. 1917-1941 ж. ж. аралығында Кеңес одағы елдеріндегі мектеп пен педагогиканың дамуы
1917 ж. Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдегі мектепті қайта құру. Кеңес үкіметі құрылған соң Оқу-ағарту саласы бойынша мемлекеттік комиссия (1917)ұйымдастырылды. Ол бұрын қалыптасқан мектеп жүйесін таратып, Кеңес үкіметінің мүддесіне қызмет ететін жаңа мектеп жүйесін құруды көздеді.
1917-1918 жылдары Кеңес үкіметі қабылдаған 30-ға тарта мемлекеттік декреттер негізінде кеңес мектебін құру үстанымдары қайта қаралды:
Қазан төңкерісіне дейінгі барлық оқу-тәрбие мекемелерінің типтері таратылып, мектеп жүйесі өзгертілді;
мектеп шіркеуден бөлініп, діни мектептер таратылып, мектепте дінді оқытуға тыйым салынды;
барлық азаматтардың шыққан әлеуметтік ортасына, дініне, ұлтына және т.б. қарамастан, білім алу құқы жарияланды;
Ресей құрамындағы барлық халықтарға өз ана тілінде оқуға мүмкіндік берілді;
ұл балалар мен қыздарды бірге оқыту қолға алынды;
тұңғыш рет мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылатын болды;
мектеп ісін басқару мемлекет қарамағына алынды.
Халыққа білім беру қайраткерлері және I Жалпыресейлік халық ағарту сьезі (1918).Мектеп ісін басқаруды Кеңес үкіметі большевиктік партияның көрнекті қайраткерлері А.В.Луначарский мен Н.К.Крупскаяға жүктеді.
1918 жылы оқу-ағарту жөніндегі мемлекеттік комиссияда А.В.Луначарскийдің және Н.К.Крупскаяның басқаруымен “Бірыңғай еңбек мектебі туралы ереже” және “Бірыңғай еңбек мектебінің негізгі ұстанымдары” атты құжатты даярлау жұмысы жүргізіліп, 16 қазанда аталған құжаттар жарияланды. Осы құжаттың екіншісі “Бірыңғай еңбек мектебі туралы декларация” деген атпен халыққа тарады. “Декларация” мектептің саясатпен байланысты болуын кеңес педагогикасының ең негізгі ұстанымы ретінде атап өтті.
Анатолий Васильевич Луначарский (1875-1933), Халық ағарту комитетін 1929 жылға дейін басқарып, коммунистік тәрбие беру идеясын насихаттап, мектепті қайта құру мәселелерімен белсене айланысты. Оның негізгі ұстанған идеясы жас ұрпаққа қоғам мүддесіне сай білім беру және тәрбиелеу болды.
Халық ағарту комиссариатының белгілі қайраткерлерінің бірі - Надежда Константиновна Крупская (1869-1939). Оның негізгі идеясы жас ұрпаққа коммунистік тәрбие беру болды. Н.К.Крупская еңбек тәрбиесіне жалпы және политехникалық білім беруге, мектепке дейінгі және мектептен тыс тәрбиеге, оқыту мен тәрбие мазмұнына арналған көптеген педагогикалық еңбектер жазды.
Ол еңбек тәрбиесін политехникалық білім берумен ұштастыру қажет деп санады, политехникалық білімнің жалпы білім негізінде берілуін талап етті. Политехникалық білім беруге Н.К.Крупская тірі табиғатты, материалдардың технологиясын, өндіріс құралдарын, олардың тетігін, энергетиканы білу, сонымен қатар экономикалық қатынастардың жағрафиялық негізін білу жатады деп санады. Политехнизм жеке пән емес, - деді ол, - барлық пәндерді оқытуда сол пәндердің (физиканың, химияның, жаратылыстың, қоғам танудың) материалдарын іріктеп алу арқылы берілетін білім: ол пәндер бірімен-бірі байланысты тәжірибемен ұштастырыла оқытылуға тиіс, әсіресе оқыту еңбекпен байланыстырылуы керек деп есептеді.
1918 жылы I Жалпыресейлік халық оқу-ағарту съезінде жаңа мектептің бағытын айқындайтын құжаттардың “Бірыңғай еңбек мектебінің ережесі” және “Бірыңғай еңбек мектебінің негізгі ұстанымдары” деп аталған құжаттардың жобалары қабылданды. Осы құжаттардың негізінде мектепті қайта құру ұстанымдары мен оқудың жаңа мазмұны қарастырылды, оларда:
жергілікті басқару органдарынан мектеп ісін тікелей қолға алу талап етілді;
мектепте өзін-өзі басқаратын орган (мектеп кеңестерін) құру, оның құрамына педагогтар, оқушылар, ата-аналардың өкілдерін қамту көзделді;
жергілікті жердің жағдайын ескеретін, үлгі ретінде (міндетті емес) оқу бағдарламалары енгізілді;
ғылым негіздерінен оқулықтар дайындалды, қолданыста бар оқулықтарды пайдалануды ұсынды;
Алайда бұл құжаттарда балалардың білімін күнделікті тексеріп отыру, үйде орындауға тапсырма беру, емтихан тапсыру міндеттелмеді.
Жаңа мектепті құрудың алғашқы жылдарында мұғалімдер мен оқушылардың тәжірибелік ізденістеріне шектеу қойылған жоқ. Оқу ісін ұйымдастыруға мұғалім мен оқушылар тең құқықпен белсенді түрде өздері қатысуы тиіс болды. Мектептегі оқытудың негізіне еңбек тәрбиесі алынды. Мектептегі еңбек тәрбиесі ең бірінші маңызы зор мәселе ретінде қаралумен бірге, оқушылардың дене және эстетикалық тәрбиесіне де ерекше назар аударылды, политехникалық білім беру мәселесін қолға алу керектігі атап көрсетілді.
Балалармен гуманистік, яғни ізгілік қатынас құру мақсатында мұғалім мен оқушы арасындағы сыйластық қарым-қатынас үлгісін орнатуға көңіл бөлінді.
Бірыңғай еңбек мектебін бір нұсқадағы ғана мектеп деп түсінбей, олар ұстанатын жалпы идеялар бірлігін талап етумен бірге, жергілікті аймақтың жалпы және айырықша ерекшеліктерін ескеру қажеттігі айтылды.
1920 жылы Оқу-ағарту халық комиссариаты кеңес мектебінің оқу жоспарын жариялады. Бұл оқу жоспарының ерекшелігі әр түрлі оқу пәндерін оқытуға назар аударылды. Орыс тілі мен әдебиеті, математика пәндерін оқытуға сағат көбірек бөлінді. Сонымен бірге, алғашқы оқу жоспарының басты кемшілігі - оның орындалуы міндетті болмады, ол тек үлгі ретінде ғана ұсынылды.
Орыстан өзге халықтардың балалары үшін ұлттық мектептер құрыла бастады.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында оқыту мен тәрбие беру мекемелерінің төмендегідей жаңа типтері ұйымдастырылды.
Сауатсыздықты жою мектептері. 1919 жылы 26 желтоқсанда сауатсыздықты жою туралы декрет жарияланды. Онда 50 жасқа дейінгі азаматтар орыс және ана тілінде сауатын ашуға міндетті болды. 1920 жылы Н.К.Крупскаяның басшылығымен сауатсыздықты жою мақсатында Жалпыресейлік төтенше комиссия құрылды. Одақтас республикаларда да сауатсыздықты жою пункттері мен шала сауаттыларға арналған мектептер ашылды. Мысалы, қазақтың ұшы-қиырсыз кең даласын “Қызыл керуендер” мен “Көшпелі қызыл отаулар” шарлай бастады. Олардың қызметкерлері сауатсыздар мен шала сауаттылардың есебін жүргізді. Ескере кететін жәйт – латын алфавитіне көшуге байланысты араб жазуын білетін сауатты адамдар жалпы есепке алынбады.
Панасыз балаларға арналған балалар үйі. Қазан төңкерісінен кейінгі жылдары панасыз балалар саны тым көп еді. Жүздеген мың балаларды аштан өлуден және моралдық азғындаудан құтқару керек болды. Осы мақсатпен одақтық республикаларда балалар үйлері құрылды. Мысалы, тек Қазақ республикасында 1921 жылдың басында 5 мыңнан аса балалар үйінде 260 мың панасыз балалар тәрбиеленсе, 1922 жылы балалар үйлерінің саны 7815-ке, ал оларды тәрбиеленетін балалар саны 415 мыңға жетті.
Балалар бақшалары мен яслилері. Әйелдердің шаруашылық, саяси, мәдени өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау үшін мемлекет тарапынан балалар бақшалары мен яслилері және ойын алаңдары ұйымдастырылды.
Жұмысшы факультеттері 1919 жылдан бастап жұмысшы мен шаруалардың мектеп жасынан есейіп кеткен балалары үшін құрылды. Бұл оқу орындары 4 жыл мерзімде жастардың жоғары оқу орындарына түсуіне қажетті орта білім берді.
Бұрынғы жоғары оқу орындары мемлекет қарауына алынып, онда қыздарды тегін оқыту көзделді. Жоғары оқу орындарының саны да тез дами бастады.
Ресей федерациясының Халық комиссарлар кеңесі 1928 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орнын ұйымдастыру жөнінде қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес 1928 жылы Алматыда – республикада мұғалімдерге педагогикалық жоғары білім беретін тұңғыш жоғары оқу орны – Қазақ педагогика институты құрылды. Алғашында Қазақ педагогика институтында кішігірім үш бөлім ашылды. 1928 -1929 оқу жылында осы бөлімдерде 124 студент оқыды, 9 оқытушы (алтауы қазақ), оның ішінде үш профессор болды, белгілі тарихшы, профессор, институттың бірінші ректоры - С.Д.Асфендияров, көрнекті ғалым-тілші – Қ.Жұбанов, әдебиетші профессор – Н.Н.Фатов, тағы бір доцент қызмет етті.
1931 жылы желтоқсанда институт орта мектептерге өзінің алғашқы 59 түлегін ұшырды. 1932 жылға дейін бұл институт педагог мамандар даярлайтын, қазақтың ұлттық зиялыларын қалыптастыратын бірден-бір орталық болды.
1935 жылы институтқа қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтың есімі берілді. Институтта осы кезде көптеген көрнекті ғалымдар істеді. Олар: қазақ әдебиетінің негізін салушы С.Сейфуллин, академик жазушы –М..Әуезов, профессор Ш.Әлжанов, көрнекті ғалым-тілші – С.Аманжолов, академиктер С.Мұқанов, Т.Тәжібаев, С.Кеңесбаев, О.Жәутіков, т.б.