Пәннің мазмұнына енетін сұрақтар:
1. Психологиялық-педагогикалық зерттеудің жалпы сипаттамасы. Психологиялық-педагогикалық зерттеудің қызметтері.
2. Психологиялық-педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері.
3. Психологиялық-педагогикалық зерттеулердің түрлері.
4. Психологиялық-педагогикалық зерттеулердің жалпы логикасы және құрылымы.
5. Зерттеудің тұжырымдамасы.
6. Ғылыми зерттеудің ұғымдық-түсініктік аппараты.
7. Психологиялық- педагогикалық зерттеуді ұйымдастыру мен жүргізудің әдістері мен әдістемесі.
8. Ғылыми мәліметтерді талдау, өңдеу және түсіндіру
9. Психологиялық-педагогикалық зерттеулердегі қателіктерді түзету жұмысы
10.Зерттеушінің психологиялық- педагогикалық мәдениеті және шеберлігі.
«Психологиялық-педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы және әдістері» оқу курсы 3 модульден тұрады: 1-модуль «Психологиялық-педагогикалық зерттеудің теориялық- әдіснамалық негіздері». - 8 сағат; 2-модуль. «Психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік-педагогикалық зерттеулердегі негізгі әдістер; мен оларды қолданудың әдістемесі. зерттеу әдістерінің жіктемесі». 6 сағат ; 3-модуль. «Психологиялық-педагогикалық зерттеудің негізгі кезеңдері. әлеуметтік педагогикадан дипломдық жұмысты орындау және қорғау»16 сағат.
1.2. Педагогика және психология әдіснамасы мәні туралы жалпы түсінік.
Педагогика әдіснамасы – педагогика теориясы, педагогикалық құбылыстарды қарау принциптері, зерттеу әдістері туралы білім жүйесі, алынған білімді тәрбиелеу, оқыту, білім беру тәжірибесіне енгізу жолдары. Әдіснаманың теориялық жағы негізгі педагогикалық заңдылықтардың анықталуымен байланысты, ғылыми ізденудің бастапқы алғышарты ретінде, дүниетану қызметіне еніп, педагогикалық зерттеудің қандай философиялық, биологиялық, психологиялық идеялардан құрылғанын анықтап, алынған нәтижені дәлелдеп және қорытынды шығарады.
Педагогиканың әдіснамасы оның негізін, базалық сипатын анықтайды. Әдістеме негізінде әлеуметтік педагогиканың тұтастай және оның құрылымдық құрамдас бөліктерінің ғылыми бағытының мәні анықталады. Осыған сүйене отырып, әлеуметтік педагогиканың теориясы мен практикасының өзекті проблемаларын зерттейді.
Педагогиканың әдіснамасын түсіну үшін мына мәселелерді қарастыру қажет:
- әдіснама және әлеуметтік педагогиканың әдіснамасы ұғымдары;
- әлеуметтік педагогика әдіснамасы негіздері;
- субъект ұстанымы тұрғысынан әлеуметтік-педагогикалық болмыстың сапасын бағалау және таным әдіснамасы негіздері.
Педагогика әдіснамасының мәні туралы түрлі көзқарастар бар. Кейбір зерттеушілер әдіснамасыны: теориялық қызметтің құрылымы, логикалық ұйымдастырылуы, әдістері мен құралдары туралы; басқалары, - таным әдістерін қалыптастыру қағидалары мен рәсімдері және шындықты тану және қайта құру әдістерін қолдану туралы; үшіншісі – күрделі практикалық мәселелерді шешудің неғұрлым жалпы қағидаларының жиынтығы туралы; төртіншісі – теориялық және практикалық қызметті ұйымдастыру мен құрудың қағидалары мен тәсілдері жүйесі туралы, сондай-ақ, осы жүйе туралы; бесіншісі – ғылыми-педагогикалық зерттеулердің бастапқы (негізгі) ерекшелігі, құрылымы, қызметі мен әдістері туралы ілім деп санайды.
«Әдіснама» терминінің мағынасы:
- танымның ғылыми әдісі туралы ілім;
- қандай ғылым болса да қолданылатын танымдық құралдар, әдістер мен тәсілдердің жиынтығы;
- танымдық және қайта құрушы қызметті ұйымдастырудың алғышарттары мен қағидаларын зерттеуші құралдар, білім саласы болып түсініледі.
Тізбеде көрсетілгендей, әдіснама жөнінде бірыңғай көзқарас пен түсінік қалыптаспаған. Алайда, зерттеушілер, ең бастысы, әдіснама – нақтылы шындықты тану мен қайта құрудың базалық негізі деп біледі.
Педагогиканың белгілі әдіскері Володар Викторович Краевскийдің (1926-2010) тәсілдемесіне сүйенсек, «Педагогика әдінамасы» ұғымына мынадай анықтама беруге болады. Бұл - педагогикалық болмысты бейнелейтін әлеуметтік педагогикалық теорияның негіздері мен құрылымдары туралы білімдер жүйесі, сондай-ақ, осындай білімдерді алу және ғылыми әлеуметтік-педагогикалық зерттеулердің1 сапасын бағалау, логика мен әдістер, бағдарламаларды негіздеу қызметінің жүйесі.
Педагогика әдіснамасының ішкі мәні мынадай аса маңызды құрамдас бөліктерден тұрады:
- педагогикалық теориялардың негіздері мен құрылымдары, оларды танудың қағидалары мен тәсілдері туралы білімдер жүйесі;
- осындай білімдерді алу және ғылыми-педагогикалық зерттеулердің сапасын бағалау, логика мен әдістер, бағдарламаларды негіздеу қызметінің жүйесі.
Педагогика және психология ғылымдарының құрылымы мен қызметтерін нақтылау.
Ғылымдардың кең арнасы ішінде педагогика ғылымы өзіндік ерекшелігімен айқындалады. Себебі педагогика – қазіргі заманның ең көкейкесті мәселесі – адам, оның тәрбиесі, білімі, болашағы жалпы адамзат қоғамының демократиялық, гуманистік бағыт алуын қарастыратын іргелі ғылымдардың бірі.
Бүгінгі күнде қай ғылым саласы болсын өзінің зерттеу нысаны мен субъектісін жаңаша ойлаумен байланыстырады.
Бұл ғылымдардың әдіснамалық негізін білуді және қазіргі дүниежүзілік ғылыми танымның құралдары мен амалдарын жетілдіруді талап етеді.
Қазақстан Республикасы дүнижүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі ретінде демократиялық, құқықты мемлекетті құруға бел байлаған кезеңде ғылымды теориялық жағынан негіздеу қажеттілігі мейлінше арта түседі. Әсіресе қоғамдық ғылымдардың, сонымен қатар педагогика ғылымының әдіснамалық және әлеуметтік мәнән арттыру, жеке адамның тұлға ретінде қалыптасуы міндеттерін болжап білу мейлінше айқын қойылуы тиіс.
Ғылымның жедел дамуы, шындық дүниенің нақты бір мәселесін зерттеу, оның әдіснамасын талдаумен байланыста.
Педагогика ғылымының әдіснамасы біріншіден, жалпы әдіснама ғылымынан туындайды; екіншіден, қоғамдық ғылыми жүйенің даму үрдісін оқып-үйренумен және зерттеумен байланысты болады; үшіншіден, педагогикалық құбылыстардың жағдайлары туралы теориялық ұстанымдар мен оларды зерттеу әдістері қарастырылады; төртіншіден, жаңадан алынған білімдерді тәрбие, оқыту білім беру ісіне енгізумен анықталады.
Соңғы жылдары жалпы ғылымның әдіснамасымен бірге, әсіресе, педагогика ғылымының әдіснамасына көбірек назар аударылып келеді. Себебі тәрбие мен білім беру мәселесін шешу қоғамның сапалық жаңа деңгейге көтерілуінің кепілі болатындығын өркениетті елдер тәжірибесі дәлелдеп отыр.
Бұл жағдайда зерттеудің тақырыбын, мазмұнын, идеясын, пәнін, т.б. ғылыми аппаратын бірлікте, тұтастықта шешу үшін анық әрі дәл әдіснамалық негіз өте қажет. Сонымен қазіргі кезде көптеген әлемдік мәселелерді шешуге педагогика ғылымының да айтарлықтай үлесі бар. Солардың ішінде педагогиканың әдіснамалық мәселесін, педагогиканың әдіснамалық проблемасын, педагогиканың ғылым ретіндегі пәнін айқындау - басты мәселе. Қоғамдық өмірдің барлық саласындағы саяси, әлеуметтік экономикалық, рухаи ағартуда, т.б. жүріп жатқан іргелі жаңарулар, сайып келгенде, адам мәселесіне келіп тіреледі.
Ғылыми дәстүрдің сабақтастығы педагогика ғылымының түрлі салаларының өзара кірігуін жаңа дәрежеге көтереді, ол үшін теориялық тұжырымдамалар жасауда әдіснамалық мәселені қарастыру талап етіледі.
Алғаш әдіснама грек сөзінен алынған, әдіс туралы ғылыми немесе әдіс теориясы деген мағынаны білдіреді. Ал философиялық энциклопедияда: «Әдіснама – дүниені философиялық тұрғыдан түсіндіретін ілім. Жеке ғылымдарға әдіснамалық тірек – диалектикалық материализм» деген тұжырым жасалған.
Әдіснама ғылыми танымның тұғырлары және әдістерінің теориялық мәселелерімен шұғылданады және ғылыми зерттеулердың заңдылықтарын шығармашылық үдеріс ретінде қарастырады, ғылыми таным іс-әрекетінің мәнін ашады. Педагогиканың әдіснамасы педагогикалық құбылыстар мен үдерістерді зерттейді. Ол педагогикалық теория тұрғысынан негізгі білімдер мен құрылымдарды бір жүйеге келтіреді. Сонымен әдіснама – теориялық жүйе туралы ғылыми ілім. Әр ғылым өз ішіндегі әдіснамалық мәселелерін талдайды, негізгі қағиданы құрайтын ғылыми танымның жалпы ортақ әдіснамасы алынады.
Сонымен, диалектиканың барлық заңдары біріге отырып, нақты әржақты құбылыстардың және үдерістердің даму үрдісін және байланысын, ең негізгісін, бәріне ортақ мәнін көрсетеді. Нақтылы жағдайда табиғат заңдылығын және қоғамдық өмірдің мәнін терең және дұрыс тануды, олардың әр түрлі факторларға ықпалын зерттеу, даму бағытын түсіну, соның негізінде жобалау, болжам жасау және қойылған міндеттерді тиімді шешуге, практикалық әрекет жасауға негіз болады.
Педагогиканың әдіснамасы өзінің үдерістік онтогенетикалық, қызметтік, құрылымдық-морфологиялық жүйелілігі арқылы педагогикалық метабілімнің келесі ірі блоктары арқылы көрініс табады.
|