапсырады. Фердоуси “Шаһнама” (“Патшалар кітабы”) атты атақты кітабын 30 жыл жазып Махмұдқа ұсынады. “Шаһнамаға” көңілі толмаған Махмұд оны асау пілге тепкілетіп өлтіртпек болады. Фердоуси қашып құтылып, өз аулында өледі. Патша ұлы ақынды көпшіліктің зиратына көмуге рұқсат бермей, оның сүйегі өз үйінің ауласына жерленеді. Осы оқиғадан кейін Махмұд Бируниді де тұтқында ұстап, көп ақша беріп, өзін мақтаған еңбек жаздырмақ болады. Бірақ Бируни сыйлықты алудан бас тартып, “Күмістің кететінін, ғылымның тарихта мәңгі қалатынын, ақыл-парасатты ақшаға айырбастамайтынын” ашық білдіреді. Бұған ызаланған сұлтан Бируниді биік үйдің төбесінен лақтырып өлтіруге әмір береді. Бирунидің тілектес адамдары оның түсетін жеріне жас шөп, мақта, көрпе-жастық тастап, Бируни мертіккенімен тірі қалады. Махмұд сұлтан Бируниді Үндістанға жер аударып, бес-алты жыл бақылауда ұстайды. Бируни үнді халқының тарихын, әдет-ғұрыптарын, күнтізбесін зерттеп, “Үндістан” атты еңбегін жазады. 1030 ж. Махмұд өліп, орнына баласы Масғұт таққа отырады. Масғұт Бируниге қамқорлық жасап, еркіндік береді. Жаңа патшаның құрметіне Бируни “Масғұт таблицасы” атты еңбек жазады. 1041 Масғұтты өзінің інісі таққа таласып өлтіреді. Осы кезде Түрікменстанның селжук түріктері ғазналықтарды талқандап, Селжук мемлекетін құрады. Мемлекет басына Масғұттың баласы Маудұт отырды. 1048 ж. 13 желтоқсанда данышпан ғалым Әбу Райхан әл-Бируни Маудұттың сарайында дүниеден қайтады. Оның сүйегі сол Ғазна қаласына жерленеді.
Орта ғасыр ойшылдары ішіндегі көрнектілерінің бірі – Махмұт ибн әл-Хусейін ибн Мұхаммед немесе Махмұт Қашқари (ХІ ғ.) болды. Ол қазіргі Ыстықкөл жағасындағы (кейбір деректерде Шу бойындағы) Барысхан қаласында туып өскен. Оның әкесі әскери-дипломатиялық қызмет атқарып Қашқарияда көп жыл тұрған. Махмұттың балалық шағы Қашқарияда өткендіктен, оны Қашқарлық Махмұт деп атап кеткен. Ол Қашқарда алған білімін Бұқара, Нишапурда, Бағдатта жалғастырған. Түрік тілімен қатар парсы, араб тілдерін жетік меңгерген. Ол өзінің атақты “Диуани лұғат ат-түрк” (“Түркі сөздерінің жинағы”) атты еңбегін жазып қалдырған. Онда түркі тілдерінің грамматикасын түзіп, оқулығын жасап, тіл өнерінің өресін кеңейтті. Үш жинақ, сегіз кітаптан тұратын бұл еңбек (1072–1078 ж. жазылған) бүкіл түрік ұлысының тілтану энциклопедиясы болып саналды. Махмұт Қашқари бұл еңбекте атажұрт, атамекен, жер, су аттарының қойылу тарихына, этимологиялық ерекшеліктеріне қатысты ғылыми анықтамалар беруге баса назар аударған.
Еңбекте жанға жайлы, санаға таныс 200 ден астам мақал-мәтелдер, нақыл және қанатты сөздер, 242 шумақ өлең үлгілері берілген.
Түрік халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін қастерлеу үшін: Махмұт Қашқари “Түркі халқы құрымасын, құрбан болмасын!”деп тәңірлі сөзді ортаға салады.
Махмұт Қашқаридің бұл еңбегі Ресей, Германия, Англия, Франция, Швеция, Голландия, Финляндия, Италия, Жапония, Қытай елдерінде сақталған.
ХІ–ХІІ ғасырларда қазақ жерінде түркі тілінде жазылған этикалық-педагогикалық трактаттар көп тараған. Солардың ішіндегі ең шұрайлы еңбектің бірі Жүсіп Баласағұнидің “Құдатғу білік” (“Құтты білік”) атты кітабы. Бұл еңбек 85 тарау, 6520 бәйіттен және 124 қосымша бәйіттен тұратын дидактикалық дастан. “Құдатғу білік” – бұл түркі тектес халықтардың мінез-құлықтарын, моральдық-этикалық, рухани қазыналарын негізге алатын ескерткіш мұра. Мұнда адамға білімнің қажеттілігі, оның тіршіліктегі мәні, бақыт туралы адамның іс-әрекетінің оңы мен терістігі, тілден келетін пайда мен зиян, ел билеуші әкімдерге қажетті асыл қасиеттер, әртекті жұртшылық өкілдерінің тілін таба білу т.б. хақындағы ой-толғамдар. Сондай-ақ, отбасы мен неке, ұл мен қыздың өнегелі тәрбиесі, бала мен ата-ананың қарым-қатынасына байланысты мәселелер жан-жақты сөз болған.
Кітаптағы ең басты мәселе – елді, мемлекетті басқару тәртібі мен өнегесі. Ол үшін қара қылды қақ жаратын әділ заң керек. Халықты басқарушы әкімдердің ақыл-парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, жүрегі адал, өнер мен білімге жетік, кең пейілді болуы қажет. Екінші идея – бақ-дәулет, елге құт қонсын деген тілек. Тілектің түйіні – адамның бақытты болуы үшін адам баласының бақытты, парасатты тұрмысына жол көрсету; үшінші идея – ақыл, парасат. Ол адалдықтан, адамды сүюден туындайды. Парасатты жанның көрсоқыр тоғышарлыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, адамды аздыратын жаман әдеттерге (зұлымдық, арамдық, ішімдікке салыну, озбырлық) алдырмайтын қасиеті. Төртінші идея – қанағат-ынсап мәселесі. Адам бірлік пен қайырымдылықтан келген беделге, бақытқа қанағаттануы керек. Ақын қанағатты белгілі бір үйлесімділіктен, заңдылықтан іздестіреді. Үйлесімділікті ұнатқан, ақиқатқа бас тіккен адамның бойына ынсап орнайды. Ынсап – ар-ұяттың тірегі: әділет, дәулет, ақыл, қанағат. Осы төрт қасиет бойына дарыған азамат ел басқара алады дегенді топшылайды. Төрт қасиет бірлікке жеткен жағдайда ғана халық бақытқа кенеледі. Пайдасын ел көреді дей келіп, осылардың ең түйінін шешетін мәселе оқу-білім деп ой қорытады.
Дастанда “адамшылықтың парызы бірін-бірі құрметтеуінде, бір-біріне ізет көрсетіп, сыйласуында” деген тоқтамды тірек етеді. Ал жақсы қасиетті кісілікпен ұштастыру – тәлім-тәрбиенің міндеті, яғни үлкендердің, ата-ананың басты борышы, ұлағаттылардың ұлы қасиеті. Сондықтан “Кісілік қымбат емес, кішілік қымбат!” деп түйіндейді. Бұл “Ұлық болсаң – кішік бол”, “Сыпайы – мінезімен сыйлы” деген халық қағидасымен қабысып жатыр.
Дастанда сөйлеу өнері, тіл мәдениеті де сөз болады. Сөйлеу мәдениетін, ой орамдылығын, тіл өткірлігін құптаған Баласағұн “Біліп айтқан сөз білікті саналар. Біліксіз сөз басыңды жеп, табалар”, “Көп сөйлеме, аз айт, бірер түйірін. Бір сөзбен шеш күмән сөздің түйінін”, “Тобықтай түй, тоқсан ауыз толғамды” деп өсиетті ой толғайды.
Көне түркілерден шыққан екінші бір ойшыл – Ахмет Йугінеки (ХІІ ғ.). Оның ойшылдық дүниетанымы, философиялық тұжырымы, көркемдік-эстетикалық көзқарасы “Ақиқат сыйы” атты дастанымен әйгілі болған. Дастанның бас арқауы – әлем мен адамның арақатынасы, адамның өмірлік мақсаты мен сол мақсатқа жету жолы. Ол ақжүрекпен Алланы тану. Ол адамдар бойындағы ұнамды, ұнамсыз моральдық-этикалық қасиеттерді атап қана қоймай, сонымен бірге бірсыпыра тәлімгерлік ақыл-кеңестер де береді. Мысалы, “Егер билікке қолың жетсе, мақтанба, асып-таспа”, “Бастық болсаң, жайсаң бол”, “Кәріге де, жасқа да құрмет көрсет”, “Айтар лебізіңді алдымен ойлап ал”, “Ойламай сөйлесең опық жейсің” т.б. ұлағатты өсиетнамалар айтады. Кімде адамгершілік, ізгілік болса, соны ер деп есептеуге болады. Жақсылық істеуге жалықпау, игіліктің шегі жоқ деп қарау – діни мейірбандылықтың көрінісі. Ізгілік пен имандылық егіз дегенді меңзейді.
Сопылық ілімнің Түркістан өлкесінде негізін қалаушылардың бірі Қожа Ахмет Иасауи (1094–1167) болды. Ол түрік әлемінің ойшылы. Оның “Дүнияуи Хикмет” атты дастанында дүниені жаратушыға табыну, оны танып білу – өзіңді-өзіңнің танып білуің дегенді айтады. Адамдықтың басты мақсаты – ақиқатқа жету. Адам өзін-өзі тану және жетілу арқылы адамдық биікке көтеріледі. Осы тарихат жолында адам өзін ұстамдылыққа, жетілдіруге шақырады. Сол шынайы қасиеттері арқылы сүйіспеншілік пен махаббат идеясын ұсынады. Тарихаттың нұсқайтын жолы “Өзін білгені – хақты (жаратушыны) білгені, құдайдан қорқып ынсапқа келгені”.
Ахмет Иасауидің ойынша “шариғатсыз – тарихат”, “тарихатсыз – мағрифат”, “мағрифатсыз – хақиқат” болмайды. Әділдік жолына түсу үшін, ақиқатты іздеп табыну керек. Адамның рухани өмірінің таза болуы үшін ислам шариғаттарын мойындау қажет және оларды әркім өзінше түсініп қабылдауға ерікті. Адамның кемелденуі жаратушыға да қажетті. Адам баласы бұл дүниенің қызығына елігіп арамдық жолға түседі. Мәңгілік өмірге адам рухының тазарып баруы үшін жаратушыға құлшылық етіп, тіршілікте еткен күнәларын ой елегінен өткізіп, тазарып баруы керек. Аллаға ғашықтық сопылықтың бір көрінісі. Ғашықтық адамның иман жүзділігі, жүрегінің ашық пердесі, имани тазалық – рухани тазалық дегенді айтады. Сөйтіп, Иасауи өзінің адамгершілік жөніндегі ойларын дін арқылы, діни мораль арқылы түсіндіреді. Екіншіден, А.Иасауи түрік мәдениетін – тәңір дінін араб мәдениетімен, исламмен ұштастырды. Үшіншіден, Ислам діні арқылы адамды жан-жақты жетілдіруге болады деп ұқты. Алланы тану арқылы адам өзін-өзі танып білуге, өзіне-өзі сын көзімен қарауға талпынады дегенді айтты. Яғни адам өзін-өзі дін арқылы тәрбиелеуі керек деген идеяны ұстанды.
Қожа Ахмет Иасауи еңбектеріндегі сопылық идея өзінен кейінгі ақын-жырауларға (әсіресе Бұхар, Ақан сері, Әсет т.б.) қала берді жазба әдебиетінің өкілдеріне, тіпті ұлы Абайға да азды-көпті әсерін тигізді. Мәселен Иасауи айтқандай Абай да “Құдай – хақ, иман – парыз” дей отырып, “Жақсылық – жамандықты жаратқан құдай, бірақ қылдырған қдай емес. Ауруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес. Байлықты, кедейлікті жаратқан құдай. Бай қылған, кедей қылған құдай емес… Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең, оқыт… Иман, обал, сауап бар жерде әділет бар… Хақтың жолы осы” – деп халықты имандылыққа, мейірімділікке, әділетке, оқу-білімге үндейді. Бірақ Абай құдайды мойындай отырып, оған әрекетсіз табынуға қарсы. Адам іс-әрекет арқылы мақсатқа жетеді. “Мақсатсыз, әрекетсіз – өмір тұл” дегенді айтады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   66   67   68   69   70   71   72   73   ...   113




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет