Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпы орта білім стандарттары
Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептердің тұжырымдамасы негізінде 1996 жылы оқу үрдісін ұйымдастыруға негіз болатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпы орта білім стандарты туралы Ереже бекітілді. Ереже білім стандарттарының негізгі қызметі мен құрамын анықтауға, пәндер бойынша білім стандарттарын жасауға, базистік оқу жоспарын жаңа нормативтік құжат ретінде ұсынуға мүмкіндік берді.
Білім беру стандарттары - оқу пәндері бойынша білім мазмұнының құрылымы мен құрамының нормаларын және оларға қойылатын талаптарды рәсімдейді, сондай-ақ білім мазмұнының мемлекеттік минимумы мен оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды белгілейді. Мемлекеттік білім стандарты бір-біріне сабақтас үш құрамдас бөліктен тұрады: 1) тұжырымдамалық, 2) нормативтік, 3) әдістемелік бөліктер. Бірінші бөлікке бұған дейін дайындалған мектептің дамуы мен ондағы білім мазмұны жөніндегі екі тұжырымдама ендірілген. Екінші бөлікке, нормативтік қызмет атқаратын жаңа құжат – базистік оқу пәндері, үшінші бөлікті оқу-әдістемелік кешен құрайтындығы нақтыланған.
Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін оқу орындарының бастауыш, негізгі, жоғары сатыларындағы жалпы орта білім берудің стандарттары 34 пән бойынша қазақ, орыс және ұйғыр тілдерінде жарияланды. Мемлекеттік білім беру стандарттары оқу пәндері бойынша: базалық білім мазмұнына, білім беру бағдарламаларының түрлеріне, оқу жүктемесінің көлеміне, мектептің әр сатысындағы оқушылардың міндетті (минимум) дайындық деңгейіне, оқу процесін ұйымдастыру және оны жүзеге асыру шарттарына қойылатын жалпы талаптарды белгілейді.
Стандарт балалардың денсаулығын қорғау ісіне, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына және оқу процесінің сапасын көтеруге қолайлы жағдайлар туғызуға қызмет етеді.
Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептердің мемлекеттік базистік оқу жоспары
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, жалпы білім беретін мектептерді дамыту және жалпы білім мазмұнының тұжырымдамасына сәйкес жалпы білім беретін мектептердің мемлекеттік базистік оқу жоспарлары дайындалды.
Орта білім беретін қазақ мектебінің баршаға ортақтығы, интернационалдық рухы, ұлттық дәстүр мен аймақтық және республикалық ерекшеліктерге бағытталуы, сондай-ақ оның еліміздің, бүкіл дүние жүзінің оқу жүйесімен интеграциялануы базистік оқу жоспарына енетін білім мазмұнының төмендегідей құрылымдары айқындалды.
- Жалпы адамзаттық мемлекетаралық құрам.
- Қазақстан мен Орталық Азия республикаларының халыққа білім беру министрліктері бірлесе отырып анықтайтын республикалық құрам.
- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі анықтайтын құрам.
- Республиканың әрбір өлкесінің әлеуметтік-экономикалық талап тілегін ескере отырып, жергілікті халыққа білім беру орындары анықтайтын білім мазмұнының құрамы.
Жалпы білім беретін мектептердің мемлекеттік базистік оқу жоспарлары білім мазмұнының жалпы бағыттарын береді, оның негізінде әр түрлі бағдардағы орта оқу орындарының нақты оқу жоспарын жасауға болады.
Жаңа оқу жоспарлары жастардың әлеуметтік сұранысын ескеріп, олардың ықласы мен мүддесіне орай орта білімнің әртүрлі деңгейлерін енгізумен қатар, бағдарланған мектеп түрлерін де еркін таңдауына әрі алғашқы кәсіптік және бастапқы арнаулы мамандықтарды қоса игеруіне демократиялық жол ашады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпы орта білім стандарттары негізінде дайындалған базистік оқу жоспарларының құрылымы екі бөліктен тұрады:
инварианттық бөлік-қоғамдық мұраттарға сәйкес оқушылардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруды, ұлттық және жалпыәлемдік мәдениетті менгеруді қамтамасыз етеді;
вариативтік бөлік – оқушылардың қызығушылығын, тұлғалық ерекшелігін ескере отырып жекелей дамуына жағдай жасайды.
Инвариантты және вариативті бөліктер білім мазмұны жағынан бір-бірін толықтырады. Мектептің оқу жоспарына сәйкес білім берудің үш түрі қамтылады:
жалпы орта білім берудің базалық ядросы болып табылатын міндетті компоненттер;
мектептің, аймақтың ерекшеліктеріне байланысты және оқушылардың таңдауы бойынша таңдау компоненттері;
элективтік арнайы курстар, факультативтік сабақтар, т.б..
Базистік оқу жоспары білім және тәрбие берудің нормативтерін: жыл бойы жалпы және әр саты бойынша оқытудың ұзақтығын, мұғалімнің апталық сағаттық жүктемелерін; әр саты бойынша оқушының апталық сағаттық жүктемелерін, оқушыларды топқа бөлу, жекелей және сыныптан тыс жұмыстарды, факультативтік сабақтарды, т.б. айқындайды.
Мемлекеттік білім стандарттарының Ережелеріне сай, 1996 жылдың 26 қыркүйегінде ҚР-ның үкіметінің Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу мен басып шығарудың мақсатты бағдарламасы туралы №173 қаулысына сәйкес бастауыш, негізгі және жоғары басқыштарға арналған республика мектептерін ұлттық негіздегі төл оқулықтармен қамтамыз ету жан-жақты іске асырылды.
Орта мектептің мемлекеттік базистік оқу жоспарында республиканың өзіндік ерекшелігі мен қазақ халқының ұлттық игіліктері айқын көрініс табуға тиіс. Осы мақсатта халықтың салт-санасы, әдет-ғұрпы, мінез құлқының өзгешеліктері, қол өнері мен ата кәсібі барлық пәндерге қосарлана енумен қатар “Қазақстан тарихы“, “Қазақстан географиясы“, “Әдеп және психология“, “Қоршаған орта“ пәндері дайындалды.
Қазақ орта мектебінің білім мазмұнын әзірлеу және оның толық оқу-методикалық жүйесін жасап мектепке енгізу 1992-1997 жылдар арлығында іске асырылды. Осы аралықта арнайы ұйымдастырылған эксперименттік мектептерде жаңа оқу жоспарлары, оқулықтар мен бағдарламалары сынақтан өткізіліп, сұрыпталды.
Төл оқулықтардың 1-сыныпқа арналған алғашқы легі 1997-1998 оқу жылында мектеп практикасына ене бастады. Сонымен қатар, алғаш рет “Еңбекке баулу“, “Көркем өнер“, “Дене шынықтыру“ пәндері бойынша оқулықтар дайындалып оқу үрдісіне енгізілді.
Білім беру стандарттары және жалпы білім беретін мектептердің мемлекеттік базистік оқу жоспары негізінде 1-11 сынып аралығында әр пән бойынша төл оқулықтар дайындалды. Оқулықтар мемлекеттік тілде дайындалып, басқа тілдерге аударылды.
Достарыңызбен бөлісу: |